Белгілі ғалым-экономист, қоғам қайраткері, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті Оразалы Сәбденмен Түркістанды рухани астанаға қалай айналдыруға болатындығы жөнінде әңгіме өрбіткен едік. Жөні бөлек жоба жөніндегі сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
– Әлем қайда бара жатыр немесе бізді қайда алып бара жатыр?
– Әлем елдерінің дамуы қайда, қай бағытқа бара жатыр деген сұраққа айтарым, әлем бір алапат өзгеріс үстінде-дүниежүзілік дағдарыс, климаттың жылуы, ашаршылық т.б. түрлі-түрлі нәубеттер күрделі әлеуметтік-саяси өзгеріске алып келуде. Ғаламды шарлаған осы өзгерістер ықпалды күштер мен билік басындағыларды тығырықтан шығар жаңа жол іздеуге, халықтың болашаққа сенімсіздігін алдын алуға түрткі болып отыр.
Дүниежүзілік дағдарыстың екінші толқынының легі Америка мен Еуропа елдерінде белең алып, күшеюде (олар Грекия, Португалия, Испания т.б.), сондай-ақ барған сайын дүниежүзілік бәсекелестік күшейе түсуде, климаттың жылынуы адамзатты қатты алаңдатып отыр, соның салдарынан су тасқыны, құрғақшылық сияқты табиғат апаттары, түрлі эпидемиялық аурулар өршіп, нәубеттер жиілеуде. Міне, осындай жағдайда көптеген мемлекеттерде келеңсіз оқиғалар орын алуда. Соның ішінде Қазақстанды алсақ Жаңаөзендегі т.б. келеңсіз жағдайлар, көпжылдан бергі әлеуметтік мәселелердің қордаланып қалуының, рухани, діни азғындықтың тамыр жаюының, сыбайлас жемқорлықтың (коррупцияның) дендеп кетуінің көрінісі болды, т.б. Осының бәрі мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтауға түбегейлі мән беру керек деген мәселе.
Осы Мегапроект туу үшін мен, дүние жүзінің даму тарихын, оның ішінде Қытайдың 5мың жылдық тарихын, өзіміздің тарихымызды, Азия және Европаның дамуын шолып өттім. Содан соң бір ой туды. Бізге шығыс халықтарына Жаратушы иемiз бiзге екi тарихи мүмкіндік берді. Біріншісін біз пайдалана алмадық, ал екінші мүмкіндікті енді тиімді пайдалана алмасақ, не алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетуіміз мүмкін, немесе өмір байы мәңгі шикі зат елі болып соларға қызмет етеміз. Тағдыр бізге осындай сұрақты қойып отыр?...
1-ші мүмкіндік дегеніміз – бұдан 1000-1500 жыл бұрын шығыс елдері дамыған еді; Әл-Фараби, Ұлықбек т.б. алсақ математикада, медицинада, философияда т.б көптеген жаңалықтар бізде болды. Кейінгі 500 жылда Европа мемлекеттері біздің осы және басқа жаңалықтарды алып, жылу машинасын жасап, теңіз көлігін, зауыт-фабрикалар салып, өндірісті қатты дамытты. Әрине, кейіннен Эйнштейн шықты, Гегел Рикардо, Маркс т.б қоғамның дамуына үлес қосты. Қазір сол Европа бізге үйретуде.
Ал енді 2-ші мүмкіндік дегенім – ол біздің ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге қалдырған мұрасы. Ол табиғи қазба байлықтар. Дүние жүзінде 9-шы орында тұрмыз. Әңгіме осы қыруар байлықты халықтың игілігі үшін тиімді пайдалану.
Мемлекетіміздің идеологияны дұрыс таңдап, күшейтіп жүзеге асыратын кезі келді.
– Қиындықтардың себебі және шешімі неде?
