Жаны жайсаң жан еді...

*Дүние - жалған

ЖАРЫЛҚАСЫН ИСАҰЛЫ(1929-2012)

Елге сыйлы болған ел ағасы Жарылқасын Исаұлы 2012 жылдың 14 қарашасында, күздің салқын кешінде  дүниеден өте барды. Жарылқасын Исаұлы 1929 жы­лы 20 маусымда Оңүстік Қа­зақ­стан облысы Қызылқұм ауда­нын­да дү­ниеге келген. Еңбек жолын 1956 жылы Мақтарал ауда­ны­­ның (бұ­рын­ғы Киров ауданы) XX  парт­съезд кеңшарында бастаған. 1965 жыл­ға дейін осы кеңшарда еңбек еткен. Ал, 1966-1976 жылдар аралы­ғында Шардара ауданы Қос­сейіт кеңшарында (бұрынғы Восход) жұ­­мыс іс­теді. Еңбегімен елге сыйлы болған ел ағасы 1976 жыл­дан бері Шардара ауда­ны­ның Қызылқұм ауылында қызмет атқарып, құр­метті зей­неткерлік демалысқа шыққан. Ауылшаруашылығы саласының білгір маманы Жарыл­қасын Исаұлының ел алдында еткен елеулі еңбегі елеу­сіз қал­­ған жоқ.  СССР Жоғарғы Кеңес Президиумының жар­лығымен "Еңбектегі ерлігі үшін" және "Үздік еңбегі үшін" медальдарымен марапатталды.  Ауылшаруашылығын игеру сала­сындағы медалі, Ұлы Отан Соғысы Жеңісі­нің 50 жылды­ғы медалімен, Ұлы Отан Соғысы Жеңісі­нің 65 жылдығы медалімен, марап­тат­талды. Сонымен қатар, Кеңес Одағы Қор­ғаныс күштерінің 70 жылдығы медалімен, Облыстық Со­веттің атқару комитетінің жер игеру және тың иегеру ша­руа­шылығының 20 жылдығына байланысты медалі­мен ма­рап­татталды.Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Ең­бек ардагері атанды. Сондай-ақ, ұзақ жылғы жемісті еңбегі және қо­ғамдық-саяси өмірге белсене араласқаны үшін Оңтүстік қазақстан облыстық атқару комитетінің құрмет грамотасымен, Шар­дара аудан­дық мәс­лихатының грамотасымен марапатталды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, жәннәттан орын бұйырсын демекпіз.  

Алла бұйрығына амал жоқ...

 

  Қадірлі жамағат! Біз бүгін әріптесіміз, қазақтың үлкен ақыны, қоғам қайраткері, біздің әріптесіміз Қазыбек Исаның қайғысына ортақтасып келіп отырмыз. «Ақ жол» партиясы Орталық Комитеті мен Парламенттегі депутаттарының  қайғы бөлісер  көңілін жеткізгелі келдік. «Қайғыны бөліссең-азаяды, қуанышты бөліссең – көбейеді» дейді қазақ. «Әке –асқар тау» деп тегін айтпаған. Әрине, Қазыбек бауырымыздың басына түскен қиын жағдай партиялас достары бізге де ауыр тиіп отыр. Сондықтан Астана мен Алматыдан, Шымкенттен оншақты әріптестері Жарылқасын атамызды соңғы сапарға шығарып салуға, жаназасына қатысып, топырақ салғалы келіп отырмыз. Мұндай елге қадірлі қарияны өлді деуге бола ма? Артында қазақтың белгілі ақыны Қазыбек Иса  бастаған он баласы бар, ауылшаруалығына сіңірген еңбегі бар ақсақалдың елге қадірін мына жаназаға жиылған мыңдаған адамдардан да байқауға болады. Қазақтың «атамдатсаң –атамдат, ботамдатпа» дегенін ойласақ, 81-ге толған қадірлі қарияның ана дүниеге аттануын орнымен болар Алла бұйрығы  деуге де болады. Әрине, әке дегенді жүзге келсе де кім қияды? Дегенмен шүкіршілік айтқан дұрыс деп ойлаймын. Жарылқасын атамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін.

Азат ПЕРУАШЕВ,

«Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты.

16.11.2012.

 

 

Нұры пейіште шалқығай

 

Құрметті Қазыбек ЖарылҚасынұлы!

  Барша астаналықтардың және Өзімнің атымнан ардақты әкеңіз, Оңтүстік өңірдің белгілі де білгір азаматы Жарыл­қасын ағамыздың өмірден озуына байланысты қайғыла­ры­ңызға ор­тақтасып, көңіл айтамын. Еңбек ардагері, ауыл шаруашылығының майталман ма­ма­ны, Жарылқасын Иса ағамыз мәнді де мағыналы өмір сүрді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, балаларының бақытына, не­мереле­рі­нің қызығына кенелді. Өзің секілді танымал ақын, белгілі жур­на­лист, қоғам қайраткеріне айналған ұлы­ның өмірдегі жеткен жетістігі мен табыстарын көріп, мар­қайды. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.

Иманғали Тасмағамбетов,

Астана қаласының әкімі

 

 

 

 

Көкірегі көмбе, қазына қария еді...

 

Қазақтың дарынды ақыны Қазыбек Исаның әкесі, ардақты Жарылқасын ағамыз  өмірден өтті. Мен де бір інісі боламын ол кісінің. Сондықтан ауруханада жатқандықтан елдегі жаназаға бара алмай қалсам да, осы Алматыдағы жетісіне келіп, Құранның ішінде болып, көңілімді білдіргелі отырмын. Мен осы  қаралы хабарды естігенде: «Өмірге бір адам келді де, кетті. Артында не қалды?» деп ойладым. Иә, не қалды? Ойлап қарасам, Жарылқасын ағамыздың артында қалған өнегесі мол екен. Сонау Қызылдың құмында тыңға түрен салып, күріш екті. Қызылқұм ауылының қазығын қағысты. Сол кезде жалғыз өзі жұмыс істеп жүріп, он баласын түгелдей оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондыра білуінің өзі-ақ керемет ерлік емес пе? Жаны жайсаң, жақсы адам еді ағамыз. Ауылға кейде барып қалғанда, немесе жиындарда кездесіп қалғанда, құшағын жайып, ыстық ықыласын білдіріп жататын... Көкірегі көмбе, қазына қария еді... Бәрін қойғанда, үйдегі ұлдарының тұңғышы Қазыбек Исаны «Сенің болашағың Алматыда. Сен үйге емес, елге керексің. Алдыңнан жарылқасын, астанаға бара бер. Қалған балалар өз күнін көрер,қайратым жетеді әлі»-деп, ақын ұлын Алматыға аттандырып жіберуі де, жеке бас қамы мен ауыл-аймақтың тірлігінен Қазақтың мүддесін жоғары қойғаны деп білемін. Әйтпесе, ойлаңыздаршы, 120 соммен он баланы асырап, жеткізу оңай ма? Тұңғыш ұлы институт бітіріп, ауылға келіп, бір жағына шығады ма деп жүргенде, ол суретшінің оқуына барып, ақын болып оралса, оны ағамыз Жарылқасынның өзі ұлы Абай бастаған ұлы көшке ілескін деп, ақ батасын беріп, ақындардың астанасы Алматыға шығарып салуының өзі бір  өнеге емес пе? «Әке –балаға сыншы» дегеннің үздік үлгісі осы шығар, бәлкім. Ал, Қазыбек бауырым, өзіңе бекем бол. Ақсақал болудың алды осы. Артыңдағы іні-қарындастарыңа енді өзің әке орнына әке боласың. Еркелейтін әкең жоқ, маған еркелемесең... Жарылқасын ағамыздың ұлының,  кешегі Қазыбек Исаның ел тойлаған елуіне қарасқаны, күтіп жатқанына  да, ұлының қуаныш-жақсылығын көріп, сезіп кеткеніне де Аллаға шүкіршілік айту керек. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алды пейіш, арты кеніш болсын деп тілейміз.

                                                          Ислам ӘБІШЕВ,

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі  

Су ресурстары комитеті төрағасы

22.11.2012.

 

 

 

Шүкіршілігі мен сүйініші мол болған шығар...

Қадірлі Қазыбек!

    «Қазақ әдебиетінен» бір жайсыз хабар оқып, көңілім  нілдей  бұзылды. Жәкең  қайтпас  сапарға   аттанған  екен...  жаны жәннәта болуын тілеп бет сипадым. Жасым сексенді маңайлап, шөбере сүйген шал болып отырсам да, бұдан қырық бір жыл бұрын көз жұмған Әкемді аңсауым басылар емес. Әке шіркін, мейлі ол малшы, диқан болсын, мейлі академик, классик болсын, бізге өмір сыйлаған Адам ғой! Менің Әкемді сағынуым мен өкінішім – егіз сезім. Қиналған кездерімде сабыр сақтай жөн айтып, сүйеуші, қорғаушы Періштем  болатын еді. Ал    мен көп қызық көрсете алмадым. Мен ел қатарына қосыла бергенде Ол бақилық болды. Жә­кеңнің жолы бөлек қой, сенің Азамат, Ақын  болып, елге та­нылғаныңды көрді! Шүкіршілігі мен сүйініші мол болған шығар. Енді  өзіңнің  сондай  сезімге бөлене 100 жасауыңды  Алла  нәсіп  етсін, құрметті Інім!

 

Ғаббас Қабышұлы

Жәкеңнің жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!

Қадірлі Қазыбек!

Сіздің әкеңіз Жарылқасын Исаұлының о дүниелік болғанын есітіп, жанымыз жабырқады. Әкеңіз жайлы сырттай болса да аз-кем білетін едім. Оны ауылшаруашылығы саласының білгір маманы ретінде танитынмын. Отандық бірнеше наградалармен марапатталған әкеңіз ауыл-аймақтың қадірменді ақсақалы еді. Сондықтан Жәкең қайтпас сапарға аттаныпты деген жайсыз хабар бәріміздің де арқамызға батты. Сонау Астанадан «Ақ Жол» ҚДП төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бастаған топ ұшып келді. Қаралы жиынға жиналған қауымның қарасы қалың екен. Әкеңді жоқтап тұрған сені көріп біздің де көзіміз кіреукеленді. Бәріміз жабылып саған көңіл айттық. Жәкеңді Ұзын ата жатқан қасиетті қорымға қалдырдық. Оған топырақ салу бәрімізге де бұйырды. Осындай жақсы әкенің ұлы болған сенің арманың жоқ. Әкең ұзақ жасапты. Алайда, кім әкесін өлімге қияр дейсің? Сен сияқты елге танылған ақын, журналист, қоғам қайраткерін тәрбиелеген әкең өзіңе риза болып кеткен шығар-ау. Біз сенің әкесіз қалғаның үшін қайғырдық. Жәкеңнің жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Иманы өзіне серік болсын дейміз.  

Анарбек ОРМАН,

«Ақ Жол» ҚДП төрағасының орынбасары-

 Оңтүстік Қазақстан облысы

 филиалының төрағасы.  

    Әке деген асқар тау Қазыбек Исаға көңіл айту   Ағайынбыз жамандыққа қимаған, Кей кездерде бір арнаға құймаған. Сен екеуміз өлең жаздық қиялмен Шардараның арнасына сыймаған.   Әке деген асқар тау ғой айбынды, Көтеретін адамзатқа сай мұңды. Ниетімнің оңалғаны деп білем, Осы сөздер жеңілдетсе қайғыңды.   Пенделердің бұл тағдырға назы көп, Сен келгенсің өлең-жырдың жазы боп. Бәрімізде жетімсіреп жүрміз-ау, Сен де енді бекемдеу бол, Қазыбек.   Әбілда Аймақ.

Шымкент

15.11.2012 жыл

 

Көңіл айтқан жеделхаттар

 

Иса әулетіне асыл әкелеріңіз, Жарылқасын ағамыздың қайтыс болуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл білдіреміз. Марқұмның жатқан жері жайлы,топырағы торқа, иманы серік болсын.

Әлихан Бәйменов,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

жөніндегі агенттіктің төрағасы,

Астана

 

 

Қадірлі ағайын,

 

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Ардақты да асқар таудай ағамыз Жарылқасын Исаұлы­ның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты, әулеттеріңіздің орны толмас ауыр қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз. Аға­мыз­дың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болғай деп Алладан тілейміз!

     Қазаның арты қайырлы болғай!

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Су ресурстары комитетінің

төрағасы Ислам Әбішев,

 Марғұлан Марайым,

Сенбек Шынтаев.

Астана қаласы

 

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

  Сізге Арыс қалалық әкімдігі мен өз атымнан әкеңіз Жа­рыл­қасын Исаұлы­ның қайтыс болуына байланысты қайғы­ңыз­ға ортақтасып, көңіл айтамын. «Әке – асқар тау» деген. Әкеңіздің өмірден өтіп, бақилық болуы әрине, ең ал­ды­мен өзіңізге ауыр соғып отырғаны белгілі. Алла алдынан жарылқасын, иманы өзіне серік, жаны жәннатта болсын! Өзіңізге, отбасыңызға және ағайын-туыстарыңызға Алла өмір берсін. Қайғыңызға ортақпыз. Құрметпен,

Арыс қаласының әкімі

С.ЕРТАЙ

 

  Қазақстанның  «Ақ жол» Демократиялық партиясы Астана қалалық филиалы республикалық «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы, «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға әкесі

Жарылқасын Исаұлы­ның

қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.     Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалы республикалық «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы, «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға әкесі

Жарылқасын Исаұлы­ның

қайтыс болуына байланысты орны толмас қайғысына ортақтаса отырып, отбасына, тума-туыстарына көңіл айтады.     «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалы және облыстық Кеңес мүшелері республикалық «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, редакторлар кеңесінің төрағасы, «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаға әкесі

Жарылқасын Исаұлы­ның

дүниеден озуына байланысты қайғысына ортақтасып өз көңілдерін білдіреді. Аллаһ Тағала әкеңізді алдынан жарылқап, жанын жәннатта етсін.       Қадірлі Қазыбек аға! Асқар таудай әкеңіздің дүниеден өткеніне қайғырып көңіл айтамын. Алды жарық, иманы саламат болсын. Нұржан Қуантайұлы. 26.11.2012.

 

 

 

     

ӘКЕМЕ

Мен ауырдым – Неге ауырды жүрегім? Оны, әрине, өзім ғана білемін... Күре жолға қарап тұрып күн бойы, Күрең тартты реңім...   Қамалмай-ақ қапырық тас қалаға, Бәрін тастап, кетсем деймін далаға... Онда жатыр кеше кеткен Жан көкем, Онда жатыр жаны аяулы Жан ана!..   Әке, сен де кетіп қалдың ақыры, Қара жердің толды ма екен ақымы?.. Тастап кеттің, Елмен болсын дегендей, Елдің мұңын жырлайтын  ел ақыны...   Жүрегімді  бұлқындырып бір ағын, Оңашада балаларға көрсетпей, Бала болып емін-еркін жыладым... Қорқып жүрген ең бір суық сөзді естіп... Керең болмай қалды менің құлағым...   Қарсы алды ма, анамды айтып қоймап ең, Дүниенің жалғандығын тағы да алдым ойға мен... Қиналып ең, жай тапты ма, жаның да, Жәннат есік ашса деймін,- Жалғандықсыз жайлы әлем.   Ұзын Ата зиратымыз  ең көне, Алып қалды, Енді жоқсыз... Еркелермін елге де... Бар асылды жатыр екен жасырып, Қасиетті десем Қара жер неге?   Арызымды енді кімге айтамын?.. Бөлісуде қайғымды елім – байтағым. Әкесі бар жанның бәрі бала екен, Есеюді енді ғана байқадым...   Тұңғыш ұл ем... тұманды ойлар не түрлі, Жаулап алды тапқандай шын  жетімді... Сағындырған сайын дала, сары шал... Бәрі мені тастап кеткен секілді...   Енді әкесіз өтер қалған күндерім, Жайымды ойлар жан әкемдей кім менің?.. Жапандағы жалғыз үйге кететін, Кез келді ме, білмедім...   Қайран әкем, далаңдай сен кең едің... Қалай табам жүрегімнің мен емін?.. Әкем кетті... Әкем салған жолменен Ұрпағыңды өрге сүйреп келемін. Он баланы жалғыз өзі жеткізген, Әке, неткен Ер едің!.. Кенен ойлы кемелім!   Жаратқаннан жалбарынып жәрдемді, Жинадым мен Құранменен әл-демді. Атам қойған атыңызға лайық, Алдыңыздан Жарылқасын Алла енді!..   Қайда барып, кімге айтамын мұңымды... Ұрысасыз естісеңіз мұнымды... Жасыра алмай жатқаным ғой шынымды... Жәннатқа арнап жіберемін дұғамды,- Құдыретті Алла, қабыл алғай жырымды!                                                               Қазыбек ИСА 24.11.2012.