ЖЫЛ АДАМЫ - 2012
2012 ж. 28 желтоқсан
3074
27
"ЖАС ҚАЗАҚ ҮНІ" ГАЗЕТІНІҢ ЖЫЛ АДАМДАРЫ
«Жас қазақ үні» газеті мен www.qazaquni.kz сайтының 2012 жылғы «Жыл Адамдары» анықталды. Бірнеше номинация бойынша «Жыл Адамдарын» 2012 жылғы 15-27 желтоқсан аралығындағы телефон сауалы, sms, электронды пошта және www.qazaquni.kz сайтындағы Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз арқылы Сарапшылар алқасы анықтады. Әрине, газет сайтындағы мыңдаған оқырманның жүздеген ұсыныстары, яғни, көпшілік қауымның таңдауы басты рөл атқарғанын айтуға тиіспіз. Біз бүгін «Жас қазақ үні» газеті (жаңа жылдан бастап газетіміз «Қазақ үні» болып аталатынын еске саламыз) мен www.qazaquni.kz сайтының «Жыл Адамдарын» жаңа жылдарымен құттықтай отырып, оларға келер жылы да келелі табыс тілейміз! Сонымен «Жас қазақ үні» газетінің 2012 жылғы Жыл Адамдарымен таныс болыңыздар!
Жыл ақыны – Мұхтар Шаханов
Биыл 70-ке толған әлемге әйгілі ақиық ақын, қанатты қайраткер Мұхтар Шахановтың тойы – халықтың өз ынтасымен өткізген ерекше ел тойы болды. Оңтүстікте басталған той Астанада, Қызылордада, Түркістанда жалғасып, Алматыда қорытындыланды. Биыл ең көп, 15 кітабы шыққан, әр өлеңінде тарих жататын ақынның басты кітабы – «ҚазАқпарат» баспасы шығарған 1400 беттік (116 баспатабақ) таңдамалы шығармалары болды.Жыл жазушысы – Төлен Әбдік
Әйгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік те биыл жемісті жетпіске толды. Аз жазса да, саз жазатын дара дарын иесі биыл бүкіл Түркі елдерінің ішінде 2012 жылғы «Түркі әлемінің әдеби қайраткері» атағын иеленді.Жыл драматургы – Дулат Исабеков
Дарынды жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің 70 жылдығын әлем тойлады десе де болады. Өйткені қазақ мәдениеті тарихында тұңғыш рет бір тұлғаға арналған халықаралық апталық театр фестивалі дүркіреп өтті.Жыл депутаты - Азат Перуашев
Жыл сенаторы - Болат Жылқышиев Салмақтылығымен танылатын Сенат депутаттарының ішінде биыл Болат Әбжаппарұлы белсенділік танытты. Көптеген мәселелермен қатар басты мәселе – мемлекеттік тіл мәселесіне де қолдау көрсетті. Мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданарда Болат Жылқышиев: – «Мемлекеттік қызметке келген әрбір адамның мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін уақыт келді. Заң қабылданатын болған соң, талапты да күшейту керек шығар. Егемендіктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үйренгісі келгендер үйренді, үйренгісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек.Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек», – деп кесіп айтты.Жыл әкімі – Бердібек Сапарбаев пен Асқар Мырзахметов
Шығыс Қазақстан секілді орасан үлкен де, күрделі облыстың берекесін кіргізіп жатқан Бердібек Сапарбаев биыл еселі еңбегі үшін Елбасы қолынан бірінші дәрежелі «Барыс» орденін алған жалғыз әкім. Б.Сапарбаевтың келуімен Шығыстың шырайы артып, экономикалық-әлеуметтік жағдайымен қоса, мәдени-рухани саласы да қарқын алғаны мәлім. Ал биыл 80 жылдығын өткізген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Асқар Мырзахметов көптеген салада өңірді алға шығарды. Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік мерекесінен бұрын Жаңа жылға дайындалуға тиым салған тұңғыш әкім. Өзіміздің бүкіл Шығыстың нағыз Жаңа жылы – Әз-Наурызы – Ұлыстың ұлы күні тұрғанда, Христиандар мерекесі – 1 қаңтарға қара күзден дайындалатын барлық облыстар мен қалаларға қарағанда, мұндай иманды оң үрдістің Оңтүстіктен басталғаны ақиқат. Ал кешегі әскери ұшақ апатынан кейін Жаңа жылды мерекелеу Оңтүстікте мүлдем тоқтатылды. Жыл министрі – Әлихан Бәйменов пен Дархан Мыңбай Биыл «Мемлекеттік қызмет туралы Заңның» қабылдануында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы, белгілі саясаткер Әлихан Байменовтың еңбегі зор болғаны анық. Кезінде осы агенттіктің тұңғыш төрағасы болған ол жаңа қарқын, жоғары білікпен жемісті жұмыс істей білді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтің саяси салмағы және халық алдындағы шын мәніндегі жауапкершілігі мен этикалық-мәдени дәреже-деңгейін белгілеп берген заң дүниеге келді. Мамандығы журналист, идеология саласының білгірі – Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болғанда, қуанып қалған зиялы қауымның үміті ақталып келеді. Министрлік тізгінін қолға ала салысымен байыпты басшылық жасап, нәтижелі жұмыс істей білген ол қазақ тарихында тұңғыш рет Мәдениет саласы қызметкерінің күнін белгілетті. Жиырма жылдан бері жыр болып келе жатқан Қазақстан Журналистерінің этикалық Кодексі де Дархан Қамзабекұлының кезінде қабылданды. Телеарналар соңғы технологиямен жабдықталып, тәуелсіз қазақ басылымдарына да қан жүгіріп келеді. Жыл экономисі – Ислам Әбішев Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішевтың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламадағы барлығы 394 миллиард теңгенің... төрттен үшін... 302 милиард теңгені үнемдеп, қысқартып тастауы - елімізде сенсацияға айналды. Ал сенсацияға айналдырғандар... әлгі зор сыбағаларынан айрылған алапат ақшаның артында тұрғандардың жала жабуы. Қоғамдық пікір бір ауыздан Ислам Әбішевтың елжандылығы мен көзсіз ерлігін жақтап шықты. Жыл ректоры – Әмірлан Құсайынов пен Амангелді Сопбеков Президенті академик Әмірлан Құсайынов болып табылатын Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясының соңғы жылдардағы ең басты жетістігі – көп ізденістер нәтижесінде «Сәулет» мамандығы бойынша дүние жүзінде бірінші болып халықаралық аккредитациядан өтуі. Кредиттік жүйені енгізе отырып, студенттерге әлемдік білім беру кеңістігінде, шетелдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында өз білімін еш кедергісіз жалғастыруына мүмкіндік беруде. Балон үрдісіне қатысқан білім ордасы өркенитті елдердің 35 жоғары оқу орнымен, ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықта. Академия отандық жоғары оқу орындары ішінде студенттер тәжірибесін шетелдерде өткізуге мүмкіндігі бар бірегей оқу орны. Ал республикалық техникалық және кәсіптік оқу орындары байқауында «Ең үздік оқу орны» атағын жеңіп алған Амангелді Сопбеков басқаратын Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі биыл оңтүстікте өткен байқауда «Жыл шебері–2012» атағына да ие болды. Оқу ордасы өзінің мықты техникалық базасымен ерекшеленіп, түлектері жыл сайын республикалық байқауларда жеңімпаз болып жүр. Жыл киносы – «Жаужүрек мың бала» Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың әр киносы атаусыз қалған емес. Ал «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі бүкіл елдің ықыласын жаулаған халықтық-патриоттық киноға айналды. Жыл режиссері – Ермек Тұрсынов «Келінімен» елдің наразылығына (эротикалық көріністері үшін) ұшыраған белгілі режиссер Ермек Тұрсынов биыл «Шал» атты туындысымен ел ықыласына бөленді. Адам тағдыры, адам мен аң арасындағы тартысқа құрылған философиялық бұл картина да «Келіндей» түсірілу шеберлігімен ерекшеленеді. «Келінде» кеткен кейбір кемшілікті «Шал» шарықтаған көркемдікпен алмастырған. Яғни, «Келіннің» авторын «Шал» құтқарды... Жыл актері – Ерболат Тоғызақов «Шал» фильміндегі басты рөлді орындаған 65 жастағы шал Ерболат Тоғұзақов жаңа есім ретінде жарқ етті. Кез-келген қара жұмысты істеп жүре беретін қарапайым жанның орындаған Қасым шалы оған зор даңқ пен танымалдылық және табыс әкелді. Жыл сайын берілетін «Құлагер» ұлттық кино сыйлығында ол «Ең үздік ер адам рөлі» үшін сыйлығын жеңіп алды. Баспанасыз қалған Ерболатқа сыйлықпен қоса тосын сый ретінде пәтер кілті де табыс етілді. Жыл сазгері – Ермұрат Зейіпхан (марқұм) Биыл өмірден ерте кеткен талантты әнші-композитор Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» (сөзі Алмас Ахметбекұлыныкі) әні телеарналар мен барлық жиындарда орындалып, ел аузынан түспеді. Жыл әншісі – Жұбаныш Жексенұлы мен Ескендір Ибрагим Сазды дауысты саңлақ әнші Жұбаныш Жексенұлы биыл да экран мен эфирден түскен жоқ. "Дала даусы" радиофестивалының жеңімпазы атанды. Жүргізушілігінің өзі ешқандай журналистен кем емес ол, елдің қай жерінде болса да, дара дарынымен халықтың ықыласына бөлене білді. Ал Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнін орындаумен танылған жас әнші Ескендір Ибрагимді ел жақсы біліп, бірден ұнатып қалды. Әсіресе, ол осы әнімен Лондон Олимпиадасына арналған бейнероликте жарқырап көрініп, жастарды патриоттық тәрбиеге жетеледі. Жылдың музыкалық тобы – «Нұр-Мұқасан» мен «Алаш үні» топтары Әдеттегідей елдің сүйікті әншілері «Нұр-Мұқасан» тобы Қазақстанның бар түкпірінде ән шырқап қайтты. Олардың әуезді де, көркем бай репертуарлары да ел көңілінен шыға білді. "Қазақтың 100 әні" бәйгесіне 3 әнмен қатысып, жоғары дауыс жинаған Нұр-Мұқасанды ел асыға күтеді. Ал биыл «Алашұлы» тобының ұлттық бояуы барынша жарқырап көрінген жыл болды. Алаштықтар «Еларнаның» «Саз әлемі» байқауында халықтың ең жоғары бағасына ие болды. Енді ұлттық бағыттағы әншілер де көбейетін шығар. Жыл ғалымы – Нұралы Бектұрғанов «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы, академик Нұралы Бектұрғанов биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Оның басқаруымен «Парасат» холдингі химиялық және тау-кен металургиясы, нанотехнология саласында көптеген ғылыми жетістіктерге жетіп келеді. Жыл дәрігері – Юрий Пя Тәуелсіздік мерекесі күні Елбасы қолынан «Парасат» орденін алған «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Юрий Пя кеше ғана «Алтын адам-2012» атағына да ие болды. Бүкіл жаңа технология бар, жабдықтары өзге елдерден кем түспейтін ұлттық ғылыми орталықта әлемде жасалып жатқан барлық операция жасалуда. Оның бәрі еліміздің барлық азаматтары үшін қолжетімді болып отыр. Елімізде тұңғыш рет адам жүрегін ауыстырып салу осы орталықта іске асты. Жыл спортшысы – Серік Сәпиев пен Илья Ильин Лондон Олимпиадасында қазақ спортшылары әлемді таңғалдырып, 7 алтынды жеңіп алды. Біз үшін қасиетті сан – жетінші алтын және Баркер кубогының иегері – Серік Сәпиевтің бокс шаршы алаңында атой салып, алаң қожайыны – ағылшындықты қуып жүріп сабап, еліміздің Әнұранын шырқатқаны болды. Ал баһадүріміз, Бейжің Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Ильия Ильин Лондонда Қазақстан тарихындағы тұңғыш 2 рет Олимпиада чемпионы атанды. Жыл жетістігі – Астана қаласының әлемдік дәстүрлі халықаралық көрме өткізубайқауында 160 елдің ішінен айқын басым дауыспен жеңіп алған ЭКСПО – 2017 бәйгесі. Жыл жеңісі – қазақ спортшыларының Лондон Олимпиадасындағы 7 алтыны. Жыл датасы – Алашорда үкіметі құрылғанына – 95 жыл, 13 желтоқсан. Жыл үнемі – 302 милиард теңге үнемдеген Су комитеті. Жылдың қылмысты оқиғасы – 15 адамды жалмаған Арқанкерген оқиғасы. Жыл жемқорлығы – Атырау облысындағы 32 миллиард теңге жымқырылу оқиғасы. Жылдың қаралы оқиғасы – әскери әуе ұшағы апатынан 27 адам қаза тапқан 25-желтоқсан.Ескертпе: "Жыл адамы -2012" таңдауына іріктеу ұсыныстарымен
http://www.qazaquni.kz/14242.html бетінен таныса аласыздар
www.qazaquni.kz