– Әлемнің бай жерінде миллиондаған адамдар кедейшілікте, ашаршылықта, қайғы-қасіретте өмір сүруде. Жалпы дамыған мемлекеттердің өздері (G20, G8 деп жатырмыз), стратегиялық дамуда біржақты болды, олар тек баюды мақсат етіп алға қойды. Кейінгі жылдары АҚШ-та шектен тыс, өте көп басып шығарған доллардың салдарынан дүниежүзінде доллардың көлемі, сатып алатын тауардың көлемінен 10-12 есеге дейін асып кеткен. Экономиканың заңы бойынша мұндай тепе-теңдік бұзылған жағдайда, әрине дағдарыс болады. Капиталистер капитал көп болса деп, ғылымның жаңа технологиялық жетістіктері нәтижесінде тек бір мақсатты ғана шешуді көздеді, қалайда ол – баю мақсаты.
Ең өкініштісі, сол адамзатты қоғамды ізгілендіру (гуманизациялау) мәселесіне қызмет еткізумен қатар, табиғаттың даму заңына сәйкес өмір сүруді қамтамасыз ету мүлдем ұмытылды. Адам мен табиғат капиталына басымдылық мән берілмеді, рухани құндылықтар ұмытылды. Осылайша гармониялық даму заңдылығы бұзылды, нарықтың көрінбейтін қолы өз дегенін жасады, сөйтіп сол алпауыт мемлекеттердің өздері дүниежүзілік дағдарысқа ұшырады.
Адамзаттың табиғатпен гармониялық тұрақты дамуын қалпына келтіру үшін ХХІ ғасырда – ең керегі ол шикізаттан гөрі, ертең бітетін қазба-байлықты игеруден гөрі – жаңа көзқарас, соны идеялар, дамудың жаңа жобалары қолға алынуы кезек күттірмейтін шараға айналуы қажет. Жалпы, тарихтың даму заңдылықтарын бұлжытпай орындау өмірлік маңызды, осыған орай рухани даму мәселесін алға қою әбден абзал. Себебі келешекте қоғамның және табиғаттың даму заңдылықтары бірінші орынға шығады.
– Қандай нақты практикалық ұсыныс бар?
– Осындай ой-толғаныстан кейін туындаған мынадай тың тұжырымымды алға тартпақпын: «Біз рухани-мәдени дамумен қатар индустриалды қоғамнан кейінгі жаңа 6-технологиялық укладты үйлестіре отырып, оларды іс жүзінде бірге, бір процесс ретінде жүргізгенде ғана, адамзат өмірдің даму заңдылығы мен тұрақты даму жолына көшуге мүмкіндік алады. Бізге индустриалды қоғамнан кетіп, индустриалды қоғамнан кейінгі кезең гуманистикалық-ноосфералық постиндустриалды қоғам құруға әрекет жасау заманы туды».
Жаңа ғасырдың тарихы алдында, оның информациялық, жаңа ғылыми, технологиялық өзгерістері, әлеуметтік трансформациясы өмірді өте тез өзгертетінін түсінген жөн. Міне, осыған орай жаңа бір мегажобаны ұсынып отырмын, бұл жобаның аты: «Түркістан өңірі» рухани-технологиялық кластері деп аталады.
– Бұл жобаның механизмі неде, кеңірек айтсаңыз?
– Бұл мегажоба үлкен 2 бағыттан тұрады.
1-бағыт. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы рухани орталыққа айналдыру.
Дүниежүзілік атласты алып қарасаңыз, Қазақстан аумағында екі көне қала бар, ол – Түркістан және Тараз. Бүкіл ежелгі тарихты алсақ, VI-VIII-ғасырларда осы өңірде жалпы Түрік қағанаты, былайша айтқанда, түркі тілдес халықтар өмір сүрген. Сол Түрік қағанатында ежелгі Түркістан қаласы рухани орталық ретінде тарихи орын иеленді. Кейін тарихтың ағымына байланысты түркітілдес халықтар әр жаққа шашырап кетті. Мысалы, түріктер Анадолыға кетті, сол жақта дамуының арқасында «Осман империясы» құрылды, кейін Кемал Ататүріктің революция жасауының нәтижесінде жеке мемлекет болды, бүгінде 73,7 млн. халқы бар Түркия дамыған мемлекеттер қатарына қосылуда. Осы сияқты басқа да түркітілдес халықтар жан-жаққа шашырап жеке-жеке мемлекеттер болып дамып келеді. Олар соған қарамастан шығыс Түркістанды өздерінің ата-бабаларының шыққан тегі, «Атажұрт» деп атайды, рухани астанамыз, екінші Мекке деп те санайды, бүгінге дейін көп халық ағылып келіп киелі мекеніне тағзым етіп жатыр.
Біздің ойымыз, осы Түркістанды іс жүзінде рухани астанаға, мәдени, ғылыми, діни орталыққа айналдыра отырып, ХХІ ғасырдың талабына сай Еуразиялық интеграциялық идеямен дамыту болмақ.
– Ол үшін не істеу керек?
– Ол үшін кезек күттірмейтін мынандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет деп ойлаймын.
1) Парламентте «Жаңа Түркістан – Рухани астана» туралы заң қабылдау;
2) Жаңа Түркістан өңіріне «еркін экономикалық аймақ» статусын беру қажет, ол үшін заң қабылдау;
3) Түркістан аймағын 5 жылға дейін салықтан босату қажет, бұл өңірде барлық сауда-саттықпен айналысатын шағын кәсіпкерлікті салықтан босату;
4) Түркістанда зайырлы Халықаралық Қазақ – Түрік университеті жұмыс істейді, сонымен қатар Түркістанда ең жоғарғы деңгейде «Халықаралық дін академиясын» (әлем діндері), «Мәдениет академиясын», «Тарих қазынасы музейін» ашу керек.
5) Қоғамды ізгілендіру туралы жаңа ғылыми орталық құрылып, жаңа заманның моральды кодексі жасалып қабылданады. Осы құрылатын жаңа аймақтың маңызы ескеріліп, Түркістанға Рухани астана статусын беріп, бүкіл Қазақстанның, әрі түркі дүниесінің рухани, мәдени, діни бірегейлігінің екінші мекке деген символына және отаншылдыққа тәрбиелейтін орталыққа айналдыру керек. Стратегиялық келешекте интеллектуалды лидерстваны алуды мақсат ету. Бұл іс аса зор шаралар, ғылыми, мәдени және идеологиялық жұмыстар жүргізуді талап етеді;
6) Түркістан мен Кентау қалаларының аралығына Жаңа рухани астана қалашығын салу керек, бұл қаланың құрылысының сәулеті (архитектурасы) ежелгі шығыстық түркі өркениетінің нақышында, ұлттық нақыш бояу, таным ерекшеліктері ескеріліп жобалануы тиіс. Астана қаласы ХХІ ғасырда еліміздің жаңа модерн үлгідегі елордасы болса, ал Түркістан қаласы еліміздің ежелгі мәдени-тарихи үлгідегі рухани астанасы және мұсылман халқының негізгі мақсатының орталығы болуы керек.
7) Рухани астанада «Халықаралық Түркістан қорын» құру қажет. «Жаңа Түркістан – рухани астана», «Рухани-технологиялық кластер», «Имидж Казахстана» басылымдарын, деректі және көркемсуретті фильмдер шығару керек;
8) Рухани Жаңа Түркістан орталығын салуға атажұрт деп, түркі, өзбек, азербайжан, түркмен, қырғыз, татар, елдері, ал жалпы ислам әлемі деп араб, иран, мысырлық т.б. мемлекеттер өз көмегін берер деген үміт бар. Олардың өздерінің тарихи атажұртында, шыққан жерінде өз ұлттық нақышында ғажап ескерткіштер, зәулім ғимараттар салуға атсалысуы керек. Түркістанға келіп-кеткен адамдар өз елінің ежелгі тарихынан сыр шертетін кесене, ескерткіш, ғимараттарды көргендей болуы керек.
Мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін фактор осы болуы абзал. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өзгерістер ашылады. Қоғамның ар-ожданына кір түсірмей деградацияға ұшырамауына, қауіпсіздікті сақтауда бір үлкен қадам болады. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгереді.
– Екінші бағытты ашып берсеңіз?
– 2-бағыт. Әрине, ХХІ ғасырда жүріп жатқан жаһандану процесінде дағдарысты еңсерген Қазақстан жаңа даму жолына түсуі тиіс. Бізге, халық саны аз елге озық технология, жаңа білім, инновациялық жол қажет. Қазақстан үдемелі дамудың траекториясына шығуы шарт. Ол жаңа 6-технологиялық укладты қалыптастырған жағдайда ғана іске асады деп сенемін. Бұл биотехнология, нанотехнология, генинженериясы, электронды ақпараттық-байланыс, космосты игеру технологиялары және т.б. ІІ-бағытта мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:
1) Міне осы жаңа заманауи үрдістерді ескеріп әрі, Кентау қаласының адам және өндірістік әлеуетін пайдалана отырып, ол жердегі Кентау экскаватор зауытын, трансформатор зауытын, «Ащысайполиметал» АҚ және т.б. зауыттардың өндіріс күштерін модернизациялау керек;
2) 6-технологиялық укладтағы жаңа зауыттар салу керек. Жаңа бағыттағы жоғарғы технологиялық мамандар дайындау.
3) Бұл жерге Жібек Жолы транспортты-логистикалық орталығы, шағын инновациялық бизнес орталығы, технополис, технологиялық колледж және т.б. инфрақұрылымдар салыну қажет. Жаңаша айтқанда жаңа технологиялық кластерді қалыптастыру керек. Сонда біз, бір жағынан, Түркістанда рухани орталықты құрып, дамытамыз, екінші жағынан Кентауда жаңа 6-технологиялық укладты қалыптастыра отырып, еліміз үшін мүлде жаңа бір жүйелі рухани-технологиялық кластер жасаймыз.
4) Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туризм кластерін құрып, дамыту қажет. Бұл, бір жағынан, моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыруға мол мүмкіндік берер еді.
5) Жаңа үлгідегі «Ауыл кластерін» жасау қажеттігі – уақыт талабы. Ол – ХХІ ғасырда қазақ ауылының сипаты қалай болуы керек деген мәселеге нақты жауап болмақ. Ауылды гүлдендіру, өркендету арқылы елімізді көркейтеміз. Ауылды көркейтудің бұл жолы «Ауыл кластерін» жасау арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, елді мекендердегі халықты тұрақтандырылады, сөйтіп демографиямыз жақсара түсері анық. Бұл жоба ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған мақсатына сай болады деп санаймын, әсіресе санымызды тез арада көбейтуге (табиғи өсімнен болған демографиялық шарықтауға) әсерін тигізеді және бұл демографиялық мәселеге үлкен мән беріп басты приоритет ретінде қарау керек. Халқымыздың санын көбейтпей бай-қуатты мемлекетке айналуымыз екі-талай.
6) Бұл Еуразиялық мегапроект болғандықтан, оның геосаяси мәнін күшейту үшін Ресей мен Қытай мемлекеттерін тарту керек. Космосты игеруде (Байқоңыр), туризм және транспортты логистикалық холдингте (Ұлы Жібек Жолы), жаңа технологиялық укладтағы зауыттар салуда, уранды т.б. ресурстарды бейбітшілік мақсатта пайдалануда Ресей мен Қытай инвестициялары арқылы қатыстыру зор күш береді.
– Жобаның мәнін, өзгешелігін, мақсатын толығырақ айтсаңыз?
– Осындай ірі жоба негізінде дүниежүзінде алғаш рет Түркістан және Кентау қалаларының базасында жаңа рухани-технологиялық кластер қалыптасатын болады. ХХІ ғасырда тұңғыш рет, бір аймақ мысалында адамзат баласының рухани, мәдени және технологиялық дамуының жаңа үлгісі қолданысқа енбек. Мұнда қоғамның гуманизациялануына бір жағынан рухани салалар, ал екінші жағынан жаңа 6-технологиялық тетіктер, құрауыштар қызмет ететін болады. Халықаралық деңгейде бірінші рет, аналогі жоқ мегажоба қолданысқа енген жағдайда осы бір аймақтың мысалында жалпы адамзаттың болашақтағы жаңаша даму мәселесі шешілетін болады, әрі оның жаңа моделі, қоғамды гуманизациялау моделі қалыптасады деп сенеміз.
Мақсат біреу – ол «Түркістанды рухани, мәдени орталыққа (мегаполиске) айналдыру. Сонымен қатар тарихта алғаш рет бір аймақ мысалында адамзаттың рухани және жаңа технологиялық, инновациялық дамуды үйлестіру арқылы тың мүмкіндіктердің жаңа үлгісін дүниежүзіне паш ету. Осыған арналған әлемдік деңгейде ғылыми-практикалық конференция өткізу, жобаның тұсаукесер рәсімін (презентация) жасау қажет. Күні бүгінге дейін әлемдік тәжірибеде бұл мәселелер мұндай жүйелі түрде кешенді шешілмей келеді.
Бұл жоба бір ғана аймақтың мәселесін түбегейлі шешу арқылы әлемге осы жаңа рухани-технологиялық даму жолы арқылы адамзатты өркениетті дамытуға болатынын көрсете алады. Оның АҚШ-тағы «Силиконовая долинадан» өзгешелігі рухани, мәдени даму және ауылды жаңғырту мәселесін жаңа заманға сай, жаңа инновациялық технологиялармен үйлестіру негізінде дамытып адамзатқа қызмет еткізу.
– Бұл жобаға халық қалай қамтылады?
– Осы жобаға орай Еуразияның қақ ортасында Ұлы Жібек Жолының бойында алғаш рет Жаңа Түркістан рухани-технологиялық өңірі, яғни жаңа даму мегаполисы қалыптасады. Егер бұл аймақтың адами әлеуетіне келсек, Түркістан қаласы мен оның маңайында 300 мыңға жуық халық тұратын болады, ал Кентау қаласында 150 мың халыққа дейін мекендейді. Болашақта Түркістан мен Кентау қалаларының аралығындағы жаңа рухани астана қаласында 100 мыңнан астам адам мекен ететін болмақ. Оған қоса жалпы оңтүстік аймақта – Шымкент, Жамбыл, Кызылорда, Алматы қаласын қоса алғанда 7,6 млн астам халық тұрады екен. Бұл Қазақстан халқының ең тығыз орналасқан, әрі қазақтар көбірек шоғырлаған аймақ. Бұл Қазақстандықтармен қоса осыншама адам әлеуетінің рухани, мәдени астананың дамуына тигізетін ықпалы да зор болмақ, қаншама мыңдаған адам жұмыспен қамтылады. Аймақ ежелгі Ұлы Жібек Жолының бойында жатыр. Дүниежүзі халықтарының назарын аударатын археологиялық жаңалықтар табылып жатқан Отырар, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, сирек кездесетін Таңбалытастағы тектографтар, Алтын киімді адам табылған ежелгі Сақ (Есік) қорымы, Ақсу-Жабағылы қорығы және т.б. ежелгі өркениетті дәлелдейтін археологиялық қазбалар мен жәдігерлер, ескерткіштер, кесенелер – мәдениет бесігіне айналған аймақтың шетелдік туристер үшін еліміздің брендтері саналмақ. Сондықтан да рухани, мәдени астанада Халықаралық туризм кластерін құру уақыт талабына жауап беретін шараның бірі болмақ.
– Ауқымы үлкен болғандықтан жобаға қаражатты қайдан аласыз?
– Қаржыландыру көздері:
1. Заң бойынша көзделінетін мемлекеттік, республикалық, жергілікті бюджеттер қаражаты. Ұлттық қордан келешек үшін қаражат бөлу.
2. Түркі әлемінің кіндік қаласы ретінде Түркістанды қайта өркендетіп рухани астанаға айналдыру мақсатында Халықаралық қор құрылады.
3. Инновациялық, жаңа технологиялық жобаларға шетел инвестициялары тартылады.
4. Түркітілдес елдер атажұртында бой көтерген Рухани астанаға өз қолдауларын көрсететін болар. Бұл шараға ислам елдері де ат салысады деген үміт зор. Жаңа рухани астананың кескін-келбеті де мүлде жаңа сипатқа ие болады.
5. Әр облыс бұл жобаға өз үлестерін қосуға тиіс. Қазақ тарихындағы белгілі тұлғалар пантеоны құрылады. Халқымыздың тарихи белестердегі ерлік қимылдары, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресінің панорамалары жасалынады.
6. Заңды және жеке тұлғалар да жобаны қаржыландыруға тартылады, Асар ұйымдастырылады т.б.
– Кімдер іске асырады?
– Бұл «ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ» РУХАНИ – ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КЛАСТЕРІН ҚҰРУ мегажобасын іске асыру барысын сол жоба біткенше Өкімет пен халықаралық қордың кеңесіне беру және де Парламенттің бақылауын қою қажет. Ал Халықаралық имидж үшін бұл жоба тікелей ҚР Президентінің бақылауында (патронажында) болғаны абзал. Жобаларды инвестиция салған халықаралық және өзіміздің заңды тұлғалары іске асырады.
– Жобаның жаңалықтары, ерекшеліктері неде?
– Ең маңыздысы рухани және жаңа технологиялық құрылымды біріктіріп бір процесс ретінде жүргізу нәтижесінде біз ең қымбат адам капиталының тиімді пайдалануын қамтамасыз ете аламыз. Мұндай бiртұтас шешім ретінде мегаполистік жоба әлемге жаңа түрткі болмақ. Дүниежүзінде бүгінгі таңда мұндай өркениетті дамуға бағытталған рухани-технологиялық орталық жоқ, яғни:
1) Көне Түркiстан жаңа қоғамның ізгіленген (гуманизацияланған) рухани орталығы болмақ. Көптеген мемлекеттердің ұлт, ұлыстардың рухани құндылықтарын жаңғырту арқылы жаңаша даму үрдісіне келеміз, елдің басын біріктіретін күш пайда болады.
2) Жаңа технологиялық кластер орталығы болатын Түркістан және Кентау қалалары, ауыл, туризм, транспортты-логистикалық кластерлері инновациялық дамуға серпін беретін болады.
3) Аймақта жаңа шығыс стиліндегі қала – Рухани астана қаласы бой көтереді. Бұл жаңа қалашықта әр мемлекет, әр ел, этнос өз даму тарихын, мәдениетін, дәстүр-салтын, әдет ғұрпын, өркендеу кезеңдерінің тарихын көре алмақ. Жаңа Түркістан адамның рухани санасына өзгеріс әкеледі.
4) Түркістан өңірінің бай-қуаттылығын 2 фактор шешеді: ол еліміздің жер байлығы, капитал және Еуразияда алатын географиялық орны. Осыған орай 2015 жылы бітетін батыс Қытай батыс Еуропа жолы арқылы Ұлы Жібек Жолы жаңғырады. Оның теңіз, мұхит жолынан тиімділігі әлде қайда артық болмақ, тасымалдау уақытынан ұту арқылы. Ал жер, қазба байлығы жағынан тек Қазақстанның өзі әлемде 9-орында тұр. Тек тиімді игеру қажет. Ағылшын Х.Д. Маккиндер айтқан екен «Еуразияны бақылаған ел – бүкіл дүниежүзін де бақылайды» деген. Қосымша айтарым басымдылықты судан қалай құрлыққа алып келу? Құрлықты бақылау, суды бақылаудан мүлдем өзгеше және қиын да, себебі құрлықта миллиондаған халық бар.
Бұл жобада дүниежүзінің тарихи дамуының логикасы, ислам және түркі дүниесінің тарихы, рухани-мәдениеті, Қазақстанның тарихи даму жолы, концепциясы, мемлекеттік бағдарламалар ескерілді. Және де ХХІ-ғасырда, жаһандану процесінің ертең бізді не күтіп тұр, қай бағытта жүруіміз керек, неге басымдылық беру, нені ескерген жөн деген сұрақтарға да ғылыми жауап іздеп ескеруге тырыстық.
– Қорытынды қандай?
– Қорыта айтқанда, бұл Халықаралық ұлттық мегажоба «Түркістанды рухани астанаға айналдыру» іске асқан кезде Қазақ халқының мәртебесін көтерумен қатар, мұсылман мемлекеттерінің, халықтарының, ислам әлемін біріктіретін бір рухани, өркениетті орталыққа айналады. Қазіргі таңда бұл бәрін біріктіретін бір қозғаушы күш сияқты болуы қажет. Бұл дүниежүзіне, әсіресе алпауыт мемлекеттерге жаңа цивилизациялық үн қату болады! Ислам діні басқа діндермен қосылып терроризмге емес, (капиталистердің қайталай беретін) адамзаттың рухани, қауіпсіз дамуына тікелей оң әсерін көрсете отырып, бөлуге емес бірлікке шақырады. Бұл жоба адамзаттың жаңаша ойлауында рухани революция жасауға батыл қадам деген сөз. Бұл мегажоба дүниежүзілік тәртіптің, рухани-жаңа технологиялық дамуының, халықаралық қауіпсіздіктің бір аймақтық моделі болмақ.
– Мәртебесі ше?
– Жаңа жоба іске асқаннан кейін бұл өңір заңды түрде «Жаңа Түркістан» әкімшілік уәлаяты (облысы) мәртебесіне ие болуы керек. Халықаралық деңгейде «Жаңа Түркістан» батыс пен шығысты біріктіретін, интеграциялайтын Ұлы Жібек Жолы әлемінің әлеуеттік мүмкіндіктерін жұмылдыратын ғасырлық рухани орталыққа айналады.
Жаңа Түркістан бір мемлекеттің аймағынан шығып Еуразиялық интеграциялық орталыққа айналып, бірнеше елдің рухани құндылықтарының тоғысатын жері болмақ. Соның арқасында қоғамның, елдің бірлігі артады, Қазақстанның тұрақты даму жүйесі қалыптасады. Бұл аймақтық жоба нәтижесін берген соң, оны әлемнің ізгілік дамуына Түркістан рухани полигоны ретінде дүниежүзінің басқа жеріне де пайдалану керектігі күн тәртібінде болады. Жаңа Түркістан рухани орталық ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының, Юнесконың тікелей қамқорлығында болуы тиіс және де Түркістанда олардың қоғамды ізгілендірудегі (гуманизациялаудағы) аймақтық өкілдіктері ашылуы мүмкін.
Осыдан бір ой туады, егер Шыңғыс Хан ХІ-ғасырда соғыспен, найзаның ұшымен жарты әлемді бағындырса, ал жаңа Түркістан аналогі жоқ жобамен, жаңа білімнің күшімен, дүниежүзінің ізгілік (цивилизациялық) дамуына тікелей әсер етеді, үлкен серпіліс (импульс) береді. Бұл мегажоба адамзаттың жаңаша, қауіпсіз дамуына үлес қосу үшін, ғылыми жаңалық ретінде ұсынылып отыр. Бұл жобаны күтпеген жерден табылған гениалды идея, ғылыми жаңалық, жаңа жүріс деуге болады.
Сұхбаттасқан
Әмір ӘБСАДЫҚ