Бейбіт жиындар туралы заңның тоғыз ерекшелігі
2020 ж. 26 мамыр
1176
0
Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл құжат саяси реформалардың президенттік пакетіндегі негізгі бастамалардың бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу бостандығына кепілдік берілген.
Бұл құқық демократиялық қоғамның негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Заң жобалары ҮЕҰ өкілдерінің, белгілі ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен түрлі қоғамдық алаңдарда, парламенттегі жұмыс топтарының отырыстарында кеңінен талқыланды.
Ашық талқылау нәтижесінде заң жобасына Парламент Мәжілісі мен Сенаты қабырғасында айтарлықтай тұжырымдамалық өзгерістер енгізілді.
Жаңа заңның өзгешелігі мен артықшылығы:
Бірінші. Түсініктеме берілуі.
Заң жобасында 6 түсінік бекітілген: бейбіт жиналыс, митинг, пикеттеу, жиналыс, демонстрация, шеру.
Бейбіт жиналыстың ұйымдастырушысы мен қатысушысы деген ұғымдар нақтыланды.
Екінші. Жергілікті атқарушы органдардың міндеттері белгіленді. Олардың құзыретіне:
1) хабарламалар мен өтініштердің заңға сәйкестігін қарау және олар бойынша тиісті шешімдер қабылдау;
2) ұйымдастырушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін әрбір бейбіт жиналыс бойынша өз өкілдерін тағайындау;
3) әрбір бейбіт жиналысқа өкілдердің қатысуы;
4) заңда көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстарды тоқтата тұру немесе тоқтату.
Мемлекеттік органдар бейбіт жиналыстарды өткізуде ұйымдастырушыларға қолдау көрсетуі тиіс.
Үшінші. Пикеттерден басқа, бейбіт жиналыстарды тек арнайы орындарда өткізу.
Мәслихаттар мамандандырылған орындарды анықтауы тиіс. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс орталықтарының әрбір ауданында кемінде үш орыннан болуы тиіс және өзге де қалалар мен ауылдардың орталық бөліктерінде болуы тиіс (Нұр-Сұлтанда кем дегенде 12, Алматыда аудан санына сәйкес 24).
Әкімдіктер өз интернет-ресурстарында бейбіт жиналыстар өткізуге арналған барлық мамандандырылған орындар туралы мәліметтерді, сонымен қатар, ұйымдастырушы қалаған күнге іс-шара өтетін орынның бостығы туралы деректерді дер кезінде көрсетуге міндетті.
Төртінші. Пикеттер, жиналыстар, митингілер үшін хабарлама тәртібін енгізу.
Хабарлама жергілікті атқарушы органдардан жауап талап етпейді және келісілген болып саналады.
Хабарламаны беру мерзімі - 5 жұмыс күні ішінде. ЖАО үшін қарау мерзімі - 3 жұмыс күні.
Бесінші. Демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібін енгізу.
Демонстрациялар мен шерулер тек ЖАО келісімі бойынша жүргізіледі. ЖАО-ға өтініштерді жіберу мерзімі - 10 жұмыс күні ішінде, оны қарау мерзімі - 7 жұмыс күні.
Алтыншы. Хабарламалар мен арызға қойылатын талаптарды анықтау.
Хабарламалар мен өтініштер Үкіметтің электрондық порталы арқылы жазбаша және электрондық нұсқада берілуі мүмкін. Хабарламаға жергілікті атқарушы органнан жауап талап етілмейді.
Жетінші. Бейбіт жиналысты өткізудің балама орнын ұсыну мүмкіндігі.
ЖАО ұйымдастырушыны міндетті түрде хабардар етуі тиіс.
Ұйымдастырушы ұсынылған баламалы орын жөнінде өз келісімін немесе келіспеуін білдіре алады. Ұйымдастырушы келіспеген немесе жауап болмаған жағдайда, ЖАО бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады.
Сегізінші. Үгіт-насихат жүргізу мүмкіндіктері.
Үгіт жүргізу үшін БАҚ, әлеуметтік желілер, мессенджерлер, парақшалар пайдаланылуы мүмкін.
Тоғызыншы. Заң бойынша бейбіт жиналыстарды өткізуге тыйым салынудың нақты себептер тізбесі белгіленді (10 негіздемеге сәйкес)
Бейбіт жиналыстарды өткізуге тыйым салынған жағдайда, нақты себептері көрсетіліп, Заңға сәйкес негізделуі тиіс.