Ералы Тоғжанов: БІРЛЕСЕ КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
2020 ж. 28 сәуір
1549
0
Пандемия - барша мемлекеттің басына түскен үлкен сын сағатына айналды.
Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар – бақ сынағы, қиыншылық сынағы, қаза сынағы деген.
Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбіршілігінің арқасында өткен, адамгершілігінің арқасында халық болып жабыла көтерген. Біздің, бүгінгі ұрпақтың да алдында - жұмыла көтеріп, тиімді шешімдер арқылы барлық мәселелерді еңсеру міндеті тұр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ТМД елдерінің арасында пандемияға қажетті шараларды алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Карантин режимін сақтау азаматтарға оңай емес екенін түсінемін. Бірақ басқа амал жоқ.
Дегенмен, біз экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау туралы ойлануымыз керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айрылып қалмауы керек» - дейді.
Біздің елімізде коронавирустың алғашқы көріністері пайда болғанда жарияланған төтенше жағдай инфекцияның беталысын басқаруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда аурудың өсу қарқыны 8 пайызға түсті. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес бұл көрсеткіш шектеу шараларын жеңілдету жолдарын қарастыруды бастауға болады дегенді білдіреді.
Мемлекет Басшысы шектеу шараларының салдарын жеңілдетіп, халықтың тарықпауын қамтамасыз ету үшін кең ауқымды шешімдер қабылдап отыр.
Кеше, Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын қолдау мақсатында карантин шараларын жеңілдету бойынша мәлімдеме жасады.
28 сәуірден бастап өндірістік кәсіпорындардың, құрылыс және жол-құрылыс компанияларының, көлік компанияларының, бірқатар қызмет көрсету салаларының, екінші деңгейлі банктердің жұмысы қайта басталады. Сонымен қатар, өңірлер дайындықтарына қарай басқа да қызмет көрсетуші компаниялардың жұмыс істеуіне жол ашады. Бұл шаралар республика бойынша 530 мыңға жуық азаматтың жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік береді.
Аталған шаралар халықты табыс көзінен айырмау, әлеуметтік жағдайдың төмендеуінің және жұмыссыздықтың алдын-алуға бағытталған.
Карантин талаптарын жеңілдету шаралары алғашқы болып Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 20 сәуірден басталып енгізілді. Осының арқасында 120 мыңнан астам адам өз жұмысына қайта оралды.
Дегенмен, коронавирус қауіпі әлі сейілген жоқ. Сондықтан, қызметіне оралған барлық аталған мекемелерде санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың толық сақталуы міндеттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақтау жауапкершілігі ұйым басшылығына да, әр жұмысшыға да артылады.
Өңірлерде құрылған Жедел штабтары қызметке қайта оралған объектілерді қатаң бақылауға алады.
Сақтану шараларын орындау алдымен жұмыс берушілерге, сонымен қатар азаматтардың өздеріне де қатысты. Инфекцияның таралуын шектеу үшін төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынып, өзінің де, өзгенің де басын қатерге тікпей, үйінде отырған азаматтарымыздың қосқан үлесі зор.
Міне соның арқасында бүгін азаматтардың үй айналасына шығып жүруге және саяжайларына (дача) баруына қатысты жеңілдік жарияланып отыр. Бұл - тәртіпті сақтаған қоғамның жетістігі.
Саяжайды өңдеу, жеміс-жидек, көкөніс өсіру – «қарапайым істер экономикасының» негізі, отбасылық бизнестің бастауы. Саяжай - бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде табыс көзіне айналдыруға болатын шағын бизнес. Сондықтан, бұл санаттағы азаматтарға мүмкіндік жасау және олардан үлгі алу қажет.
Дегенмен, осының барлығы сақтық шараларын қабылдау және қатаң сақтауға тікелей байланысты. Осы бағыттар бойынша тәртіп ережелерін қабылдау міндеті өңір басшыларына жүктеледі.
1 мамырдан бастап екі бас қала – Нұр-Сұлтан мен Алматының арасындағы әуе байланысы іске қосылатыны жарияланды. Бұл өте маңызды шара. Бірақ ескеретін жай - ұшаққа отыру үшін қолыңызда C0VID-19-ға тапсырған тестіңіздің ауру анықталмағаны туралы қорытындысы (анықтама мерзімі – 14 күн) болуы міндетті. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған сақтақ шараларын (дене қызуын өлшеу, бетперде, қолғап) орындау қажет.
Бұл – карантиннен шығудың алғашқы қадамдары және міндетті шарттары.
Ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіру, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасау міндеті тұр.
Басқа ұйымдар мен мекемелердің жұмысқа кірісуі Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссияның шешімімен жүзеге асатын болады.
Осының барлығы Қазақстанның әр азаматының денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік шаралары. Себебі, мемлекеттің негізі – халық, қоғам және оның денсаулығы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі» - дейді.
Естеріңізге сала кетейін – 2000 жылды, жаңа ғасырды қарсы алып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нені армандайсыз?» - деп сұраған тілшіге «Қазақстан халқының 15 миллионға жетуін армандаймын» деген еді.
Бүгін ол арман орындалды, санымыз 19 миллионға жақындады.
Біз бірлігі мықты халқымызбен, оның санымен, сапасымен - білімімен, мәдениетімен мықтымыз. Мемлекеттің бүгіні де, болашағы да, жеңісі де, жетістігі де халқына байланысты.
Қазіргі әлемдік өркениеттің басына түскен жағдайға байланысты Біріккен ұлттар ұйымының ұсынымдарында «...бұл дағдарыстың бұрынғы болған экономикалық қиыншылықтардан табиғаты өзгеше. Әр мемлекет өзінің экономикалық дамуы мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуді негізгі міндетіне айналдыруы тиіс» делінген.
Премьер-министр А.Ұ.Маминнің басшылығымен Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия халықтың әр санатына қатысты өзекті мәселелерді жеке қарап шешім қабылдап отыр. Негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту. Аталарымыздан қалған «Балық берме, қармақ бер» деген кеңес бар.
ТМД елдерінің пандемия жағдайында қабылдап жатқан шараларының салыстырмалы сараптамасына қарағанда жалпы шешімдеріміз негізінен ұқсас. Бірақ, қазақстандық шаралар жиынтығында экономиканы стратегиялық міндеттер негізінде әрі қарай дамыту және қолдау қаралған. Біз осымен ерекшеленіп отырмыз.
Осы бағытта қабылданған құжаттың бірі Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасы.
Оның аясында 250 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз ету көзделеді. Ол үшін 1 трлн. теңге қарастырылды.
Азия елдерінде «Дүлей дауыл соққанда, қорған құрудың орнына, жел диірменін салған жөн» дейді екен. Бұл - мүмкіншілікті қолдана білу туралы айтылған ой.
Біз де осы жолмен жүргенді дұрыс көріп отырмыз.
Аталған бағдарлама арқылы 6 506 жоба іске асырылады.
Тек әлеуметтік салаға қажетті жаңа 144 нысан салу көзделіп отыр. 1678-і білім саласына қажетті мектептер, интернаттар, балабақшалар жөндеуден өтеді. Бұның бәрі болашағымызға қосылатын активтер, себебі бұл нысандар - ертең қаншама адамға тұрақты жұмыс орны болатын, халыққа қажетті қызметті ұсынатын, көптеген жылдар қоғамға қызмет ететін орындар.
Жаңа бағдарлама аясында Денсаулық сақтау саласына қажетті 264 нысан (ФАП, СДА, аурухана) салынады, немесе осынша елді мекеннің халқы сапалы медициналық көмекпен қамтылады деген сөз.
23 сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында 200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы ашты. Айта кетерлік ой – бұл тәуелсіздік тарихында алғашқы рет барлық жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып 2 апта ішінде салынған объект. Қолдану мерзімі – 50 жыл.
Сәурдің 25-не дәл осындай аурухана Алматы қаласында ашылды. Ендігісі Шымкентте іске қосылады.
Бұл – ұлт денсаулығына қатысты қауіпті азайту, халқымыздың жаны да, тәні де сау болуына жағдай жасау мүмкіндігі.
Мәдениет саласы бойынша 301 ауыл клубы мен мәдениет үйлерін, 228 спорт кешенін салу және жөндеу жоспарланып отыр.
Бұл - халықтың рухани өсуіне, денсаулығын шынықтыруына жасалған мүмкіндік.
Сонымен қатар, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 137 интернат, өрт сөндіру деполары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын, 39 тұрғын үй мен жатақхана салу көзделген.
Бұл – азаматтарымыздың баспаналы болуы, жұмыспен қамтылуы, қауіпсіз өмір сүруі және қажетті құжатын қиналмай алуына жасалған алғышарт, жақсы мүмкіндік.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында 390 сумен қамтамасыз ету, 218 газ және жылумен қамтамасыз ету, 171 электр жүйесі нысандары салынады.
Қалалар мен ірі облыс орталықтарының жылумен жабдықтау кәсіпорындарының техникалық жағдайын жақсарту, жылумен жабдықтау қызметтерінің сенімділігі мен сапасын арттыру, жылу желілеріндегі шығындарды азайту, сонымен қатар коммуналдық қызметтерді ұсынатын кәсіпорындардың тиімділігін арттыру арқылы жайлы өмір сүру мүмкіндігі.
Елді мекендердегі 489 көше, 267 астам саябақ, 130 балалар алаңын абаттандыру мен көгалдандыру қолға алынады.
Бұл – өмір сүретін жерімізді, әлеуметтік айналамызды жақсарту, өңірлерімізді дамыту, елді мекендерді жаңарту мүмкіндігі.
Осы жылдың соңына дейін республика бойынша 4 000 шақырым асфальт жол төселеді, 1,5 мың шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 35 көпір мен бөгеттер жөндеуден өтеді.
Жол – мемлекеттің қан тамырлары, одан қаншама артериялар (жіңішке тамырлар) тарайды. Оның барлығы – халықтың іскерлік қабілетін дамытып, шағын бизнестің дамуына бастау болатын мүмкіндік.
Мысалы, тек Қарағанды облысында облыстық және аудандық деңгейдегі 533 километр автожолды жөндеу қарастырылған. Нәтижесінде жолдың сапасы 84 пайызға жақсарады, 1500 адам жұмыспен қамтылады.
Қостанай облысы Жол картасын іске асыруға алғашқылардың бірі болып кірісті. Бүгінгі таңда жоспарланған 275 жобаның 129-ы бойынша конкурстар жарияланған, 58-і бойынша конкурс қорытындысы шығарылып, 6 жоба бойынша жұмыс басталды. Жоспар бойынша 13 435 жұмыс орын ашылады, соның 211-і бүгін іске қосылған.
Жол картасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында ұлы ақынның 175 жылдығына арналған «Абай Құнанбаевтың үй-жайы кешені» жобасын, Түркістан қаласы бойынша Яссауи музейінің құрылысын іске асыру қолға алынып отыр.
Бұл – ұрпаққа рухани азық болатын, туризм арқылы елімізді әлемге танытатын ұзақ мерзімді, халыққа белсенді қызмет атқаратын жобаларды іске асыру мүмкіндігі.
Сондықтан, бұл жол картасын МҮМКІНШІЛІК ЖОЛЫ деп айтуға да болады.
Жалпы мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде 1,1 млн. жуық азаматты жұмыспен қамтамасыз етеміз.
Аталған жобаларды іске асыру үшін 90 пайыздай отандық өндірушілердің әлеуетін пайдалану міндеттеліп отыр. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұның өзі ішкі бизнесті дамыту мүмкіндігі.
Негізі, пандемия әлемдік өркениеттің дамуын өзгертті. Әлем пандемияға дейінгі және кейінгі болып екі кезеңге бөлінді.
Коронавирус карантины барша мемлекеттерге сын сағатына айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмысымызды саралап, ел болып емтихан тапсырып жатырмыз. Жетістіктерімізді бағалап, кемшіліктерімізді саралап тұжырым жасаудамыз.
Біріншіден, бейбіт өмірдің батырлары – ақ халатты абзал жандар, дәрігерлерге; біздің балаларымызға білім бұлағын ашып, әр үйдің еркесімен тіл табысып, оларға отаншылдық тәрбие беріп жүрген ұстаздарға; алғы шепте жүріп, алғашқы соққыны өздеріне алатын әскери қызметтегі шекара, полиция, кеден қызметкерлеріне; халықты болып жатқан жаңалықтармен уақтылы таныстырып, қабылданған шараларды жеткізіп жүрген журналистер қоғамына деген ризашылық ниет, адами алғыс, сыйластықты артты. Баршасына рахмет.
