Шағангүл Жанаева: Адамгершілік пен Ар - өмір сүрудің басты қағидасы

Семейдің М.О.Әуезов атындағы педколледжі - негізгі және жалпы орта білімнен кейінгі кәсіптік білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны. Колледжде әлеуметтік жағдайы әралуан білімалушылар: аз қамтылған отбасының, толық емес отбасының балалары және жетім балалар оқиды. Бұл студенттерімізге мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтан тыс, қолымыздан келгенше ұжым болып өзіміз де қолдау жасап келеміз. Әр жылы бір күндік еңбек ақымызды(өзара кесімімізбен) таңдалған студенттің жеке есепшотына жинап( баламыз оқуын бітіргенше немесе бітіріп кетсе де),баспана алып беруді қолға алғанбыз. Оқу орнының түлектері, жетім балалар Кузбасова Әйгерім мен Қостаева Назеркеге баспана әпердік. Қазір екеуі де тұрмыс құрды,кішкентайлары бар, жұптары жарасқан жас отбасылары. Былтырғы жылдан бері оқу орнының түлегі,"Үздік әуезовші", М.Әуезов төсбелгісінің иегері, болашағынан зор үміт күтетін жас ақын, бүгінде Шәкәрім университетінің студенті Қуаныш Еркінұлына баспана алып беруге қам жасап жатырмыз. Менің әріптестерім бай адамдар емес, қарапайым оқытушылар, ең бастысы - жүректері дархан! Елімізде төтенше жағдай жарияланып, көңілімізде алаңдаушылық болғанымен де, өмір жалғасып жатыр... Біздің ұжым да шеттетілген еңбек режимінде жұмыс жасап жатыр. Өзара келісімімізді орындап, мамыр айында бір күндік жалақымызды Қуаныштың есепшотына аудармақпыз. Қандай заманда да адамгершілік пен Ар - өмір сүрудің басты қағидасы. Мемлекетке қол жайып отыра бермеу керек. Мүмкіндігің келгенше, жағдайың жеткенше - қимылда! Құрып кеткенде, маңайыңды жылылықпен нұрландыршы. Шағангүл Жанаева, Фейсбук парақшасынан