“Жас қазақ үні" – бар “ҚАЗАҚ ҮНІ” газетіне айналды!

 

Алашқа сауын айтар жақсы жаңалығымыз бар!  Үлт мүддесін қорғауда алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті ұлт зиялылары мен қалың оқырман талап еткендей бар қазақ үніне айналып, «Қазақ үні» газеті болды.

Алғашқы санымызда Алаштың игі жақсылары ақ тілегін айтып, құттықтаған еді. Олардың қатарында Салық Зиманов, Қасым Қайсенов, Қадыр, Тұманбай т.б біртуар тұлғалар болған еді. Солардың, қалың оқырманның үміті ақталып, енді кешегі «Жас қазақ үні», бүгінгі «Қазақ үні» газеті бар қазақтың жырын жырлап, мүңын мұңдады. Газет ешуақытта ұлт мүддесіне келгенде бұғып қалған жоқ. Басын бәйгеге тігіп, ханның да, қараның да көңіліне қарамай, халықтың сөзін сөйлеп келе жатыр. Сондықтан да, небір олигархтар мен қалталы топтардың, белгілі партиялар мен үлкен ұйымдардың басылымдары кешегі қиын-қыстауда жабылып жатса да, тек өз еңбектері мен ұлттық намыстарына сенген,  санаулы ғана жас журналистерден құралған, жаяу жүріп аттыдан озған «Жас қазақ үні» газетіміз жаралы болып жатқан күндерде де,  майдан даласын тастап кеткен жоқ. “Қазақ үні” газеті алғаш «Жас  қазақ үні» деген атпен  2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрді. Басында газет «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып, ЖШС аты «Жас қазақ» тәуелсіз газеті редакциясы» деген атпен тіркелген еді.  Бірақ газетті бұл атпен сол кездегі Ақпарат министрі тіркеуден бас тартқан соң, үш айлық айтыс-тартыстан соң, газет «Жас қазақ үні» болып тіркелді.  «Жас қазақ үні» бірақ ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болып келді. «Жас қазақ үні»   газеті республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және  көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен   ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу. Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау. Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, оның стенограммасын жариялап жіберген газеттің сең қозғаған сенсациялық  мақаласы елімізді дүр сілкіндіріп, зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда»  біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар»  десе, «Қазақ әдебиеті»  газеті: «Жас қазақ  үні»  бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. 2009 жылы қазақ туралы бір ауыз сөзі жоқ «Ел бірлігі» доктринасы шыққанда «ел бірлігін бұзатын» ертісбаевтардың «ертегісіне»  қарсылық танытып,  аштық жариялаған Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттарының басында «Жас қазақ үні» газеті ұжымының жартысынын астам, басшысынан  бастап, 4 журналисі болды. Ал 2011 жылғы бүкіл елді дүр сілкіндірген мемлекеттік тіл Атазаңға сай болуы үшін Консититуциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау жайлы әйгілі  «138-дің хаты» кезінде газетіміз авангард рөлін атқарып, 20 мыңға жуық қол жинауды ұйымдастырып, жариялады... Бүгінде ұлт мәселесі талқыға түскенде «осы газет не дейді» деп үміт ететін санаулы ғана басылымдардың басында кешегі «Жас қазақ үні»,  бүгінгі «Қазақ үні» газеті тұрғанын ел жақсы біледі. Бір басылымға берген сұқбатымда айтып едім,  үнемі руханиятқа демеу болып жүретін Иманғали Тасмағамбетов бас редакторларды жинаған кезде «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов «ҚазМұнайГаз» секілді қаржы алпауытында  істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан Шархан Қазығұлға «Тарихта ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің кенет маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Жас қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім. Әрине, «Жас қазақ үні» газетінің бар қазақ үні болып келе жатқанында Ислам Әбішев бастаған атпал азаматтардың да, ұлтым деген қайраткерлер мен саясаткерлердің де, апта сайын алаңдап күтіп отыратын жалпы оқырман қауымның да еңбегі зор… Қазір  «Қазақ үні» – атына сай бар қазақ үніне айналды. Сондықтан да жақсы оқылатын сайттар қатарындағы электрондық порталымыз о бастан www.qazaquni.kz деп аталады. Кезінде Көптеген ұлт қайраткерлерінің ұсыныстары бойынша  газетіміздің аты да болашақта «Қазақ үні» деп аталуы мүмкін…” деген едік сол кезде. Енді міне, оқырмандарға айтар қуанышты жаңалығымыз – газетіміз “Қазақ үні” деп аталып отыр. Аламанға аттанған  «Жас қазақтарыңыз» енді бар қазақ үні болып, ақпарат алаңына шықты!  «Қазақ үні» газетін қарсы алыңыздар, қадірменді оқырман қауым, қалың қазақ, Алты Алаш елі!

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» газеті Бас директоры –

Редакторлар кеңесі төрағасы