Биыл Қазақстан Республикасы шекарасында орын алған оқиғалардың бірі – әскери қызметін тастап қашқан «Терісайрық» шекара заствасындағы 11 сарбаздың оқиғасы. Үш айға созылған тергеу құжаттары сотқа жіберіліп, таяуда бұл істе айыпты деп есептелген үш азаматтың әрекеттері ешқандай дәйектермен дәлелденбесе де сот оларға негізсіз қатаң үкім шығарды.
Семей гарнизоны әскери сотының 18.10.2012 жылғы үкімімен Хамитов Ануар Бебитович, аға лейтенант, 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» заставасының бастығы, ҚР ҚК-нің 381-бабының 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге жазаланды.
Каженов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенғазинович ҚР ҚК-нің 380-1-бабының 2-бөлігінің «а» тармағымен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жыл мерзімнен бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге жазаланды.
ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» шекара заставасының бастығы Хамитов Әнуарға тағылған айып төмендегідей: қоластындағы келісімшарт негізінде әскери қызметтерін атқарып жүрген аға технигі-топ бастығы Каженов Жігер мен заставаның сигнализация және байланыс бөлімшесінің командирі кіші сержант Тұрдығұлов Ербол қатардағы сарбаздарды себепсіз жүйелі түрде соққыға жығып, ауырсыну мен жеңіл дене жарақаттарын келтіруге, қорлық көрсетуге жол беріп, әскери қызметшілердің шағымдарын елеп ескермей, қылмысты жасырып және 11 сарбаздың қызмет орнын өз беттерімен тастап кеткенін жасырып, өз қызметіне селқос, енжар қараған деп айыптаған.
ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» шекара заставасында келісімшарт негізінде қызмет атқарып жүрген Каженов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенғазиновичке тағылған айып төмендегідей: Олар лауазымды адам бола тұра әскери тәртіпті өрескел бұзып, жүйелі түрде, ешқандай себепсіз, қатардағы сарбаздарға ұрып ауырсыну және жеңіл дәрежелі дене зақымдарын келтіру арқылы, өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра қолданып, яғни күш қолдану арқылы аталған әскери қызметшілердің құқығы мен мүдделерін және әскери қызметпен мемлекеттің заңды мүдделерін елеулі бұзылуына әкеп соғатын қылмыс әрекетін жасаған деп айыптаған.
Қылмыстық іс 11 сарбаздың заставаны тастап қашып кеткенінен және қашып жүрген кезде Ағзамовтың әкесіне ұялы телефонмен хабарлама жіберіп, «өзінің құлағы естімей қалғаны және санчасқа жібермей қойғаны», осыған байланысты оның әкесінің Атыраудағы жергілікті әскери полицияға хабарлағаны және осы ақпараттың теледидарда КТК каналынан мәлімет берілуі негіз болған.
Сотталғандардың қылмыстық әрекетін әшкерлейтін бірде бір дәлел сот мәжілісінде анықталмады. Қылмыстық айыптаудың өзі тек қана сарбаз Ағзамовтың алғашқы берген жауабының негізінде құрылған, атап айтқанда алғаш тергеу басталғанда Ағзамов құлағы естімегендіктен жылдам госпитальға кетуі керек болып, одан жауап алып және оны айыпкерлермен беттестіргендегі бір сарынды жауап себеп болған.
31.05.2012 жылы сарбаздарды таңғы сағат 04-те дабыл көтеріп сапқа тұрғызғанда «сарбаздар Ашировты, Ағайдаровты Каженов соқты және РГП-ға шыққанда Назархан мен Ағайдаровты соққыға жықты» деген жауабы бойынша ары қарата барлық сарбаздар осы жауапты негізге алып, бәрі біртектес жауаптар берген, ал ол жауапта көрсетілмеген, өз алдарына жауап бергендер, атап айтқанда Сембиев, Төлепбергенов, Худайбергенов, т.б. өздерінің әскери қызметтеріне байланысты ескертпелер алған кездеріне сәйкестендіріп, сол тұста соққы алдық деп жауап берген, оны Каженов сотта берген өз жауабында бекітпеген.
Егер ойлап қарайтын болсақ, сарбаздарда бұдан басқа жауап болуға тиіс емес, себебі басқа жағдайларда олар өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылар еді.
Жәбірленушілердің жауаптарына сүйенетін болсақ, оларды теуіп, немесе қылқындырып, бастарын дуалға соғатын болса, неге олардың денелерінен дене жарақаттары табылмаған.
ҚР Жоғарғы сотының 11.05.2007 жылғы №1 «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» Нормативтік қаулысының 31-бабына сәйкес адам денесі талшықтарының анатомиялық тұтастығын құқыққа қарсы бұру не органдардың зақымдануына немесе олардың қауіпті жұмыс істеуін бұзуға әкеп соққан өзге де әрекеттерді адам денсаулығына келтірген зиян деп ұғыну керек. Денсаулыққа келтірген зиянның ауырлығы сот-медициналық сараптама жүргізу жолымен айқындалады делінген.
М.Ағзамовтың алған дене жарақатына байланысты тағайындалған сот-дәрігерлік сараптаманың 20.07.2012 жылғы №50 қорытындысы негізінде Ағзамовтың атына берілген дәрігерлік құжаттар бойынша оның денесінде дене жарақаттары немесе оның іздері анықталмаған.
Ағзамовқа қайталап тағайындалған ҚР ҰҚК ОӘГ-да берген сараптама қортындысы бойынша оның бұрыннан болған созылмалы құлақ ауруымен ауыратындығы, соның негізінен құлақ естуі төмендегені, оның денесінен соққының іздері табылмағаны көрсетілген.
Ағзамов өзінің берген жауаптарында бұл жағдай 10.06.2012 жылы бақылау пункітінде өзін Тұрдығұлов сол жақ иығынан, иегінен автоматпен, сол жақ құлағынан радиостанциясымен ұрғанын, сол күні нарядтан келгенде командир Ә.Хамитовке хабарлап айттым деп көрсетсе, өзімен бірге әскери қызметте болған сарбаздар Ахметбаев пен Сембиевке болған оқиғаны 09.06.2012 жылы айтып баяндаған, сонда Ағзамов оқиғаның болатынын алдын ала бір күн бұрын білген бе?
Ағзамовтың айтқан соққылардан дене жарақатын алмағаны сот дәрігерлік сараптамасымен бекіген, яғни оның «дене жарақтын алдым» дегені өтірік болса, «командирге де хабарладым» дегені өтірік, себебі оның Хамитовқа баяндағаны ешқандай дәлелдермен бекімеген, баяндап тұрғанын бірде-бір сарбаз көрмеген және естімеген, болған оқиғаны сарбаздар тек оның айтуынан естіген және де оны Тұрдығұловтың соққыға жыққанын да ешкім көрмеген, осы жағдайларды бекітетін бірде-бір куә жоқ.
Дене жарақаты табылды деген Ағайдаров та сол кеудесінің сол қолтығы тұсының қанталауы түріндегі «жеңіл» дәрежелі дене жарақаты болған, ал оның кеудесінің осы тұсына ешкім ұрып соқпаған, өзінің берген жауабына сәйкес оны Тұрдығұлов бетінен 4 рет жұдырықпен, белінен бір рет аяқпен тепкен, сонда оның кеудесіндегі осы жара-
қат қайдан пайда болған?
Егер олардың соққы алғандары рас болып, әлімжеттік көріп жүргендері нақты болатын болса, олар неге қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, басқа органдарға, немесе басшыларға, заставаға барған адамдарға, қашып шыққан кезде қыстақтағы адамдарға хабарламаған.
Тіпті заставадан қашып шыққан кезде неге сарбаздар Ағзамовтан басқасы қолдарында ұялы телефон бола тұра ешқайсысы ата-аналарына хабарламаған.
Іс құжаттарында С.Исламғалиұлының анасы Құлжымырова Гүлдәрі Қаржауқызы 19.06.2012 жылы берген түсініктемесінде баласының 18.06.2012 жылы сағат 13.50-де ұялы телефонмен хабарласып, өзінің аман-есен екенін, әскери бөлімді тастап кеткені және таяқ жегені туралы ештеме айтпағанын баяндаған. Сонда қалай Исламғалиұлы анасымен сөйлесіп тұрып болған жайды баяндамаған. Сот тергеуінде Исламғалиұлы өз анасын сатып: «менің анам өтірік жазған», – деп жауап берді. Сонда өз анасын сатқан адам басқаларға қатысты жала жабуды былай қойғанда өз Отанын да сатады.
Бұл сарбаздар ант қабылдағанда, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант берген, алайда олар осы Әскери қиыншылықтарға төзбей, оны көтере алмай өздерінің қашу себептерін басқаға аударып, осы үш азаматты кінәлап отыр. Олардың өте әлсіз, денелерінің шынықтырылмағаны, тіпті Ағайдаровтың бір рет те турникке тартыла алмайтынын сот мәжілісінде комендант майор Шаймардановтың өзі бекіткен.
Негізі осы қылмыстың болды деуіне және қылмыстық істің қозғалуына себепкер болған бір ғана Ағзамов, себебі ол таяқ жемесе де «таяқ жедім» деп сарбаздарға айтып, «Хамитовқа баяндадым» деп сарбаздарды ойларынан адастырып, оларды ұйымдастырып заставадан қашуға мәжбүрлеген.
Шыққан кезде неге олар не қыстаққа, не дүкенге телефонды азық-түлікке айырбастауға барған кезде хабарламаған, немесе әскери жасақтар өздерін іздеп тікұшақпен барған кезде шығып өздері туралы белгі бермеген. Керісінше қашып, ұсталмауға тырысқан.
Сонда бұлардың ойында не болған?
Осы әрекетті ұйымдастырған Ағзамовтың жеке басына тоқталатын болсақ, басқа сарбаздардан төрт жас үлкен, төрт жылды өткізіп әскери борышын өтеуге келген, өзі Қарақалпақстаннан келген оралман, құлағының бұрыннан созылмалы түрде ауыратынын біліп, өтірік құжат жасатып әскерге келіп сарбаздардың арасында іріткі туғызып, оларды отқа айдап салған.
Сот мәжілісіне осы әрекеттің түйіні шешілетін кезде өзінің бұзылған құқығы мен мүддесін қорғап, өзіне келген материалдық және рухани залалды іздеп алудың, осы істі аяғына дейін жеткізудің орнына, жүзін көрсетуден қорқып, жауапкершіліктен қашып, тек қана істі өзінің қатысуынсыз карауды және алдын ала тергеуде берген жауабым дұрыс деп арыз жазумен ғана шектеліп отыр. Сонда Ағзамов кім, оның ойында не бар, қандай мақсатпен шекара аймағына әскери борышын өтеуге келген, оның ар жағында лаңкестік саясат тұрған жоқ па, ол жағы ешкіммен тексерілмеген.
Сонда неге бәріміз Ағзамовтың соңынан кетуіміз керек, тергеушілер де, сарбаздар да, прокурорлар да, соттар да?!
Немесе бұл әрекет «Арқанкерген» уақиғасынан кейін ушығып, қайтсе де олардың қылмыстық әрекеті дәлелденбесе де олардың қатаң жазалануға тиістігі жөнінде арнайы нұсқау бар ма, сонда бұл азаматтар жалған саясаттың құрбаны болғаны ма?
Ешқандай қиыншылықтар көрмесе де заставадан қашып, антпен қабылдаған әскери міндеттері мен борыштарын дұрыс атқармаған сарбаздарға ҚР ҚК-ің 373-бабымен қылмыстық іс қозғамау туралы қаулы шыққан, бұл баптың ескертпесінде қашқындық жасаған әскери қызметші, егер қашқындық ауыр жағдайлардың себептерінен болса және егер ол әскери қызметті одан әрі өткеру үшін өз еркімен келген болса сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін деген. Осы баптың қағидаларын дұрыс сақтамай тергеу орны асығыстықпен оларды қылмыстық жауапқа тарпау туралы шешім қабылдаған.
Әрбір облыстың әскери комиссариаты шекара қызметіне сарбаздарды жіберерде тексерудің тексеруінен өткізіп денсаулығы мықты, төзімді деген ішінен ерекшеленгендерді ғана жібереді. Сонда әскери қызметтің ауыртпалығына шыдамай кез келген сәтте бір-бірімен ақылдасып, бірінің өтірігін екіншісі қуаттап қашып кетіп, шекараны тастап кете беретін болса келешегіміз не болмақ? Егер осы болымсыз нәрсеге бола қашып кетіп ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болса, онда бұл басқа да сарбаздарға осындай жол берер еді. Оның үстіне бұл сарбаздардың бәрі жағымсыз мінезделеді.
Алдын ала тергеу тек бір жақты сотталушыларды айыптау мақсатында ғана жүргізілген. Атап айтқанда 31.05.2012 жылы сарбаздарды плацқа таңғы сағат төрте шығарып, сапқа тұрғызғанын көрдік деген бірде-бір куә жоқ. Мысалы үшін сол күні солдаттармен бірге болған Бекеновтен, бастықтың орынбасары Қасымовтан, Ниетбаевтан тағы басқа офицерлермен, келісімшарттағы қызметшілерден, техникалық жұмысшылардан жауап алынбаған. Тіпті сол заставаға келген Юсупов пен Красниковтардан жауап алынбаған. Және осы сарбаздардың қатарында болған Бекеновтан да жауап алынбаған.
Осы заставада бұрында әскери борышын өтеген сарбаздардан ешқандай арыз-шағымдар түспеген. Ол алдын ала тергеу кезінде анықталған. Бұрын Хамитов ешқандай тәртіптік жауапқа тартылмаған, ешқандай ескертпе алмаған. Керісінше үздік іскерлікті, міндеттеріне адал қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. 2012 жылдың өзінде ғана Хамитов төрт рет марапатталған, өте жағымды мінезделеді. Оны сот мәжілісінде жауап берген Фирсов та, Шаймарданов та бекіткен.
Ә.Хамитов басқарған «Терісайрық» заставасы құрамы аз уақыттың ішінде екі рет шекара бұзушыларды құрықтаған. Осы қызметтері үшін Ә.Хамитов сержант Ж.Каженов екеуі жоғары басшылар тарапынан марапаттарға ие болған. Осы тұста Шығыс Аймақтың Басқармасында бес шекарашылар отряды, оның әрқайсысында 20-дан астам застава бар екенін, соншама заставаларда мұндай екі рет болған оқиғалар тіркелмегенін айта кетуге тиіспіз.
Қарауында анасы мен студент інісі бар, әкесі Бейбіт 2007 жылы 44 жасында жүрек ауруынан қайтыс болған, жанұясының тірегі, анасы қан қысымымен есепте тұрады, жанұяның барлық ауыртпашылығын Әнуар көтеретін, артынан ерген інісінің де тәрбиесі соның мойнында болған.
Ж.Каженовтің қарауында сексен төрт жаста ауыратын қарт әжесі, үш жаста ұлы, жұмыс істемейтін әйелі бар, көршілер және жұмыс жағынан өте жағымды мінезделеді. Қызметтік мінездемесі бойынша өз ісінің маманы. Іскерлігі және адал еңбегі үшін бірнеше мәрте марпатталған.
– Асыраушымыз да, сүйенішіміз де осы. Жігерім еді. Енді біздей үш мұңлықтың жай-күйіміз не болмақ? Сексен төртке келгенде көрерім осы болды ма? Адам баласына қылдай қиянаты жоқ баламды үйге қайтарыңдаршы, – деп аңырап отыр 1928 жылы туған қарт ана Шәмшібану Қожанова. Ерболдың туған-тумалары да «үмітсіз-шайтан ғана» деп, қайта әділ сот боларына, сөйтіп жазықсыз жазалағандардың азаттық аларынан үмітті.
Сот мәжілісінде жәбірленушілер де кешірім беріп, сотталушыларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Осы жағдайлардың бәрі есепке алынбай, Хамитовтың, Каженовтің, Тұрдығұловтың әрекеттері ешқандай дәйектермен бекімесе де сот оларға өте қатаң жаза тағайындады.
Сондықтан Қазақстан Республикасының заңдары адам тағдырына, олардың құқығы мен мүдделерін сақтауға негізделген деп, түбінде бұл жағдай әділетті түрде шешіліп шындық жеңеді деп сенеміз.
Қали Жолдасов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі