«Тарихтың үйретер жалғыз тәлімі –ешнәрсеге де үйретпейтіндігі»
Белгісіз данышпан.
Өткен жылы қыста Түркістанда елдің құлағын елең еткізген оқиға болды. Алдымен қаладағы 20 бейүкіметтік ұйымдар бірігіп, «Асыл дінгек» атты қауымдастық құрады. Оның төрағасы болып Бақытжан Жүнісов сайланады. Адамдар, ұйымдар әдетте қай уақыта біріге бастайды? Әрине, жекелеген әрекеттері нәтиже бермеген уақытта. Қала әкімінің (бұл жақта аудан қаланың құрамында) жылдық есеп беру жиналысында жарыссөзге шыққан қауымдастық басшысы да сөзінің ең басында бейүкіметтік ұйымдардың қала әкімдігі тарапынан ешқандай қолдау таппай отырғанына тоқталады. «Әкімшілік өз тарихында былтыр тұңғыш рет бюджеттен 2 млн теңге бөліп, конкурс өткізді. Бірақ жеңімпазы болып Шымкент қаласының бейүкіметтік ұйымы табылды. Мұның мән-жайын қала әкімінің орынбасары Жанболат Ибрагимов мырзадан сұраған кезде ол «конкурсқа Шымкент қаласынан келіп, қатысып, жеңімпаз болғаны біз үшін үлкен абырой» деп жауап берді. Сонда, Ибрагимов мырза қалтасындағы ақшаны өз балаларына емес, көршінің балаларына бергенін мақтан тұтқаны ма? Қаламыздың бас идеологына азаматтық қоғамды дамыту үшін өз қаламыздағы ұйымдарға жанашырлық танытса екен деген тілек айтар едік».
Бұдан соң Б.Жүнісов мырза басқа да бірнеше күрделі мәселелерге тоқтала келіп (олар жайлы сәл кейінірек), сөзінің соңын «қалалық «Асыл діңгек» үкіметтік емес ұйымдары ассоциациясы қала әкімі Қайрат Молдасейiтов мырзаның атқарған жұмысына қанағаттанарлықсыз деген баға беріп, командасымен қызметтен өз еркімен кетуін талап етеді» деп аяқтайды.
Бұл, әрине, патшаны Құдайдың жердегі көлеңкесі көретін қазақ үшін, оның ішінде жергілікті басшыны патшаның баласынан кем көрмейтін күнгейдің қазағы үшін сенсациялық оқиға болады. Бірақ, мұндай оқиғаның өзі қазіргі әкімдерге бит шаққандай әсер етпейтін болып қалған. «Ауыр сөз естігенім – абыройдан айрылғаным ғой» деп, орнын тастап жүре берген әкімді елімізде әлі ешкім ести қойған жоқ. Оның үстіне сын сөзді жоғарыдағы басшы емес, төмендегі қосшы – тіпті, халықтың атынан болған күннің өзінде де! – айтып отыр ғой. «Сын садағына ілігіпсің, барар жеріңді қарастыра бер» дейтін, титтей де болса әділдікті қолдайтын кеңес өкіметі де келмеске кеткен. Әкім командасымен отставкаға кететін шығар деп бір ай күткен (ХХІ-ғасыр келсе де қазақтың аңқау табиғаты өзгере қойған жоқ қой) қауымдастық өкілдері облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атына Ашық хат жазуға мәжбүр болады. Ол хат жергілікті «Тұран-ақпарат» газетінің бетінде жарық көреді. Араға екі ай салып, әрең дегенде әкім жұмысынан кетеді. Кеткенде төмендеп емес, жоғарылап, өсіп кетеді. Қайтесіз, біз бір осындай, орыс елі секілді ақылмен, оймен адам баласы түсініп болмайтын, ешкімге ұқсамайтын ерекше елміз ғой. Бізде басқа тұрмақ, алты жыл үкіметті басқарған кезінде артында айта жүретін алты игі іс қалдырмаған мырзамыз да, мемлекет басшысының өзі айтқандай «шаршаған соң» іс жүзінде елдегі екінші лауазымға ие бола қалған жоқ па? Молдасейітов те сол секілді алты жылға жуық отырғанда сыннан көз ашпаған, бірақ орнын босатуы өте қиын болған Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың орнына барып топ ете қалады. Мейлі, басшылардың да бір білгені бар шығар, біздің де бұл мақаланы қолға алғандағы мақсатымыз –«хан сыртынан – жұдырық» жасау емес. Керісінше, қоғам жанашыры Б.Жүнісов сөйлеген сөзінде не айтып еді, сол кезде көтерілген мәселелер арада біраз уақыт өтсе де, бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ қой, міне, біздің қозғарымыз осы.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл әкімдердің атқарған жұмыстарын үш көрсеткіш бойынша бағалауды талап етіп қойды. «Асыл діңгек» бейүкіметтік ұйымдар қауымдастығы да қала әкімі Қайрат Молдасейiтов мырзаның атқарған қызметін осы үш көрсеткіштің талабына сай саралап көрді.
Елбасының бірінші талабы – өндірісті жандандыру, халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Қала әкімінің есебі бойынша былтыр 6 өндіріс іске қосылған. Оған 470 адам жұмысқа тартылған. Жұмыссыздық шарықтап тұрған қаламызда бұл көрсеткіш қарлығаштың қанатымен су сепкенмен бірдей ғана. Бұдан қала әкімінің барлық мүмкіншілікті толық пайдаланбай отырғанын көруге болады. Біздің ұсынысымыз – қала экономикасына қан жүгірту үшін ішкі резервтерді пайдалану. Яғни жабылып қалған өндірістерді іске қосып, қазіргі заманауи жаңа технологиямен жабдықтау. Мәселен, жөндеу-механикалық зауыты 20 жыл Т-16 тракторын шығарып, кезінде 1000 адамға жуық жұмыс істеген еді. Қазіргі таңда Кеден одағы құрылып, Беларуссиямен қайта қатынас орнады. Неге зауыт қожайындары ең болмаса 100 трактордың бөлшектерін Белоруссиядан әкеліп, зауытта жинау-құрастыру жұмысын бастамайды?
Тағы бір мысал. Мен тігін фабрикасының бас инженері қызметін атқарған кезде онда 850 қыз-келіншек жұмыс істеген еді. Мауытыдан арнаулы жұмысшы киімін тігу оңай, әрі бағасы да қымбат. Шыққан өнімін сатып алатын Қарағанды металлургиялық зауыты жұмыс істеп тұр. Фабрика қожайындары өндірісті іске қосса қолдарын ешкім байлап отырған жоқ ғой.
Осы екі мысалдан-ақ көріп отырғандай, қаладағы барлық тоқтап қалған өндірістердің әрқайсысын жеке-жеке зерделеп, бағдарлама жасап, жандандыруға толық мүмкіншілік бар. Оған тек қана қала әкімінің жігері мен ынтасы қажет. Әкім тоқтап қалған өндіріс қожайындарына жекелендіру кезіндегі жасалған келісім-шартты көтертіп, ондағы үйіп-төгіп берген уәделерін орындауын қатаң талап етсе болғаны. Егер олар өндірісті жүргізуге ниет білдірмесе, онда ұлттық меншікке қайтаруға немесе инвесторларға сатудың жолын қарастыруға болады.
Біз әкімнің жаңадан индустриялды аймақ ашуына да қарсылық білдіреміз. Себебі, қаланың индустриалды аймағын ашу үшін 40 гектар көлемінде жер танабы бөлініп, пайдалануға берілген. Қыруар қаржы жұмсалып, бұл аймаққа техникалық, экономикалық құжаттар дайындалған. Бізге түсініксіз жері – неге шаш-етектен шығын шығарып, жаңа ғимараттар мен жаңа инфрақұрылымдары қайта салынып, индустриалды аймақ жасалуы тиіс? Одан да осы қаржыны тоқтап қалған өндірістерді жандандыруға және олардың ескі инфрақұрылымдарын жөндеуге жұмсаған әлдеқайда тиімді емес пе?
Елбасының екінші талабы – әкім жұмысына экономикаға инвестицияны тарту деңгейіне қарай баға беру. Әкім өзінің есебінде инвестицияны игеру былтыр 15 млрд 901 млн тенгені құрайды деп атап көрсетті. Оның ішінде республикалық бюджеттен
7 млрд 552 млн теңге, жергілікті бюджеттен 3 млрд 567 млн теңге, кәсіпорындар мен ұйымдардың және халықтың өз қаржысы есебінен 2 млрд 494 млн теңге игерілген болып шықты. Бюджеттен бөлінген қаржыны инвестициялық қаржы деп қарастыруға болмайды. Бұл – қате түсінік! Инвестициялық қаржы деп шетелдік және отандық қаржы институттары мен отандық және шетелдік инвесторлардың қаланың экономикасына құйған қаржысын айтады. Әкімнің есебіндегі шағын және орта бизнеске «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан бөлінген 151 млн теңгені ғана инвестициялық қаржы игерілді деп көрсетуге болады. Ал, бұл – өте төмен көрсеткіш!
Мен сондай-ақ қала әкіміне Қожа Ахмет Ясауи кесенесін «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық мұражайынан бөліп алып, «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі» ұлттық туристік мекемесі етіп, жаңадан дербес, өзін-өзі қаржыландыратын, қаланың бас жоспары бойынша туристік ғимараттарды салуға бөлінетін қаржыны игеретін және инвестиция тартуға ыңғайлы заңды тұлға құру туралы ұсыныс жасадым. Киелі кесенені сақтап, қалпына келтіру Мәдениет министрлігінің, ал кесенені пайдалану, яғни туристік орталыққа айналдыру Туризм және спорт министрлігінде құзырында болуы керек. Мысалы, темір жол вокзалын алыңыз. Вокзалдың ғимараты Мәдениет министрлігіне қарасты, ал пайдаланушы «Қазақстан Темір жолы» болып келеді. Неге біздер орта ғасырлық сәулет өнерінің озық үлгісін, ұлттық асыл мұрамызға айналған киелі кесенені нарықтың талаптарына сай пайдаланбай, мавзолейге туристерді тегін кіргізіп отырмыз? Біз «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі» ұлттық туристік мекемесін құрғанда не ұтамыз? Біріншіден, Үкімет ұлттық туристік мекеменің жүз пайыз құрылтайшысы болған соң, қаламызда туристік кластерді дамытуға тікелей инвестиция тарту оңайланар еді. Екіншіден, инвесторлардың қаржысын қалаға ТЭЦ салуға, ауыз су мен электр желісін жаңартуға, газ бен кәріз құбырларын тартуға құюға мүмкіндік туар еді. Үшіншіден, мавзолей кешеніне кіруге билет құны қазақстандық туристерге – 1 АҚШ доллары, жақын шетел туристеріне – 10 АҚШ доллары және алыс шетел туристеріне – 100 АҚШ доллары болып белгіленсе, қала бюджетіне қыруар қаржы түсері анық. Қала әкіміне осы ұсыныспен облыс әкіміне және Туризм және спорт министрлігіне хат жазуын өтінген едім. Бірақ, ол өтінішімді қабыл алмады. Әкім оның орнына: «Туризм және спорт министрлігіне барып-қайтасыз ба, жоқ па, өзіңіз шешіңіз» деп жауап берді. Мен, кіндік қаным тамған қаланың болашағы үшін Астанаға бардым. Министрдің орынбасары: «Бұндай мәселе Үкіметтің шешімімен қабылданады. Сол себептен, қала әкімі Министрдің атына хат жазып, өтініш жасауы керек. Министрдің бұйрығымен Республикалық комиссия Түркістанға барып мавзолейді көріп, Үкіметке ұсыныс жасайды. Соңғы шешім Үкіметтің отырысында қабылданады» деді...
Елбасының үшінші талабы – сыбайлас жемқорлықпен күресу белсенділігіне қарай бағалау. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында, жемқорлық тек бір ғана мемлекеттік органның жұмысына емес, бүкіл елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін дерт деп, сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын жоюға бағытталған нақты іс-шараларды күшейту қажеттігін тапсырды.
«Қала әкімі болса, істеген ісіне қарасақ сыбайлас жемқорлықпен күресетін адамға ұқсамайды.... Оған себеп, интернеттегі қала әкімі туралы журналистік зертеу. Қала әкімі келгелі бері өткізген тендерлерден ұтып алған компания басшыларының құрылыстан еш хабары жоқ болып шықты. Мектеп директорлары жемқорлықпен ұсталып жатса да, қызметінен кетпейді. Оған себеп – халық біліп отырған директордың қылығын қала әкімі білсе де, білмегенсіп отыра береді» – деп жазыпты
Б.Жүнісов мырза сол кезде.
Байқап отырсыздар, ұсыныстың барлығы да нақты, әрі өміршең. Жалаң сынаған желбуаз сөз емес. Жалпы, біздің Үкіметімізге, одан да бұрын ішкі-сыртқы саясатты бағдарлайтын, ең маңыздысы кадрларды дайындау, сұрыптау мәселесімен айналысатын Президент әкімшілігіне, жергілікті әкім-қараларға қандай жақсы идеялар ойлап тапсақ екен деп бас ауыртудың мүлдем қажеті жоқ. Халықтан түскен, журналистер жазған ұсыныстарды өмірге енгізуді үлгеріп жатса, соның өзі артығымен жетеді.
Осы айтылған мәселе тікелей Түркістанға да қатысты. Біз сұрастырып білсек, бір жылға жуық уақытта Б.Жүнісов мырза жасаған нақты ұсыныстар төңірегінде қолға алынып жатқан қызу қозғалыс жоқ болып шықты. Әсіресе, соңғы әрі ең маңызды Елбасы талабы – жемқорлыққа қатысты өзіміз де «солай шығар-ау» деп отырғанбыз. Себебі, біздің басылымда былтыр жасы пайғамбар жасына жақындаса да желігі басылмаған, оқушылар мен мұғалімдерге үлгі-өнеге көрсетудің орнына, қоластында істейтін жас мұғалиманы өзімен көңілдестікке баруға мәжбүрлеп, ондай арам ісі әшкере болып, мұғалиманың отбасының ойраны шығуына, балалы-шағалы жастардың ажырасуына тікелей себепкер болған мектеп директоры жайлы екі рет жазылған болатын. Әкім болса, абыройдан жұрдай болған, ұстаздар ауылынан аластатылуға тиіс адамды қаланың қасындағы басқа бір мектепке директор етіп тағайындапты. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы! «Дон-Жуан» директорды қанатының астына алып, қызғыштай қорғаштайтын қалалық Білім беру бөлімінің бастығы соңғы кезде ауруханадан шықпайтын болып алыпты. Білетіндер «сол жерден зейнеткерлікке кететін шығар» дейді. Мейлі, кім болғанда да ауырмасын, тезірек жазылып кетсін. Тек кетерінде өзінің орнына әлгі директорды қойып кетпесін деңіз. Дәл солай болып шықса, оған да таңғалмаңыз. Қайтесіз, Қазақстан ғой өзіміздің. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан...
Шуақ Айбалтаұлы