«Ақ жол»: Алаштың 100 жылдығын ұлттық дәрежеде ұлықтау үшін Мемлекеттік комиссия құру қажет.

 

«Ақ жол»: Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін Мемлекеттік комиссия құру қажет.

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.Н. Ахметовтің атына жолданған «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясының депутаттық сауалында осындай мәлімдеме жасалды. Фракция депутаттарының атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев «Ақ Жол» партиясының парламенттік фракциясы өткен жылы Алаш қозғалысының 95 жылдығының қарсаңында Алаш рухын ардақтауда әлі де атқарылмай жатқан істер көптігіне назар аударып, Үкімет басшысының атына сауал жолданғаны, оған Алашқа байланысты Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері істелген жұмыстар туралы хабардар еткен Премьер-Министр қол қойған жауап алынғанын еске салды. Қараша айының 23-інде «Ақ жол» партиясы осы датаға орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді. Осы конференцияның және Алматыда, бірқатар облыстарда жалғасын тапқан Алаш тақырыбына өткізілген әртүрлі жиындардың қатысушылары «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырды. Мәңгілікке ұмтылмайтын ұлт жоқ. Елбасымыздың Қазақстан-2050» Стратегиясын Қазақстан халқы зор қуанышпен қабылдадады. Бұл - аса маңызды тарихи құжат. Ұрпаққа жауапты – талап. Ұлттық интелегенция, олардың шығармашылығын қалыптастыруда, тіліміздің мәртебесі, экономикамызды дамытып, Елдігіміздің тұғырын көтеруде Елбасымыздың игілікті мақсаттарымен Алаш азаматтарының ниеттері арасында үлкен сабақтастық жатыр. Мемлекет Басшысы өзінің Жолдауында «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деп тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат ететінімізді  жариялады. Және оның ең басты шартын да атады: «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз». Бұл ретте атқаруға тиіс міндетіміз - жасампаз және өміршең ұлт қалыптастыру жолында еңбек ету, осы мұратқа жеткізетін заңдық негізі қуатты, қоғамдық тетіктер (механизм) жасау. Соның бірі Алаш қайраткерлерін ардақтаудың деңгейін биікке көтеруді бұдан әрі кешіктірмеу. Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған үкімет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Уақыт тез өте шығады. Алаш қозғалысының 100 жылдығы да алыс емес. «Ақ жол» фракциясы осы ретте Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай шараларды белгілеуді ұсынады: 1. Алаш қозғалысының 100 жылдығын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өту үшін Мемлекеттік комиссия құру, сондай-ақ оған жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісін жүктеу. 2. Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928-1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынғаны жөн. 3. Осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мәселе ол ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдары. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа (элита) және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келеді. Қазақстандағы репрессия тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны дұрыс. «Ақ жол» фракциясы осы мәселелердің аса маңыздылығын ескере отырып, Үкімет басшысынан алдағы қабылданатын нақты да кешенді шаралар жөнінде хабардар етуді сұрады. «Ақ жол» фракциясы сайлауалды тұғырнамасын және сайлаушылар аманаттарын орындау бойынша жұмысын жалғастыра береді.

 2013 жылдың 23 қаңтары, «Ақ жол» ҚДП-ның баспасөз қызметі  

www.qazaquni.kz