Ертең елді кім асырайды, Смағұлов пен Ким асырай ма?..
2020 ж. 16 мамыр
2112
0
ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа
Ертең елді кім асырайды, Смағұлов пен Ким асырай ма?.
Құрметті Президент мырза!
Бүгінгі дағдарысқа байланысты Үкіметіміз 361 мекемеге қаржылай көмек көрсететін болып жатыр. Ол тізімде 218 құрылыс (оның 80- BI Group фирмасына қарасты), 86 – сауда мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер, 26 – көлік, 15 – энергетика және 5 – тау-кен компаниясы бар екен. Бірақ, бір де бір өндіріс компаниясы жоқ көрінеді. Оны саралаған ҚР Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы мәлімдеме жасапты. Мәлімдемедегі «авиакомпаниялар мен аэропорттарға, энергетикалық, элиталық тұрғын үй салатын және элиталық автомобиль сататын компанияларға қолдау көрсетуге басымдық беруге болмайды»; «Тізімге мақсаты мен бағыты жағынан мемлекеттен көмек алуға тиіс емес бизнес өкілдерінің кіруіне жол беруге болмайды!»; «Үкіметтің нақты өндіріс кәсіпорындарына көмек көрсетудің орнына миллиардтарды тарифты көтеріп қойып, аса бір мұқтаждық көрмейтін монополистерге жұмсауы мемлекеттік ұйымдардың беделін түсіреді, оған жол беруге болмайды!»; «бұл – барлық кәсіпкерлер мен елдің бүкіл тұрғындарының бетіне түкіру болып көрінеді» деген, «тізімді қайта қарау керек!» деген сөздерін оқығаныңызға күмәнім жоқ. Бұдан артық ащы да ақиқи айту мүмкін емес. Мен тек өз тарапымнан мұндай қаржыны ең алдымен ауыл шаруашылығын көтеруге: егіншілікті интенсивті пайдалануға көшіруге, одан да бұрын етті, сүтті, жүн мен теріні тереңдете өңдеу ісіне жұмсауға міндетті екенімізге Сіздің назарыңызды аударғым келеді. Бұл мәселе 30 жылдан бері айтудай айтылып, бірақ, әлі күнге қолға алынбай-ақ қойған мәселе. Біздің сүт пен айранды, сарымай мен ірімшікті Ресей мен Қырғызстаннан, етті ...Аргентина мен Бразилиядан алып отырғанымыз естіген құлақтан ұят. Сіз осы дағдарысты, Төтенше жағдайды пайдаланып, қаржыны ауыл шаруашылығын көтеріп алуға жұмсамасыңыз, оған жұмсайтын ертең ақша таба алмай қаламыз. Біз сонда ғана баяғыда Ұлттық брендімізге айналуға тиіс экологиялық таза Тағам өнеркәсібі мен киім шығаратын Жеңіл өнерәсіпке негіз салып ала аламыз. Сонда ғана халқымыз қандай дағдарыс болса да өзінің аш-жалаңаш қалмайтынына сенімді болады. Өйткені, мақта мен жүніміз, теріміз бен егініміз бар біздің ішкиім-көйлектен бастап ішік-тонға дейін, нан-ұн мен ет-майдан бастап барлық ішіп-жем түрімізбен өзімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жетіп-артылады. Сырты құндыздай жылтырайтын, ішінде неше түрлі жеп-жеңіл жылытқышы бар тайжақы жауын мен аяздан бірдей қорғайтын, нағыз әлемдік қазақ бренді болар еді... Дағдарыс ұзаққа созылмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Мұнайдың бағасы көтерілмей қойса, экспортқа шығаратын өніміміз шамалы-ақ, сонда не істейміз? Жарайды, 1 миллион олигархтар мен байлар қинала қоймас, қалған 17 милиион халықты немен асырайсыз? Жауапкершілік сіздің мойныңызда ғой? Қымбат автокөлік статын Н.Смағұлов пен «Қазақмысты» жекешелендіріп алған миллиардер В.Ким асырай ма? Олар асырамақ түгілі ұялмастан мемлекеттен көмек сұрап, өзіңізге қарап алақанын жайып отырған жоқ па? Бүгін таңда халыққа, әсіресе қазаққа ең бірінші керегі – күнделікті тамағы мен паналайтын баспанасы. Тамақ жайын ауылды көтеріп шеше аласыз. Ол үшін алдымен дамыған Европа елдері, кейінірек Жапония мен Қытай жүріп өткен, «бір ауыл – бір өнім» қағидасын ұстануымыз сұранып-ақ тұрған нәрсе. Кәзір минитехниканың заманы, терең өңделген дайын бұйым жасап шығару үшін шикізатты ауылдан қалаға, ірі өндіріс ошақтарына тасудың қажеті жоқ. Аталып отырған ұстаным да нақ осыған негізделген. Бір ауыл тері тон күртке тіксе, екінші ауыл тері тон, үшіншісі ішік (дубленка) тіге алады. 1980-жылдардың аяғында меринос қойдың терісінен тігілген ішіктерді оңтүстіктегі Арыс, Ордабасы аудандарында тігіп, экспортқа да шығарғанбыз. Кәзір әлемдегі сыртқы тері киім нарығының 18-20 пайызын қамтамасыз етіп отырған түрік бауырлар тон тігу дегенді 1950-жылдары Қытайдан Тибет-Гималайдан асып барған ата-әжелерімізден үйренген еді ғой!.. Кезінде «Все силы – на Деникина!» деген Лениннің ізімен, біз бүгін «Бар күшіміз – ауылды өркендетуге!» деген ұранмен қимылдсақ, ары кетсе бес-он жылда «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбет атамыздың арман-өсиетін іске асырарымыз сөзсіз. Одан бөлек өзіңізге бұдан бұрын «ауылды жердегі 40 мың отбасыға қайтарымсыз 50 қойдан сатып әперейік» деген нақты жоба жайлы ұсыныс жасағанбыз. Ауылды шындап қолға алсақ, жалғыз ол ғана емес, өзге де ұтымды, тиімді жобалардың неше түрі ұсынылары анық. Ал, қаладағы баспана мәселесін тез арада шешу үшін – Астана мен Алматыдан бастап барлық қаладағы жалға берілетін және бос тұрған пәтерлерді тексертіңіз. Мыңдаған емес, жүз мыңдаған қазаққа баспана тауып бересіз!.. Құрметті Президент мырза! Ұлттың тағдыры шешілетін сәтте елге қызмет мәртебесі маңдайыңызға бұйырды. Батыл да жедел қимыл күтеді ел-жұрт сізден. Өйткені, мүмкіншілік те, ауыздан шыққан сөз секілді, қайтып келмейтінін сіз жақсы білесіз. Ісіңіздің алға басуына тілектеспін. Алла-Тағала өзіңізге жар болсын! Ізгі ниетпен , Өмірзақ Ақжігіт, тәуелсіз журналист qazaquni.kz