"ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ Қуанышәлин Әбіләзовтің майшелпегіне айырбастап жіберді..."

"ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ Әбіләзовтің майшелпегіне айырбастап жібердің"       дейді Ж.Қуанышәлинге С.Сапарғали

Қоғам белсендісі, Жаңаөзен құрбандарының ар-намысын қорғағаны үшін он айдан астам уақыт бас бостандығынан айырылып, асқаралы алпыс жасын түрменің тар қапасында «тойлаған» Серік Сапарғали, шын мәнісінде, тұрмыс-тағдыры мен қайраткерлік қасиеті қатар шыңдалған тұлға. Жаңаөзен мен Шетпеде нақақтан құрбан болғандардың әруақтары бір тірі пендеге разы болса, ол - Серік Сапарғали шығар. Жаңаөзен мен Шетпедегі қайғылы оқиғаларға байланысты және тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловқа қарсы жалалы сөз айтпағаны үшін «Әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен 10 ай бойы қамауда отырып, қиыншылыққа көніп, бассыздыққа шыдаған Секең: «Сотқа менің Владимир Козловқа қарсы айғақ айтқаным қажет болды. Егер мен «Жаңаөзенге Владимир Козловтың тікелей нұсқауымен бардым» деп көрсетсем - болғаны еді ғой?!. Онда мен, басқалар сияқты, сотқа дейін-ақ қамаудан құтылар едім. Бірақ, мен ондай жалған сөз айтуға бара алмадым. Менің Жаңаөзенге барған жолқаражатымды төлегенін Козловтың өзі де мойындаған болатын...» - деп, шімірікпестен шындықтың басын ашты. ...Әр нәрсенің бастау негізі болатыны сияқты, Серік Сапарғалидың да «шатасқан» екі тұсы бар сияқты, оның алғашқысы: 2011 жылдың маусым айында Амангелді Имановтың ескерткішінің алдында айтқандары; екіншісі: Жаңаөзен қасіретінің ертеңінде, яғни, 2011 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы алаңда ашынып сөйлеген сөзі... «Бәле қайда десең - табаныңның астында» дейтін еді үлкендер, аталған екі жиында сөйлеген адамдар аз болған жоқ, керек десеңіз, Серік Сапарғалидың сөздерінен он есе ащы, жүз мәрте қатты айтқандар да болды. Бірақ, құқық қорғау орындарының құрығына дәп Серік Сапарғали түсті. Неге? Мұның еш құпиясы жоқ. Себебі, Секең «Алғаның» ықпалындағы «Майдан» қозғалысының белді мүшесі болатын. Ал, «Алғаның» артында Мұхтар Әблязовтың тұрғаны әлдеқашан аян болған... Негізі, Серік Сапарғали мұнайшылардың өз адамы еді. Олай болатыны: бір кезде өзі мұнайшы болып жұмыс істеген Секең мұнайшылардың разрядтық, салалық, коэффициенттерге қатысты жалақылары мен үстемелері жөніндегі мәселелерін былайғы көп шуылдақтан терең түсінетін жалғыз адам-тын. Мұнай мен газ саласындағы еңбек қатынастарының ірі маманы Сапарғали Жаңаөзенде өзін судағы балықтай еркін сезінді. Қазақтың батыс өңірінің атышулы кәсіпорындарының дені, айталық, «Теңізшевройл» компаниясы да бір кезде Серік Сапарғалидың тікелей қатысып, кеңестер берген мәмілелері бойынша әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. «Жалақыларға қосылатын 1,8 пайыздық салалық коэффициенттер» мен 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалғыз «Қазмұнайгаздың» Барлау-Өндіру» кәсіпорыны бойынша, шамамен, 13 миллиард теңгенің (яғни, 80 миллион АҚШ доллары) үнемделгендігін (басшылардың қымқырып кеткендігін), 80 пайыз сыйақының 42 пайызын кесіліп тасталғандығын тек Сапарғалидай білікті маман ғана