ӘКЕМНІҢ АЙТПАҒАНЫН АХАҢНАН ЕСТІДІМ...

    Қазақ халқының тарихына көз жү­гіртсек, қазақтың маңдайына берілген жарқырап туған жарық жұлдыздай сегіз қырлы, бір сырлы ұлы-қыздары болған. Солардың бірі әрі бірегейі Ақселеу Сланұлы десем қателеспеймін. Ол кісінің әрбір сөзі «Тарих тыл­сымынан сыр шертеді, күйдің құдіретін дәріптейді, жұрттың көрмегеннін көреді, естімегеннін естиді, алыстың түп-тамырын қазбалайды, білетіні мұхит іспеттес, ұшы-қиыры жоқ жат­қан таңғажайып бір әлем». Ақселеу ағаның арамызда үш жылдан бері жоқ екенін, әлі күні не сенерімді, не сен­бесімді білмей, ес-алаң күй кешудемін.   Тап күні кеше ғана сияқты «Жұмамұрат құдай қалап нәсіп етсе, кішкентай Ама­нат ұлыңның тұсауын өзім кесіп бе­ремін» деген еді. (Ол кезде Аманат 9 айлық еңбектеп жүретін). Күтпеген жерден тойымсыз ажал алды да кетті. Өкінішті-ақ. Бірде Ақаңнан осы қазақта ата-ананың баласына енші беру дәстүрін қалай түсінесіз? деген сұрағыма екі сағат жауап берді, диктофонымды қостым да, алаңсыз отырып тыңдауға тура келді. Қазақ тілінде «енші» деген сөз бар және одан туындайтын алуан мағыналы сөздер күні бүгінге дейін қол­данылады. Қазақтың дәстүрлі көш­пелі өмір-салтымен орайлас дүниеге келген ру-тайпалық жүйені, оның отбасы, әулет, ата, ру, тайпа, жүз сияқ­ты ішкі құрылымдарын әлеуметтік үйлесімге келтіріп отыруға енші инсти­тутының рөлі айрықша. Қазақтың дәстүрлі қоғамын әлеуметтік үйлесімге келтіріп отыру үшін еншінің негізгі үш түрі әдет-ғұрыптық құқық деңгейінде орныққанын, сөйтіп, жалпы этикалық нормаға айналғанын байқауға болады. Біріншіден, енші – балаларға ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, қалдыратын мұрасы. Екіншіден, бөлінбеген енші – кез келген қазақ отбасының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жататын орын, малының жем-шөбі). Үшіншіден, еншілес болу – тұтас ру аясындағы отбасылар мен жеке адам­дардың қандас-туыстас еместігіне қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке ( негізінен төрт түлік малға, қоныс-өріске, жер-суға) ортақ болу дәстүрі. Енді, қазақтың дәстүрлі қоғамындағы еншінің осы үш түрін әрі қарай саралай түсу қажет. 1. Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрып қағидасы бойынша ер балалар жеке үй болып бөлініп шыққанда ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкін «енші» деп атайды. «Еншісіз ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ мәтелі осы дәстүрге айтылған. Еншінің көлемі ата-ана дәулетіне, мүмкіндігіне орай әр­түрлі болады. Енші бөлу барысында ата-ананың ұйғарымы заң, оған қайшы келетін бөгденің билігі жүрмейді. Ата-ана қайтыс болған жағдайда енші бөлу билігі ер балалардың үлкеніне беріледі. Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін; әке өліп, шешесі ғана қалуы; ер балалар үйленбей тұрғанда ата-анасы бірдей қайтыс болуы; ата-анасы қайтыс болғанда соңында аға­йын­ды бірнеше ер бала қалып, олардың үлкендері үйленген, кенжесі әлі үй­ленбеген болуы; ата-ананың ер баласы болмай, тек қызы (қыздары) ғана бо­луы немесе мүлде перзентсіз болуы...деген сияқты. Мұның бәрінің қазақ арасында қалыптасқан жөн-жобалары темірдей тәртіппен бұлжытпай орын­далып, ешқандай дау-дамайсыз, сырт­қы төреліктің араласуынсыз, өзара мәмілемен шешіліп отырған. Әдетте, қыз балаға енші берілмейді. Алайда, қыз ұзатылғанда еншіден олқы соқпайтын жасау берілетін кездер болады. Ұзатылған қыздың жасауы, көп жағдайда, күйеу жағынан келетін қалыңмал мөлшерінен артықтау түсіп жатады. Ұзатылған қыз, дәстүр бо­йын­ша, араға біраз уақыт салып көбінесе перзентті болған соң, арнайы төр­кіндеп келетін келетін болған. «Бару-бармау төркінге, байдағы қыздың еркінде» деген мақалдар қалған. Осы жолы қыз бала ата-анасының үйінен еншілік үлеске татитын мал-мүлік алып кете алған. Оны қыздың «кәдесі», немесе «қалауы» деп те атайды. Әлгі «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды», «Асыққан қыз алты жылда, жетіскен қыз жеті жылда төркіндейді» деп келетін мәтел сөздер ұзатылған қыз­дың төркіндеу рәсіміне орай айтылған. Қазіргідей қит етсе, әке-шешесіне жетіп бармаған. Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір-сал­тында және сол өмір-салтпен орайлас қалыптасқан ру-тайпалық жүйеде ел-жұрттың біртұтас этножаралым бо­луын ойластырудан туындаған айны­мас әдет, бұлжымас қағида, қатал тәртіп. Мұндай тәртіп болмаса, таби­ғаты қуаң сайын далада желдей жүйт­кіп, судай сырғыған көшпелілердің ел болып тұтасуын, ұлт болып ұйысуын былай қойғанда, қарапайым тіршілік құрудың өзі қиынға соғар еді. Бө­лін­беген енші дәстүрі бойынша кез келген қазақ жолаушылап келе жатып кез келген қазақтың үйіне қонуға, қо­нақасын ішіп-жеуге, мініс көлігін же­мін беріп суғарып, тынығып аттануға хақылы болған. Яғни, кез келген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйін­де бөлінбеген еншім бар деп, сеніммен босаға аттай алған. Бүгінде туған ағаң­ның үйіне алдын ала хабарласпай бара алмайтын жағдайға жеттік. Көшпелі өмір-салттағы әулет-ата­лар аз уақыт аясында өркен жайып, тез толысып отырған. Мұндайда, іргелі (аталық) ру аясындағы аралары жеті атаға толған әулет-аталардың баскөте­рерлері ел ішіндегі беделді адамдарға сөз салып, жеке ру болып шыққысы келетіндерін, осыған орай тиісті енші­лерінің бөлінуін емеурін ететін болған. Әдетте, іргелі удың басие адамдары өз аясындағы әулет-аталардың енші алып, оңаша рулы ел болып, шығуын, өсіп-өркендегендіктің белгісі ретінде, мерей-мәртебе тұтқан. Сондықтан да, енші алып шығуға емеурін білдірген әулет-атаның жай-жапсарын, олардың баскөтерер адамдарын, қоныс-тұрақ­тарын, мал-жандарын бажайлап барып рұқсат еткен. Ол үшін төңіректегі жеті рулы елдің билері шақырылып, әулет-атаны жеке ру етіп шығару рәсімі жа­салған. Жеті рудың билері бас қосқан соң, жеке ру болғысы келген атаның басие адамдарына; «1. Еліңнің сөзін сөйлер биің бар ма?», «2. Еліңе қорған бола алатын батырың бар ма?», «3. Еліңді асырар байың бар ма?» деген үш сұрақ қоятын болған. Егер бұл сұрақтардың жауабы жеті бидің көңілінен шықса, яғни, әлгі сұрақтарға орай аттары ата­латын билердің, батырлардың, бай­лардың қабілет-қарымдарына жеті бидің көңілі толса, мұнан әрі енші алып, жеке ру болып шығудың киелі рәсімдерін жасауға рұқсат етілген. Әрине, жай ғана рұқсат етіліп қой­маған. Алдымен, енші беруші іргелі ру­дың басие адамдары мен енші алып шығатын әулет-атаның басие билерін, батырларын, байларын жинап, алқа­қотан отырғызып, ел болуға, бірлік-пә­туаға қатысты ақыл-өсиеттерін айтқан. Өткен-кеткен өмірдің ұлағатты істерін өнеге етіскен. Сонан соң, тілек-бата­ларын берген. Мұнан әрі, алдын ала дайындалған боз сойылып, іргелі ру мен енші алып шығатын рудың басие адамдары анттасып, боз биенің қанына бармақ батырысқан. Қанға бармақ батыру барысында «Тегіміз бір, намысымыз ортақ!» «Тірлігіміз шығар биігіміз бір болсын, өлсек жатар орнымыз бір бол­сын», «Өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңей­сін», «Тәңірім бірлік-пәтуаны нәсіп етсін!» дегендей тілектер айтылған. Бұл екі арада қанға бармақ батырысқан кісілердің алдына ала арқан тасталып, бұл арқаннан енші алып, жеке ру болып бөлініп шыққан жақтың адам­дары ғана аттап өтетін болған. Міне, осы сәттен бастап, ала арқан аттағандар еншісі бөлек ру болып есептелген. Қазақ тілінде «Біреудің ала жібін атта­маған», «Ала жіп аттамау» деп келетін тұрақты тіркестердің астарында, осын­дай рәсіммен байланысты, «бі­реуге жаттық мінез көрсетпеген» дегендей де мағына бар. Енші бөліп, жеке ру шығару рәсімі мұнымен шектелмеген. Мұнан әрі бө­лек шыққан рудың құрамына тиесілі әулет-аталар хабарланып, қоныс-тұрақты жарияланып, ен-таңбалары айғақталған. Мұнан былай өмірдің қызығын да, шыжығын да бірлесіп қарсы алған. Бірі үшін бәрі, бәрі үшін бірі жауапты болған. Сондықтан, әрбір адам өз қара басының намысынан гөрі ру намысын жоғары қойған. Дәл сол сияқты, ру да өз аясындағы әрбір жеке адамның жоғын жоқтап, намысын қорғау арқылы рулық беделі мен мәр­тебесі асқақтата алған. Кейінірек, бізді басып алған орыстар «Один за всех, всех за одного» деп сандырақтап жүр­генін біреу білсе, біреу білмес. Қазақ халқының дәстүрлі ру-тай­палық жүйесі мен сол жүйеге орайласа қалыптасқан потестарлы-саяси құры­лымы, әсіресе, 1868 жылғы уақытша ережеден кейін бұрынғыдан бетер қожырап, ендігі жерде ру-тайпа аясы­нан жаңа ру бөліп шығару үрдісі мүлде мүмкін болмай қалды. Өйткені, қазақ халқы алғаш рет Ресей отарындағы ел ретінде ресми түрде жерге деген иелік­тен айырылды. Бұл ережеге мойын­сұнбағандарды бұзақы-қылмыстылар ретінде әскер күші аяусыз қырғынға ұшыратты. Ал, елі мен жері үшін басын бәйгеге тіккен есіл ерлер әскери сот­тың үкімімен ату жазасына кесілді. Сібірге айдалды, абақтыда өмірлері өксіді. Қазақтың желдей еркін рухтағы атпал азаматтары Мәди Бапиұлы айтқандай «Қызығын көре алмадым атқан таңның!» деп, абақтының тар қапасында күңіренді. Ең сұмдығы, Ресейдегі саяси, әлеуметтік және идео­логиялық платформалардың өз­гер­геніне қарамастан, қазақ халқының тарихи мүддесін аяққа таптаған 1868 жылғы уақытша ережедегі негізгі ұста­нымдар 1991 жылға дейін еш өзгер­местен қатаң сақталды. Отаршылдық мүдде орнықтырған қоғамдық-әлеуметтік құрылым мен диктатуралық режим үстемдік құрған ортада дәстүрлі енші институтының сақталып қалуы мүмкін емес еді. Осы­лайша, жеті атаға толған әулет-ата­лардың іргелі рудан енші алып, өз ал­дына дербес ру болып шығатын дәс­түрі тоқтады. Нәтижесінде, бұрын «руластарымен бірге у ішетін» қазақ, енді сол руластарының үстінен арыз-шағым жазып, отаршыл әкімдерге жағынуды әдетке айналдырды. Ұлт тағдыры жаттың құзырына тап болғанда этностың іштен іритін әмбебап заңдылығы қазақ қоғамын да аз уақыт аясында індеттей жайлап үлгерді. Бұл ретте, дәстүрлі қазақ қо­ғамындағы ру-тайпалық жүйені жа­растырып отыратын еншілестік ин­с­титуты сияқты тегеурінді тетіктер отаршылдық жүйенің ең алғашқы құрбаны болуы заңды еді. Отаршылдық билік үстемдік құрған соң қазақ ру-тайпаларының ішіндегі бірлік-пәтуа­ның берекесі кетіп, быж-тыж болған қасіретті халін кемеңгер Абай Құнан­байұлы қан жылап отырып жазған. «Байды қадірлейін десең, бай жоқ...ойсыздарға қойнын ашып, малын ша­шып жүр... Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ. Біреулер к...не құрым киізді тұзға малшып тық­қан соң есі шығып, мырза болып, ерік­сіз кім болса соған талтайып емізіп жүр... Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жа­маншылыққа елдің бәрі мықты, жақ­сылыққа мықты кісі елде жоқ.. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ар-ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ... Есіл дерті қулық, сұмдық, па­рақорлық, алдау мен арбау амалға ел­дің бәрі де есті. Жә, кім болуға тыры­сайық, кімнің тілеуін тілейік?!.». Осы сөздер әлі күні өзектілігін жоғалтпа­ған. Ақаңның бірақ ауыз сөзі құлағым­нан жаңғырып жазуыма шабыт береді де тұрады, өмір бақи ұмытпайтын шығармын. Ол «Шәмшінің немересі мені мұқият тыңдап ал, кім не десе, о десін сен мән берме, ізден, талпын, тырыс, мақсатыңа жету үшін аянбай тер төк, мен 67-мін, сен 32-сің арада 35 жыл уақыт бар. Менің жасыма келген кезіңде дәрежең менікінен, жоғары болмаса төмен болмайды. Өйткені, қазіргі өмірдің өзі көрсеткендей, адам баласы өте жылдам өзгеріп бара жа­тыр». Мұндай адамға шабыт беретін сөзді әкем Кеңес айта алмай 8 маусым 2001 жылы о дүниелік болып кетті.                 Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты