ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ
2020 ж. 27 сәуір
3106
0
Адамзат эволюциясының мыңдаған жылдарға созылған тарихындағы соғыстар мен шағын қақтығыстардан бүгінгі таңда туындап шығатын нақты нәтиже - өзара келісімділік пен үйлесімділік философиясына келіп тіреледі. Оның негізгі идеялары; соғыстар мен қақтығыстар оған қатысушы тараптардың ешкайсысына да таза абсолютті игілі алып келмейтіндігімен, адамзаттың өзара түсіністікпен бейбіт қатар өмір сүруінің заманы келіп жеткендігімен, адамзат тек жер жағдайындағы жаңа қатерлермен бірігіп қана күрескенде қол жеткізе алатындыгымен, адам саналы болып жаратылғандықтан өзара үйлесімді тіршілік етуге тағайындалғандығымен т.б. келіп шартталады. Отандық ғалымдарымыз осы ахуалдарды жалпы бір ұғымға сыйғызып, оны «өзара түсіністік философиясы» деп атап, әдіснамалық-теориялық және тәжірибелік бағдарларын ұсынған болатын [1].
Тарихтағы кикілжіңдер мен соғыстардың шығу себептерінің көбі, этнос аралық және дін аралық тартыстардан туындап жатты, ол қаншама бейбіт тұрғындарға қаншама зардаптар алып келгендігін есептеудің өзі ұлы трагедия.
Осындай салдарды терең түйсіну нәтижелерінің бірі - еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі, Елбасы Н. Назарбаев ұсынған этносаралық және ұлтаралық келісімділік саясаты. Бұл беталыс бүгінгі таңда Қазақстандық тәжірибе ретінде әлемге танылып келе жатқандығы баршаға аян. Осы идеяның бүгінгі таңда іске асқан тәжірибелік көріністердің бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының
құрылуы еді. Ол өз кезегінде, саяси, әлеуметтанулық, психологиялық, философиялық, мәдениеттанулық тұрғыдан зерттеулерді қажет ететін күрделі қоғамдағы құрылым. Осыған байланысты, біз, оның саяси-әлеуметтік астарлары мен тәжірибелік маңызын туындата отырып, қысқаша тоқталып өтпекпіз.
- Ол тарихи тәжірибемізде бұрыннан іске келе жатқан көп ұлтты келісімнің ресмиленген жобасы болып табылады. Сондықтан, арнайы құжаттар арқылы бекітілген бұл ассамблея елесі кезекте, жүйелі жұмыс жасауға қарай бет бұрады. Егер, ол ресми емес болса, жұмыс жүйесіз болар еді. Яғни, оның ресмиленуі ұлттар достығының жүйелі түрде жұмыс жасауға болашаққа бағдарламалар құруы, сөйтіп, үлгілерінің әлемге танылуы т.б. ерекшеліктермен айғақталады.
- Ол тек ұлт аралық қана емес, дінаралық келісімнің, ұлттық, діни төзімділіктің, гендерлік теңдіктің т.б. қызметтерін қоса атқара алады. Себебі, әр түрлі ұлт өкілдерінің діни сенімдері де көп жағдайда, әр түрлі болып келеді. Діни немесе ұлттық, діни төзімділік тұжырымдамасын тәжірибелік қыры осы Ассамблеямен шешім таба алады.
- Қазақстандық көп ұлтты нұсқа, бір қырынан, жергілікті қазақ халқының әлі де болса, сақталып келе жатқан рушылдығы мен жүзге бөлінушілігінің психоәлеуметтік тежегіштерінің бірідеп айта аламыз. Көп ұлттылық алдында жергілікті халық қазақтар өзара біріге түседі, ауызбіршілік орнайды. Егер де модель жасасақ: еліміз көп ұлтты болмай, 90-95 пайыз қазақтар тұратын болса, онда «ру аралық Ассамблея» құру қажеттігі туындауы да ықтимал. Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ еліңде, шындығында, бұрын төре, қожалар апартеиді орнап келе жатқандай болатындай беталыстар байқалғандығы жасырын емес немесе мигрантофобияға [2,17-121б.] аналогиялық түрде бүгін де аздап көрінісі табатын «оралман фобиясы» деп атауға болатындай климат күшейіп те кетер еді.
- Ассамблеяда өзге ұлттардың елімізге деген отансүйгіштік сезімін оятудың бастамалары жатыр. Олар өздерінің жат елде өмір сүріп отырған жатсынушылықтан белгілі бір деңгейде арылып, Қазақстанды өзінің өмір сүріп тұрған елі, Отаны ретінде бағалауына алғышарттар ашатын да осы Ассамблеясы болып табылады.
- Бұл Ассамблея өздігінен басқа ұлттардың, тіпті әлемдік деңгейдегі болмасын мәдениет аралық сұхбаттастығының таза тәжірибелік көрінісі деп есептеуге болады. Мысалы, Германияға бармай-ақ та, отанымыздағы немістер арқылы олардың болмысың, мінез-құлқын, өнері мен әдебиетін зерделеп, тәжірибе алмасуға мол мумкіндіктер ашылады деген сөз. Яғни, Ассамблеядағы ұлттар түрі көп болған сайын, мәдени сұхбаттастық арнасы мен түрі де кеңейе түсетін болып шығады.
- Ол - ұлттар достығы арқылы жүзеге асатын жалпы қазақстандық гуманизмнің, моральдің адамгершіліктің өзіндіқ бір үлгісін жасауға да алғышарт болып табылады. Тағдыр тілкегімен келген өзге ұлт өкілдері отанымызда қалып қойғандығы үшін кіналі емес және оны басқа да барлық отанымыздағы ұлттар терең түсінеді дегенді білдіреді. Ендеше, осындай гуманистік тұғырды, біз, келесі кезекте, тұтастай «Қазақстандық гуманистік үлгіге» айналдыруымызға да мүмкіндіктер бар дей аламыз. Бұл да қазіргі моралдық құлдыраушылық жағдайында әлемге нұсқа боларықтай жарұын перспектива аша алады. Яғни, мүлде басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық қатынастың басталуы – жалпы басқа да адамгершілік нормаларға жол аша түспек.
- Басқа ұлттарға ұлттар, олардың діни сезімдеріне деген төзімділік көзқарас, елімізде әлемге «Сенімді бейбітшіл ел» ретінде танылып келеді. Ол жай ғана құр халықаралык бедел емес, өзге елдер тарапынан отанымызға шет елдік инвестиция тарту, турістік сапарға келушілерге деген есіктің ашык болуы, мәдени сұхбаттастық орнатуға деген сенімдік т.б. алып келетін алғышарт болып табылады.
- Оны Біріккен Ұлттар Ұымының жекелеген, шағын үлгісіне ұқсатсақ, онда, БҰҰ-ның жарғысындағы негізгі мәселелер осы Ассамблеяда сол жеке еліміздегі ұлттарға қатысты тұрғыдада, сәйкесінше, Ассамблея міндеттері мен қызметтерінің жобасың, атқарылып жатқан іс шараларды аналогиялық түрде бір біріне көшіріп, өзара тәжірибе алмасып, жаңарту міндеттері орын алады да, біздің Ассамблеямыз «Дүниежүзі халықтарының Ассамблеясының ядросына» айналуға бет түзейді деген сөз.
9.Бізде өзге ұлт өкілдерінің бірігіп өмір сүруінің бірнеше жылдық тарихы бар, олар этностық бейшмделудің бастапқы сатысын әлдеқашаннан-ақ бастап кеткендіктен, жоғарғы сатыларына қарай өрлеп келеді. Осыған байланысты, этносаралық ахуалдың қалыпты индикаторларының талаптары да[3,143-144б.] барынша жоғарыға қарай өркендеу үстінде. Олай болса, біз бейімделудің жаңа бағдарлары мен индикаторлардың дамыған шарттарын тәжірибеден өткізіп, әлемге ұсынуға қарай бет түзеп келеміз.
- Ассамблея еліміздегі ұлт аралық т үсіністік қана емес, соның перифериясындағы басқа да мәселелерді шешуге ықпалдасатындай болуы тиіс. Ол әрине, таза саяси мәселелермен шұғылданбаса да, сессияларында өзекті мәселелерді талқылап, өзіндік ұстанымдары мен пікірлерін ұсынуы шарт. Сонда, біз барлық ұлттардың біріккен мүдделерінің қоғамдағы өзекті ахуалдар туралы пікірлерінен хабардар бола аламыз.
Қорыта айтқанда келгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатыр, оның саяси-әлеуметтік маңызы өте жоғары.
Қодар З.М.,
АТУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы»
кафедрасының меңгерушісі,
философ. ғ. д.
Әдебиеттер:
- Нысанбаев А. Философия взаимопонимания. – Алматы, Қазақ энциклопедиясы, 2001. -544 с.
- Нос Н.М. Мигрантофобия как социальное явление в структуре межэтнических отношений. Дисс. на соискание степени кандидата соц. наук. – Краснодар, 2007. -125 с.
- Этносаяси сөздік: Қазақстанның қоғамдық келісім және этносаралық толеранттылық саясаты және пратикасы терминдері мен ұғымдары. – Астана:ШаТДРҮӘҚ, 2014. – 400 б.