АЛМАТЫНЫ ҚАР БАСТЫ, КЕЛГЕНДЕЙІН АЛБАСТЫ…

0
905

…Кешегі кеңестің бодандығы арқа етімізді арша, борбай етімізді борша еткені рас еді. Бірақ, сол қызыл комму­нистерден де абайлап алып, там-тұм­дап үйренетін нәрселер бар екен…
Кеңестің күші – темірдей қатаң тәртібінде болатын. Облыс, қала, аудан, ауылды былай қойғанда, әрбір мекеме мен жеке адамның өзі жіті қадағалауда, берік бақылауда еді.
Қазір топалаң күйге түстік. Тәр­ті­біміз тәрк болды, бақылуымыз босаң­сып, дел-сал күн кештік. Бұрын әркім өз міндетін дәп біліп, шаруасын тап-тұйнақ тындыратын. Қазір әркім әр жаққа сілтейді, ешкім өз мойынына жауапкершілік алғысы келмейді, «Айдағанымыз бес ешкі, ысқыры­ғы­мыз жер жарады»…
…Кеше Алматыға қалың қар түсті. Түн тереңінде басталған жапалақ бір­де майдаланып, бірде баданадай бо­лып, ұзақ күн кідіріс таппады…
Көлік біткен мен жолдың барлығы оппа қарға үйелеп қалды. Ал, әр минөт сайын «шортылдап» тынымсыз сын­ған бұтақтар аулалар мен табан жолды бітеп тастады. Жол жиектері мен аулалардағы көліктердің денін сынған талдар басып, қисайтып-мыжы­рай­тып, сындырып-шағып жатты. Осы­нау салғырттық пен жауапсыздықтан кісі қазасы орын алып жатса, құзыретті әлеует мұны қо­ғамнан жасырып қалуға ты­рысады…
Талдардың жаппай сы­нып, адамдар мен кө­ліктерге қауіп келті­руінің себебі неде?..
Өйткені, кезінде ер­те көктемнен бастап, қара күзге дейін, тіпті, жыл он екі ай бойы эко­логия мен көгал­данды­ру қызметтері Алматы көше­лерін тиянақтап тексеріп, бір­тін­деп әр тал­дың «жасы мен жағ­да­йын» анықтап, іштей шіріген, «қартай­ған», морт сы­нуға әзір жарамсыздарын дереу қыр­қып, күзеп-жеңілдетіп, ор­нына жас шыбықтар отырғызатын…
Осындай жанашырлықпен атқа­ры­латын жүйелі жұмыс жиырма жыл­да қатты ақсады. Ең алдымен, тал­дар­ды жаңартып, ауыстыруға тікелей мін­детті құзырлық орындар бей-бе­рекеттікке малынып, бақылаушы ме­ке­­мелер де көзжұмбайлыққа еттерін үйретіп алды…
Ең қауіптісі, Алматының атқамі­нерлері ешқандай да төтенше жағ­дай­ларға әзір емес сыңайлы. Табиғи апат­тардың бетін Құдай әрмен қыл­сын, әйткенмен, Жаратқан Иеміздің өзі «Сақ­тансаң ғана – сақтаймын» де­мейді ме?!.
Алматының көшесіне шығуға қорқасың: белшеден қар, аяқ алып жүре алмайсың; көліктер бір орнына қозғалмай күшеніп жатыр; қадам басқан сайын жан-жағыңнан шорт-шорт сынған шіріген зәулім талдар мен өзегі әлсіз бұтақтар…
Қай тұстан, қандай қауіп күтіп тұрғаны беймәлім?!. Шексіз жауап­сыздық пен жаппай жемқорлық ті­реген тұйық, бұл. Ақырзаман жақын­дап, албасты басып, айқара құшақ­тағандай қалт-құлт кешкен тірлік…
                                    Құлтас ДОСТАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз