Әйелдер әжетханасын аңдитын Марченко ең жарамсыз шенеунік атанды

Кезінде өзі атсалысқан зейнетақы реформасы тығырыққа тіреліп, нарық заманы талабына жауап бере алмағасын « Ит ашуын тырнадан алады» дегендей әйел байғұстардың зейнетке шығу жасын 63-ке дейін өсіруді тықпалап жүрген Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко ол мақсаты үшін тіпті, Ұлттық банктің әйелдер әжетханасының ерлердікінен екі есе үлкендігін да сөз еткен-ді... Ондағы ойы, бас банктің баршылықтан шайқатылып жүретін бай қатындары зейнетке шығу жасын ұзартуды  қалайды екен. Мүмкін, қасын күзеп отырып-ақ, қаржыны күреп алатын ханымдарыңыз мүлде шыққысы келмейтін шығар зейнетке... Бұл туралы «Қазақ үні» газеті кезінде толық жазған болатын. "МАРЧЕНКОНЫҢ ӘЙЕЛДЕР ӘЖЕТХАНАСЫНАН БАСҚА ӘҢГІМЕСІ ҚАЛМАҒАН БА? ҰЛТТЫҚ БАНК ОЛ ИІСТЕН ҚАШАН АРЫЛАДЫ?"    http://www.qazaquni.kz/12385. Енді міне, ол сабазың еліміздегі ең жарамсыз шенеунік атанды. «Рейтинг.kz» сараптау агенттігінің зерттеуі бойынша,  2012 жылдың қорытындысы бойынша ол жұмысы тиімсіз 20 шенеуніктің ішіндегі анық аутсайдері болып шықты. Сауалнама қорытындысына қарасаңыз,  жауап бергендердің бәрі бас банкирдің ит терісін басына қаптаған болып шығады. Иә, Қазақстанда өзінен басқа Ұлттық банкті ұстайтын ұл жоқтай тайраңдап кеткен Марченконың мәселесі де шешілетін кез жақын шығар... Жұмысы тиімсіз шенеуніктер қатарында сонымен бірге Алматы қаласы әкімі А.Есімов, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков, Ауылшаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Құрылыс және тұрғын үй агенттігі төрағасы С.Нокин, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Есеп комитеті төрағасы А.Мусин, Сенат төрағасы Қ.Мәми, Ақтөбе облысы әкімі А.Мұқанбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі С.Біләлов және т.б. бар. Ал «Рейтинг.kz» сараптау агенттігінің  зерттеуінше  2012 жылдың қорытындысы бойынша жұмысы тиімді болып саналып, жоғары рейтингке ие болған  12 шенеуніктіңқатарында  Премьер-министр С.Ахметов, иПрезидент әкімшілігі басшысы К.Мәсімов, вице-премьер Қ. Көшербаев, Астана қаласы әкімі И.Тасмағамбетов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б. Сапарбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Ә.Бәйменов, Спорт агенттігі төрағасы Т.Ермегияев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы Ө.Шүкеев, Мәжіліс төрағасы Н.Нығметуллин және т.б. бар.

Қ.Жарылқасынұлы