«Терісайрық» оқиғасы: қатаң үкім немесе жазықсыз жазаланғандар

  Биыл Қазақстан Республикасы шекарасында орын алған оқи­ғалардың бірі – әскери қызметін тастап қашқан «Терісайрық» шекара заствасындағы 11 сарбаздың оқиғасы. Үш айға созылған тергеу құжаттары сотқа жіберіліп, таяуда бұл істе айыпты деп есептелген үш азаматтың әрекеттері ешқандай дәйектермен дәлелденбесе де сот оларға негізсіз қатаң үкім шығарды. Семей гарнизоны әскери соты­ның 18.10.2012 жылғы үкі­мі­мен Хамитов Ануар Бебитович, аға лейтенант, 2017 әскери бө­лі­мі­нің «Терісайрық» заставасының бастығы, ҚР ҚК-нің 381-бабы­ның 2-тармағымен кінәлі деп та­нылып, 3 жыл мерзімге бас бос­тандығынан айырылып, жазаны түзеу колониясының жалпы ре­жимінде өтеуге жазаланды. Каженов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенға­зи­нович ҚР ҚК-нің 380-1-бабының 2-бөлігінің «а» тармағымен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жыл мерзімнен бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колония­сы­ның жалпы режимінде өтеуге жазаланды. ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» шекара заставасының бастығы Хамитов Әнуарға тағылған айып төмен­де­гідей: қоластындағы келісімшарт негізінде әскери қызметтерін ат­қа­рып жүрген аға технигі-топ бас­тығы Каженов Жігер мен зас­таваның сигнализация және бай­ланыс бөлімшесінің командирі кіші сержант Тұрдығұлов Ербол қатардағы сарбаздарды себепсіз жүйелі түрде соққыға жығып, ауыр­сыну мен жеңіл дене жара­қат­тарын келтіруге, қорлық көр­сетуге жол беріп, әскери қызмет­шілердің шағымдарын елеп ес­кер­мей, қылмысты жасырып жә­не 11 сарбаздың қызмет орнын өз беттерімен тастап кеткенін жасырып, өз қызметіне селқос, енжар қараған деп айыптаған. ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бө­лімінің «Терісайрық» шекара заставасында келісімшарт не­гі­зінде қызмет атқарып жүрген Ка­женов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенғазино­вич­ке тағылған айып төменде­гі­дей: Олар лауазымды адам бола тұра әскери тәртіпті өрескел бұ­зып, жүйелі түрде, ешқандай се­бепсіз, қатардағы сарбаздарға ұрып ауырсыну және жеңіл дәре­желі дене зақымдарын келтіру арқылы, өздерінің қызметтік өкі­леттіктерін асыра қолданып, яғ­ни күш қолдану арқылы аталған әскери қызметшілердің құқығы мен мүдделерін және әскери қыз­метпен мемлекеттің заңды мүд­делерін елеулі бұзылуына әкеп со­ғатын қылмыс әрекетін жаса­ған деп айыптаған. Қылмыстық іс 11 сарбаздың заставаны тастап қашып кетке­ні­нен және қашып жүрген кезде Ағзамовтың әкесіне ұялы теле­фонмен хабарлама жіберіп, «өзінің құлағы естімей қалғаны және санчасқа жібермей қой­ғаны», осыған байланысты оның әкесінің Атыраудағы жергілікті әскери полицияға хабарлағаны және осы ақпараттың теледи­дар­да КТК каналынан мәлімет бе­рілуі негіз болған. Сотталғандардың қылмыстық әрекетін әшкерлейтін бірде бір дә­лел сот мәжілісінде анықтал­мады. Қылмыстық айыптаудың өзі тек қана сарбаз Ағзамовтың алғашқы берген жауабының негі­зінде құрылған, атап айтқанда алғаш тергеу басталғанда Ағзамов құлағы естімегендіктен жылдам госпитальға кетуі керек болып, одан жауап алып және оны айып­керлермен беттестіргендегі бір сарынды жауап себеп болған. 31.05.2012 жылы сарбаздарды таңғы сағат 04-те дабыл көтеріп сапқа тұрғызғанда «сарбаздар Аши­ровты, Ағайдаровты Каже­нов соқты және РГП-ға шық­қанда Назархан мен Ағайдаровты соққыға жықты» деген жауабы бойынша ары қарата барлық сар­баздар осы жауапты негізге алып, бәрі біртектес жауаптар берген, ал ол жауапта көрсетілмеген, өз алдарына жауап бергендер, атап айтқанда Сембиев, Төлепбер­ге­нов, Худайбергенов, т.б. өздерінің әскери қызметтеріне байланысты ескертпелер алған кездеріне сәй­кес­тендіріп, сол тұста соққы ал­дық деп жауап берген, оны Ка­женов сотта берген өз жауабында бекітпеген. Егер ойлап қарайтын болсақ, сарбаздарда бұдан басқа жауап болуға тиіс емес, себебі басқа жағ­дайларда олар өздері қыл­мыстық жауапкершілікке тарты­лар еді. Жәбірленушілердің жауапта­рына сүйенетін болсақ, оларды теуіп, немесе қылқындырып, бас­тарын дуалға соғатын болса, неге олардың денелерінен дене жарақаттары табылмаған. ҚР Жоғарғы сотының 11.05.2007 жылғы №1 «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кей­бір қылмыстарды саралау туралы» Нормативтік қаулысы­ның 31-бабына сәйкес адам де­не­сі талшықтарының анатомиялық тұтастығын құқыққа қарсы бұру не органдардың зақымдануына немесе олардың қауіпті жұмыс істеуін бұзуға әкеп соққан өзге де әрекеттерді адам денсаулығына келтірген зиян деп ұғыну керек. Денсаулыққа келтірген зиянның ауырлығы сот-медициналық са­раптама жүргізу жолымен айқын­далады делінген. М.Ағзамовтың алған дене жа­ра­қатына байланысты тағайын­дал­ған сот-дәрігерлік сараптама­ның 20.07.2012 жылғы №50 қо­рытындысы негізінде Ағзамов­тың атына берілген дәрігерлік құ­жаттар бойынша оның дене­сінде дене жарақаттары немесе оның іздері анықталмаған. Ағзамовқа қайталап тағайын­далған ҚР ҰҚК ОӘГ-да берген сараптама қортындысы бойынша оның бұрыннан болған созыл­малы құлақ ауруымен ауыратын­дығы, соның негізінен құлақ ес­туі төмендегені, оның денесінен соққының іздері табылмағаны көрсетілген. Ағзамов өзінің берген жауап­тарында бұл жағдай 10.06.2012 жылы бақылау пункітінде өзін Тұрдығұлов сол жақ иығынан, иегінен автоматпен, сол жақ құ­лағынан радиостанциясымен ұрғанын, сол күні нарядтан кел­генде командир Ә.Хамитовке хабарлап айттым деп көрсетсе, өзімен бірге әскери қызметте бол­ған сарбаздар Ахметбаев пен Сембиевке болған оқиғаны 09.06.2012 жылы айтып баян­да­ған, сонда Ағзамов оқиғаның болатынын алдын ала бір күн бұрын білген бе? Ағзамовтың айтқан соққы­лар­дан дене жарақатын алмағаны сот дәрігерлік сараптамасымен бекіген, яғни оның «дене жарақ­тын алдым» дегені өтірік болса, «командирге де хабарладым» де­гені өтірік, себебі оның Хами­тов­қа баяндағаны ешқандай дәлел­дермен бекімеген, баяндап тұр­ғанын бірде-бір сарбаз көрмеген және естімеген, болған оқиғаны сарбаздар тек оның айтуынан ес­тіген және де оны Тұрдығұловтың соққыға жыққанын да ешкім көр­меген, осы жағдайларды бе­кітетін бірде-бір куә жоқ. Дене жарақаты табылды деген Ағайдаров та сол кеудесінің сол қолтығы тұсының қанталауы тү­ріндегі «жеңіл» дәрежелі дене жарақаты болған, ал оның кеу­десінің осы тұсына ешкім ұрып соқпаған, өзінің берген жауа­бына сәйкес оны Тұрдығұлов беті­нен 4 рет жұдырықпен, бе­лінен бір рет аяқпен тепкен, сон­да оның кеудесіндегі осы жара­- қат қайдан пайда болған? Егер олардың соққы алған­да­ры рас болып, әлімжеттік көріп жүргендері нақты болатын болса, олар неге қолда бар барлық мүм­кіндіктерді пайдаланып, басқа органдарға, немесе басшыларға, заставаға барған адамдарға, қа­шып шыққан кезде қыстақтағы адамдарға хабарламаған. Тіпті заставадан қашып шық­қан кезде неге сарбаздар Ағзамов­тан басқасы қолдарында ұялы телефон бола тұра ешқайсысы ата-аналарына хабарламаған. Іс құжаттарында С.Исламға­лиұлы­ның анасы Құлжымырова Гүлдәрі Қаржауқызы 19.06.2012 жылы берген түсініктемесінде баласының 18.06.2012 жылы са­ғат 13.50-де ұялы телефонмен хабарласып, өзінің аман-есен екенін, әскери бөлімді тастап кеткені және таяқ жегені туралы ештеме айтпағанын баяндаған. Сонда қалай Исламғалиұлы ана­сымен сөйлесіп тұрып болған жай­ды баяндамаған. Сот тер­геуінде Исламғалиұлы өз анасын сатып: «менің анам өтірік жаз­ған», – деп жауап берді. Сонда өз анасын сатқан адам басқаларға қатысты жала жабуды былай қой­ғанда өз Отанын да сатады. Бұл сарбаздар ант қабыл­да­ғанда, әскери қызметтің ауыртпа­лықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант берген, алайда олар осы Әскери қиыншылықтарға төзбей, оны көтере алмай өздерінің қашу себептерін басқаға аударып, осы үш азаматты кінәлап отыр. Олар­дың өте әлсіз, денелерінің шы­нықтырылмағаны, тіпті Ағай­даровтың бір рет те турникке тар­тыла алмайтынын сот мә­жі­лісінде комендант майор Шай­мар­дановтың өзі бекіткен. Негізі осы қылмыстың болды деуіне және қылмыстық істің қозғалуына себепкер болған бір ғана Ағзамов, себебі ол таяқ жемесе де «таяқ жедім» деп сар­баздарға айтып, «Хамитовқа баяндадым» деп сарбаздарды ойларынан адастырып, оларды ұйымдастырып заставадан қа­шуға мәжбүрлеген. Шыққан кезде неге олар не қыстаққа, не дүкенге телефонды азық-түлікке айырбастауға бар­ған кезде хабарламаған, немесе әскери жасақтар өздерін іздеп тікұшақпен барған кезде шығып өздері туралы белгі бермеген. Керісінше қашып, ұсталмауға тырысқан. Сонда бұлардың ойында не болған? Осы әрекетті ұйымдастырған Ағзамовтың жеке басына тоқта­латын болсақ, басқа сарбаздар­дан төрт жас үлкен, төрт жылды өткізіп әскери борышын өтеуге келген, өзі Қарақалпақстаннан келген оралман, құлағының бұ­рыннан созылмалы түрде ауыра­тынын біліп, өтірік құжат жаса­тып әскерге келіп сарбаздардың арасында іріткі туғызып, оларды отқа айдап салған. Сот мәжілісіне осы әрекеттің түйіні шешілетін кезде өзінің бұ­зылған құқығы мен мүддесін қор­ғап, өзіне келген материалдық және рухани залалды іздеп алу­дың, осы істі аяғына дейін жет­кізудің орнына, жүзін көрсету­ден қорқып, жауапкершіліктен қашып, тек қана істі өзінің қа­тысуынсыз карауды және алдын ала тергеуде берген жауабым дұ­рыс деп арыз жазумен ғана шек­теліп отыр. Сонда Ағзамов кім, оның ойында не бар, қандай мақ­сатпен шекара аймағына әскери борышын өтеуге келген, оның ар жағында лаңкестік саясат тұрған жоқ па, ол жағы ешкіммен тексе­рілмеген. Сонда неге бәріміз Ағзамов­тың соңынан кетуіміз керек, тер­геушілер де, сарбаздар да, проку­рорлар да, соттар да?! Немесе бұл әрекет «Арқанкер­ген» уақиғасынан кейін ушығып, қайтсе де олардың қылмыстық әрекеті дәлелденбесе де олардың қатаң жазалануға тиістігі жөнінде арнайы нұсқау бар ма, сонда бұл азаматтар жалған саясаттың құр­баны болғаны ма? Ешқандай қиыншылықтар көрмесе де заставадан қашып, антпен қабылдаған әскери мін­деттері мен борыштарын дұрыс атқармаған сарбаздарға ҚР ҚК-ің 373-бабымен қылмыстық іс қозғамау туралы қаулы шыққан, бұл баптың ескертпесінде қаш­қындық жасаған әскери қыз­мет­ші, егер қашқындық ауыр жағ­дайлардың себептерінен болса және егер ол әскери қызметті одан әрі өткеру үшін өз еркімен келген болса сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін деген. Осы баптың қағидаларын дұрыс сақтамай тергеу орны асы­ғыстықпен оларды қылмыстық жауапқа тарпау туралы шешім қабылдаған. Әрбір облыстың әскери ко­миссариаты шекара қызметіне сарбаздарды жіберерде тексе­ру­дің тексеруінен өткізіп денсау­лы­ғы мықты, төзімді деген ішінен ерекшеленгендерді ғана жібереді. Сонда әскери қызметтің ауырт­палығына шыдамай кез келген сәтте бір-бірімен ақылдасып, бі­рінің өтірігін екіншісі қуаттап қашып кетіп, шекараны тастап кете беретін болса келешегіміз не болмақ? Егер осы болымсыз нәр­сеге бола қашып кетіп ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тар­тылмайтын болса, онда бұл басқа да сарбаздарға осындай жол берер еді. Оның үстіне бұл сарбаздардың бәрі жағымсыз мінезделеді. Алдын ала тергеу тек бір жақ­ты сотталушыларды айыптау мақсатында ғана жүргізілген. Атап айтқанда 31.05.2012 жылы сарбаздарды плацқа таңғы сағат төрте шығарып, сапқа тұрғыз­ғанын көрдік деген бірде-бір куә жоқ. Мысалы үшін сол күні сол­даттармен бірге болған Бекенов­тен, бастықтың орынбасары Қа­сымовтан, Ниетбаевтан тағы бас­қа офицерлермен, келісім­шарттағы қызметшілерден, тех­никалық жұмысшылардан жауап алынбаған. Тіпті сол заставаға келген Юсупов пен Красников­тардан жауап алынбаған. Және осы сарбаздардың қатарында болған Бекеновтан да жауап алын­баған. Осы заставада бұрында әс­ке­ри борышын өтеген сарбаздар­дан ешқандай арыз-шағымдар түспеген. Ол алдын ала тергеу кезінде анықталған. Бұрын Хамитов ешқандай тәртіптік жауапқа тартылмаған, ешқандай ескертпе алмаған. Керісінше үздік іскерлікті, міндеттеріне адал қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. 2012 жылдың өзін­де ғана Хамитов төрт рет ма­рапатталған, өте жағымды мінез­деледі. Оны сот мәжілісінде жа­уап берген Фирсов та, Шаймар­данов та бекіткен. Ә.Хамитов басқарған «Теріс­айрық» заставасы құрамы аз уақыттың ішінде екі рет шекара бұзушыларды құрықтаған. Осы қызметтері үшін Ә.Хамитов сер­жант Ж.Каженов екеуі жоғары басшылар тарапынан марапат­тарға ие болған. Осы тұста Шы­ғыс Аймақтың Басқармасында бес шекарашылар отряды, оның әрқайсысында 20-дан астам застава бар екенін, соншама зас­таваларда мұндай екі рет болған оқиғалар тіркелмегенін айта ке­туге тиіспіз. Қарауында анасы мен студент інісі бар, әкесі Бейбіт 2007 жылы 44 жасында жүрек ауруынан қайтыс болған, жанұясының ті­регі, анасы қан қысымымен есеп­те тұрады, жанұяның барлық ауыртпашылығын Әнуар көтере­тін, артынан ерген інісінің де тәр­биесі соның мойнында бол­ған. Ж.Каженовтің қарауында сек­сен төрт жаста ауыратын қарт әжесі, үш жаста ұлы, жұмыс іс­темейтін әйелі бар, көршілер жә­не жұмыс жағынан өте жа­ғымды мінезделеді. Қызметтік мінезде­месі бойынша өз ісінің маманы. Іскерлігі және адал еңбегі үшін бірнеше мәрте мар­патталған. – Асыраушымыз да, сүйені­ші­міз де осы. Жігерім еді. Енді біз­дей үш мұңлықтың жай-күйіміз не болмақ? Сексен төртке кел­ген­де көрерім осы болды ма? Адам баласына қылдай қиянаты жоқ баламды үйге қайтарың­даршы, – деп аңырап отыр 1928 жылы туған қарт ана Шәмшібану Қожанова. Ерболдың туған-тумалары да «үмітсіз-шайтан ғана» деп, қайта әділ сот бола­ры­на, сөйтіп жазықсыз жазалаған­дардың азаттық аларынан үмітті. Сот мәжілісінде жәбірлену­шілер де кешірім беріп, сотта­лушыларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Осы жағдайлардың бәрі есеп­ке алынбай, Хамитовтың, Каже­нов­тің, Тұрдығұловтың әрекет­те­рі ешқандай дәйектермен бекіме­се де сот оларға өте қатаң жаза та­ғайындады. Сондықтан Қазақстан Рес­публи­касының заңдары адам тағ­дырына, олардың құқығы мен мүдделерін сақтауға негізделген деп, түбінде бұл жағдай әділетті түрде шешіліп шындық жеңеді деп сенеміз.                         Қали Жолдасов,                           Қазақстан Журналистер одағының мүшесі