ҚАЗАҚ КӨШІН ТОҚТАТҚАН КІМ?
Кім тоқтатса да, ол көш қайта қозғалуы тиіс!
4 желтоқсан күні Алматыда Қазақ зиялылары форумының кезекті отырысы болып өтті. Оның тақырыбы қазақ көшінің бүгінгі ахуалына арналды. Отырыс барысында сонау кеңес кезеңінің өзінде асқан биік рухани көтеріңкі көңіл-күйде, тасқынды тау суындай арқырап Моңғолиядан басталған қазақтың ең соңғы ұлы көшіне Бетпаққа барып жоғалатын Шу өзенінің кейпін кештіріп отырған Қазақстан үкіметінің небір сұрқия саясаты кеңінен сөз болды. Біріншіден, қазақ диаспорасынан көшіп келер қандастарымыз құқығы жағынан кешегі тоқсаныншы жылдары қазақ жерін тастай қашып, бүгін ұялмай-қызармай қайтып келіп жатқандармен бірдей. Бірдей емес-ау, іс жүзінде олардан да төмен. Өйткені, жақсы атты көрініп қалу үшін келімсектердің алдында құрдай жорғалап, олардың шаруасын тезірек бітіріп беруге, арзан атақ, алдамшы абыройға құмар біздің билік өз қазағына келгенде су тиген қарақұрттай жиырыла қалады. Соның бір нақты мысалын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов айтып өтті.
– Мен биыл жазда «1962 жылғы ұлы көшке 50 жыл толғанын атап өтейік, бұл өзі қазақтың отаншылдығын, туған жерге деген теңдессіз ыстық махаббатын куәлендіретін, жас ұрпақты патриотизмге, елін, жерін сүюге баулитын керемет үлгі ғой» деген ойымды айтып «Қазақстан», «Хабар» сияқты бірталай телеарнаның есігін қақтым. Бір де біреуі жылы қабақ танытпады. Ал, содан біраз күннен кейін қарап отырсам, Германияға көшіп кетіп, қайтып келген бір неміс кемпірді барлық арна жапа-тармағай беріп жатыр... О, тоба! Сонда біздің биліктің тек бүгінгі емес, бұрынғы көштен де қорқатын болғаны ғой!
Мысықтілеу мемлекеттік мекемелеріміздің биік лауазымын пайдаланып, қазақтың қара баласын Отанына жолатпау жолындағы тобықтан қағар бұдан басқа да қитұрқы әрекеті аз болмай тұр. Мысалға, Қазақстанда оқығысы келетін талапкер қытайлық қазақ жастары әуелі қонақтарға арналған үш айлық қана виза аша алады. Оқуға түскеннен кейін ол енді студенттерге берілетін виза сұрап еліне қайта барады. Ол виза әкелмейінше, бұл жақта тұрақты түрде тіркеле алмайды. Үрімші немесе Бейжіңге барып виза әкелемін дегенше екі-үш ай өтеді. Қытайдағы жоғары оқу орнын бітірген мамандарды да біздің елдегі магистрантура мен доктарантураға түсе алмай, жарты жолдан кейін қайтатын етіп қойған. Ал, мұнда келген қазақ азаматтық ала алмай азапқа бір түседі, азаматтық алған бойда квотада қаралған жәрдем-көмектен сол сәтте тағы айрылады. Мұны жаза-жаза журналистердің қолы жауыр болды. Міне, осындай сандалма саясатты жасап отырған өз өкіметіміз.
Форум мәжілісіне қатысушылар бірауыздан мынадай Қарар қабылдады:
1. Республика аумағында Көші-қонды басқару құзіреті Ішкі істер министрлігінен алынып, арнайы министрлік немесе агенттік етіп қайта жасақталсын;
2. 1992 жылы 23-қыркүйекте Республика Үкіметі қабылдаған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысы қайта қалпына келтірілсін;
3. 2010 жылдың 14 сәуірінде премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған №307 Үкімет қаулысының күші жойылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылы 28 қаңтарда қабылданған «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуын құқықтық реттеудің жекелеген мәселелері» деп аталатын №136 қаулысы қайта қалпына келтірілсін;
4. Жыл сайын 20 мың отбасыға арналған көшіп келу квотасын 2015-жылға дейін уақытша тоқтата тұру жөніндегі Үкімет қаулысының күші жойылсын;
5. Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралуы үшін, оларға еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінен, өз өтініштеріне сәйкес, бір жылға еш кедергісіз көп мәртелі виза берілетін болсын;
6. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылғанына қарамастан жақыннан бері оралман ағайынға азаматтық алуда өзі келген елінен «қылмыс жасамағаны жөнінде анықтама» әкелуі және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басуы шарт деген талап қосылып отыр. Елге оралған қандастарымызға жиырма жыл бойы қойылмаған мұндай басы артық талап қоюға тиым салынсын;
7. ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 33-бабының 1-тармағының 2-тармақшасындағы: «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы» деген ерекше тағдырлық маңызы бар қалыптың болуына қарамастан, жоғары және арнаулы оқу орындарының көбісі олардың жатақханаларға тұрақты тіркелуіне қолдау хат бермейді. Яғни, олардың құқығын таптап отыр деген сөз бұл. Сол себепті, республика аумағындағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындары этникалық қазақ студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуі және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы өтініштеріне еш кедергісіз қолдау хат беруі міндеттелсін;
8. ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 23-бабының 6-тармағында: «Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады» деп жазылғандықтан, мемлекетке салмақ салмай, өз мүмкіндігімен елге оралған ағайынды бар жиған-тергеніңді жатжұртта қалдырып, «кеденнен 50 келi жүгіңмен ғана өтесің» деп міндеттеудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Сол себепті, заң талабы бұлжытпай орындалатын болсын – барлық көшіп келуші этникалық қазақтар жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылсын;
9. Елімізде 1999 жылдан бастап қолданысқа енген, тағдыр тәлкегімен бөлініп-жарылған отбасылардың халықаралық Адам құқығы фактілері негізінде шетелдердегі туыстарын өздерінің жеке кепілдігі арқылы шақыртып алуының нақты жолына бүгінгі таңда Үкіметіміз тарапынан қойылып отырған жасанды кедергілер алынып тасталсын.
Және осы қарарды жиынға қатысып, баяндама жасаған бір топ азамат Астанаға, Ақордаға барып өз қолдарымен мемлекет Президентіне апарып тапсырсын деген де шешім қабылданды. Сонда «Президент «мен жағдайдың мұндай екенін білмей қалыппын» демейтін болады» деген орынды уәж айтылды. Президенттің Үкімет басшысы қол қойып отырған барлық қаулыны оқып-біліп отыратынына, дәлірегі оның барлығы ел басшысының мақұлдауынан өткен соң ғана жарыққа шығатынына ешкімнің де күмәні жоқ. Олай болмаған күнде біздің ел президенттік жүйедегі ел емес, мемлекетті басқаратын да президент емес, премьер-министр деген сөз. Президенттің қандай жауап қайтаратынын уақыт көрсетеді...
Әзірге Қазақ зиялылары форумының болашағы жайлы бір-екі ауыз сөз. Осы бейресми ұйымның дәрежесін көтеретін уақыт әбден жеткен секілді. Оны тұрақты түрде (Еврокомиссияға ұқсастырып) жұмыс істейтін Ұлттық тәуелсіз комиссияға айналдыру қажет. Бізде қазір Жаңаөзенге байланысты құрылған қоғамдық тәуеліз комиссия бар екені белгілі. Ол белгілі бір оқиғаға байланысты құрылған болатын. Және ол секілді комиссиялар болашақта да құрылатыны белгілі. Енді солардың бәрінің басын құрастырсақ дұрыс болар еді.
Және бұл Ұлттық тәуелсіз комиссияның айырмашылығы да, артықшылығы да мынада болуы тиіс – оның қызметі тағы да бір ерекше жайттың, оқыс оқиғаның, қанды қасіреттің болуын күтіп отырмай, мүмкіндігінше солардың алдын-алып отыруға бағытталуы керек. Одан бөлек ғылым, білім саласының сапасы да сын көтермейді. Ұлттық комиссия осы секілді мәселелерді ортаға салып, талқылап отырса.
Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