ЖАРТЫ МИЛЛИАРДТАН АСТАМ САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН САБЫР АТАЕВ

 

ЖАРТЫ МИЛЛИАРДТАН АСТАМ САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН САБЫР АТАЕВ қашанғы қашып жүреді?

Соңғы уақытта биліктен әл кетті ме, әлде, жемқорлықтың алапат күші биші­кеш­терді де илеп тастады ма, қоғам әді­летсіздікке шырмалған үстіне шырмала түсуде. Қарапайым халық тиісті органдарға сенгенше, жаратушыға сенгенді құп кө­реді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегендей, құдайдан қорықпайтындар көбейіп кетті. Сыбайлас жемқорлық әбден күшіне мінген қоғамда ештеңеге таң қал­майтын болдық. Қандай жағдай болса да, әділетсіз қоғамда болуы тиіс құбылыс сияқты қабылдаймыз. Әділетсіздіктерді көргенде, не үшін жоғары палаталар заң­дар шығарып әуре болып отыр, құқық қорғау органдары не бітіріп отыр, деген ой жаныңды жейтіні тағы бар. Заң дегеніміз қағаздағы күші жоқ жазулар ғана екен, деп ойламасқа амалың да қалмайды екен. Олай болса, түйіні тарқатылмаған сыбай­лас жемқорлықтың мына көрінісін оқыр­манға жеткізіп көрейік. Түркістан қаласында «Ақ жол» ЖШС 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал «Бастау – ХХ1» ЖШС ОҚО мамандан­дырылған ауданаралық сотының 2004 жылдың 28 маусымындағы шешімімен № 23-408-04 іс бойынша күшін жойған. Екі кәсіпкерлік обьектінің қожайыны – Сабыр Атаев. Бүгінгі күнге дейін бірнеше рет жал­ған кәсіпкерлікпен айналысып келген С.Атаев­тың үстінен қала тұрғындары құ­қық қорғау орындарына қанша рет арыз жазса да, заңды белден басып, бәрін ақ­шаға жығып, айласын алты қырдан асы­рып жүрген ол судан таза, сүттен ақ болып сайраңдап жүр. С.Атаев заңсыз құрылыстар cалып, үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалса да, мемлекетке салық төлемей, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отыр. ОҚО бойынша салық департа­менті­нің актілері негізінде үстіміздегі жылдың 6 наурызында жазылған СД-06-15/1814 және үстіміздегі жылдың 13 наурызында жазылған СД-06-15/1999 санды хат­та­рын­да көрсетілгендей, «Ақ жол» ЖШС-нің (директоры С.Атаев) жалған кәсіпкерлік­пен айналысып (2007 – 2008 – 2010 жыл­дары), 530,0 млн теңге салықты төлемей жүр­гені анықталды. Атаевтың үстінен ме­нің жазған арызыма ОҚО салық департа­ментінің арнайы жазған осы жауап хат­тарында осы сома нақты көрсетілген. Сұм­дығы сол, мемлекетке сонша салық қарызы болса да, бүгінгі таңда жұмысын жалғастыруда. Сонда Түркістан қалалық салық басқармасындағылар мемлекетке салық төлемейтін, әздек С.Атаевтың іс-әрекетіне көз жұма қарап, «қарызы жоқ» деген анықтаманы бірнеше жыл бойы заң­ды белден басып қалай беріп отырды екен? Әлде, салық басқармасындағы серкелер (бас­шысы М.Орынбаев, орынбасарлары – Б.Кішібаев, Х.Идрисов) Атаевтың сы­бай­ластары ма? Себебі олар бұған дейін де оны 3 рет тексеріп, салық қарызын жасы­рып келген. Менің арызымнан кейін де «Ақ жол» ЖШС-нің 2009-2011-2012 жыл­дар­дағы салықтарын әлі толық тексермей, көрмес түйені де көрместің» керін кел­тіруде. Ал Түркістан қаласы әкімінің эко­номикалық мәселелер жөніндегі орын­ба­сары С.Төрежанов салық төлеуден мем­лекетке 530 млн теңге қарыз болып отыр­ған С.Атаевтың тендерге қатысуына қалай жол беріп отыр? Жо­ғарыдағы салықтық тексеру нәтижесіне толық ке­ліспеген С.Атаев үстіміздегі жыл­дың 17 сә­уірінде ауданаралық экономи­калық сотына ша­ғымданған. Бірақ үсті­міздегі жылдың 11 мау­сымында экономи­калық соттың ше­шімі бойынша Атаевтың шағымы қанағат­тандарусыз қалдырылған. Ол бұл шешімге де келіспей, ОҚО сотының апелляциялық сот алқасына шағымданған. Қазіргі уақыт­та сот процесі жалғасуда. С.Атаевтың салықтан басқа да әділетсіз істері бір емес, бірнеше түйеге жүк болары сөзсіз. Мәселен, оның Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «Бәйтерек» атты той­хананы сатып алу актісіне сәйкес, 2,8 млн дол­ларға сатып алған сомадан тиесілі са­лығын қалай төлегені де белгісіз. Жыл­дың 12 айының 10 айында түгел жұмыс істейтін 500+200+100 орындық тойхана­ның бір жыл­дық табысы шамамен 100 млн теңге болады екен. Тойханадан түсетін та­быстың тиесілі салығын толық төлегеніне де дәлел жоқ. Осы ғимаратқа қайта жөндеу жұмыс­тарын жүргізгенде СНиП нормала­рын сақтамай, ҚР Жер Кодексі 109 бабы­ның 11 тармағында көрсетілгендей, құры­лысты қызыл сызықтың үстіне салып, заң талап­тарын бұзып отыр. Ал қала әкімшілігі мен сәулет басқармасының мамандары оған 0,31 га жерді қызыл сызыққа мінгес­тіріп бере салғаны жұртты таң қалдыр­майды, ашындырады. СНиП нормалары бойынша 500 адамдық тойханаға 75 авто­көлікке ар­налған тұрақжай болуы тиіс. Бұл талап та орындалмаған. Қызыл сызықты басып тұр­ған тойхананың қасында көлік­терге үнемі қолайсыз жағдайлар туындап жата­ды. Тіпті мемлекеттік қабылдау актісі бол­маса да, тойхана іске қосылған. Бұдан кейін осындай заңсыздықтарға жол берген кім деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Түркістанда жер дауы ушығып, соңы ауыл әкімінің өлімімен аяқталып жатқан­да (бұл туралы кезінде оңтүстіктің ақпа­- рат құралдары шулап жазған болатын), С.Атаев бір өзі (шектеулі нормадан артық) Қарашық ауылынан 220 га, Жарбасқан ауылынан 166 га, Яссы ауылынан 5 га, жалпы 400 га-дай жерді алып, карьер ретінде 18 жылдан бері пайдаланып келеді.   Ол бірнеше карьерді заңсыз иеленіп, жылына 800-900 млн теңгенің өнімін өн­діріп, қаланың ауасын ластап, экологияны бұзып отыр. Қала депутаттарының карьер­лерге рекультивация (қазылған шұңқыр­ларды тегістеу) жүргізу туралы талаптарын орындамауда. Карьерден тас, құм шыға­рып, оны Түркістан, Созақ, Мақтарал, аудан­дарына, Шымкент, Кентау қалала­рына және Қызылорда облысына сатып, пайда тапқан. Тек Отырар ауданындағы БАӘ өкілдеріне 8 млрд теңгенің материал­дарын сатып, қызмет еткен. 1997-1998- 1999-2000 жылдары карьердегі табиғи тас­­­­ты өндіруді «Ақ жол» ЖШС лицензия­сыз іске қосып, 49 079 644 теңге және «Бас­тау ХХ1» ЖШС 24 498 000 теңге пайда тап­қа­ны үшін, С.Атаевтың үстінен қыл­мыс­тық іс қозғалған. Алайда 2002 жылдың 9 мау­сымында ҚР Президентінің «Рақым­шы­лық жасау туралы» заңына сәйкес, Түр­кістан аймағы бойынша АҚПБ-ның тер­геушісі прокуратурамен келіспей, істі өн­дірістен қысқартқан. Сондай-ақ, «Ақ жол» ЖШС-нің директоры С.