Дулат Исабеков: БІЗ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН ҚОРЛАП ОТЫРҒАН ӘЛЕМДЕГІ ЖАЛҒЫЗ МЕМЛЕКЕТПІЗ...

Ендігі бар үміт – Қазақ тілін қолдап отырған Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта

«Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған Мемлекеттік Тіл туралы арнайы заң қабылдауды талап еткен Ашық хатты қолдаушылардың қатары сағат санап артып келеді. Қазақ тілін қолдап, аптаға жетпей, 80 мыңнан астам адам қол қойды! Қазақ тілін қарқынды қолдау одан әрі жалғасып, республика бойынша жаппай қолдауға ұласады деп сенеміз! Осы мәселеге орай, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлттық мүдде жолындағы күрестің үнемі алдыңғы шебінен көрінетін ұлт қайраткері Дулат Исабеков ағамызға хабарласып, пікірін білген едік. Дулат Исабеков:

БІЗ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН ҚОРЛАП ОТЫРҒАН ӘЛЕМДЕГІ ЖАЛҒЫЗ МЕМЛЕКЕТПІЗ...

Қазақ тілінің мәселесін осы күнге дейін айтудай-ақ айттық, жазудай-ақ жаздық. Өкінішке орай, отыз жылда одан шыққан ешбір нәтиже жоқ. Керісінше, еліміздегі қазақ тілінің дерті әлемді шарпыған коронавирустан ары асқынып тұр. Қазір карантиннің кезінде көбіміз елдегі жайды білу үшін теледидарға телміріп отырмыз. Онсыз да індетке байланысты ақпараттардан жанымыз түршігіп отырғанда, телевизия саласындағы тілшілердің тілбұзарлығы тіпті жағамызды ұстатып отыр. Шыққыр көзіміз, залалсыздандырды деген сөзді зарарсыздандырды деп айтатындарды да көрді ғой. Айналайындар-ау, қазақта зарарсыздандырды деген сөз жоқ қой. Тәркіленді дегеннің орнына бұғатталды деп айтатын тілшілер телеарнада қайдан жүр? Тізбектей берсек осылай кете береді. Біз бүгінде таза мемлекеттік тілде хабар тарататын бірде-бір телеарнасы жоқ елге айналдық. Өздерін еліміздің ұлттық арнасы санайтын «Қазақстанның» өзі қазақ тілін жолға қоя алмаған соң, басқаларынан не үміт, не қайыр? Бүгінгідей төтенше жағдай кезінде жиналыстың көпшілігі онлайн режимде өткізіліп жатқандықтан, көптеген мемлекеттік қызметкерлердің шынайы бетпердесі ашылып жатыр. Қазақ тілінде сөйлеу ойларына да кіріп шықпайтындарды көргенде, зығырданым қайнап кетеді. Қазақ тіліне қырын қарайтын шенеуніктерден қайткен күнде де, құтылуымыз керек. Қазақстанның нанын жеп, суын ішіп отырып, өзге шет елдің мемлекеттік тілінде сайрау – барып тұрған сатқындық қой. Қазақ тілі жоғалған күні Қазақстан деген мемлекет те жер бетінен жоғалатынын өзге тілдің жыртысын жыртып жүргендер неге түсінбейді?! Сондай-ақ, еліміз қашықтан білім беруге көшкелі бері телеарна арқылы мұғалімдердің де деңгейінің қаншалықты екенін бағамдап отырмыз. Қазақ тілін үйретіп жатқан кейбір ұстаздарға кәдімгідей қарным ашты. Өзге мемлекеттерде сол елдің мемлекеттік тілінен бір-екі қате жіберген жауапты қызметкерлерін бірден орнынан алып тастайды.Ал бізде мың қате жіберсе де мыңқ етпейміз. Қарап отырсақ, біз өзінің мемлекеттік тілін қорлап отырған әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Осыдан кейін, өзге мемлекеттер басынды деп несіне ренжиміз?! Біз Ресейдің губерниясы емеспіз, сондықтан орыс тіліне жалтақтауды қою керек. Конституциядан 7-баптың, 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік Тіл туралы арнайы заң қабылдау керек. «Қазақ үні» сайтында қазақ тілін қолдап қол қоюшылардың саны бір аптаның ішінде 80 мыңнан асып жығылды. Мұның артында қаншама мыңдаған, миллиондаған адамның қолдауы жатыр. Осы қарқынды бәсеңдетпей, қолдаушылардың қарасын көбейтуіміз керек. Қазақ тілінің еліміздегі басты тіл болуын халықтың жаппай қолдайтынына мен сенімдімін. Меніңше, көпшілік халық сайтқа кіріп, қол қоюдың тілін әлі ұғына алмай жатқан болуы мүмкін. Әйтпесе, әрбір қазақ қазақ тілі дегенде жүрегін жұлып беруге даяр. Қазір індетке байланысты төтенше жағдайдың салдарынан тырп ете алмай отырған жайымыз бар. Алла амандығын берсе, елдің жағдайы қалыпқа түскен соң, бас көтеріп, мемлекеттік тілге басымдық берілуін талап етіп Үкімет үйіне баруымыз керек. Шыдамның да шегі бар. Ендігі бар үміт – бұған дейін, «Қазақ тілі – ұлтаралық тіл болуы керек» деген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта. Мемлекет басшысы ретінде Ашық хатта қойылған талаптармен санасып, мемлекеттік тілге айқын басымдық беруге қаулы шығарса, қазақ тілінің айы оңынан туары сөзсіз. Дулат ИСАБЕКОВ,  жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері qazaquni.kz