Мемлекеттік тілді керек етпей-ақ мемлекеттің заңдарын талқылағысы келетін "заңгерлер" толып жатыр
Жасұлан Иса: ЗАҢ – ОЛ ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРЛІК ЕРЕЖЕСІ
Мемлекеттік тілді керек етпей-ақ мемлекеттің заңдарын талқылағысы келетін «заңгерлер» толып жатыр
Өткен бір жылда, «Тілдерді дамыту…» басқармасынан қоңырау соқты, «…Келіңізші, мына жерде сұмдық айқай болып кетті…» деп. «Тіл туралы» заңның бұзылуымен арыз-шағым түскен соң, бара қойған Тіл басқармасы қызметкерінің өзін сол заң бұзған жердің заңгері бір шыбықпен айдап, «қораға» кіргізбекші болып, қыспаққа алып жатыр екен.
«Да я! Юрист-международник!» деп, ақырады әлгі. Мен айтамын да, «Да ты будь хоть межпланетным юристом…»… Мемлекеттің тілін, Конституцияны, сондай-ақ жергілікті заңдарды, бір жері опырылып кетсе де, біліп, бағынуы керектігін жеткіздім. Сойтіп, алысқа ұшып кеткен байғұс «халықаралықты» әрең дегенде «иманын» келтіріп, жерге қондырдық.
Міне, қазіргі кездегі біздің деңгейіміз де осы.
Тағы бір Жовтис деген «халықаралық» заңгер мемлекеттік тілді білмей-ақ, мемлекеттің заңдарына тұмсығын сұғып, шетелдіктердің мүддесін қорғағысы келеді. Аспандап жүрген оны да жерге қағып түсірген ақын Қазыбек Иса болды.
Тәуелсіздігімізге 30 жыл болып қалғанымен, біздегі заңдар, әліде өзге тілде ұсынылып, талқыланып, мөрі басылып жарыққа шығып келеді. Сондай-ақ, Мемлекеттік тілді керек етпей тұрып, мемлекеттің заңдарың талқылап жүрген заңгерлеріміз де толып жатыр. Шеттерінен жоғары дәрежелі мықты заңгерлер деп қоямыз оларды. Тіпті, оларды пір санап, табынатын құлдық саналылар да жетеді... Қайсы бірін айта бересің. Әлгі мемлекеттің тіліне сауаты жетпейтін заңгерлер газет, сайт беттерінен де, теледидардан болсын, шіреніп алып өзге тілде заңдатады да отырады. Сонда біздің, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» дегеніміз қайда? Қашаңға дейін бізде осылай заңсыздық бола береді?
Тәуелсіздікке бізбен қатар ие болған, көршілес Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінде, заңдары өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады екен.
Заң, ол халықтың өмірлік ережесі дейміз тағы. Олай болса, неге, мемлекеттің тілін, Ұлттың тілін білмейтіндер, халықтын жанын сезбейтіндер біздің «ережемізді», былайша айтқанда, жүріс-тұрысымызды талқылаулары керек?!?
Заң алдымен сол ұлттың тілінде, мемлекеттік тілде талқыланып, шығарылуы керек қой. Термин жоқ, маман жоқ, тағы бірдеңе жоқ деген әңгімелерді ұялмай айтып келе жатқанымызға да 30 жыл болды. Енді, Ұят, Ар, Намыс дегендердің бар екенін дәлелдейтін кез жетті ғой біздің билікке.
Негізі, заңгер болған соң, міндетті түрде мемлекеттің тілін білуің керек! Бірақ, ондай қайдан болсын. Тіл қақпайтын қалаулыларымыз да отыр ғой. Енді қайтеміз.
Осындай жағдайға жеткізіп отырған тағы өзіміз. Дәлірек айтсақ, жоғары мәртебелілердің өздері. Мемлекет болып Мемлекеттің тіліне құрмет жасай алмай отырып, «Заң! Заң!» деп Ресей тілінде сарнап келеміз!..
Жасұлан Иса,
заңгер