Атаевтың қиыр­шық тасты лицензиясыз өндіріп, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін, ҚР ҚК-нің 190 бабының 1 тармағы бойынша іс қозғалып, Түркістан қалалық сотына жолданған. Алайда ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, 2003 жылдың 19 ақ­панындағы ҚР «Рақымшылық жасау ту­ралы» заңының 10 бабының талабына сәй­кес, Түркістан қалалық сотының 2004 жылғы 3 ақпандағы қаулысымен іс тағы да қысқартылған. Тастан теңге сауып, халық­тың мұң-зарын құлағына қыстырмай жүр­ген Атаевтың карьерлерді заңсыз пайда­ланғаны үшін, 2011 жылы тексеру жүргі­зіліп, сот шешімі бойынша 18 млн теңге, ауыз суды өндірісте ірі көлемде пайдалан­ғаны үшін 300 мың теңге айыппұл салын­ған болатын. Жерден қазып алған табиғи байлық – тастың, құмның және істеген осы жұмыстарының көлеміне тексеру жүр­гізіліп, тиесілі салығын төледі ме екен? Бұл да беті ашылмаған мәселенің бірі. Тек 2010 жылдың 10 қаңтарында ОҚО әкімдігінің № 21 қаулысы негізінде осы карьерді жер телімі етіп бекітіп, мемлекеттік акт алып­ты. Сонда ол он сегіз жыл бойы карьерді қалай пайдаланып келген? Оған неліктен жергілікті билік жол беріп отырған? Оның осындай әділетсіздіктері құқық қорғау орындарынан тыңғылықты тексерілмей, тиісті жаза қолданылмаған. Қарашық ауылындағы карьерді терең қазғандықтан, жерасты сулары тартылып, ауыл тұрғын­дары сусыз қалып, ОҚО телеарнасында мәселе көтерілген болатын. Онымен қой­май ҚР Су Кодексінің 66, 72, 125 баптары­ның және СЭС талаптарын өрескел бұзып, асфальт зауытын салып аталмыш ауылды түтінмен улап отырғаны туралы да теле­ар­нада көрсетілді. Битум шығаратын асфальт зауыты Қарашық өзенінің арнасына орна­ласқандықтан, зауыттан шыққан лас зат­тармен су көзін былғап, экологияны лас­тап, ауыл тұрғындарының денсаулығына да зиянын келтіруде. Тұрғындар күні бү­гін­ге дейін қала әкіміне шағымданып, С.Атаев­тың асфальт зауытын өзен арнасы­нан тез арада көшіруін талап етуде. Қор­шаған ортаға залал келтіргені үшін, 2011 жылдың 15 желтоқсанында ҚР ӘҚБК 143 бабына сәйкес, «Ақ жол» ЖШС-нің ди­рек­торына заңды тұлға ретінде ОҚО сотының № 2А-1310 қаулысы бойынша 5 361 918 теңге айыппұл да салынған. Алай­­да халықтың зарына жаны ауырмай­тын биліктің зауытты көшіруге қауқары жетпеуде. Қасиетті Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында құрылған «Парыз» қорына түскен миллиондаған қаржыны да талан таражға салды. Қарапайым халық қанша арызданып, ізденгенімен, Түркістанның сол кездегі әкімінің қолдауымен, тексе­рушілердің актілері мен сот шешім­дері С.Атаевті үнемі ақтаумен шектеліп келеді. Той қарсаңында президенттің көзін алдап, жол жағасын безендіру үшін, қала­ның кіре берісіне «Жаға жай кешенін» салу туралы қала әкімінің ауызша нұсқауымен С.Атаевқа тапсырма беріледі. Ол бұрын мелиораторлар апатты жағдайға арнап қазып кеткен, дайын арықтардың орнына ұзындығы 560 метрлік жаға жай кешенін салады. Кешенге қордан 59 млн теңге жұм­салады. Сол шомылуға арналған бассеин әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау акті­сінсіз, пайдалануға берілмей иесіз жатыр. Осы жаға жай кешеніне қатысты жазылған арыздарға бірнеше тексерулер жүргізіліп, актілер түзілген. ОҚО прокурорының 2002 жылғы 15 наурыз күнгі қаулысына сәйкес, ОҚО қаржы департаментімен Түркістан қала­сының кіре берісінде, «Ақ жол» ЖШС сал­ған жаға жай обьектісі бойынша ат­қа­рылған құрылыс –монтаж жұмыстарының көлемі 21583,2 мың теңге, нақты орындал­ғаны 21302,2 теңге екені анықталып акті түзілген, бірақ іс ОҚО прокуратурасымен келісілмеген. Осыдан кейін 59 млн теңге­нің қалған сомасы қайда кеткенін өзіңіз топшылай берерсіз. Күллі түркі әлеміне рухани сәуле шаш­қан, халықаралық ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Яссауи кесенесінің қарамағына берілген, «Ташанақ» қорғанын бульдо­зермен сырып тастап, ені 7 метр Ұзын­дығы 200 метр жол салған. Осыған орай С.Атаев­тың үстінен қала прокуроры та­рапынан ҚР ҚК-нің 186-187 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ Атаев бұл істен де құтылып кетті. Ұлттың мә­дени мұрасын табанға таптаған Атаев­тың қасиетсіз ісі туралы БАҚ жа­ры­са жаз­ды. Атаевтың айласын асырған іс-әрекет­терін бір мақалада жазып тауысу мүмкін емес. Кез-келген тексеру нәтижелерінде оның төбесінен ғайыптан нұр жауып, үнемі амнистияға ілігіп, қылмыстық істері айыппұл төлеумен қысқартылып отырған. Қулық-сұмдықтың небір құйтырқы жолдарын меңгерген Атаевтың 530,0 млн теңге салықты төлемей, түлкібұлаңға са­лынуы салық басқармасындағылармен мықтап сыбайласқанының айқын дәлелі болса керек. Өйтпесе, тендерге қатысу үшін салық басқармасындағылардан «қарызы жоқ» деген анықтаманы қалай оп-оңай ала салады? Соңғы уақытта Атаевтың іс-әрекетіне ел үрке қарайтын болды. Түркістан то­пырағында өсіп-өніп, туған жерінің тасы мен топырағынан қыруар пайда тауып, байып отырса да, өз мекемесіне тек өзбек ұлтының өкілдерін ғана жұмысқа алатын болды. Бүгінде ел «Ақ жол» ЖШС-нің не бір ұлттың ғана қазанын қайнататын ұйым екенін, немесе өзбек ұлтынан құрылған діни секта екенін ажырата алмауда. Атаев­тың «құпия обектісіне» өзге ұлттың өкіл­дері бас сұға алмайды. Қазақ жерінде отырып ұлт арасына жік салып отырған Атаевтың мұндай қылығы бізді ішімізден тындыруда. Іштен тыну деген жақсы емес екені де белгілі. Туған топырағының табиғи байлығын бас пайдасына игеріп, салық төлемей отырған Атаевтың қандай адам екенін кез-келген адам осыдан-ақ пайымдайтын болар. Қасиетті Түркістанның топыра­ғынан теңге сауған Атаевты туған топы­рақтың киесі ұрмасына кім кепіл. Оған, Аруақты қала – Түркістанның киесімен ойнама дегіміз келеді.    Зұлпыхар Оразбеков,            Түркістан қаласы

P.S. Атаев абыройы айрандай төгіліп, заң алдында жауап беретін сәті жақындаған сайын суға кеткен тал қармайдының күйін кешуде. С.Атаевтың таныстары жақында менің үйіме келіп, маған қоқан-лоқы жасап кетті. Атаевтың үстінен шағымданған қала тұрғыны Мәулен Манаповты және менің танысымды біреулер ұрып-соғып кетті.