Сарапшы: Бейбіт жиындар туралы заң - Ұлттық кеңес жұмысының нәтижесі
2020 ж. 14 мамыр
1124
0
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы ең жиі талқыланатын мәселелердің бірі болып отыр, заң жобасына депутаттардың, сарапшылар қоғамдастығының және жұртшылықтың назары аса аударылуда.
Бейбіт жиналыстар өткізу және ұйымдастыру еркіндігі мәселесі өткен жылдың соңында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында өзектендірілді. Сол кезде Президент Қ.К.Тоқаев өз сөзінде: «Біз балама көзқарастан қорқуды еңсерудеміз. Билік, келіспеушілік - бұл деструктив, қоғамдық қауіпті құбылыс деп санамайды». Бұл бейбіт жиындар мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту қажеттігіне бастамашылық еткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерінің қажырлы жұмысының нәтижесі болды.
Одан әрі заң шығару жұмыстары ҚР Парламенті қабырғасында өтті. Бейбіт жиындар туралы заң жобасын Мәжіліс екінші оқылымнан кейін ғана мақұлдады және Сенатқа одан әрі қарауға жіберілді. Ұсынылып отырған заң нормалары ақпараттық кеңістікте белсенді талқылануда, өз пікірін халықаралық ұйымдар да білдіруде.
Талқылаудың, бастамалар мен түзетулерді енгізудің барлық процесі толықтай ашық. Және қазір отырыстардың стенограммалары мен қаулылары, заң редакцияларының салыстырмалы кестелері ұсынылған жұмыстармен http://senate.parlam.kz/kk-KZ/ сайтында танысуға болады. Бүгінгі күні ҮЕҰ өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, сарапшылардың және мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс топтарының 14 отырысы өткізілді.
Пікірталас туындаған бірнеше сәттер болды. Олардың ішінде, мысалы, бейбіт пикеттер, жиындар мен митингілер өткізу үшін арнайы орындарды нақтылауға қатысты нормалар бар. Бейбіт жиындар ұйымдастырушыларының талаптары мен жауапкершілік аймағы қызу талқыланды. Сондай-ақ, бейбіт жиындарды өткізуге шектеу қою негіздері қоғамның назарына ілікті.
Сенат осы даулы мәселелер бойынша қандай шешімдер ұсынды? Мәселен, заң жобасын қарау қорытындысы бойынша бейбіт жиындар өткізуге болатын орындардың ең төменгі сандық және аумақтық шегі нақты анықталды. Бізде, Қазақстанда көп жағдайда жиындар жиі және белсенді түрде Алматыда өтеді, онда 24-тен кем емес арнайы орындар нақтыланды. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында 12-ден кем емес.
Бейбіт жиындарды ұйымдастырушыларға қойылатын талаптар бөлігінде олардың міндеттерінің тізбесі айтарлықтай қысқартылды, ұйымдастырушы мен ішкі істер органдарының бейбіт жиындарды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша функциялардың қайталануы жойылды. Бейбіт жиындардың тоқтатылуы мүмкін себептерді Сенат депутаттары да қысқартуды ұсынуда. Мысалы, егер жекелеген қатысушылар бейбіт жиындар кезінде заңды бұзса, онда бұл факт оны тоқтатуға негіз бола алмайды. Алайда, тәртіп бұзушылар өздерінің бейбіт жиындарға қатысуын жалғастыра алмайды.
Коронавирусқа қарсы жаппай күрес кезінде бейбіт жиындарға, пикеттерге, митингілерге қатысу кезінде денсаулықты сақтау бойынша жеке қорғаныс құралы ретінде медициналық маскаларды киюге жол беріледі.
Осылайша, ұсынылып отырған түзетулер Сенатта Қазақстандағы демократияны дамытудың қазіргі кезеңінде өте маңызды «Бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» прогрессивті заң жобасына мұқият қарайтынын айтады.
Мадина Нұрғалиева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі