Мейрамбек Беспаев: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ҚАТАЛ ШЕШІМДЕР КЕРЕК
2020 ж. 12 мамыр
1982
0
Танымал әнші Мейрамбек Беспаев "Алматы" телеарнасына берген сұхбатында Мемлекеттік тілге қатысты өз ойларымен бөлісті.
Өнер иесі екі сөздің басын құрай алмайтын бауырлары үшін қиналатынын айтып, мемлекеттік тіл мәселесінде қатал шешімдер керектігін айтты.
"Әрине, ашынасың. Бірақ, "қолдан келетін шара не?" деп отыра беруге де болмайды. Өте қиналамын, сол жігіттерге жаным ашиды. Тіл білмей тұрып, екі сөздің басын қоса алмай, жазып бергенді оқи алмай тұратын бауырларым үшін қатты қиналамын. Айналып келгенде ол да бір қазағың ғой. Жаның ашиды, ашуланасың. "Жоқ, сен тіл білмейсің" деп оны далаға лақтырмайсың ғой. Ертең "өз қазағыма жұмыс істейін, талпынайын десем, бұл қазағым өзегімнен тепті" дейді. Кім біледі? Ол ақылды жігіт шығар. Тек тәрбиесі сондай болған шығар. Бірақ, біз бұған шыдап келдік. Кейде қатал да шешімдер керек сияқты" , - деді Беспаев.
Еске сала кетейік, "Қазақ үні" ақпарат агенттігі "КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!" атты Ашық хат жариялаған болатын. Қазіргі уақытта Ашық хатты 700 мыңнан астам адам оқып, 115 мыңға жуық адам қол қойып, қолдап үлгерді. Олардың арасында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Төрегелді Шарманов, Дулат Исабеков, Ұлықбек Есдәулет секілді көптеген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері бар.
Сонымен қатар, Ашық хатты Қазақстанның шоу-бизнес өкілдері де қолдап, өз үндерін қосуда. Солардың бірі, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, "Қандай ел болса да өз тілінде сөйлеу керектігін" айтқан болатын.
Сонымен бірге танымал әнші Өктем Алтаев та Ашық хатқа қол қойып, Қазақ тілін қолдауда азаматтығын танытты.Бір ерекшелігі, Ашық хатты қолдаушылардың қатарында белгілі журналист Максим Рожин секілді өзге ұлт өкілдері де бар.
АЛ, СІЗ НЕШІНШІ БОЛЫП ҚОЛ ҚОЙДЫҢЫЗ?!..
ҚОЛ ҚОЮ СІЛТЕМЕСІ:
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ заңды қолдап, ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН «Қазақ үні» сайтының сілтемесіне өтесіздер: