«ТВОРИ ДОБРО» творил ЗЛО!.. Сатылған қазақ жігіттері мал ма, құл ма?

                                

 «Жетінші  арнаның» журналисті Жасын Қанбаевты       көзі қарайған Анар Әлібаева сатып алды...

 Жалпы кез-келген бұқаралық ақпарат құралы қоғамдағы келеңсіздікке дер кезінде жауабын беріп отыруы керек. Таяуда «Жетінші арнада» қазақ жігіттерінің сатылымға түскенін көріп күйінген едік. Артынша «Ұлы дала»  қозғалысының dala.tv сайтының «Жетінші арна» көрсеткен ол масқараны сойып салғанын көріп сүйіндік...

«Твори Добро» атты қор ұйымдастырған бұл масқара-шоуды маскарад-шоу деп қалса керек, «Жетінші арнаның» тілшілері «ешқандай шоу бұрын мұндай көңілді өтпеген» деп өзеурейді. «Жетінші арнаның» желпінуінің де өзіндік сыры бар екен, сатылымға түскен малдардың... кешіріңіздер, жандардың ішінде ең қымбаты осы арнаның  журналисі Жасын Қанбаев екен... Бетінде ар мен ұят тұрақтайтындай орын қалдырмай  жылтыраған ол мәңгүрт оны 1 сағатқа уақыт өткізіп, ермек ету үшін 30 мың теңгеге сатып алған Анар Әлібаева есімді қазақ... қызының шылбырында  екі езуі құлағына жете мәз болып, есі шыға қуанып бара жатты. «Бір сағаттық уақытымызды қалай өткізетінімізді өзіміз білеміз»-дейді ессіз ыржалаңдап... Енді осы шоуды ұйымдастырған «Твори Добро» атты қайырымдылық қорына келсек, бұрын-соңды мұндай қордың «қайырымдылығын» естіп көрмеппіз... Жасаса, жасап жатқан шығар, бірақ Қордың кілең қазақ жігіттерін жинап алып, базарда мал сатқандай аукционға қоюы - қандай демократияға жатса да, бұл жергілікті мемлекет құрушы ұлтты тілі мен дінін білмейтін, ділі бұзылған мәңгүрт ұл-қыздары арқылы қорлау. Енді олар қазақ қыздарын осылай сатуға шығаруды ойластыруда көрінеді... Қордың қорлығының - мұндай «қайырымдылығы» мен «добросының» атасына нәлет!   Бір сөзбен айтқанда «Твори Добро» творил зло...                Ал осы қорлауға «Жетінші арнаның» жетесіздік танытып желпілдей желігіп жарнамалап, алдына шығып алып шабуы – «Әндижанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы»-дегеннің керін келтіріп отыр. «Әндижандағы әпкеміз» «Жетінші арнаның» жетекшісі, белгілі қазақ тележурналисті Бибігүл Жексенбай неге мұндай масқараның экранға шығарылып, елге таратылуына жол беріп отыр?!. Кеше ғана «Құрмет» орденімен марапатталған Бибігүл Жексенбай аталмыш арнаның директорлар кеңесі мен  бақылаушылар кеңесінің төрайымы болған соң, «7 арна» қазақстандық ең мықты үштікке еніп, сарапшылардың айтуынша, арнаның жастар аудиториясы да үш есеге өсіпті... Сонда көрермендер саны көргенсіз шоулар арқылы ғана өсіп отырғаны ма? Бұл «Абырой» тіл мен мәдениетті қолдау қорының төрайымы болып табылатын телеледи үшін абыройсыздық емес пе? Тіліміз бен мәдениетіміздің жанашыры болып жүретін Бибігүл Жексенбай мүмкін, мұндай мәдениетсіздіктің еліміздің 86 пайызын қамтитын (арна сайтындағы мәлімет) экранға кетіп бара жатқанын байқамай қалуы да мүмкін, онда жауапты редакторларды жауапқа тартуы керек-ақ. " 7 арна" мен «Айна on-line» жобасының жүргізушісі  Жасын Қанбаевтың өз рейтингін көтеру мақсатында алдын-ала келісілген арзан шоуы қайта қасиетті санды иеленген "Жетінші арнаға" жиіркеніш туғызды.  Жасын болмай кеткір Жасынның жасанды шоуы үшін ғана оны көріп отырған қалың қазақтың ұлттық ұғымдарына  зиян тигізу керек пе еді?.. Қожайынға ұнаса, қолын да жалайтын өз ұлтымыздың мәңгүрттері өзгеден де гөрі көп зиян тигізетінін осыдан-ақ білуге болады. «7 арнаның» құрылтайшы - қожайыны кім екенін толық білмей отырмыз, әйтеуір ресейліктердің қатысы бар екенінен хабарымыз бар. Бірақ кім, қай елдің азаматы, қандай ұлт өкілі болса да, кез-келген БАҚ қазақтың дәстүрі мен діліне, ұлттық ұстанымдарына ұлттың ұятын бұзып, іштен ірітетін мұндай «мылтықсыз» шабуыл жасамау керек. Тізгіні шетелде жатқан БАҚ - бақ емес, сорға айналып жүрмесін деңіз...Кеше ғана қабылданған Қазақстан Журналистерінің этикалық Кодексіне біз «ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті» не үшін енгіздік?.. Баста бірнәрсе қалса, ділімізді, тіліміз бен тірлігімізді түзеп, Ұлы Мұқтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенін естен шығармауға тиіспіз.

Қазыбек ИСА,

"Қазақ үні" газеті

www.qazaquni.kz