есептеп, білді. Сондықтан, «Мұнайшылардың талап-тілектерінің негізі бар» деген Сапарғали, Жаңаөзен мен Шетпе қасіретіне о баста кәсіподақ қызметкерлерінің біліксіздігі алып келгендігін ашық айтты. Басында-ақ талап-тілектерді қою сауатты әрі заңды жолмен жүрмеген секілді. Қандай да еңбек дауы басталар алдында, Еңбек кодексінің ережесіне орай ұжымның жалпы жиналысы өтуі керек. Жиналысқа қатысушылардың жартысынан астамы талап-тілектерді қолдаса, оның қорытындылары кәсіпорын басшыларының алдына қойылады. Серік Сапарғали былай дейді: «23 қарашада жиналысқа қатыстым. «Қазмұнайгаздың» Барлау-Өндіру» АҚ-ның бас директорының бірінші орынбасары В.Мирошников пен К.Ешманов екеуі: «Бітімгершілік комиссиясын құрайық, сіздер жұмысқа шығыңыздар» - деп, ұсыныс жасады... Мұнайшылар алдына шығарған адамдардың келіссөзге икемі болмаған. Олардың құқықтық шеңберге түсуге мүмкіндігі болды. Бес адамды бітімгерлік комиссияға кіргізіп, олардың талаптары бойынша жұмыс істеттіріп, қалғаны жұмысқа шыққаны жөн болар еді. Артық талаптарды алып тастау керек еді. Аудандық комитеттің 60 пайызын беру, жекешелендірілген кәсіпорындарды қайтару - еңбек дауына кірмейтін мәселелер...» Жаны бар тұжырым. Шындықтың ауылы алыс емес ақиқат. Мұнайшылардың қиыншылықтарын пайдаланып, саяси ұпай жинаушылардың арандатушылықтары килікпегенде, кім біледі, Жаңаөзен қасіреті орын алмас па еді?!. Қандай маңызды мәселе болмасын, білім-білік пен салиқалы сабырлылық ауадай қажет. Он мыңдаған адамдардың тағдырлары таразыға түскенде, кейбіреулердің қарақан басының қамы мен құдық-құлқынан күйттеуі - қашанда қайғы-қасіреттерге алып келеді... «Алға» партиясына ешқашан мүше болған емеспін. Құрылған кезде «әділетсіздікке, жемқорлыққа қарсы күрес болады» деген соң, «Халық майданына» қатыстым.Владимир Козловқа қарағанда, Ақжанат Әминов мұнайшылар мен жаңаөзендіктерге көбірек еңбек сіңірді, мұны адамдар оп-оңай айтып береді..» - деп, ағынан жарылған Сапарғалидың шындығын, неге екені белгісіз, әріптестері салқын қарсы алды. Құдды бір, Владимир Козловты ұзақ мерзімге Ақтаудың соты емес, Серік Сапарғали кесіп шыққандай, әсіресе, «Алғалықтардың» қандыбалақ әріптестеріне бір ауыз жылы сөз айтпауынан бұл ұжымның «ұйымшылдық рухы» сезіліп қалды... «...Өзіме әріптес деп сеніп жүрген адамдардың өзгергені - мені қатты таңдандырды. Менің түрмеден аман қалғаным - әлдекімдерге жақпаған сияқты» - деп, сәл-пәл абыржыңқыраған қалып танытқан Секең лезде тұла-бойын, сенім-нанымын, күш-қуатын жиып алды. ...Уақытты сәл шегерсек, Жаңаөзен қасіретінің алдында Жанболат Мамайдың қалтасынан табылған бума-бума доллардың шығу тегін тағы бір «Алғалық» Жасарал Қуанышәлі: «Ақша алып жүруге болмайды деп кім айтты? Оларды ұстап алуға кімнің хақысы бар? Жанболат Мамайдың қалтасындағы ақшаны неге түгендейді? Ақша алып жүру - қылмыс емес!» - деп, қаншама сүттен ақ, судан таза көрінуге тырысса да, «ұрының арты қуыс» болып шықты... Олай дейтінім, намысшыл қазақтың сүйікті басылымы «Жас қазақ» газетіндегі Жасарал Қуанышәлі мен Серік Сапарғалидың екеуары әңгімесінен ықшамдалып алынған үзінді талай шындықтың бетін ашты. «...Серік Сапарғали: Мен кімге жала жауыппын, Жәке! Мен сізге сұрақ қойып тұрмын. Айтыңызшы, кімге жала жаптым? Жасарал Қуанышәлі: Жапқан жоқсың. Серік Сапарғали: Онда неге маған шабуылдап жатырсыздар?.. Жасарал Қуанышәлі: Ешқандай да шабуыл болған жоқ... Серік Сапарғали: Сонда мен не үшін сотталдым? Жәкең: «Жаңаөзенге жеті ай бойы бара алмай жүрдім» - дейді. Ал, бастығын қамап қойып еді, апта сайын барып жүрді. Жасарал Қуанышәлі: Не деп тұрсың?! Мен бір-ақ рет бардым. Серік Сапарғали: Ақтауда неше күн болдыңыз? Жасарал Қуанышәлі: Соттың аяғына дейін болдым. Серік Сапарғали: Міне, көрдіңіз бе? Сонда барып жатқансыз. Ал, мұнайшылар қиындыққа тап болғанда, баруға жарамадыңыз! ...Ұлттық мүддені олигархтың - Әбіләзовтің майшелпегіне айырбастап жібердіңіз!.. ...Жасарал Қуанышәлі: Берген антыңнан тайдың! «Өлсем де, таймаймын» - деп ант берген бұл! Серік Сапарғали: Мен кімді көрсетіп беріппін? Жасарал Қуанышәлі: Ешкімді көрсетпей-ақ қой, сен өзіңді-өзің саттың!..Әбіләзовтен ақша алғанымды дәлелдеші, қане! Серік Сапарғали: Қазақтар қиналып жатқанда, аяқ басқан жоқсың! Козловты ұстағанда шаңдарың шығып кетті! Жасарал Қуанышәлі: Шаңым шығады... Серік Сапарғали: Сендер мұнайшылардың мәселесін әлі күнге дейін түсінбей жүрсіңдер! Егер маған шабуылдайтын болсаңдар, 61 томның бәрін интернетке шығарамын. Қазір Әбіләзовтің ақшасы болған соң, шашбауын көтеріп жүр, ақшасы біткен күні олигарх бұлардың біреуін де таба алмай қалады. ...Неге Әбіләзовтің адвокаты болып тұрсың! Заңды түрде ешкім миллиардер бола алмайды. Соған миың жетпей тұр ма? Әбіләзовті неге даттамайсың? Жасарал Қуанышәлі: Даттамаймын! Серік Сапарғали: Мен 61 томды түгел оқып шықтым, бірақ, Әбіләзовтің халық үшін істеген бір нәрсесін көргенім жоқ, халыққа жаны ашыған бір сөзін естігенім жоқ. Алдыңғы күні - Аслан Мусин, сосын, Ғалымжан Жақиянов, кеше - Болат Әбілев, енді бүгін - Козлов пен Әбіләзов пайғамбар! ...Әбіләзовтің медиа-ресурстары маған қатысты дұрыс ақпарат таратып жатқан жоқ. «Халық майданы» Әбіләзовтің жобасы екенін білмеген едім. Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастау туралы 138-дің хатына қол қойған адамның бірі - менмін. Қол қойғандардың көбі бас тартқан кезде, өз пікірімде қалдым. Сондықтан, олар («алғалықтар») мені жақтырмайтын болар»... Бұл әңгіменің түйіні біреу: «Алғаның» айналасы айналып өтпес былық... Әйткенмен, Владимир Козловты ұзақ мерзімге кескен Серік Сапарғалидың батылдығы да, Жасарал Қуанышәлінің «күрескерлігі» де емес, ресми тағылған айыптары мен естіген адамды есінен тандыра жаздаған жиған-терген жеке байлығы шығар?!. Қазақ Еліндегі облыс әкімінің немесе министрдің бірінші орынбасарының және белі бекем білдей бизнесменінің өзі тұратын қаласы мен ауданында, әрі кеткенде, Алматы мен Астанада студент балаларына алған пәтерлері болуы мүмкін. Ал, ұлты басқа, діні бөлек, тілі жат, бір қарағанда, «демократия жалауын» жалаңдатып, жалаңаяқ жүргендей көрінетін Владимир Козловтың қазына-байлығы кекірігі азған кез келген қазақ министрі мен облыс басшысын он орап алады. Қараңыз: жеке басындағы 11 пәтер, 5 жер үйлері, 2 жер телімі, 3 қымбат көліктер және тіркелмеген «Алға» партиясының әрбір облыстың орталығындағы үйлері мен пәтерлері, жер телімдері мен көліктері, кеңселері мен жиһаздары т.с.с. толып жатқан дүниелер... Туған топырағындағы қазақтың қара баласы қалада өмір бойы тер төгіп, жалғыз пәтерге әрең қол жеткізеді, ал, келімсек Козловтар дүниені үрлеп ішіп, шайқап төгеді?!. Бұл неткен батпан құйрық? Осыншама байлығы бар адамның басы Жаңаөзеннің жарымаған мұнайшысының қант-суына басы ауратынына сенесіз бе?!. Мұнда жалғыз-ақ мүдде бар: миллиондаған қаржысын құйған олигархтың тапсырмасын мүлтіксіз орындап, сенімін толықтай ақтау мақсатында саяси ұпай жинау арқылы жинаған жеке байлығын еселей түсу. Меніңше, Қазақ Елінде өзі қазаққа күйеу, ақкөңіл әрі пейілі де түзулеу Виктор Храпунов дейтін жалғыз орыс бар еді, алдымен секіртіп, соңынан кекіртіп, одан да жерідік. Ал, қос Владимирдің (В.Школьник пен В.Козлов) бір бармақтарының жасырын тұрғанын байқау қиын емес... ...Саяси күрестің күллі сатыларынан сүрінбей өткен Серік Сапарғали: «Мамыр айында Алматыдан Ақтөбеге этаппен кетіп бар жатқан кезде, аз да болса, тілдесіп қалудың сәті түсті. Сонда маған Володяның айтқаны: «Секе, мүмкіндігінше босанып шығуға тырысыңыз, сотталатын адамның саны аз болғаны жақсы», - деген болатын. Өз басым кейбір «кінәмді мойындағанда», ешкімге залалым тиген жоқ, ешкімді сыртынан сатып, атын атаған жоқпын. Қалай, кімнің атын атауым керек? Айналып келгенде, біздің үшеуміздің де ешбір кінәміз жоқ қой!» - деп, жанына қамауда отырғаннан гөрі, бостандыққа шыққаннан кейінгі негізсіз айыптар тағып, әділетсіз айтылған сөздер қатты батқандығын ашық жайып салды. Әрдайым әділ көзқарасымен ерекшеленетін Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мухтар Тайжан өзінің ойын омыртқадан соққандай сылқ түсіріпті: «Обвинять Серика Сапаргали и других людей в том, что они сказали, по крайней мере, некорректно. На это не имеют морального права те, кто и дня не провел в условиях, где 10 месяцев пробыл Серик-ага. Нам надо сплотиться вокруг таких людей, а не огульно критиковать их почем зря...» Сірә, қазақ «Орнында бар - оңалар» дегенді осындайда айтса керек... ...Әдеттегі қарапайым кейпімен Секең қамаудан шыққанда өзін қымбатшылықтың қысып бара жатқандығының әрі таңдандырғанын, әрі шошындырғанын айтады. Жол ақысын төлеуге 50 теңге ұсынса, тексеруші: «80 теңге төлеңіз» - дейді. Азық-түлік дүкендерінің бағасы аспандаған, сүт өнімдері 30-40 пайызға дейін қымбаттап кеткен! «Қымбаттаулардан есімді жия алмай жүрмін» - деген Секең әлі де жүрек қыжылын баса алмай: «Володя менің қорғаушым Күлпәш Айғырбаеваға өзінің әйелі Әлия арқылы: «Секең ешкімге кесірін тигізбей, таза шығып кетті, оған менің рахметімді жеткізіңіз», - депті. Мен оның осы азаматтық сөзіне ризамын!» - дейді... ...Серік ағамызға шындап ренжитін бір кісі болса, ол - мен болуым керек еді. Өйткені, «Қазақ Елі» халықтық қозғалысын құрар тұста мен Алматыға арнайы келіп, ең алдымен, Секеңмен ақылдасқан болатынмын. Обалы нешік, ағамыз менің ой-пікірлерімді қызу қолдап, тіпті, қозғалыстың құрылу жиналысына да белсене қатысты. «Қазақ Елі» халықтық қозғалысы құрылған кезде қоғамда өзім күтпеген белсенділік дүмпуі пайда болды. «Алға» партиясының басшылары ұлтшылдардың екпінінен сескенді ме екен, тез арада «Майдан» қозғалысын ұйымдастырды. Бір күні сыр ашып, сенім артқан Серік Сапарғали ағам маған «Майдан» қозғалысына баруға шешім қабылдағанын айтқанда, талып қала жаздадым. Амал қанша, ішімнен тындым да қойдым... Салиқалы саясаткер Айдос Сарым қазақ ұлтшылдарына қарама-қарсы құрылған «Майданның» пасық пиғылын түсініп қалған болуы керек, «Ұлы Дала» қозғалысының тұсауын кесті. Мен ішімнен: «Есеп 2:1. Жеңіс біздікі!» - деп, шынайы қуанып, сабама түстім... Сапарғали істі болғанда, мен кек сақтап, бақай-есеп құрғаным жоқ, белгілі адвокт Абзал Құспановтан Секеңнің қорғаушысы болуын сұрадым. Өйткені, адасқан бір апамыздың: «Жалғыз Козловқа - мен қазақтың 100 жігітін айырбастамаймын» дегені арымды қамшылап, жаныма қатты батты. Бірақ: «Апатай-ау, сол қазақтың 100 жігітінің ішінде өзіңіздің әкеңіздің де, бауырларыңыздың да, балаларыңыздың да қосақталып кеткенін неге ойламадыңыз?!.» ...Кеше ғаламторда Владимир Козловтың бір әңгімесі жарық көрді. Ниеті бөтен біреулер «тәржімалау барысында біржақтылыққа ұрынды» деп кінәламау үшін Козловтың сөздерін түпнұсқасында бердім: «Хотел бы однозначно и отдельно сказать по Сапаргали: я уважаю его стойкость и поведение в тюрьме. Он честно отсидел почти 9 месяцев в условиях, когда день - за месяц по ощущениям. Он не сказал против меня ни слова. Конечно, и говорить было нечего, но ведь многие нашли, что сказать, когда приперло. Я не хотел бы, чтобы его осуждали те, кто не способен понять в силу того, что сам через это прошел. Лично я уважаю...» Болмысы бірбеткей, сөзі сырбаз, сері Секең де селт етпейді: «Өзімізден кейін, ұлт мүддесін ойлап, ізімізді басады-ау деген буынға ақыл-кеңес айтып, қолғабыс етсем деген мақсатым бар» - деп, алған бетінен қайтапаған қайсарлық танытты. ...Мен таң-тамаша қалатын бір нәрсе: Владимир Козловқа серке (лидер) деген мәртебелі атақты беріп жүрген кім? Козлов ешқандай серке емес, ол - бар болғаны олигарх Әблязовтың жалдамалы жұмысшысы. «Серке» деп - бұқараның құрметіне бөленіп, селкеусіз сенімін иеленіп, артынан сенімді көпшілікті ерте алған, мысалы, Мұхтар Шахановтай  тұлғаны атайды. Сондықтан, Серік Сапарғали ағамыздың «Мен Козловты сатқан емеспін!» деп, біреудің алдында ақталуының мүлдем қажеті де жоқ. Ең маңыздысы, қазақ - қазақты сатпасын! Козловтың бостандықта қалған сыбайластары мен орыс журналистерінің «айтағына еріп, айдауына көніп», есіл сөзді көпіртудің қажеті жоқ. Қандай қиын жағдайда да, қазақ - қазаққа болат қорған болуы керек! Қандасымызды жаудың қолына, дұшпанның мазағына тастамауымыз керек! Нағыз қазақ болсаң - қай қазақтың да намысын таптатпа! Шынайы бауыр екенсің - қазақтың шындығын ғана мойында! ...«В.Козлов пен И.Винявскийлерді арттарынан іздейтін әйелдері бар, тағдырдың жазумен Серік ағамыз жалғыз қалыпты» дейтіндер қатты қателеседі. Серік Сапарғали әсте жалғыз емес. Секеңнің соңында өзі жанындай сүйетін, арындай қорғайтын қабырғалы қазағы бар. Қазақтың төрінде: «Мен айтатын сөзімді әлдеқашан алаңға шығып айттым. Мен ешкімнің артына тығылған емеспін, тығылмаймын да!» - деп, тайғақ жолға тура тартқан алпыстан асқан арланының арнайы тұғыры тұр.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

Abai.kz