НАҒЫЗ ТЕКТІЛІК ТЕК ҚАНМЕН, ТІЛМЕН ҒАНА КЕЛЕДІ - Қажымұқан Ғабдолла

НАҒЫЗ ТЕКТІЛІК ТЕК ҚАНМЕН, ТІЛМЕН ҒАНА КЕЛЕДІ, – біліммен де, біліктілікпен де емес... Жәкішевке бостандық сұраған қаракөздер арасынан  ӘБІЛОВ пен СМАҒҰЛОВты, БАТАЛОВ пен БАЙТАСОВты бірде-бір рет көргенім жоқ! ...Ішім удай ашыды... Қаншама жыл қабырғалы қазақ қауымы, қазақтілді зиялылар, қазақтілді БАҚ, қазақтілді жорналшылар, жалпы, кезкелген намысты қазақ қызғыштай қорғаштап, биліктен бостандығын сұраған Мұхтар Жәкішев – түрме табалдырығында жиналған көпшілікке бір-екі мәрте жымиды да, джип көлігіне мініп, тайып тұрды... «Мұқаң сонша қайда асықты екен?» десек, ол бірден қаншама жылдар қазақ қазына-қазанының қасында, шөмішінің маңайында жүрген, өңшең бай-бағландармен бірге қымбат мейрамханаға барыпты... Әрине, әркім досты – өзі таңдайды, мен Мұқаңа дос таңдап бергелі отырғам жоқ, тек, қапастан құтыла салып, қарапайым қазаққа қарамай, ұяластарына тайып тұрғанына – қарап отырып, айдаладағы менің намысым қозды: күні кеше, қанашама жылдар бойы қазақ белсенділері – қазақтың қарапайым қаракөз жігіттері мен қыздары – қақаған қыста осы Мұхтар Жәкішевке бостандық сұрап, билікпен теккетіресіп, тіпті, жаға жыртысқан жоқ па?!. Сол ақ қар, көк мұзда Жәкішевке бостандық сұраған менің қарапайым қаракөз бауырларымның арасынан мен Болат ӘБІЛОВ пен Нұрлан СМАҒҰЛОВты, Райымбек БАТАЛОВ пен Арманжан БАЙТАСОВты бірде-бір рет көргенім жоқ! Бірақ, Мұқтар өзін Болат Әбілов пен Нұрлан Смағұлов, Райымбек Баталов пен Арманжан Байтасов түрмеден шығарып алды деп ойлайтын сияқты... Фейсбук парақшасынан Ораз Момыновтың жандауысындай ашынған «Жәкішевтің жанында Ана тілді бір адам болғанда, халықтың батасын алып кетер еді…» деген ащы сөздерін оқып, көңілім су сепкендей басылды: «Қайран, Халқым-ай! Қадірлі қазағым-ай! Сен Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз қаражатыңмен келіп, (Ішіңде Атыраулық қайсар, «Арыстан жүрек» батырларың да бар), таңның атуымен таласып, Семейдің ызғарлы суығына тоңып, іштеріңдегі әйелдер егіліп жылап жүріп, М.Жәкішевті абақтының аузынан күтіп алдың! Саған қосылып, смартфонның бер жағында отырып, біз де жыладық. Ал, Ол ше?!. Ол – қымбат көлікпен абақтыдан шықты. Сенің алдыңда 5 минут, (бәлкім, 10 минут), рахметін айтып, (Құдай біледі, жеке ұшақпен Алматыға ұшып барып), өзі сияқты серкелермен қуанышта қауышты. (Қызғаныштан, сарказмнан Құдай сақта, көргенімді жазып отырмын). Егерде М.Жәкішевтің қасында жөн-жоралғыны білетін, Халқын сәл де болса сыйлайтын, Қазақтың дархан пейілін бойына сіңірген, Ана тілінде сөйлей алатын еш болмағанда бір адам болғанда – Сені мен Мұқтардың кездесуін ұйымдастырып, Саған шәй беріп (ол үшін тек мінез керек), Сенің адал батаңды алып кетер еді-ау?!. Әттең! Тұлғалар мен қарапайым Халық! Параллель сызықтар сияқты ешуақытта қиылыспайсың, әр қайсыңның – өз орбитаң бар! Сен бәріне де төзесің! Сен қой сияқты үндемей, құрбан боласың! Көтеруші де, құлатушы да – Сенсің! Ал жемісін Тұлғалар жейді! Қайтейін!..» Ораздың осы жазбасының соңын ала «ақылмандар» бөрінің артындай шулап, Мұхтарда жақтап шыға келді... Білімі мен білігін, табысы мен танысын тағы айтты... Бұл – біз білмейтін нәрсе емес еді... Мұқаңның масқара әдепсіздігіне жаутілді («Орыстілді» деп түсініңіз. Қ.Ғ.) белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың өзі ыңғайсызданып: «Түзеу мекемесінде 10 жылдан көп жазасын өтеген Мұхтар Жәкішевті босатуға биліктің ешқандай ықпалы болмаған. Ол «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы бірнеше жылдан бері белсенді азаматтардың үздіксіз талап етуінің арқасында босатылды. Бұл үнемі талап ете білген белсенді қоғамның жеңісі деп білемін. Енді дәл осы тәртіппен Арон Атабекті де, Макс Боқаевты да босату керек» – деп, әңгіменің ашығын айтты... Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, Қазақ үні