Сәулебек Айтбай: Мемлекеттік тілді қандастардың білмеуі кімге күлкі, кімге түрпі?..
2020 ж. 22 мамыр
1940
0
Жасырып не керек, республикамыздың көптеген өңірінде мемлекеттік тілге деген құрмет жыл өткен сайын тасқындай түсудің орнына төмендеп барады. Неге? Дәлел жеткілікті. Бірақ, одан шыққан нәтиже шамалы. «Қызық» болды. Бір облыста мәслихат депутаттары қызу пікірталас өткізіп жатты. Тіл – ортақ. Орысша. Қазекеңдер ана тілін ұмытып, орысшаны судай ағызатындай шешенсіп қоятын емес. Қазақтың «Қатынға қараған күн қараң» деген сөзі барлық ұлттың өсиетіне айналып кеткен бе, қалай өзі?. «Халық қалаулыларының» отырысында қазақ әйелі әрең дегенде «Құлдан да бір сөз» деп кезек алды. - Қазақ азаматтары, - деді ол, - көңілдеріңізге келмесін, сіздер орысша сөйлей алмайсыздар. Орыс тілін шұбарлап, қор қыласыздар. Сауатсыз екендіктеріңізді маман ретінде ескертуді жөн санадым. Дұрысы, ана тілінде, қазақша сөйлеңіздер. Сіздерді ешкім орысша сөйле деп зорлап тұрған жоқ қой. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әдемісі! Неге сөйлемейсіздер? Неге ұяласыздар? Шахматта «мат болды», қазақта «ат болды» дейді мұны. Түсіне білген қазаққа бұдан артық ауыр сөз жоқ. Тек қорытынды шықса, нұр үстіне нұр болмақ. Кейде ойлап отырсам, қазақ еркектерінен қазақ әйелдерінің намысы отты ма деймін. Керісінше, ер деген мықты болуы керек емес пе? Өзінің ана тілін білмейтіндерді, немесе шорқақтарды неге депутат етіп сайлайтынымызға таңқалам. Ондай шалапұтты азамат кімге қажет? Шаланың аты – шала. Несін жасыралық, сессия болсын, әкімшіліктің жиыны болсын, кейбір басшының сөзінің «біссімілләсі» - бір-екі ауыз сөз. Қазақшасы осы. Оны да бірнеше қызметкер жабылып, бірнеше сағат сарылып әзірлейтін көрінеді. Көптеген облыста баспасөз релизі қазақ тілінде болып көрген емес. Баспасөз хатшыларының бәрі қазақ. Бірақ, мемлекеттік тілге шорқақ. Сауатсыз. Мәселен, өзіміз жақсы білетін Қарағанды облыстық тілдер басқармасының бастығы бір кездері «Тілмаш атаулының көзін құртсақ, сонда ғана мемлекеттік тіл өркендейді» деген жеке пікірін әкім жоқ жерде сыбырлап айтып жүрді. «Мұрт сұраймын деп жүргенде сақал шықты» дегендей, облыстың кейбір қазақ басшылары қазақ тілінде жазылған арыз-шағымдарды орыс тіліне аудартып алып оқитын «жаңалық» ашты. Мұндай тармақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тілдер туралы» Заңында жазылған ба? Тағы бір «қызық» болды. Бірде әкімнің орынбасары немере ағасының әкесі дүние салуына байланысты көңіл айтуға бармақшы болыпты. Не істеген деңіз. «Сол үйге қалай барудың сызбасын компьютерде әзірлеңдер» депті. Арақашықтық бес-алты аялдама. Көлік қай көшемен жүруі керек. Үйге көшенің қай жағымен бұрылады. Есік алдында кімдер күтіп тұрады. Бәрі-бәрі қарастырылған. Әлгі сабаз жобаны бекітіпті. Сөйтіп, өз туысының үйіне компьютердің көмегімен екі-үш сағат дайындалып алып барыпты. Сөз жоқ, облыс басшыларына аудандар мен қалалардың әкімдері қатты еліктейді. Егерде ол міндетті түрде әрбір отырысқа он бес минут кешігіп келсе, олар да кешігеді. Сөзінің басында бір-екі ауыз сөз қазақша сөйлеп, қанағат тұтса, олар да соны қайталайды. Мұқтар (Шаханов) ағамыз айтқандай бәрі «компьютербасты» болып кеткен бе? 1985 жылы Теңіз ауданы Шұбаркөл кеніші ашылуына байланысты Целиноград облысынан Қарағанды облысының қарамағына берілді. Бардық. Кіл қазақтар. Жиын орыс тілінде. Тілді бұрап сөйлегеннің көкесі сонда. Неге өздерін қинап, өзге тілде сөйлегендеріне таңқалдық. Жиналыс аяқталғанда байқадым, көзі жылтырап жалғыз көккөз отыр. Жақындап жанына бардым. Өзімше «Здрасти» дедім. Ұят қой. Ол маған қазақ тілінде «Ассалаумағалейкум!» деді. Қуанғаннан «Қазақша білесіз бе?» деппін. «Ұлтым белорус. Бірақ, қазақшаны бір кісідей білемін» деп жымиып күліп тұр. «Онда менің қандастарым неге орысша жиналыс өткізіп жатыр?» деп сұрадым. «Ә, олар ма? Олар тіл сындырып жүргендер ғой. Кейде өздері отырса да орысша сөйлей береді» деп өзі де күлді, мені де күлдірді. Ал мемлекеттік тіліміздің қадірін алдымен қандастарымыздың білмей жүргендігі кімге күлкі, кімге түрпі?..
Сәулебек Айтбай, Фейсбук парақшасынан