ЖАРТЫ МИЛЛИАРДТАН АСТАМ САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН САБЫР АТАЕВ
ЖАРТЫ МИЛЛИАРДТАН АСТАМ САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН САБЫР АТАЕВ қашанғы қашып жүреді?
Соңғы уақытта биліктен әл кетті ме, әлде, жемқорлықтың алапат күші бишікештерді де илеп тастады ма, қоғам әділетсіздікке шырмалған үстіне шырмала түсуде. Қарапайым халық тиісті органдарға сенгенше, жаратушыға сенгенді құп көреді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегендей, құдайдан қорықпайтындар көбейіп кетті. Сыбайлас жемқорлық әбден күшіне мінген қоғамда ештеңеге таң қалмайтын болдық. Қандай жағдай болса да, әділетсіз қоғамда болуы тиіс құбылыс сияқты қабылдаймыз. Әділетсіздіктерді көргенде, не үшін жоғары палаталар заңдар шығарып әуре болып отыр, құқық қорғау органдары не бітіріп отыр, деген ой жаныңды жейтіні тағы бар. Заң дегеніміз қағаздағы күші жоқ жазулар ғана екен, деп ойламасқа амалың да қалмайды екен. Олай болса, түйіні тарқатылмаған сыбайлас жемқорлықтың мына көрінісін оқырманға жеткізіп көрейік.
Түркістан қаласында «Ақ жол» ЖШС 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал «Бастау – ХХ1» ЖШС ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотының 2004 жылдың 28 маусымындағы шешімімен
№ 23-408-04 іс бойынша күшін жойған. Екі кәсіпкерлік обьектінің қожайыны – Сабыр Атаев.
Бүгінгі күнге дейін бірнеше рет жалған кәсіпкерлікпен айналысып келген С.Атаевтың үстінен қала тұрғындары құқық қорғау орындарына қанша рет арыз жазса да, заңды белден басып, бәрін ақшаға жығып, айласын алты қырдан асырып жүрген ол судан таза, сүттен ақ болып сайраңдап жүр. С.Атаев заңсыз құрылыстар cалып, үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалса да, мемлекетке салық төлемей, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отыр. ОҚО бойынша салық департаментінің актілері негізінде үстіміздегі жылдың 6 наурызында жазылған СД-06-15/1814 және үстіміздегі жылдың 13 наурызында жазылған СД-06-15/1999 санды хаттарында көрсетілгендей, «Ақ жол» ЖШС-нің (директоры С.Атаев) жалған кәсіпкерлікпен айналысып (2007 – 2008 – 2010 жылдары), 530,0 млн теңге салықты төлемей жүргені анықталды. Атаевтың үстінен менің жазған арызыма ОҚО салық департаментінің арнайы жазған осы жауап хаттарында осы сома нақты көрсетілген. Сұмдығы сол, мемлекетке сонша салық қарызы болса да, бүгінгі таңда жұмысын жалғастыруда. Сонда Түркістан қалалық салық басқармасындағылар мемлекетке салық төлемейтін, әздек С.Атаевтың іс-әрекетіне көз жұма қарап, «қарызы жоқ» деген анықтаманы бірнеше жыл бойы заңды белден басып қалай беріп отырды екен? Әлде, салық басқармасындағы серкелер
(басшысы М.Орынбаев, орынбасарлары – Б.Кішібаев, Х.Идрисов) Атаевтың сыбайластары ма? Себебі олар бұған дейін де оны 3 рет тексеріп, салық қарызын жасырып келген. Менің арызымнан кейін де «Ақ жол» ЖШС-нің 2009-2011-2012 жылдардағы салықтарын әлі толық тексермей, көрмес түйені де көрместің» керін келтіруде. Ал Түркістан қаласы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары С.Төрежанов салық төлеуден мемлекетке 530 млн теңге қарыз болып отырған С.Атаевтың тендерге қатысуына қалай жол беріп отыр? Жоғарыдағы салықтық тексеру нәтижесіне толық келіспеген
С.Атаев үстіміздегі жылдың 17 сәуірінде ауданаралық экономикалық сотына шағымданған. Бірақ үстіміздегі жылдың 11 маусымында экономикалық соттың шешімі бойынша Атаевтың шағымы қанағаттандарусыз қалдырылған. Ол бұл шешімге де келіспей, ОҚО сотының апелляциялық сот алқасына шағымданған. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда.
