ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ - ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛҒАН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ КҮРЕСІ
Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ - ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛҒАН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ КҮРЕСІ
«Желтоқсан ақиқаты» кітабын жанарыңа жас алмай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Өрімдей жап-жас қыздарды тепкілеп, денелерін шылыммен күйдіргенде етінен өтіп, сүйегіне дейін жеткен екен. Шаштарын құйқасымен жұлып алып, тәнінен етін ойып алса да, жастардың ләм-мим деп жақ ашпағанын оқыдық. Жанымыз күйзелді. Кітаптың құндылығы сол, бұрын айтылмаған шындықтың беті ашылған. Осы аталған кітаптың авторы және «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы Нүкенге жолығып, қазақ жастарын қыршынынан қиған сол бір зұлматты күндердің ащы шындығын естiген едiк.
– Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан көтерілісіне» бертінге дейін стихиялы түрде болған деп баға беріліп келді. Ал осы кітапта желтоқсан ардагері Айша Айтжанованың айтуынша, оны астыртын ұйым ұйымдастырған екен. Кеңес заманында ұлттың тағдырына алаңдаған қазақтың марқасқа жігіттері астыртын ұйымдар құрыпты. Сонымен бірге жастар ұлттық мүдде мен намысты ту етіп, алаңға өз еркімен барған. Ол да – факт. Ендеше, неге «Желтоқсан көтерілісіне – қазақ халқының саяси санасының оянуынан болған көтеріліс» деген баға берілмей отыр?
– Желтоқсан көтерілісіне ондай бағаның берілмей отырған себебі, 1986 жылы жастарды жазалауға қатысқан бірқатар адамдар қазір билік басында отыр. Олар «шындықтың беті ашылып қала ма» деген қорқынышпен желтоқсан көтерілісіне қатысты арнайы заң шығармау үшін, саяси және тарихи баға берілмеуі үшін күш салуда. Сондықтан да бұл мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр. Келешекте олар орынтақтарынан кетіп, оның орнына ары таза адамдар келген кезде Желтоқсан көтерілісі өзіне тиесілі бағасын алып, ал оған қатысқан қаһармандар құрметке бөленеріне шек келтірмеймін.
Қазақ халқының мүддесін қорғаған зиялы қазақ жастары астыртын ұйымдар құрғаны туралы қазір естіп жатырмын. Бірақ, 1986 жылы ол ұйымдар туралы еш нәрсе білмедім. Мен алаңға өз еркіммен бардым. Дегенмен, Мұрат Әуезов бір басылымға берген сұхбатында: «Мен тәуелсіздікті аңсап өскен ұрпақтың өкілімін. Сондықтан да тәуелсіздік үшін күрескен жастардың бел ортасында жүріп, жақын достарыммен бірге ұйтқы болдым. Еркін сөйлеуге жағдай пайда болған 60-жылдары Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастары «Жас тұлпар» деген ұйым құрдық. Негізі, біздің ұйымды аяқ астынан пайда болды деуге болмайды. Біз «Алаш» партиясының ұшқынынан алаулаған жалын едік. Сол жалын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен сабақтасты. Мұны тәуелсіздік жолындағы ұрпақ үндестігі деуге болады. «Жас тұлпар» қанатын кеңге жайып, үгіт-насихат жұмыстарын Ленинград, Киев, Рига, Саратов сынды ірі қалаларда және Қазақстанда жүргізді. Көкшетауда «Тың тұлпары» деген ұйым құрылды. Ұйымның беделді мүшелері болған рухы жоғары, ұлттық санасы оянған Болатхан Тайжан, Сәбетқазы Ақатаев, Алтай Қадыржанов, Марат Сембі, Мақаш Тәтімов, Сәрсенғали Құспанов сияқты патриоттар құпия басқосуларда төл тарихымыз бен ана тіліміз туралы, бостандық жайлы көкейтесті пікірлерімізді ортаға салдық. Алайда, мұны біліп қалған КГБ арамызға өз жансыздарын жіберіп, біз жайлы бүкіл мәліметтерді жинап, аяусыз соққы бермекші болғанда, оларды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев тоқтатты. Мұны Димаш ағаның үлкен ержүректік шешімі деп білемін», – дегенін оқыдым.
– Желтоқсан көтерілісі туралы шындықты ашуға билік неге қорқады?
– Жоғарыда айтып кеткенімдей, 1986 жылы көтеріліске қатысқан жастарды оқудан шығарып, түрмеге тоғытқан, өлімге итермелеген, қудалаған ары мен қолы бұлғанған азаматтар «күнәміз халыққа жария болып қалмасын» деп, қорыққандарынан шындықтың ашылуына тосқауыл қойып отыр.
– 7552 әскери бөлімшенің прапоршигі В.А.Волковтың КСРО Жоғары Кеңесінің, «Адам құқығы жөніндегі» қоғамдық ұйымның өкілдері және тағы да басқа тұлғалар қатысқан комиссияға берген жауабында 1986 жылы 18 желтоқсанда, алаңда, асфальтта 120-150 адамның жатқанын айтқан. Олардың бәрі – өлген адамдар еді. Жалпы сол көтерілісте қанша адам көз жұмды, нақты дерек бар ма?
– Әлі күнге нақты дерек жоқ. Өзім 18-нен 19-на қараған түні көтеріліске қатысқан кезде жендеттердің қолынан екі қыздың қайтыс болғанын өз көзіммен көрдім. Қыздар аяқтың астында тапталып қалмасыншы деген оймен үш-төрт жігіт бірлесіп, қазіргі монумент тұрған жерге апарып, жатқыздық та, алаңдағы жастарға қосылдық. Кейін сол жігіттердің бірі Ержан Ұзақ екенін білдім. Ол екі қыздың есімі осы күнге дейін аталған жоқ. Волков айтқандай, қала сыртына 150-ден астам адамды апарып көмген деген дерек бар, бірақ оның қай жерге көмілгені құпия. Олардың жаназасы шығарылмады, аруланып жерленбеді. Қайран жастар шейіт кетті. Қазір осындай оқиғаға куә болған адамдарды іздестіріп жатырмыз.
Сол кезде жараланған қыз-жігіттерді, қардың астында жатқан қыздарымызды машинаға тиеп алып, Қаскелең жақтағы қоқыс төгетін полигонға апарып лақтырып тастаған. Жүруге күш-қуаты барлар бір-біріне тіреу болып, жолдан машина ұстап, қалаға жетті. Жүре алмағандары сол жерде қалып, қаза тапты. Гүлнәр Байбосынова деген қаһарман қызымыздың айтуынша, аязға тоңып, таяқтан әлдері құрығандықтан тек өз бастарын алып жүруге ғана шамалары келген. Ал бойында шыбын жаны бар, бірақ жүруге шамасы жоқтар сол жерде қалған.
– Желтоқсан көтерілісі Алматыдағы бас алаңда ғана болмай, толқу бүкіл Қазақстанды қамтығандығын естіп жатырмыз. Осы жайында сіздің қолыңызда қандай деректер бар?
– Сол кездегі прокурордың газетке берген мәліметін оқыған едім. Онда «Алматыдағы бас алаңға 16000-18000 жастар жиналды» деген есеп берілді. Ал Республика бойынша 35 мың адам көтеріліске шыққан. Республиканың көптеген аймақтарында көтерілістер болып, оны Үкімет аяусыздықпен басып-жаншып отырды. Мәселен, Талдықорғанда, Қарағандыда, Оралда, Шымкентте, Семейде, Маңғыстауда және Сәбира Мұхамеджанованың ұйымдастыруымен Өскеменде болды. Қарағандының жастары 4-5 автобусқа отырып, Алматыға шыққан кезде жолдан милиция тоқтатып, оларды көліктен түсіріп алып, ұрып-соғып үйлеріне таратқан. Көкшетауда болған көтеріліс кезінде тіпті ауылдың өзін ОМОН-ның арнайы жасағы қоршап тұрған.Сол облыстарда көтеріліске шыққан адамдар қазір «Желтоқсан ақиқаты» деген мен басшылық ететін ұйымға өздері келіп, мүшесі болып қабылданды.
– Кітапқа тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің де пікірін басыпсыздар. Онда ол: «Қазақ халқы өзін-өзі басқаратын уақыт жетті, ендігі уақытта мәскеулік орталықтың өктемдігіне көне алмаймыз!» – деген тұжырым жасайды, Алаш қозғалысынан соң, араға 70 жыл салып, бұл – ұлттың мемлекеттік тәуелсіздік мәселесін көтеруі еді», – деп тарихи баға беріпті. Тарихшының сөзінде салмақ бар, ендеше, «Желтоқсан көтерілісін» «Тәуелсіздік жолындағы күрес» деп бағалау орынды шығар...
– Желтоқсанға «көтеріліс» деп баға берілсін деген өтінішпен «Желтоқсан ақиқаты» бірлесігінің 25 адамынан құралған белсенді топ Астанаға төрт рет бардық. Үкімет үйінің алдында журналистермен бірге митинг өткіздік. Парламент депутаттарына талап қойған хатымызды тапсырдық. Көкірегі ояу, көзі ашық жастар өздерінің талаптарын қоя білді. Саяси санасы оянып, тәуелсіздікке ұмтылды. Бірақ, билік 1991 жылы қабылданған Елбасының №540 «Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау» Жарлығын қалқан қылып, біздің сөзімізге әлі күнге құлақ аспай отыр. Бірақ, халық, зиялы қауым «Желтоқсан көтерілісі» деп мойындап отыр. Бұл көтеріліске Кеңестік империялық саясатқа, бодандыққа, тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан «Тәуелсіздік жолындағы күрес» деген мәртебе берілетін уақыт келді. Кеңес Одағының құрамындағы қалған 14 мемлекетке егемендік Туын ұстатқан тәуелсіздік қарлығаштары – қазақ жастары. Одан кейін қазақ жастарынан үлгі алған Балтық теңізі жағалауының елі көтеріліп, бірінші болып, одақтың құрамынан шықты. Қазақстанда дүмпу болып жатқан кезде Мәскеуде конференция болып жатқан екен. Сол жиынға қатысқан жазушы ағамыз Советхан Ғаббасовтың айтуынша, «Алматыда көтеріліс болып жатыр» деген хабар келіп түседі. Сонда Кавказ халықтары орындарынан атып тұрып, «Қазақ жасасын!» – деп ұран тастапты. Егемендікке жол салған желтоқсан қаһармандарын батырлар дәрежесіне көтеретін мезгіл келді.
– Бейсенғазы аға, сіз де желтоқсан көтерілісіне қатыстыңыз, таяқ та жедіңіз. Денсаулығыңызға қандай да бір зақым келген жоқ па?
– Басым қатты ауырады. Қан қысымым жоғарылап кетеді. Есте сақтау қабілетім нашар. Ол кезде жарақат алғанымызбен ауруханаға бару өте қауіпті еді. Өйткені, милиция алаңға барғандарды ауруханадан ұстап алып кетіп жатқандықтан дәрігерге бармадық. Мен Аягөзге кетіп қалып, Алматыға жаңа жылда бірақ келдім. Сондықтан да басымдағы жарақатты желтоқсандағы көтерілісте алғанымды дәлелдеу мүмкін емес. Бұл – тек менің басымдағы ғана мәселе емес, мүгедек болып қалған жандардың өзі оны мойындата алмай отыр.
– 20 шаршы метрлік аядай ғана бөлмеге Желтоқсан көтерілісіне мұражай ашыпсыздар. Мемлекет тарапынан бұл іске неге қолдау жасалмай отыр?
– Мұражай ашқан кезде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке хат жаздым. Бір азаматтар мұражай салуға қаржылай көмек беруге ниет білдірді. Содан қала әкімінен мұражай салатын жер сұрадым. Ол кісі мені Алатау ауданының әкіміне, ол Жер бөлу комитетіне жіберді. Ал Жер комитеті маған Шаңырақ ықшам ауданының қоқыс төгетін полигонының қасынан 10 соттық жер берді. Қатты күйініп кеттім. Бастығына барып: «Қалайша ұялмай маған мына жерді беріп отырсыңдар? Біріншіден, санитарлық нормалар ескерілмеген қоқыстың үстіне қалайша мұражай саламын. Оған оқушыларды, студенттерді және адамдарды қалай ертіп келемін», – деп биліктің мұндай қорлығына төзе алмаған мен 10 соттық жерден бас тарттым.
Мен осы мәселемен Азат Перуашовқа шығып жатырмын. Ол кезінде желтоқсан қаһармандары бір жыл қоғамдық транспортта тегін жүруі туралы бастама көтерген еді. Бірақ, ақша аударылмағандықтан, бұл бастама аяқсыз қалды. Біз тіпті автопарктердің бастықтарымен келісім шартқа да отырған едік. Ең соңында бәрі сиырқұйымшақтанып, тегін жүру билеті берілмей қалды. Дегенмен, «желтоқсан көтерілісінің қаһарманы» деген куәліктің арқасында автобуста тегін жүріп жүр. Автобустың кондукторлары өзіміздің қазақтар ғой, олар желтоқсан куәлігін көрсеткен азаматтарға «Сізге рақмет» деп жол ақысын алмайды. Міне, қарапайым халық желтоқсаншыларды осылайша қадірлейді. Оларға Үкіметтің қаулысы да, ақшасы да қажет емес. Ал жол полицейлері автокөліктегі желтоқсаншыны тоқтатқан кезде ол «Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы» деген куәлігін көрсетсе, олар әскери сәлем (честь) береді екен.Біздің ұйымнан куәлік алған 200 адам қоғамдық көлікте тегін жүріп жүр.
– Желтоқсан көтерiлiсінде қуғын-сүргінге ұшырағандар толығымен ақталып бітті ме?
– Ақталу қағазын алу өте қиын. «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінен тек 40 адамға ғана ақталу қағазын әпердім. Ақталған азаматтар ертең сотқа шағымданып, моральдық өтемақы сұрай ма деп қорыққан Үкімет ақталу қағазын беруден тайсақтап отыр. Сондықтан да барлық желтоқсаншы ақталып шықпай, соттан моральдық шығын талап етпеу туралы біздің келісіміміз бар. Біздің бірлестіктің 250 мүшесі бар. Қазір біз қайтыс болған желтоқсаншылардың басына өзіміз қаржы шығарып, тас белгі қоюдамыз. Биыл Сәбира Мұхамеджанованың басына тас белгі қойдық. Ол білім алған Өскемен қаласындағы гуманитарлық педагогикалық колледжге мәрмәр тастан тақтайша қойдық. Сәбира 16 жасында педколледждің бірінші курсында оқып жүріп, 19 қызды алаңға ертіп шыққан. КГБ сұраққа алғанда: «19 қызды алаңға ертіп апарған менмін, кінәлі де жалғыз өзіммін», – деп, бар кінәні өз мойнына алып, құрбыларын қуғын-сүргіннен аман алып қалған. Содан КНБ-ның қыспағында қалған қыз қатты қысым мен жазалауға шыдай алмай колледждің 4-ші қабатынан секіріп өлген. Қазір аман қалған 19 қыз тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып өмір сүріп жатыр. Олар өздерінің бақыты үшін әлі күнге Сәбираға рақметін айтып, рухына құран бағыштап отырады.
– Әңгімеңізге рақмет! Еліңіз үшін атқарып жатқан қоғамдық жұмысыңыздың зейнетін көріп, мұратыңызға жете беріңіз!
Сандуғаш Серікқали