Ұшақ апаты жөнінде генералдар пікірі әртүрлі

 
ҰҚК шекара қызметінің Сайрам ауданында апатқа ұшыраған Ан-72 әскери-жүк ұшағы. Бұл суретті ұшақ Алматыға келіп қонған сәтте 2012 жылғы 25 қараша күні журналист Григорий Беденко түсірген. Автордың рұқсаты бойынша жарияланып отыр.25Nov2012
Ұшақ апатынан кейін қызметтегі және экс-генералдар әскери–әуе флотындағы мәселелерді айтты. Генералдардың кейбірі аты-жөнін атаудан сескенді.
Азаттыққа пікір білдірген отставкадағы генерал Валерий Сапсай Ан-72 ұшағын жөндеу жұмыстарына қатысты сын пікірін айтты.
БҰРЫНҒЫ МЕН БҮГІНГІНІҢ «ТЕХЖӨНДЕУІ»
Қазақстан генералдары Жеңіс күні 28 панфиловшылардың саябағына келді. Алматы, 9 мамыр 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
- Құлаған Ан-72 эксплуатацияда 20 жылдан аса болған. Бұл уақытта бір ғана  моторесурстар істен шықпаған болар. Әрине ол күрделі жөндеуден өтті. Бірақ мен жөндеудің тиісті деңгейде жасалғанына күмән келтіремін. Оның үстіне, жөнделген ұшақты қабылдап алу да Совет кезіндегідей тиісті деңгейде болмауы мүмкін. Бұрын жөндеуге ұшақ жіберілгенде, оның экипажы да бірге баратын. Олар жөндеу барысын қадағалап, әр сым мен әр бөлшегін бақылап тұратын, - деді генерал Сапсай. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде қызмет еткен, аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір генерал: - Біздегі Украиналық Ан-72 күрделі жөндеуден Ресейдің Таганрог қаласында өтті. Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңдер жөндеу барысына кері әсерін тигізеді. Қазір көптеген бюллетендер орындалмайды. Украинадағы Антонов конструкторлық бюросы (Ан-72 ұшағын шығаратын зауыт - ред.) күрделі жөндеуде міндетті түрде орындалуы тиіс бюллетендерді қадағалауды баяғыда тоқтатқан. Бұдан бөлек, Таганрогке Антонов конструкторлық бюросынан шыққан саймандар түспейді және Таганрогтің өзінің жөндеу қоры да жоқ, - деді генерал. ҚАЖЕТТІ СҰЙЫҚТЫҚ Азаттыққа пікір білдіргендер генералдар ұшу аппараттарына керек арнайы сұйықтықтарды сөз етісті. - Қысқы уақытта ұшақтар мен тікұшақтарға жанармайды қатырмайтын арнайы сұйықтық қажет. Ұшақтарда ол болмаса, бірнеше тонна мұз пайда болады. Бұл, әрине, оның апатқа ұшырауына алып келуі мүмкін. Жақында қазақстандық әуекомпаниясының ұшағымен Домодедоводан Алматыға ұшып келдім. Рейс бірнеше сағатқа тоқтатылды. Кейін анықталғандай, проблема  жанармайды қатырмайтын сұйықтықтан болған. Бұл сұйықтық Қазақстанда шығарылмайды. Өте қымбат болғанына қарамастан, оған қол жеткізу де қиын, - деді генерал Валерий Сапсай. Атын атамауды сұраған сарапшы, «аязды күні ұшу аппараттарына аспанға көтерілмес бұрын «Арктика» деп аталатын арнайы сұйықтық толығымен жағылуы керек. Олай болмаған жағдайда, ұшақ апатқа ұшырауы мүмкін» дегенді айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Ан-72 ұшағының құлауына жанармайдағы арнайы сұйықтықтың жеткіліксіз немесе оның тіпті болмауы себеп болуы мүмкін».
АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
-  Төмен температура кезінде ұшақ жанармайына «И» деп аталатын арнайы сұйықтық құйылады. Ол жанармайда мұз кристалдарының пайда болуына жол бермейді. Ауа-райы плюс 5 пен минус 10 градус аралығында аталған сұйықтық жанармай мөлшерінің 1 пайызы болуы тиіс. Ал минус 10 градуста – екі пайыз, минус 20 градуста үш пайыз болуы тиіс. Егер олай болмаса, мұз кристалдары жанармай фильтірлерін «қоршап», қозғалтқышқа жанармай жетпей қалады. Ұшақ соңғы – төртінші  айналымда қонуға ыңғайланған. Яғни, экипаж қонуға дайындалған. Сол сәтте ұшақ құлай бастаған. Екі қозғалтқыш бірдей «сөніп» қалған болуы әбден мүмкін. Әрине «қара жәшіктің» нені көрсететінін күту керек. Егер ол екі қозғалтқыштың «сөніп» қалғанын көрсетсе, оған тек аталған сұйықтықтың болмауы себеп болуы ықтимал, - дейді сұхбаттасымыз. Оның айтуынша, постсоветтік кезеңде дәл осы себептен бірнеше әуе апаты болған. Ол «И» және «Арктика» сұйықтықтарының Қазақстанда шығарылмайтынын, қазір оны табудың қиын екенін айтты. Аты-жөнін атамауды өтінген генерал Ан-72 ұшағының багында жанармайдың көп болғанын айтты. - Бұл ұшақ 4 мың 700 километр қонбай ұша алады. Астанадан Шымкентке ұшты, бұл - шамамен 1 мың 500, 1 мың 800 километр. Яғни, жанармайдың үштен бірін ғана жаққан. Құлағанда өртенген - осы отын. Жарылыс та содан болған. Бұл ұшақ - сенімді көлік. Ал оның төртінші айналымда құлай бастауы қозғалтқыштарға бірдеңе болғанын білдіреді, - деді ол. Сарапшылар «апат себептерін анықтау үшін тәуелсіз халықаралық комиссия құрылғаны жөн» дейді. - Құлаған ұшу аппараты ресейлік. «Қара жәшіктер» әдетте Ресейге жіберіледі. Әдетте Ресей жағы «техниканың сенімді екені соншалық, апатқа техникадан себеп болмаған» деген саясат ұстанады. Сараптама жүргізген эксперттер ресейліктер болғандықтан, бұл сөздерін оңай дәлелдеп береді. Қазақстан жағы да өз мамандарының «білікті және экстремалды жағдайда өте батыл әрекет еткендігін» айтып шығады. Тараптар әдетте апатқа «түсініксіз жағдай себеп болды» деген тұжырым жасайды , - дейді Валерий Сапсай. ӘБІҚАЕВТЫҢ ҮШ БОЛЖАМЫ
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.
2012 жылы желтоқсанның 26-сы күні Шымкент қаласында брифинг өткізген Қазақстан ҰҚК төрағасы Нұртай Абықаев әскери ұшақ апатына қатысты бірнеше болжамын айтты. - Қазір бірнеше болжам қарастырылып жатыр – адам факторы, техникалық ақау мен ауа-райының қолайсыздығы. Қазір «қара жәшік» табылып, сараптамаға жөнелтілді, -деді ол. Ол ұшақтың Украинадан техникалық жөндеуден өтіп, Қазақстанға 2012 жылы қарашаның 2-сі күні келгенін, «экипаждың да өте білікті» болғандығын атап өтті. ДЕПУТАТТАР ПІКІРІ Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, қорғаныс министрі (1993-2007) болған, армия генералы, қазіргі парламент депутаты Мұхтар Алтынбаев әскерилер арасында «Чебурашка» деп аталып кеткен Ан-72 ұшақтары туралы пікірін айтты. Алтынбаев оларды «реактивті ұшақ, қазіргі заманғы машина» деп сипаттады. Желтоқсанның 26-сы күні жергілікті телеарнаға берген сұхбатында генерал «(Ан-72) жұмсақ қара жерге қона береді, бұл ұшақты жүргізгенмін, маған өте ұнайтын, себебі басқаруға ыңғайлы және навигациялық тұрғыда жақсы жасақталған» деп атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Ан-72 «күрделі ауа-райы мен ұзақ жолға арналған, қолайлы әрі жақсы көлік».
Экипаж қателігі, ауа-райының қолайсыздығы, техниканың ақауы, құстармен немесе басқа да денелермен соқтығысып қалу сияқты себептер болуы мүмкін.
Ол апатқа көптеген себептер болуы мүмкін екенін айтып, «экипаж қателігі, ауа-райының қолайсыздығы, техниканың ақауы, құстармен немесе басқа да денелермен соқтығысып қалу» факторларын атады. Құлаған ұшақтың техникалық жағдайының жақсы болғанын мәжіліс депутаты, генерал Бақытжан Ертаев та айтқан еді. - Себебін әрине тиісті орган анықтай жатар. Бірақ тәртіп болуы тиіс. Мен бұдан ертеректе барлық ұшатын әскери аппараттар қорғаныс министрі сияқты бір мекемеге бағынуы керектігін айтқанмын. Мүмкін сонда ұшақтардың түрлі ауа-райы жағдайында ұшып-қону тәртібі пен дисциплина болар ма еді. Бұл - менің әскери адам ретіндегі жеке ұсынысым, - деді агенттіктердің біріне сұхбат берген депутат. 2012 жылғы желтоқсанның 27-сі Қазақстанда қаралы күн деп жарияланды. Бұл – биыл жарияланған екінші аза тұту күні. Мамырдың 5-і күні Арқанкергендегі 14 шекарашы мен орманшының қазасына орай ұлттық аза тұту күні жарияланған еді. КЕЙІНГІ ТӨРТ ЖЫЛДА БОЛҒАН ӘУЕ КӨЛІКТЕРІ АПАТЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ   Кейінгі төрт жылда әуе көліктерінің апатынан Қазақстанда 62 адам қаза тапты.
Ақсай шатқалын бақылап жүрген тікұшақ. Алматы облысы, 18 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
2008 жылы ақпан айында Қызылорда облысында төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы құлады. Бортында аймақтағы су тасқынының көлемін көруге шыққан 15 адам - сол кездегі осы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед, журналистер, шенеуніктер болған. Бес адам қаза тапты. Апат себептерінің ішінде «қозғалтқыштарға жанармайдың жетпей қалуы» да болды. 2009 жылы Алматы облысында қорғаныс министрлігінің Ми-24 тікұшағы құлады. Экипаждың үш мүшесі ауыр жарақат алды. Тікұшақтың құлауына «өздігінен бұрылып кетуі себеп болды» деген ақпарат таратылды. 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ҰҚК шекара қызметінің Ми-8 тікұшағы құлады. Тікұшақ шекара бұзған адамдарды ұстауға шыққан. Бұл апаттан он адам қаза тауып, үш адам жараланды. Кейіннен «тікұшақ құйрығы жартасқа тиіп кетіп, құлады»  деген уәж айтылды. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы құлады. Бортта болған сегіз адам қаза тапты. Апат себебі - қолайсыз ауа-райы. 2012 жылы тымыздың 22-сі күні Астана әуежайында Ми-17 тікұшағы құлады. Төрт адамнан тұратын әскери экипаж жаттығу үшін ұшқан. Құлаған әуе көлігі бөлшектеніп, өртеніп кетті. Экипаж апат орнында қаза тапты. Сол кездегі әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы генерал Александр Сорокин «Тікұшақ - жаңа, экипаждың дайындығы мықты болған» деп мәлімдеді. Апаттың бірнеше себептері айтылды. 2012 жылы қарашаның 29-ы күні Алматы облысында жоғалып кеткен Ми-8 тікұшағының қирандысы табылды. Тікұшақтың «Евро-Азия Эйр» компаниясына тиесілі екені анықталды. Әуе көлігі Атасу - Алашаңқай мұнай құбырын бақылау үшін ұшып шығып, қарашаның 24-і күні Қытай шекарасына таяу, Көктума және Достық елді мекендерінің арасында жоғалды. Бортта болған сегіз адамның түгелі опат болды. Апат себептері әзірге айтылған жоқ. Тікұшақтың «қара жәшігі» Ресейге жіберілді.
АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
Желтоқсанның 25-і күні ҰҚК шекара қызметіне қарасты Ан-72 әскери-жүк ұшағы Шымкент қаласының маңында апатқа ұшырап, бортындағы 27 адам түгел қаза тапты.Апат құрбандарының арасында шекара қызметінің директоры міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен "Оңтүстік" аймақтық басқарма бөлімдерінің бастықтары бар екені белгілі болды.Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімі бойынша желтоқсанның 27-сі ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Азаттық радиосы

Мәншүк АСАУТАЙ

1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі.