АССАМБЛЕЯ МАҚТААРАЛҒА 180 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРДІ
2020 ж. 12 мамыр
1387
0
Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 16 жүк көлігімен 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал бүгін Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттар жөнелтілді.
«Металл Пром Групп» ЖШС аумағында жасақталған керуен жолға шығар алдында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді.
Соның ішінде Алматы өзбек этномәдени бірлестігі, Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени бірлестігінің филиалы, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қазақстан Дүнген қоғамының Алматыдағы филиалы, сондай-ақ «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі және басқа да орталықтардың еңбегін айрықша атап өтті.
Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этно-мәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн. 325 мың теңгені құрағанын жеткізді. Алматыда 98 тонна күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен химиялық заттар, азық түлік және басқа керек-жарақ жиналса, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн. 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен.
"Вынхуа" дүнген этно-мәдени бірлестігі жіберген 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон және 1500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі тұз, 1000 қорап шәй өнімдері мен 25 келі тұрмыстық-гигиеналық заттарды Мақтаарал ауданы қуана қабылдап алды.
25 тонна азық-түлікті бірауыздан жинап берген дүнген этносының шынайы қолдауы достық, бауырластық сезімдер мен Отанға деген сүйіспеншілік бәрінен биік екенін дәлелдесе керек.
Бұдан бөлек, бүгін түс ауа Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достық үйінен» азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар тиелген жүк көлігі жолға шығады. 8,5 миллион соманы құрайтын көмектің көлемі 16 тонна. (1,5 миллионы қолма-қол ақша).
«Өздеріңіз білесіздер, кеше елімізде карантин режимі аяқталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында алдымызға бірталай мақсат қойды.
Ең алдымен Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттырып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салалардың рөлін нығайту көзделіп отыр. Осы мақсатта 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылыққа көңіл бөліп, «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Этнос өкілдерінің басым бөлігі осы салада еңбек ететінін ескерсек, бұл қарапайым шаруалар үшін үлкен қолдау.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл да шағын бизнес үшін тиімді қадам.
Қолжетімді тұрғын үй құрылысы басталып, елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде баспаналар бой көтермек.
Мемлекет басшысының жалақысы төмен азаматтарға салық мөлшерін азайту, халықтың қарызға белшесінен батуына жол бермеу, азаматтардың мүддесін қорғау шешімі жұртшылық көңілінен шықты деп ойлаймын.
Микро және шағын кәсіпкерлік саласына да ерекше көңіл бөлу, ұлттық бизнесті дамыту қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлері бұл көмекті қуана қабылдайды және экономиканы өсірудің төте жолы – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау екенін жақсы түсінеді.
Ел Президенті тұрғындарды төтенше ахуалдың кез-келген жағдайында жедел әрекет етуге бейімделуге де шақырды. Түбегейлі өзгерістер жасап, жұмысымызды қайта оңтайлау қажеттілігіне маңыз берді. Сол себепетен, Қ.К.Тоқаевтың бұйрығымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту Комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Яғни этносаралық қатынастар мәселесі жаңа деңгейге көтеріліп, қызметін тиімді түрде үйлестіретін болады.
ҚХА әрдайым Елбасы тапсырмалары мен Президент реформаларына үн қосып, жүзеге асыруға дайын. Бүгінгі гуманитарлық керуен осы сөзіміздің жарқын дәлелі.
Біз тағы бір мәрте ортақ мүддеге жұмыла отырып, елдік пен ерліктің, бірлік пен келісімнің үлгісін көрсете алдық.
Қайырымдылық көмегіміз мұнымен шектелмейді, Шымкент қаласында Түркістан облысының Достық үйі базасында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жедел штабы Мақтааралдықтар үйлерін қайта салып, орналасып біткенше қол ұшын созуды ары қарай жалғастыра береді, – деді Жансейіт Түймебаев.
Жансейіт Қансейітұлы елімізде енгізілген карантин кезінде ҚХА бір сәтке де өз жұмысын тоқтатпағанын баяндай келе, «Біз біргеміз!» республикалық акциясы барысында этнос өкілдерінің
280 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 376,5 млн. теңгенің көмек көрсеткенін де мысалға алды. Бұған қоса, өңірлерде 515 мыңнан астам медициналық маскалар таратылған.
Естеріңізге сала кетсек, Ассамблея #бізбіргеміз #біз үйдеміз онлайн акциясы аясында түрлі челлендждер, бейнесабақтар мен бейнероликтер түсіріп, #ABAI175 челленджін жалғастырды. «Мәміле» жобасы арқылы мемлекеттік тілді дәріптеп, ұлттық тағамдармен таныстыратын #ГотовимДомаВместе, ұлттық өнерді насихаттауға арналған «Жыр орталығы» жобаларын жүзеге асырды.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні виртуалды режимде 227 іс-шара ұйымдастырылып, 9-мамыр күні Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құттықтау хаттар мен сыйлықтар таратылды.