Екіншіден, білім мен ғылымның сапасын арттыру; цифрлы қызмет көрсету бағытын жетілдіру, халықты оны қолдануға үйрету; қашықтықтан қызмет көрсету саласын кеңейту; отандық ішкі бизнес жүйесін қалыптастыру сияқты бағыттарда атқаратын жүйелі жұмысты жоспарлау және іске асыру міндеттері айқындалды.
Бұл жағдай болашағымыз үшін қажетті бағыттарды нақтылады.
Үшіншіден, өмірімізге қажетті қағидаттарды анықтады - ұқыптылық пен үнемшілдікке үйрену, қолда бардың қадірін білу, тәртіпті тәрбиенің негізіне айналдыру қажеттілігін түсіндірді.
Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы елі, халқы, мемлекеті үшін және өзі, отбасы үшін жауапты екенін тереңінен ұқты.
Елбасының үндеуімен «БІРГЕМІЗ» қоры құрылып, елдегі ауқатты азаматтардың қолдауымен 23 млдр. теңгеден астам қаржы аударылды. Қор арқылы 362 мың отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн. маска таратылды; алғы шепте жүрген 2 112 дәрігерге қаржылай көмек берілді.
Осы бағыттағы жұмысты іске асыруда, карантинге қарамастан, мыңдаған жастар еріктілер қатарында белсенді қызмет атқарып жүр.
Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері әлеуметтік жүйе арқылы мұражайларға экскурсия, жеке шығармашылық концерттерін ұйымдастырып, халықтың көңілін аулап отыр.
«Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз осы болар. Бүгін қоғам болып бас қоса атқарып жатқан осы шараларымыз болашағымызға негіз болатыны анық.
Қазақ салт-дәстүрі және оның ғылыми негіздері жинақталған «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (А.Нүсіпоқасұлы, Ә.Жапарұлы) деген кітапта АМАНАТ деген киелі ұғым терең түсіндірілген. Осы ұғым адамға артылатын жауапкершіліктің негізі екен.
Атадан қалған 7 аманат келесі – көз аманаты; құлақ аманаты; тіл аманаты; қол аманаты; аяқ аманаты; жүрек аманаты; бас аманаты.
Осы аманаттардың барлығы бүгінгі таңда әр қайсымыздың алдымызда тұр.
Көз аманаты – халық үшін жасалып жатқан жақсылықты көру білу, бағалау. «Бірін бірі батыр» дейтін халықтың ұрпағы мұны жақсы түсінеді.
Құлақ аманаты – халықты аман сақтау үшін айтылып жатқанды тыңдап, үндеп жатқанды қолдау. «Еститін мемлекеттің» негізгі қағидасы осы – бірін-бірі тыңдай білу.
Тіл аманаты – жақсы сөз сөйлеп, жабырқағанды жадырату, жақсылықты тарату. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ата тарихымыз дәлелдеген. Жалған ақпаратқа емес, ресми ақпаратқа сену.
Қол аманаты – ізгілікке сүйеуші, қиналғанға демеуші болып қол ұшын беру. Бүгінгі таңда қаншама қоғамдық қорлар мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Соларға және ізгілікті істерін жария етпей істеп жүрген абзал азаматтарға алғыс айту.
Аяқ аманаты – өз халқыңмен бірге аяқ басып, қажетті шектеуде қадамыңды қысқартып, ақ жолдан таймау. Шетелге қыдырып кетіп, қиын кезде қосымша мәселе, керексіз шығын шығартып отырған жандарға құлақ-қағыс.
Жүрек аманаты – қанын да, жанын да таза ұстау. Уайымға берілмей, денсаулығыңа, ақыл-ойыңа жауапты болу.
Бас аманаты - өз амандығыңа, отбасың мен қоршаған әлеуметтік ортаңа, ел амандығына деген жауапкершілік.
«Аманатқа қиянат қылма» деген бабаларымыздың қағидасы бүгін біз үшін өте маңызды.
Бүкіләлемдік экономиканың 2,8 пайызға құлдырауына әкеліп соққан дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда.
Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде бізге ынтымақ пен ауызбіршілік, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік қажет.
Елбасы мақаласында «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, әбіржитын еш негіз жоқ» - деді.
Иә, берекеміз ауызбіршілікте, ырысымыз ынтымағымызда!
Біз қашанда біргеміз!
Ералы Тоғжанов,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары