Қазақтың мұңы көп, зары шексіз...
Үнсіз емеспіз: Абай аңыраған, Шәкәрім шерленген, Мағжан мұңайған, Махамбет айқайлаған, Мұстафа езілген, Жұбан жылаған, Мұқағали еңіреген...
Дауысымыз естілер емес, үніміз еленер емес. Өйткені, ат төбеліндей азбыз! «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас»...
Жан-жағымыз қаптаған жау: жайраған қытай, ормандай орыс, өзендей өзбек... Жаудың бәрі құмырсқадай көбейіп жатыр: биліктері қолдап, егіздеп тууда. саясат демеп, сырттан төгілуде...
Ал, біз болсақ, «Нұрлы көш» деп жалаулатып-алаулатып, ақырында, қоламсасы қалды. Осыдан жиырма жыл бұрын қазақ еркіндік туын тіккенде, біздер балаша қуансақ, жат жерде, бөтен елде жүрген қазақтар еңіреп-еңкілдеп жылап еді...
Жетімсіреген сәбидей жалтақ күн кешкен қандастарымыз ата-бабасының туған топырағына оралатындығына кәміл сенді. Бірақ, жұртына қайтқан бауырларымызды біз лайықта қошеметпен, шын жүрек, шынайы пейілмен қарсы алмадық. Ол-ол ма, «оралман» дейтін орамсыз айдар тақтық, үкіметтің аз-маз тиын-тебенін бопсалап алдық, «орысша білмейсің» деп кеудесінен итердік, «ата-бабаң сатқын» деп сандалдық, тиісті төлқұжатын тегін бермей, саудалап-саттық...
Ең арғысы, өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазіргі қазақтың атақты қаламгері, сол кездегі қылшылдаған қайсар жас Қабдеш Жұмәділовтың жалғыз өзінің бір-ақ түнде қытай-кеңес шекарасынан қазақ топырағына 200 мың қазақты өткізіп жіберген ерен ерлігін – бүгінгі құзыреті күшті әлеуетті үкімет жиналып-жабылып істей алмады...
Қазақ тәуелсіздігінің 21 жылында Қазақ Еліне небәрі 1 миллионға жетер-жетпес жұртымыз жетті. Қараңызшы: жалғыз адам 1 түнде 200 мың адам өткізеді, ал, күллі билік орындары 21 жылда 1 миллион ғана адамды жеткізеді!..
Қаб-ағаңның көші атпен, түйемен, арбамен, күймемен, жаяу-жалпы өтсе, қазір көк жүзіндегі әуе лайнерлері жібек орамал кепкенше, қазақ топырағына табан тірейді...
Айтып-айтпай не керек, біз сонда астана салуға, Азияда өткізуге, Халықаралық ұйымдарды басқаруға, Дүниежүзінің діндерін «біріктіруге», ЭКСПО ұйымдастыруға, саны мен шеті жоқ басқосулар шақыруға қыруар қаржы жұмсаймыз да, қазақты тарихи отанына қайтаруға ақша таппай қалдық па?!.
Ендеше, біздің «50 мықтының қасындамыз» дейтін бос мақтан, құр кеудеміз күлімсі сасып қалған жоқ па?!.
Қабдеш көкем: «Әлде, сырттағы біреулерге қазақтың көбейгені қажетсіз бе?» депті. Мен айтар едім: орысқа да, қытайға да, американ мен ағылшынға да қазағыңның көбейгенінің көк тиындық құны жоқ.
Қазақтың көбейгені – жалғыз ұлтқа ғана қажет! Қазақтың қатарының қарайғанына ынталы жалғыз жұрт – қазақтар!!!
Біз сабырлылығымызбен мақтанайық, бірақ, селқостыққа салынбайық! Әлемді бүгін қаржы дағдарысы қысса, ертең тағдырдың не сыйлайтыны белгісіз...
Қазақтың көші тез арада жаңа екпінмен, тың серпінмен жандануы тиіс. Қазақтың жастарының ертерек отау құрып, кем дегенде, 7 перзентті болуын материалдық-моральдық тұрғыда қолдап-қуаттайтын Ұлттық бағдарлама әзірленіп, шұғыл жүзеге асуы керек. Қазақ жастарын түгел жұмыспен қамтамасыз етіп, кәсіптік, жоғарғы білім алуларына қомақты жеңілдіктер жасалынып (жылдық оқу ақыларын 3-4 есе арзандату арқылы), басым бөлігін мемлекеттің есебінен тегін оқытпай болмайды.
Ауылды оятудың, өркендетудің, шаруашылықтарын ұйымдастырудың қамына кірісу қажет. Тозған ауыл, азған қазақ өркениетке ілесе алмайды. Жастарды пәтерлермен, үйлермен тегін қамтамасыз етудің әдістері мен тәсілдері терең қарастырылған тұжырымдамалар жасау – күттірмейтін аса маңызды мәселе...
...Қазақтың келешегі – өз қолында, ал, қаптаған дұшпаны – қасында...
Дұшпаннан қорықпай, жаудан сескенбей ертеңге жетіп, ұрпақ өсіріп, өсіп-өнудің жалғыз кепілі – қазаққа жылдам өсу, тез көбею. Әйтпесе, «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді естен шығарсақ, тіршілігіміз түгел бекер болады, ертеңнің баяны жойылады...
Құлтас ДОСТАН