Өзбекстанның шекара маңына АЭС салуына қарсымын - Рүстем Ашетаев
2020 ж. 18 мамыр
1484
0
Өзбекстан үкіметі 2018-ші жылы Жызақ облысындағы Тузкан көлінің манынан бастапқы қуаттылығы 1200 ГВт АЭС салу жөнінде Ресей үкіметімен келісімге қол қойып, қарқынды жұмыс бастап кетті.
Қосымша блоктар қоса отырып, жалпы қуаттылығы 4,8 ГВт АЭС-ын 2028-ші жылға дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
ВВЭР – 1200 АЭС-ы 9 баллдық жер сілкінісіне шыдайтын "3+" нұсқасына (поколения) жатады.
Мұның бізге қатысы қанша деген ойға келетіндер үшін қысқаша мәлімет бере кетейін.
Тузкан көлін картадан іздесеңіздер, "Шардара" су қоймасының жанында орналасқан Айдаркөл көлінің бір бөлігін көрсетеді. Тузкан көлінің көлемі "Шардара" су қоймасынан екі есе үлкен. АЭС-ның белгіленген орны Қазақстан шекарасынан шамамен 40-50 шақырым жерде орналасқан деп айтылатын бірақ, нақты орны анықталмаған ақпарат бар. (Тузкан көлінің жанында белгіленді деген "УзАтом" таратқан ресми мәліметі бар)
Яғни, ол біздің шекара маңында соғылмақ.
Бұл дегеніміз – енді 5-8 жылдансоң, сол маңдағы халқы тығыз орналасқан тұтастай 3 ауданға үлкен қауіп төндіретін өндіріс болады деген сөз.
Өкінішке қарай Өзбекстан-Ресей АЭС соғу келісімінен Қазақстан үкіметінің келісімі көрсетілген мәліметті еш жерден таба алмадым. (Келісімін алмаған болсада таңқалмаймын. Дәл солай біздің үкімет келісімін берген болсада).
Енді, не үшін Қазақстанның келісімін алу керектігі жөнінде айтайын. Кезінде Украйнада болған Чернобль апаты бәріңіздің естеріңізде болар?! Сол Чернобль АЭС-ның қуаттылығы 4 ГВт болған. Апаттың салдарынан 200 000 шаршы шақырым жер экологиялық апай аймағына айналды. 100-140 км радиустағы жердің бәрі "қызыл белдеуге" енді. 950-ге жуық елдімекендер басқа аймаққа көшірілген. Апаттың салдарымен күреске 600 000 адам жұмылдырылды. Зардабын миллиондаған адамдар шекті. Нақты санын ешкім айта алмайды. Зиянды қалдықтар Украйнадан өзге Беларусия, Ресей, Норвегия, Финляндия, Швеция, тіпті Канадаға дейін барған.
Көршілес Белорусияның 75% жеріне таралып, 250 елдімекен көшірілген.
Беларуссия елі 35 жыл өтседе, әлі күнге апаттың салдарымен мемлекеттік 5 бағдарлама арнап күресіп келеді.
Әлемде технологиясы ең озық дамыған Жапония мемлекетіндегі "Фукусима" АЭС-ғы жарылысты еске алсақта жеткілікті. Ол жердегі зиянды қалдықтардың су арқылы мұхитқа таралғандығын ескерсек, табиғатқа келтірген орасан зор зияндылығын дөп басып ешкім айта алмайды.
Жапондарды да мысалға келтірудегі себебім, Өзбекстан үкіметі соғатын АЭС Сырдария өзенінің суына тікелей қатысты.
Ал, ол өзеннің бойында орналасқан Түркістан және Қызызорда облыстарындағы Арал теңізіне дейінгі елді мекендерді тізбектеп шығудың қажеті жоқ шығар. Сол аймақтағы халықтардың кәсіптері тікелей осы өзеннің суымен байланысты. Қазақстан халқының 20-30% орналасқан.
Бұл жерде Өзбекстан үкіметінің өз ішкі есебі бар. Сондықтан, 8000 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 3,5 млрд куб газды үнемдейміз, тұрақты өсіп келе жатқан халқының энергияға деген сұранысын толық қамтып, бірәз бөлігін сыртқа сатып табыс табамыз деп мәлімдеп отыр. Айтып отырғандарының бәрі рас.
1 кг АЭС отыны 200 т көмір жанғандағы энэргиясын беретіндігін ескерсек, арзан энергиямен өздерін қамтамасыз етпек.
2019 ж 16-шы мамырында екі ел біріккен "Жол картасына" қол қойып, Ташкентте Ресейдің МИФИ филиалы ашылып 100 студент ядролық технологиясын игеру саласы бойынша оқуын бастады.
Мұндай өндіріс орнын өздерінің ішкі аймағында, біздің шекарамыздан 1000 км қашықтықта бізге қатысы жоқ Амударияның сағасына соғып жатса, онда, бізбен санаспауларына болар еді.
Ал, олардың шекарамыздың маңында, ортақ өзеніміздің сағасына соғып жатқан қауіпті АЭС құрлысына қарсылық танытып сұрау салмай, өз халқымыздың тағдырын өзгенің қолына тапсырып қою қаншалықты дұрыс?!
Кеше ғана соғылып пайдалануға берілген су қоймасындағы апаттан кейін(айдың-күннің амандығында), әрі, көршіге төнген қауіпті біліп тұрып Қазақстан үкіметіне өтірік ақпарат берген, Өзбекстан үкіметінің мұндай қауіпті өндіріс орнын біздің шекараның маңында, ортақ өзеннің сағасына соғылғанына түбегейлі қарсымын!
Тез арада мына жобаның құрлыс орнын шекарадан алыс аймаққа ауыстырмаса, карантин біткен күні "Шекара маңында АЭС соғылуына қарсылық" МИТИНГІСІН ҰЙЫМДАСТЫРАТЫНЫМДЫ МӘЛІМДЕЙМІН!
"Ядролық технологияның" зардабынан қазақтың көрген азабы жетеді! Ендігі жерде "Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде" халқымыздың басына тағы бір қауіптің төнуіне жол бермейміз!
Рүстем Ашетаев,
журналист, қоғам белсендісі,
"Байтақ болашақ" экоальянсының Шымкент қалалық филиал төрағасы