АЛМАТЫНЫ ҚАР БАСТЫ, КЕЛГЕНДЕЙІН АЛБАСТЫ...
...Кешегі кеңестің бодандығы арқа етімізді арша, борбай етімізді борша еткені рас еді. Бірақ, сол қызыл коммунистерден де абайлап алып, там-тұмдап үйренетін нәрселер бар екен...
Кеңестің күші – темірдей қатаң тәртібінде болатын. Облыс, қала, аудан, ауылды былай қойғанда, әрбір мекеме мен жеке адамның өзі жіті қадағалауда, берік бақылауда еді.
Қазір топалаң күйге түстік. Тәртібіміз тәрк болды, бақылуымыз босаңсып, дел-сал күн кештік. Бұрын әркім өз міндетін дәп біліп, шаруасын тап-тұйнақ тындыратын. Қазір әркім әр жаққа сілтейді, ешкім өз мойынына жауапкершілік алғысы келмейді, «Айдағанымыз бес ешкі, ысқырығымыз жер жарады»...
...Кеше Алматыға қалың қар түсті. Түн тереңінде басталған жапалақ бірде майдаланып, бірде баданадай болып, ұзақ күн кідіріс таппады...
Көлік біткен мен жолдың барлығы оппа қарға үйелеп қалды. Ал, әр минөт сайын «шортылдап» тынымсыз сынған бұтақтар аулалар мен табан жолды бітеп тастады. Жол жиектері мен аулалардағы көліктердің денін сынған талдар басып, қисайтып-мыжырайтып, сындырып-шағып жатты. Осынау салғырттық пен жауапсыздықтан кісі қазасы орын алып жатса, құзыретті әлеует мұны қоғамнан жасырып қалуға тырысады...
Талдардың жаппай сынып, адамдар мен көліктерге қауіп келтіруінің себебі неде?..
Өйткені, кезінде ерте көктемнен бастап, қара күзге дейін, тіпті, жыл он екі ай бойы экология мен көгалдандыру қызметтері Алматы көшелерін тиянақтап тексеріп, біртіндеп әр талдың «жасы мен жағдайын» анықтап, іштей шіріген, «қартайған», морт сынуға әзір жарамсыздарын дереу қырқып, күзеп-жеңілдетіп, орнына жас шыбықтар отырғызатын...
Осындай жанашырлықпен атқарылатын жүйелі жұмыс жиырма жылда қатты ақсады. Ең алдымен, талдарды жаңартып, ауыстыруға тікелей міндетті құзырлық орындар бей-берекеттікке малынып, бақылаушы мекемелер де көзжұмбайлыққа еттерін үйретіп алды...
Ең қауіптісі, Алматының атқамінерлері ешқандай да төтенше жағдайларға әзір емес сыңайлы. Табиғи апаттардың бетін Құдай әрмен қылсын, әйткенмен, Жаратқан Иеміздің өзі «Сақтансаң ғана – сақтаймын» демейді ме?!.
Алматының көшесіне шығуға қорқасың: белшеден қар, аяқ алып жүре алмайсың; көліктер бір орнына қозғалмай күшеніп жатыр; қадам басқан сайын жан-жағыңнан шорт-шорт сынған шіріген зәулім талдар мен өзегі әлсіз бұтақтар...
Қай тұстан, қандай қауіп күтіп тұрғаны беймәлім?!. Шексіз жауапсыздық пен жаппай жемқорлық тіреген тұйық, бұл. Ақырзаман жақындап, албасты басып, айқара құшақтағандай қалт-құлт кешкен тірлік...
Құлтас ДОСТАН