Асқақтаған баға Алматыда ғана
Қоғамдық көлікке міне қалса болғаны келеңсіздікке тап болатынын жұрт жақсы біледі. Бірақ мінбесе тағы болмайды.
Ал, ірі мегаполис саналатын Алматыдағы асқақтаған баға қоғамдық көлікті тұтынатын қара халықтың қалтасын қағып бітті. Онсыз да шеке майы шылқып жүрмеген жұрттың қалтасын 80 теңге көтермейтіні анық. Өйткені мұндай баға республикамыздың ешбір аймағында жоқ.
Рейтинг.kz зерттеу агенттігінің «Қазақстанның ірі қалаларындағы қоғамдық көлікте жол жүру ақысының қолжетімділік рейтингі» атты зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша бас қаламыз Астананың өзінде жол жүру құны – 60 теңге болса, Атырау, Өскемен қалаларында да осындай баға. Ал, Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Орал қалаларында 50 теңгені құрайды.
45 теңге төлеп қоғамдық көлік қызметін пайдаланатындар Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Шымкент қалаларының тұрғындары екен. Ал Қазақстан бойынша қоғамдық көлікте ең төмен баға 35 теңгемен жүретіндер Ақтау қаласының жұртшылығы екен.
Иә, шынында да қарап отырсаңыз аспандаған баға да, ауытқып тұратын баға да Алматыда. Мәселен, қаладағы халықтың көпшілігі мінетін автобустармен жүру 80 теңге болса, шағын газельдер 50 теңге. Есесіне мұндай газельдерде жолда жүру билеті жарамсыз болып табылады. Яғни, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін (мейлі ол Ұлы Отан соғысының ардагері болсын) жолақысын төлеуі қажет. Көпшілік жұрттың көңіліне медеу болып жүрген мұндай газельдердің бірқатары 50 теңгені тұрақты ұстап тұрса, біразы бағаны 60 теңгеге өсірді. Ертең біразы 70 теңге деуі де мүмкін. Яғни, жұрт кондукторлар қанша десе, сонша теңгені беруге мәжбүр.
80 теңге деп міз бақпаған автобустардың жүргізушілері мен кондукторлары бағаның көтерілуін жолда жүру билетімен жүретіндердің көбеюімен байланыстырады.
Жолда жүру билетін көрсеткен жолаушыларды көрсе кондукторлардың шеке басы тырысып-ақ кетеді. Ондайда жолаушылардың да қарап қалмасы анық.
– Неменеге тыржиясың? Мұны да 5 000 теңгеге сатып алдық қой, ешкім тегін сыйлаған жоқ, – деп күңкілдеп жатады кейбірі.
Басында 80 теңге дегенді естігенде жағасын ұстаған халық, амалы жоқ болғандықтан бұған да төзді. Өйткені барлығының бірдей жеке көлікпен жүруге жағдайы жоқ. Осылайша халықтың бұл бағаға да еті үйренді. Бірақ бағаны асқақтатуды білгендер, автобусқа мінген жұртқа жағдай жасауды білмейді.
Адам өмірі ойыншық емес
Алматы қаласында түрлі бағытта қаншама қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсеткенімен, оның сапасы сын көтермейді. Күнделікті бекітілген жоспарды орындау үшін жүргізушілер алды-артына қарамастан, барынша жоғары жылдамдықпен жүремін деп, көлік ішінде отырған қаншама жұрттың өміріне жауапты екендіктерін естерінен де шығарып алады. Сондықтан да, автобусқа мінген жұрт межелі жеріне жетемін дегенше, жүректерін «қолына ұстап» отыруға мәжбүр. Бұл – бір.
Екіншіден, қоғамдық көлікке оның қызметкерлері адамды мінгестіріп, мінгізе беретіндіктен, ине шаншыр орын болмайды. Текетірескен жұрт бір-бірімен айқасып жатады.
Егер қала ішіне қатынайтын барлық бағыттағы автобустар, өз міндеттерін дұрыс орындап, уақытымен тұрақты түрде жүріп тұратын болса, мұндай келеңсіздік орын алмас еді.
Бүгінгідей нарық заманында барлық нәрсе ақшаға келіп тірелетіндігі белгілі. Жүргізушілердің алатын жалақылары жоспарды орындағанына қарай берілетіндіктен, олар да бір-бірімен амалсыз жарысып жүретіндіктерін айтады. Бұл тығырықтан қоғамдық көлік жүргізушілеріне тұрақты түрде жалақы белгілеу арқылы ғана шығуға болады. Бұл кезек күттірмей, шешуге тиіс мәселе. Өйткені, адам – қоғамның басты құндылығы. Оның өмірін ойыншыққа айналдыруға болмайды.
Жүргізушілерге жағдай жасау арқылы біз қарапайым халыққа да жағдай жасаймыз. Жылдамдықты арттырудың нәтижесінде қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын жол апаттарына да осы кезде ғана тосқауыл қойылары анық.
Сонымен қатар, ескеруге тиісті тағы бір жәйт, шаһар тұрғындарын шарлата тасымалдайтын жүргізушілердің барлығы бірдей тәжірибелі мамандар емес. Олардың дені жібі түзу жұмыс таба алмағандықтан жүргізуші болып жүрген жастар. Автопарк иелері де жас жүргізушілерді жұмысқа аларда олардың тәжірибесіне мән беруі қажет.
Әйтпесе бір қолы рөлде болғанымен, бір қолына ұялы телефонды алып емін-еркін сөйлесіп, көлік жүргізіп бара жатқан жас жүргізушілерді көзіміз көріп жүр. Мұндайлар үлкендердің сөзіне құлақ аспайды да. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» керімен, қалай жүргізгісі келсе, солай жүргізіп кете береді.
Ал, автобус ішіндегі бір тынбай сарнап тұратын шетелдің даңғаза әуені мен ілініп тұрған жартылай жалаңаштанған қыздардың суреті қоғамдық көлік қызметкерлерінің мәдениеттің ауылынан алыс екендіктерінен хабар беріп тұрғандай.
«Біреудің қаңсығы», бізге қашан да «таңсық» көрінеді ғой. Әйтпесе, қазақтың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері қойылып тұрса, кім-кімнің де құлағының құрышын қандырмас па еді?!
Иә, тізбектей берсек, айтуға тиіс кемшіліктер көп-ақ. Бірақ қоғамдық көлік қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы туралы сөз еткенде олардың мәдениетіне тоқталмай кетуге болмайды.
Бәрін бірдей мәдениетсіз деуден аулақпыз. Кейбір автобусқа мінгенде, жап-жас кондуктор балалардың үлкендерге орын бергісі келмей, теріс қарап отыратын жастарға: «Қане, үлкен кісілер мінді, орын береміз» деген сөздерін естігенде, «үлкенге – құрмет» деген осы болса керек деп, қуанып-ақ қаламыз. Бірақ мұндай мәдениеттілікті бәрінен бірдей көре алмаймыз.
Қарапайым халықтың «мал» болғаны ма?
Бірде қала ішінде жүретін 11-ші нөмірлі автобусқа отырған болатынмын. Алматыдан тысқары жатқан Ақжар ауылына баруға тиісті бұл қоғамдық көліктің кондукторы біраз уақыттан соң, жолаушыларға аталған ауылға дейін бармайтындықтарын ескертті. «Соңғы аялдама «Шаляпина» болады, барлығыңыз осы жерден түсесіздер» деді тағы да тықақтап. Осы сөзді естіген елуді алқымдаған бір көкеміз:
– Қалайша сендер халықты қалаған жерлеріңнен түсіріп кетесіңдер? Бізді межелі жерімізге жеткіз, әйтпесе түспейміз, – деді.
– Қалай түспейсіңдер, біз ол жаққа бара алмаймыз, жолдың жиегінің барлығы қатып қалған қар, бұрылып шығу мүмкін емес, неге түсінбейсіңдер? – деп зеки бастады көлік жүргізушісі.
– Онда сен неге мұнша халықты мінгізесің? Онымен қоймай жолақысын елден бұрын жинап аласың. Саған халық мал ма сонда, ақшасын тастап түс деген жеріңнен түсіп кете беретін. Неге алдын ала ескертпейсің, соңғы аялдамаға дейін бармайтынын, – деді ашуға булыққан ағамыз.
– Мал болмағанда не болдың, айтқан сөзді ұқпай тұрсың ғой. Заң қуалағыш болсаң, анау ауылыңдағы қатқан қарды тиісті орындарға тазалатпайсың ба? – деп жүргізуші шағым айтқан жолаушыны малға теңеді беті бүлк етпестен.
Жастарға үлгі боларлық жасқа жеткен ағаларымыздың бір-бірімен жағаласып, жаға жыртысуға дейін барғандығы қоғамдық көліктегі мәдениеттің қандай деңгейiн көрсетсе керек.
Сонда жолақысын төлеп тұрып, межелі жеріне жете алмаған жолаушының шағым айтуға қақысы жоқ па? Ол кісі жеке басының қамы үшін емес, бар жолаушының атынан шырылдағаны үшін «мал» деген сөзді есіту керек пе?
Көлік жүргізушісінің шектен шыққан мұндай дөрекілігі автобуста отырған өзге жолаушылардың да зығырданын қайнатты.
Иә, көңілім құлазыған күйде тиісті жеріме жеткендіктен, автобустан түсіп қалдым. Ары қарай жүрудің де қажеті жоқ еді. Өйткені келесі аялдамадан соң, автобустың ары қарай жүрмейтіні анық еді. Оның үстіне ашуға мінген көлік жүргізушісі, мен тұрмақ үлкен кісілердің сөзіне құлақ асар емес.
Автобус жүргізушісінің халыққа дұрыс қызмет көрсетпегенімен қоймай, жолаушыны «малға» теңеуі қай заңға сияды? Бұл неткен сорақылық?
Демократиялы мемлекетте өмір сүріп отырсақ та, әркімнің осылайша ойына келгенін жасай беруіне болмайтын шығар.
Өзгеге негізсіз дөрекі сөйлеу, оның үстіне адамды «мал» деп қорлау оның жеке құқығына қол сұғу болып табылмайды ма?
Иә, қазіргі таңда елдің бәрі күнделікті күйбең тіршілік күйін кетіргендіктен, ешбірінің сіркесі су көтермейді. Жас та, жасамыс та болмашы нәрсеге ашу шақырып, айқайлауға дайын тұрады.
Біз бұл мақалада қоғамдық көлік қызметкерлерінің бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз. Біздікі тек қоғамда орын алған осы бір кемшіліктің орны толса, деген ниет қана.
Шындығын айту керек, кейде жолаушылардың өзі де жолда жүру мәдениетін сақтай бермейді. Бірінің аяғын бірі басып кетсе, я болмаса бір-біріне байқаусызда қақтығысып қалса, аузына келгендерін айтып, бір-бірінің бетін жұлуға дайын тұрады. Мұндайда кондукторлар жұртты тәртіпке шақыра алмай әлек болып жатады.
Осындайда маған біздің елде «Қоғамдық көлікте жүру этикасы» деген арнайы ереже қабылдау керек шығар деген ой келеді. Әрине мұндай ережеге жұрттың бәрі бағынуы керек. Ал, бағынбайтындарға айыппұл салынуы тиіс.
Әзірге қоғамдық көлік қызметкерлері мұндай келеңсіздіктердің орын алуын тек жолда жүру билеттерін қолданушылардың көптігімен байланыстырып отыр.
Жолда жүру билеті алынып тасталса, бірқатар мәселе шешілуі мүмкін. Бірақ қарпайым халықтың жағдайымен де санасуға тиіспіз. Мәселені «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» шешудің жолын қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта жолақысын төлеу пластикалық жүйеге ауыстырылмақшы. Жолаушылар мен жүргізуші арасында тығыз байланыс болмайтындықтан, осы кезде ғана біраз мәселенің түйіні тарқатылар. Бірақ оған дейін халықтың төзімі таусылмаса игі.
Біраз мәселенің астарын ақтаруға тырыстық.
Ендігі жерде «Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасы» қоғамдық көлік қызметінің айналасындағы қордаланған осындай мәселелерді шешуге атсалысса екен.
Гүлмира САДЫҚОВА