Балаева: Білімге жұмсалған қаржы - қайтарымы бар инвестиция
2020 ж. 28 мамыр
1229
0
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы үшінші отырысы адами капиталды дамыту мәселелеріне арналды. Осыған орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өз ойын айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы үшінші отырысы адами капиталды дамыту мәселелеріне арналды. Әлеуметтік салада ұзақ уақыт жұмыс істегендіктен, аталмыш мәселенің өркениетті мемлекет пен дамыған қоғам құруда шешуші рөлі болатындығын сенімді түрде айта аламын. Кездесуде адами капиталды тиімді инвестициялаудың негізгі факторлары: білім беру мен денсаулық сақтаудың жоғары деңгейі, шығармашылық әлеуетті жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды - деді министр.
Сонымен қатар ол, жыл сайын Қазақстан халқы жасарып келеді және бәсекеге қабілетті жастардың дамуына жағдай жасау - мемлекеттің басты міндеті екенін айтты.
Балалардың болашағына жұмсалатын қаржы - кепілдігі бар табысты келешек инвестициялары. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жастардың тек қажеттіліктерін қанағаттандырумен ғана шектелмей, жас ұрпақтың ішкі әлеуетін ашуға бағытталған мемлекеттік саясат - ел экономикасының болашақта ойдағыдай дамуының міндетті шарты болып табылады. Білім беру мен денсаулық сақтаудың жоғары деңгейі, рухани және мәдени дәстүрлер осындай саясаттың түп тірегі болып табылады. Мұндай мәселелердің жоғары деңгейде көтеріліп, талқыланғаны қуантады. Жастарға бүгін ерекше көңіл бөліп жатқанымыз, күні ертең кез-келген күрмеулі мәселелерді шеше алатын көшбасшылардың, тұлғалардың, рухани және интеллектуалдық тұрғыдан толысқан жаңа буын қоғам өкілдерін әкелетіні сөзсіз. Олар - Қазақстанның болашағы - деді Аида Балаева.