Әли Бектаев: Қоғамдық сенім – қоғамдағы проблемаларды шешуден басталады

Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің басты бағдары - қоғамдағы түрлі пікірлер мен алуан ойлардың негізінде ұлттық өркендеудің өзгеше жолын ұсыну. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын қалыптастыруды мұрат етті. Кеңестің құрамына қазіргі қоғам өмірінің әр саласында өзінің айтары бар, білікті маман, ел болашағына бей-жай қарамайтын қайраткер тұлғалар енді. Бүгінгі күнге дейін екі отырыс өтті . Оларда негізінен қоғам өмірінің маңызды салаларындағы өзекті мәселелері талқыланып, жалпы ұлттық деңгейде сарапталды. Бұл формат өзінің өміршеңдігін, тәжірибелік тұрғыдан тиімділігін дәлелдеді десе де болады. Жекелеген сала мамандары, кәсіби спикерлер өз ойларын бүкпесіз ортаға салып, биік мінберден ұлтқа үнін жеткізуге мүмкіндік алды. Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің үшінші отырысы еліміздегі адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арналды. Шын мәнінде адами капитал– кез келген қоғамның даму бағдарын айқындайтын басты қозғаушы күштердің бірі. Әдетте Тәуелсіздік жылдарында ең көп реформа білім беру жүйесі мен ғылымға жасалды деген сынды жиі естиміз. Ұлттық жүйемен сәтті үйлесім тапқаны бар, сәтсіз тәжірибе деңгейінде қалып қойғаны бар, шынында да білім беру саласында көптеген реформалар жүргізілгені жасырын емес. Дәуіріміздегі технологиялық жетістіктер білім беру жүйесінің бұрынғысынша консервативті сипатта қалмай, үнемі өзгеріске ашық, неғұрлым динамикалық дамуға бейім болуын талап етеді. Алайда реформа үшін реформа концепциясы да аса қауіпті. Сондықтан да ендігі кезекте дамуға бет бұрып, бағыт алған мемлекеттер үшін қоғамның талқысына салынып, шынайы кәсіби мамандардың сараптауынан өткен реформалар ғана жемісті болмақ. Осы тұрғыдан алғанда Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің бұл жолғы отырысы білім беру мен ғылым саласы мәселелерінің мәнін жетік ұғынатын мамандардың, мемлекетшіл тұлғалардың мәжілісіндей болды. Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткеніндей Кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен ортаға салынған келелі ойлар ұлт келешегінің бағытын айқындап, бағдарын нақтылайтын бастамаларға айналады деп сенеміз. Қала мектептері мен ауыл мектептерінің білім беру сапасындағы алшақтық – еліміздің бастауыш және орта білім жүйесіндегі өте өзекті мәселелердің бірі. Мұның негізгі себептеріне тоқталған мемлекет басшысы мәселенің нақты шешім жолдарын ұсынып, жыл соңына дейін шешілуге тиісті қысқа мерзімді міндеттерді атап көрсетті. Ең әуелі жеткіншектеріміз үшін сапалы білім қолжетімді болуы тиіс. Өкінішке орай қазіргі кезге дейін ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру мәселесінде кешенді шаралардың қолға алынбағанын жасыра алмаймыз. Көбіне ауыл мектептерінің түлектеріне мемлекеттік гранттардан квота бөлумен шектелдік. Білім сапасының төмендігі және қалалық жерлердегі қосымша курстар мен секциялардың қолжетімсіздігі салдарынан ауыл мектептерінің оқушылары көптеген инновациялық және технологиялық игіліктерден шет қалуда. Еліміздің облыс орталықтарында дарынды балаларға арналған түрлі бағыттағы арнайы мектептер бар. Олардың ішінде білім сапасы мен техникалық жабдықталуы деңгейі жағынан ең әлеуеттісі – Назарбаев Зияткерлік мектептері. Аталмыш мектептер - Қазақстанның білім нарығының көшбасшысына айналған бірден бір бренд. Орта білім беруде әлемнің ең озық әдістемелері осы мектептерде бірнеше жыл бойы сын, тәжірибе тезінен өткізілді. Ауыл топырағынан бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, туған жеріне деген сезімі нық талантты да, талапты ауыл жастары осындай мықты оқу орындарында оқып, тамамдап, сапалы жоғары білім алып, білікті маман болып шығып, ауылдарына оралып, келешекте туған ауылдарның өркендеуіне өз үлестерін қосулары мүмкін емес пе? Әрине мемлекет басшысы атап өткендей қазіргі таңда ауыл баласы мен қала мектебінде оқитын балалардың мүмкіндіктері тең емес. Ұстаздардың біліктілік деңгейін айтпағанның өзінде, еліміздегі ауыл мектептерінің оқу-әдістемелік, материалдық базасын қалалық жердегі мектептермен салыстыруға да келмейді. Заманауи ақпаратқа қол жетімділік тұрғысынан да ауыл мектептерінің мүмкіндіктері шектеулі. Бұл мәселе «Ауыл» партиясының активі бас қосқан жиындарда бірнеше мәрте көтеріліп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал ретінде де жолданды. Аталмыш білім ошақтарында ауыл жеткіншектері де білім ала алатындай жүйе қалыптастыру қажет. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуін аз да болса тежеп, урбанизация процесіне де оң әсерін тигізер еді. Өйткені ауылдық жерлердегі азаматтарымыз тек жұмыссыздық немесе әлеуметтік мәселелерге байланысты ғана емес, балаларына сапалы білім беру үшін де қалаға көшіп жатқанын жасырмай айтқанымыз жөн. Мемлекет басшысының шешімімен 2025 жылға дейін ел көлемінде 800 мектеп, ауылдағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700 ден астам спорт кешені салынбақ. Мұның барлығы елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы үшін елеулі инвестиция болары анық. Білім саласы тек материалдық ғана емес, моральдық тұрғыдан да қолдау мен қамқорлыққа зәру. Президент тарапынан мұғалім мамандығының абыройын арттырып, беделін көтеру үшін де бірнеше жаңашыл бастамалар көтерілді. Педагоготарға арналған «Халық алғысы» медалін тағайындау да маңызды мамандықтың қоғамдағы мәртебесін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Ұлттық келісім Кеңес отырысында мемлекеттік тілді дамыту бойынша түйткілді мәселелер төңірегінде де тың шешімдер қабылданды. Президент 2021 жылдан бастап Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне беру туралы шешімін жария етті. Мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі белгілі бір ғылыми әдіс-намалық негізге арқа сүйейтінін ескерсек, аталмыш шешімнің дұрыстығы күмән туғызбайды. Әсілі, кез келген тілді үйрену мәселесі білім беру жүйесіндегі бағдарламалар шеңберінде қолға алынғаны дұрыс. Ендігі кезекте мемлекеттік тілді үйрету бойынша бағдарламалар мен әдіс -намалық құралдардың сапалық сипаттары білім беру жүйесі аясында тезге салынып, тиімді тәсілдердің туындауына жол ашады деп сенеміз. Әлемдік пандемия мен карантиндік кезең еліміздің денсаулық сақтау жүйесін сынға алып, кемшін тұстарын айқындап берді. Ұлттық Кеңес отырысында бұл саланың да мәселелері күн тәртібіне алынып, мемлекет басшысы бірнеше маңызды шешімдерін жария етті. Атап айтқанда дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға дейін экономикадағы орташа жалақыдан 2.5 есе көтеру, олардың құқығын қорғау және денсаулық сақтау саласының инфраструктурасын жақсарту бағытындағы маңызды қадамдар осы салада қордаланып қалған көптеген мәселелердің түйінін шешеді деп білемін. Жыл соңына дейін «Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы қабылданбақ. Бұл да бүгінгі күндері әлемді жайлаған пандемия жағдайында еліміз үшін аса қажетті кезек күттірмес қадамдардың бірі. Ұлттық Кеңес қоғам өміріндегі түйткілді мәселелердің шешу жолын ұсынатын озық ой мен пайдалы пікір алмасудың алаңына айналды. Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтуынша ондағы бастамалардың көбі Ұлттық Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалған. «Кеңесе пішкен тон келте болмас» дейтін халық даналығы Қазақстан қоғамының бүгінгі бет-бейнесін бедерлеп, болашақтағы бағытын айқындайтын батыл саяси-әлеуметтік және экономикалық қадамдардың берік баспалдағын қалыптастыруда. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері бірлік, ынтымақ, толлеранттықты басты құндылыққа айналдырған еліміздегі саяси сабақтастық үрдісі қиындықтарды ел болып еңсеріп, жаңаша шарттарда дамудың даңғыл жолына бастайды деп нық сеніммен айтуға негіз бар. Сондықтан да «Ауыл» партиясы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Ұлттық кеңесте көтерген бастамаларын толық қолдайды және оларды жүзеге асыру жолында тиісті деңгейде атсалысады деп айтқым келеді. Әли Бектаев, «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты