Азат Перуашев Шымкентте сайлаушыларымен кездесті

0
1027

 

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Шымкент қаласының сайлаушыларымен кездесті.

Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының төрағасы Азат Перуашев Шымкентке келді. Алғашқы кездесуін партияның облыстық филиалының кеңсесінде өткізген ол жиналған партия активіне Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жолдауы жөнінде жан-жақты айтып берді. «Қазақстан-2050» стратегиясы еліміздің қуатты мемлекетке айналып келе жатқанын айқындайтын құжат. Әлеуметтік даму жолындағы маңызды құжатты қолдаудағы біздің үлесіміз қандай? Осы ретте А.Перуашев Елбасымыздың Жолдауымен біздің бірқатар көзқарастарымыздың үйлесетіндігін атап көрсетті. Мәселен, салық жүйесіндегі біздің айтып жүрген ойларымыз Жолдауда да көрініс тапқан. Еліміздің мүддесіне жұмыс істеуіміз керек. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты жою жолдарын ұлт зиялылары да ойластырулары қажет. Демография мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, партия жетекшісі шығармашылық интелигенцияның жұмысына тоқталды. «Шығармашылық еңбекпен айналысатындарды салықтан мүлдем босату керек. Өйткені олар ұлт келбетін қалыптастырады. Еліміздің стратегиялық бағдарламасы біздерді жақсы ойларға жетелейді. Келіңіздер, бәріміз пікірлерімізді ортаға салайық»,- деді халық қалаулысы.

Күн тәртібіндегі мәселені талқылауға «Ақ жол» ҚДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының (ОҚОФ) төрағасы А. Орман, ОҚОФ төрағасының орынбасары А.Қаражанов, ОҚОФ комиссия төрағасы О. Омаров, облыстық мәслихаттың депутаты Қ. Тұрлыбек, «ҚазБілімЖабдықтау» ЖШС директоры Ә. Сыздықов, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС жауапты қызметкерлері Б. Құлбек, Б. Жолдаров қатысты. Олар Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясын қызу қолдайтындықтарын, алда тұрған үлкен міндет дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін атсалысып, жұртты жұмылдыратындарын білдірді. Жарыссөзге шыққандар сонымен қатар көптеген проблемалардың да бетін ашып, өз ұсыныстарын да айтып жатты. Ол ұсыныстардың негізгілері мынаған саяды. Әлем энергетика қуатының тапшылығын сезе бастады. Сондықтан, су, күн, жел энергиясының алудың көздерін табуымыз керек. Жапонияда, басқа да дамыған мемлекеттерде қосымша қуат көздерін тапқандарға субсидия беріледі. Бізде де осындай тәжірибе қолданылса. Екіншіден, азық-түлік сапасын арттыруымыз керек. Егіншілер өнім шығаруға ғана бас ауыртқаны жөн. Ал кәсіпкерлер сапалы дайын өнімді алып кетіп, одан әрі өндеуі керек. Үшіншіден, алдағы уақытта салықты несие ретінде пайдалану жолдарын қарастырған жөн. Төртіншіден, су ресурстарын үнемді пайдаланғанымыз жөн. Тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдерін кеңінен қолданған дұрыс. Бесіншіден, жеке сектор мемлекетпен әріптес болуы керек. Сонда тендер соңы дауға айналмайды. Алтыншыдан, денсаулық, білім саласына инвестиция салғандарға жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Жетіншіден, кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту үшін несие керек. Осыны реттейтін кез келді. Банктер несие көлемін жыл сайын жеңілдіктермен беретін жолдарды қарастырса тауарларымыз шет елдерге көбірек шығарылар еді. Сондай-ақ елдегі демографиялық ахуалды түзеудің, жаңа босанған аналарға жәрдемақы көлемін ұлғайтудың, көші-қон жөніндегі заңды қайта қараудың қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды. Қолжетімді баспана салу үшін кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті күшейткен жөн. Кедендік одаққа кіруден ұтылмау үшін отандық сапалы тауарларды көптеп шығаруға ұмтылған абзал. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бір сәтте толастамауы тиіс.

Азат Тұрлыбекұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелерге қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, оны шешудің жолдарын айтты. Кездесуді қорытындылай келе, «Ақ жол» партиясының төрағасы осында көтерілген мәселелердің барлығын сараптап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз деді. Партия жетекшісі қатысушылармен қуанышты жәйтті бөлісті. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы үздік филиал деп танылған. Партия төрағасы арнайы дипломды филиал төрағасы Анарбек Орманға салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар партия белсендісі Мұса Пәтеевке «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Сондай-ақ, 15 қаңтарда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Оңтүстік Қазақстан облысына келген сапары аясында Шымкенттегі металл құрастыру құрылыс зауытында жұмысшылармен кездесті. Зауыттың цехында өткен кездесуде халық қалаулысы Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауын жан-жақты түсіндірді. Елімізде жүзеге асып жатқан сындарлы саясат аясына ұйыса білген қазақ қоғамы, біріншіден, орташа дамыған индустриялы елдер қатарына қосылды. Екіншіден, бәсекеге қабілетті нарықтық экономика негіздері қалыптасты. Үшіншіден, демократиялық принциптерге құрылған саяси жүйенің іргетасы қаланды. Төртіншіден, мемлекеттің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың белсенді субьектісіне айналды. Бесіншіден, Қазақстан әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстарға жауап беретін тұрақты, халқы өзара тату да бейбіт мемлекетке айналды.

Әлемдік рейтингте алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің қатарына қосылу міндеті ойдағыдай шешілді. Сондықтан, Қазақстан үшін өзінің алдағы 40 жыл мерзім ішінде шешетін перспективалық міндеттерін айқындауға деген қажеттілік сезіліп отыр. Жаңа Жолдауда Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы мерзім ішінде жүзеге асырылуға тиісті 7 басымдық белгіленген. Ұлт мүддесін ұғындырған, жасампаздыққа жұмылдырған жаңа Жолдау Қазақстан халқына үлкен серпін беріп отыр. Қазір мемлекетіміз кәсіпкерлікті дамытуға, адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына кеңінен жол ашып берді. Осы тұрғыда кәсіпкерліктің алдында түрлі кедергілер кездесетіні жасырын емес. Мәселен, салықтағы қолайсыздықтар кәсіпкерлерге үлкен қолбайлау болуда. «Ақ жол» партиясы осы мәселені жиі көтеріп келеді. Сонымен бірге, банктердегі қанаушылық мәселесін жою жөнінде бастамалар жасалынды. Қолжетімді тұрғын үй жайында да әңгіме көтеріліп жүр.

Зауыт қызметкерлері Елбасымыздың жасап отырған шынайы қамқорлығы үшін риза екендіктерін жеткізді. Жасампаздық жолындағы Жолдауды ықыласпен, зейін қоя оқып шыққандарын айтты.

Мұнда 800-ден астам адам еңбекпен қамтылған. 4 нысан бар. Негізінен, атом және мұнай саласына құрылыс бұйымдарын шығарады.  Оның ішінде, мұнай айдау саласына үлкен көлемдегі құбырлар жасайды. Азат Тұрлыбекұлы еңбекшілердің қал-ахуалдарымен жіті танысып, зауыт цехтарын аралап көрді.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз