Әлихан Барлыбаев – танкист, ұстаз, азамат

Әлихан Тобайұлы Барлыбаев 1924 жылы туған, еңбек жолын 1941 жылы бастауыш мектеп мұғалімі қызметінен бастады.

Майданға 1942 жылғы 17 ақпанда шақырылды. Омск қаласындағы әскери училищені аяқтаған соң Кеңес Армиясы танк бөлімшелері құрамында соғысты.

Курск доғасы, Оңтүстік және Батыс Буг шабуылдары ұрыстарына қатысты, Кеңес Одағы қалаларын жаудан босатты. Сондай-ақ, Еуропаның неміс басқыншылары басып алған Сандомир, Краков, Ченстохов, Бреслау, Прага қалаларын азат етіп, Висла, Одер және Дунай өзендері үшін болған шайқастарға қатысты.

Соғыс кезінде Әлихан Барлыбаевтың экипажы бірнеше рет өртеніп, зардап шекті. Оның алты танкі ұрыста өртеніп, соғысты жетінші танкі Т-34 аяқтады.

Ерлігі мен батырлығы үшін Әлихан Барлыбаев II дәрежелі Ұлы Отан соғысы, екі мәрте I дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, Қызыл жұлдыз орденімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

1944 жылғы 30 маусымдағы марапат қағазынан көшірме:

«А.Т. Барлыбаев взвод командирі лейтенант Николаевтың экипажы құрамында 1944 жылғы 13 шілдеде үш сағатқа созылған ұрыста Горухов бағытындағы Ошу ауданы маңында жаудың қорғаныс шебін бұзып өтіп, Батыс Буга ауданындағы біздің бөлімшелердің қозғалысын қамтамасыз етті.

А.Т.Барлыбаев 1944 жылдың 13-17 шілде аралығында экипаж құрамында жаудың адам күштері мен техникасына келесі шығындар тигізді: 1 зеңбірегін қиратты, 10 жауынгері мен офицеріннің көзін құртып, 4 немісті қолға түсірді.

А.Т. Барлыбаев осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

1945 жылғы 26 мамырдағы марапат қағазынынан көшірме:

«А.Т. Барлыбаев танк командирі бола жүріп Кельцен бағытындағы Ракув, Щепно, Слопец, Шляхецкии аудандары маңында және Кельце тауларын алу кезіндегі ұрыста шебер жүргізу шеберлігін және батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Мысалы, Щепно, Слопец, Шляхецкии, Кельце қалалары үшін болған кескілескен ұрыста А.Барлыбаев жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беруге қатысты, осы кезде жаудың 3 зеңбірегі мен жаяу әскер взводының көзін жойды.

Сонмен бірге, 1945 жылдың 11-18 наурыз күндері біздің бөлімшелер Штригау ауданында тап болған қиын жағдай кезінде А.Барлыбаев бес күн жаудың шабуылына тойтарыс берді. Танк командирі саптан шыққан кезде оны ауыстырып, ұрысты жалғастырып, батылдық пен ерлік үлгісін көрсетіп, ол қарсыластың 2 зеңбірегін көкке ұшырды.

1945 жылдағы ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін А.Т. Барлыбаев І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталуға лайықты делінген.

Бірінші Украин майданы құрамында Сандомир-Силез шабуылдау операциялары барсында Әлихан Барлыбаевтың танкі қирады. Отқа оранған танктен басқа да экипаж мүшелерімен бірге шыққан Әлихан жаудың ту ұстаушылары бөлімшесіне шабуыл жасады, қоян-қолтық ұрыста 3 фашисті өлтіріп, немістің полк туын тартып алды.

Соғысты Әлихан Барлыбаев жау қоршауында қалған Прага қаласы тұрғындарының көтерілісіне көмек көрсету жөніндегі танктік рейдке қатыса жүріп аяқтады.

1946 жылы әскерден босатылды. 1950 жылы Әлихан Барлыбаев Семей педагогика институтын үздік бітірді. 1950-1954 жылдары орта мектепте мұғалім және педагогика училищесінде оқытушылық қызметтер атқарды. 1954-1962 жылдары Семей қаласындағы жеңіл өнеркәсіп техникумын басқарды.

1962-1964 жылдары Әлихан Тобайұлы Семей медициналық және мал дәрігерлік институттарында сабақ берді. 1965 -1972 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының Семей қаласындағы филиалын басқарды.

1972 жылдан бастап 30 жылға жуық Алматы халық шаруашылығы институтында кафедра меңгерушісі және оқытушы қызметтерін атқарды. Ә.Тобайұлы мыңдаған жастарға жол көрсетті. Олардың көпшілігі өмірде жетістіктерге жеткен ірі басшы және маман иелері, лайықты азаматтарға айналды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Әлихан Барлыбаев АХШИ Ғылыми кеңесінде және Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінде белсенді жұмыс істеді.

Әлихан Тобайұлы тұрмыста өте қарапайым, қоғамдық қызметте ақиқат пен әділдікті жағында болатын зиялы азамат еді.

Ә.Барлыбаев 2006 жылы өмірден озды.

Ержүрек жауынгер, батыр танкист Ұстаз және Азамат Әлихан Барлыбаевтың жарқын бейнесі әрқашанда есімізде мәңгі сақталады.

Аққу Мелдешова,

Қазақ үні