Алмас Ахметбекұлы: ШЫҒЫСТАН ШЫРҒА ТАРТСА, БАТЫСТЫ БОС ҚАЛДЫРМА!
2020 ж. 21 сәуір
1602
0
Қытайлық сайттағы Ел талқысы туралы мақала мен Қазастандық сайттағы жер талқысы жайлы жоба ҚАЛАЙША ҚАТАР ШЫҚТЫ?
Апта басында "тұңғыш рет" наразлық нотасын ұстатып тұрып, "Бұларың қалай?" деп Қытайдың көзіне тік қарадық. Себебі: бір жұма бұрын "Қазақстан Қытайға қашан қосылады? Ондағы қытай текті жүздеген мың кісі жерімен бірге қытайға қосылғысы келеді..." деген мақала қытайлық сайтта жариялаған.
Одан да сорақы сөз дәл сол мезгілде елімізде шығып еді. "Евро-Азиялық Одақ кәсіпкерлерінің үлесі бар компанияларымызға ҚАЗАҚ ЖЕРІН қайтарымсыз беруді" 21 сәуірге дейін бүкіл халық талқылап, өткізіп жібермек екенбіз.
Егер қазақ топырағы одақтағы 5 елге ортақ болса шекарамыз мән-маңызын жоғалта бастар еді. Терістіктегі текеметтің түріндей түзімізді турап тұрып таратар ма едік, кім білсін?!
"Ақ жол" партиясы Парламентте қарсылық білдірді, жобаның астарын аңғарған азаматтар атойлап шықты. ЖЕР БӨЛГІШ ЖОБА ПОРТАЛДАН АЛЫНДЫ.
Сөйтіп, екі аптаның айналасында екі зиянкес жоба жойылды. Біріншісі Нұр-Сұлтанда, екіншісі Бейжіңде.
Бізді тіксіндіргені осы екі жобаның бір уақытта екі жақтан шыққаны.
Әңгіме мынада: Егер екі жақтан да айқай шықса, "БАТЫСТЫ бос тастап, ШЫҒЫСҚА қарай аттанатынымыз" анық. Оған шүбә жоқ.
Салыстырмалы түрде байқағаным Шығыс шегарамыз шымыр мықты да, батыс жағымыз болбыр-бос.
"Кеден Одағы" келісетін одақ емес еді. Біз оны халық болып талқылайтын тұста Қытай қаупі туралы дақпырт дүркіреп тарады. БАҚ-тың және жұрттың назары шығыстан келетін қауіпте, батысқа бейім психологиялық түйсікте болды. Еуразиялық Экономикалық одаққа кірер тұста да сөйтті: "Егер, Қазагро саласына батыс қызықпаса, қытайлар миллиондаған гектар жерді игеруге дайын отыр" деген сөз "билік басынан айтылды" деп жазды.
Жұрт жабыла шығыстан келетін қауіпті ойлап, "қорғанған" тұста, Елдің бөксесі батыс жақтағы ОДАҚҚА батып кетті. Бұл өзі шығыстан шаң беріп, батыстан басып қалу сияқты ірі ойын болып көрінді. Ойға алып отырғанымыз 2011-2015 жылдың үлесіндегі сөз.
Ал, Қытай қаупіне байланысты үгіт-насихат ЖЕР ТУРАЛЫ ЗАҢҒА келгенде аса ауқымды жеңіс әкелді. Ары қарай қытай қарызын қармана қабылдауға қарсылық күшейді.
ӘҢГІМЕ өткен екі аптада жойылған екі жоба жайлы ғой. На ғып бұл жолы да екі жақтан бірдей соқты?!
АВТОРЛАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ҚАНДАЙ ҚАТЫНАС БАР?
Сценарий бойынша бұл жолы да жұрт назары қытайдың уытты мақаласына ауып, "ЕО Елдері кәсіпкерлерінің үлесі бар компанияларға жер беру туралы" заң ың-шыңсыз өтіп кетер ме еді, кім білсін?!
"Ақжол" партиясның төрағасы Азат Перуашев бастап, Ермұрат Бапи, Мұқтар Тайжан, Марғұлан Боранбай, Жанболат Мамай қатарлы жігіттер қостап, әбжіл қимылдады.
Сөйтіп, бұл жолы Қытай тілінде шыққан ақпараттың суы тасымай тұрып, жоба жойылып үлгерді. Аты аталған азаматтарға және үн көтерген қырағы қауымға шексіз риза болдық.
Бұл жолы дейміз ғой тағы, екі жақтан жіберген екі жоба біздің ақпарат аймағымызды бір мезетте соға алған жоқ. Жеке-жеке келіп тиді. Оған біршама кәсібиленген екі бөлек ТОП сыбанып шықты. Жұрт пікірін жұмылдыра алды.
Орайы келіп тұрған соң айта кетейік: Қытайдың ҚЫРСЫҚТЫ қылығына қарсы өре түрегелген жігіттерге - ол туралы бейне үндеу жасаған, мақаланы аударып жұртқа жеткізген, мемлекеттік сыртқы саясат мекемесінен наразлық жасауды талап еткен жігіттердің қай-қайсысына да алғыс айтамын.
Соның ішінде тарихшы, астаналық жоғары оқу орнының профессоры Тұрсынхан Зәкеннің үндеу мақаласын айырықша атауға болады.
Профессор СІМ-ге қойған талап хатында бұлтартпас дәйектер келтіре отырып, тәуелсіз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың өзекті мәселелеріне биік деңгейде талдау жасаған. Тәуелсіздік алғаннан бергі тариққа - оның халқаралық қатынастағы маңызына мән бермегенімізді де мықтап мінеп өткен. Сөйтіп НОТА ТАПСЫРУҒА бұлтартпас негіз боларлық ғылыми баяндама дайындаған және оны Үкіметімізден батыл талап еткен.
Профессор -Тұрсынханның бұдан бұрын да (2019 ж.) Шыңжаңның Ақсу аймағындағы экскурсовод қытай қызының Еліміз туралы сорақы сөздеріне қазақ тарихшысы ретінде бірден жауап қайырғанын білетінбіз. Ұлт намысы дегенде тыз етпе мінез - керек қару. ҰЛТҚА ПРОФЕССОР СОЛ ҮШІН КЕРЕК.
Қазақстанға сұғын қадаған жау ниетті құбылыстың үлкені, кішісі; жақыны, алысы болмайды. Сондай-ақ, іштегісі, сырттағысы да бірдей қауіп әкеледі. Қарсыласты таңдап алмайсың. "Жау санасып соғыспайды".
Кез келген қазақ тәуелсіз топырағының сақшысы, кез келген қазақ ұлт намысының қорғаушысы. Аңғалдыққа орын жоқ - ШЫҒЫСТАН ШЫРҒА ТАРТСА, БАТЫСТЫ БОС ҚАЛДЫРМА!
Р.С.
НАРАЗЛЫҚ НОТАСЫНА ҚЫТАЙ БАҚ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ
(Мақаламызға қосымша)
Қытайға тапсырылған нота сөз жоқ, аса ауқымды резонанс туғызды. Әлемдік БАҚ-та да, Қытайдың ішкі порталдарында да талқыға түсті. Соның бірі "Ту тяу" сайытында Алдыңғы күні жарияланыпты.
Мақала былай басталған: "Бұл күндері БАҚ қа назары ауатын қытай жұрты Қазақ халқының рухты, намысшыл ел екенін көрді. Оған себеп: Қазақстан СІМ- і Қытай елшісін арнайы шақырып алып, наразлық нотасын тапсырып, түсінік жасауды талап етті. Бұндай қадамға ШЫЛҒИ ӨТІРІККЕ құрылған бір мақаланың қытайлық сайтқа салынуы себеп болды.
Бұл қазақтың намысына тиді.
Халқаралық қатынаста бұндай жағдай сирек кездеседі.
Қайдағы бір бейресми мақалаға жасаған ревкциясымен Қазақстан қаттырақ кеткен жоқ па?
Біз Қазақ елінің жағрапиялық орнына қарасақ екі ірі елдің ортасына орналасқанын көреміз. Бұл олардың ұлттық намысын бірден түсінуге мұрсат береді" дейді.
Бұл - мәтіннің сөзбе-сөз аудармасы. Ендігісін мазмұндап қана өтеміз. Себебі, мақала ары қарай ұзын-сонар дәлелдеуге көшкен.
"Қытай дипломаттары эмоцияға бой ұрады" деп жүр ғой. Бұл мақаланың да түп төркінінен эмоция байқалады.
"Қазақстанның тіл үшін күресі" деп аталған көлемді мақала негізгі әңгімені "Егер бұл бір ұлттың қадір-қасиетіне, намысына тию туралы айтылса, онда әңгіме Қытай туралы емес, олардың терістіктегі көршісі - кешегі КСРО бүгінгі РЕСЕЙ туралы болуы керек" деп бастайды.
Сонан соң ХІХ ғасырдағы Ресейдің отарлауынан бастап, ХХ ғасырда қолдан жасалып, Қазақтың жартысын жойған геноцид аштық, милионға жуық бай-бағлан мен ұлт зиялысын атқан қызыл терор туралы уақыт пен сан көркеткіштерін дияграммалар мен құжат көшірмелерін көрсете отырып, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне дейін көзеп тұрып жазады.
Мақаланың тақырыбы айтқандай қазақтың ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІНЕ отаршылдар жасаған шексіз шовенистік қиянатқа кезең-кезеңімен тоқталып: "қазақтар бұл зардапты 30 жыл бойы жоя алмай келеді" деп түйеді.
Қазақстанда Мемлекет құрушы ұлттың мәртебесін айқындау, шетелдегі қазақтарды оралту, жер-су, қала, көше атауларын ұлттандыру, латыншаға көшу қатарлы деколонизация бағытындағы қызметтің орнықты жүріп жатқанын баяндайды.
Қарулануы әлемде 2- орында тұрған Ресеймен қарым-қатынаста қарулануы 55- орында тұрған Қазақстан әр қадамын аңдып басып, отарсыздану бағытында баяу жылжып келе жатқанын да тәптештеп түсіндіреді.
Әрине осының бәрін 100 милиондаған оқырманы бар "Tu tiao” алдымен өз алаңына, Сонан соң сыртқы оқырманына бағыттап отыр.
Мақаланың соңында мынадай қортынды жасайды:
"Қазақстанмен көрші үлкен мемлекет сипатындағы Қытай "арланмын" деп, оларға азуын көрсетіп, жараның аузына тұз сепсе, онда қазақ жұртының қарсылығына тап болады. Ол бәрімізге жәйсіз тиеді.
Бұл жерде Қытай үлкен ел ретінде Қазақ мемлекетін құрметтеуі керек. Біздің оларды құрметтегеніміз ол- өзімізді силағанымыз болмақ" деп түйіндейді мақала авторы.
Бұл - КСРО заманын айтпағанда бүгінгі Ресей жайлы ашық сөйлеген алғашқы мақаласы болар.
Бізге керегі "қазақтың намысы" жайлы айтқаны, "кешірім сұраған сыңайы". Соны әр қытайдың білгені.
Ескерту:
"Тұңғыш реткі қарсылық нотасы" деген тіркес қаншалықты орынды? Егер тарихымызды ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНАН бастайтын болсақ, Чин империясы кезінде Абылайхан мен Чиан Лұң арасында бір-біріне жолдаған біраз наразлық нотасын тарихшы Бақыт Еженхенның еңбектерінен көргенбіз.
Барлаушы - Қожаберген батырдың тұтқындалуына байланысты және Қазақ малшыларына Чин әскерінің шабувлына байланысты Абылайханның наразлық хаты болғанын; оған император Чиан Лоңның жауабын; Ал, Амур-Сананы тапсыру туралы және Қара Барақтың (Көкжал Барақ) Қалқа моңғолды шабуына байланысты Чиан Лоңның Абылайханға жолдаған наразлық хаттарын; оған Абылайдың жауабын; соның бәрінің көшірмесін көзіміз шалып еді. Бізше бұл сол ноталардың жалғасы.
Қытайға нота тапсырудың тарихы да үш ғасырға тартады.
Алмас Ахметбекұлы,
Ақын, мәдениет қайраткері