С.Атаевтың салықтан басқа да әділетсіз істері бір емес, бірнеше түйеге жүк болары сөзсіз. Мәселен, оның Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «Бәйтерек» атты тойхананы сатып алу актісіне сәйкес, 2,8 млн долларға сатып алған сомадан тиесілі салығын қалай төлегені де белгісіз. Жылдың 12 айының 10 айында түгел жұмыс істейтін 500+200+100 орындық тойхананың бір жылдық табысы шамамен 100 млн теңге болады екен. Тойханадан түсетін табыстың тиесілі салығын толық төлегеніне де дәлел жоқ. Осы ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстарын жүргізгенде СНиП нормаларын сақтамай, ҚР Жер Кодексі 109 бабының
11 тармағында көрсетілгендей, құрылысты қызыл сызықтың үстіне салып, заң талаптарын бұзып отыр. Ал қала әкімшілігі мен сәулет басқармасының мамандары оған 0,31 га жерді қызыл сызыққа мінгестіріп бере салғаны жұртты таң қалдырмайды, ашындырады. СНиП нормалары бойынша 500 адамдық тойханаға 75 автокөлікке арналған тұрақжай болуы тиіс. Бұл талап та орындалмаған. Қызыл сызықты басып тұрған тойхананың қасында көліктерге үнемі қолайсыз жағдайлар туындап жатады. Тіпті мемлекеттік қабылдау актісі болмаса да, тойхана іске қосылған. Бұдан кейін осындай заңсыздықтарға жол берген кім деген сұрақ бәрімізді мазалайды.
Түркістанда жер дауы ушығып, соңы ауыл әкімінің өлімімен аяқталып жатқанда (бұл туралы кезінде оңтүстіктің ақпа-
рат құралдары шулап жазған болатын), С.Атаев бір өзі (шектеулі нормадан артық) Қарашық ауылынан 220 га, Жарбасқан ауылынан 166 га, Яссы ауылынан 5 га, жалпы 400 га-дай жерді алып, карьер ретінде 18 жылдан бері пайдаланып келеді. Ол бірнеше карьерді заңсыз иеленіп, жылына 800-900 млн теңгенің өнімін өндіріп, қаланың ауасын ластап, экологияны бұзып отыр. Қала депутаттарының карьерлерге рекультивация (қазылған шұңқырларды тегістеу) жүргізу туралы талаптарын орындамауда. Карьерден тас, құм шығарып, оны Түркістан, Созақ, Мақтарал, аудандарына, Шымкент, Кентау қалаларына және Қызылорда облысына сатып, пайда тапқан. Тек Отырар ауданындағы БАӘ өкілдеріне 8 млрд теңгенің материалдарын сатып, қызмет еткен. 1997-1998- 1999-2000 жылдары карьердегі табиғи тасты өндіруді «Ақ жол» ЖШС лицензиясыз іске қосып, 49 079 644 теңге және «Бастау ХХ1» ЖШС 24 498 000 теңге пайда тапқаны үшін, С.Атаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда 2002 жылдың 9 маусымында ҚР Президентінің «Рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес, Түркістан аймағы бойынша АҚПБ-ның тергеушісі прокуратурамен келіспей, істі өндірістен қысқартқан. Сондай-ақ, «Ақ жол» ЖШС-нің директоры С.Атаевтың қиыршық тасты лицензиясыз өндіріп, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін, ҚР ҚК-нің 190 бабының 1 тармағы бойынша іс қозғалып, Түркістан қалалық сотына жолданған. Алайда ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, 2003 жылдың 19 ақпанындағы ҚР «Рақымшылық жасау туралы» заңының 10 бабының талабына сәйкес, Түркістан қалалық сотының 2004 жылғы 3 ақпандағы қаулысымен іс тағы да қысқартылған. Тастан теңге сауып, халықтың мұң-зарын құлағына қыстырмай жүрген Атаевтың карьерлерді заңсыз пайдаланғаны үшін, 2011 жылы тексеру жүргізіліп, сот шешімі бойынша 18 млн теңге, ауыз суды өндірісте ірі көлемде пайдаланғаны үшін 300 мың теңге айыппұл салынған болатын. Жерден қазып алған табиғи байлық – тастың, құмның және істеген осы жұмыстарының көлеміне тексеру жүргізіліп, тиесілі салығын төледі ме екен? Бұл да беті ашылмаған мәселенің бірі. Тек 2010 жылдың 10 қаңтарында ОҚО әкімдігінің № 21 қаулысы негізінде осы карьерді жер телімі етіп бекітіп, мемлекеттік акт алыпты. Сонда ол он сегіз жыл бойы карьерді қалай пайдаланып келген? Оған неліктен жергілікті билік жол беріп отырған? Оның осындай әділетсіздіктері құқық қорғау орындарынан тыңғылықты тексерілмей, тиісті жаза қолданылмаған. Қарашық ауылындағы карьерді терең қазғандықтан, жерасты сулары тартылып, ауыл тұрғындары сусыз қалып, ОҚО телеарнасында мәселе көтерілген болатын. Онымен қоймай ҚР Су Кодексінің 66, 72, 125 баптарының және СЭС талаптарын өрескел бұзып, асфальт зауытын салып аталмыш ауылды түтінмен улап отырғаны туралы да телеарнада көрсетілді. Битум шығаратын асфальт зауыты Қарашық өзенінің арнасына орналасқандықтан, зауыттан шыққан лас заттармен су көзін былғап, экологияны ластап, ауыл тұрғындарының денсаулығына да зиянын келтіруде. Тұрғындар күні бүгінге дейін қала әкіміне шағымданып, С.Атаевтың асфальт зауытын өзен арнасынан тез арада көшіруін талап етуде. Қоршаған ортаға залал келтіргені үшін, 2011 жылдың 15 желтоқсанында ҚР ӘҚБК 143 бабына сәйкес, «Ақ жол» ЖШС-нің директорына заңды тұлға ретінде ОҚО сотының № 2А-1310 қаулысы бойынша
5 361 918 теңге айыппұл да салынған. Алайда халықтың зарына жаны ауырмайтын биліктің зауытты көшіруге қауқары жетпеуде.
Қасиетті Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында құрылған «Парыз» қорына түскен миллиондаған қаржыны да талан таражға салды. Қарапайым халық қанша арызданып, ізденгенімен, Түркістанның сол кездегі әкімінің қолдауымен, тексерушілердің актілері мен сот шешімдері С.Атаевті үнемі ақтаумен шектеліп келеді. Той қарсаңында президенттің көзін алдап, жол жағасын безендіру үшін, қаланың кіре берісіне «Жаға жай кешенін» салу туралы қала әкімінің ауызша нұсқауымен С.Атаевқа тапсырма беріледі. Ол бұрын мелиораторлар апатты жағдайға арнап қазып кеткен, дайын арықтардың орнына ұзындығы 560 метрлік жаға жай кешенін салады. Кешенге қордан 59 млн теңге жұмсалады. Сол шомылуға арналған бассеин әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісінсіз, пайдалануға берілмей иесіз жатыр. Осы жаға жай кешеніне қатысты жазылған арыздарға бірнеше тексерулер жүргізіліп, актілер түзілген.
ОҚО прокурорының 2002 жылғы 15 наурыз күнгі қаулысына сәйкес, ОҚО қаржы департаментімен Түркістан қаласының кіре берісінде, «Ақ жол» ЖШС салған жаға жай обьектісі бойынша атқарылған құрылыс –монтаж жұмыстарының көлемі 21583,2 мың теңге, нақты орындалғаны 21302,2 теңге екені анықталып акті түзілген, бірақ іс ОҚО прокуратурасымен келісілмеген. Осыдан кейін 59 млн теңгенің қалған сомасы қайда кеткенін өзіңіз топшылай берерсіз.
Күллі түркі әлеміне рухани сәуле шашқан, халықаралық ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Яссауи кесенесінің қарамағына берілген, «Ташанақ» қорғанын бульдозермен сырып тастап, ені 7 метр Ұзындығы 200 метр жол салған. Осыған орай С.Атаевтың үстінен қала прокуроры тарапынан ҚР ҚК-нің 186-187 баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ Атаев бұл істен де құтылып кетті. Ұлттың мәдени мұрасын табанға таптаған Атаевтың қасиетсіз ісі туралы БАҚ жарыса жазды.
Атаевтың айласын асырған іс-әрекеттерін бір мақалада жазып тауысу мүмкін емес. Кез-келген тексеру нәтижелерінде оның төбесінен ғайыптан нұр жауып, үнемі амнистияға ілігіп, қылмыстық істері айыппұл төлеумен қысқартылып отырған.
Қулық-сұмдықтың небір құйтырқы жолдарын меңгерген Атаевтың 530,0 млн теңге салықты төлемей, түлкібұлаңға салынуы салық басқармасындағылармен мықтап сыбайласқанының айқын дәлелі болса керек. Өйтпесе, тендерге қатысу үшін салық басқармасындағылардан «қарызы жоқ» деген анықтаманы қалай оп-оңай ала салады?
Соңғы уақытта Атаевтың іс-әрекетіне ел үрке қарайтын болды. Түркістан топырағында өсіп-өніп, туған жерінің тасы мен топырағынан қыруар пайда тауып, байып отырса да, өз мекемесіне тек өзбек ұлтының өкілдерін ғана жұмысқа алатын болды. Бүгінде ел «Ақ жол» ЖШС-нің не бір ұлттың ғана қазанын қайнататын ұйым екенін, немесе өзбек ұлтынан құрылған діни секта екенін ажырата алмауда. Атаевтың «құпия обектісіне» өзге ұлттың өкілдері бас сұға алмайды. Қазақ жерінде отырып ұлт арасына жік салып отырған Атаевтың мұндай қылығы бізді ішімізден тындыруда. Іштен тыну деген жақсы емес екені де белгілі.
Туған топырағының табиғи байлығын бас пайдасына игеріп, салық төлемей отырған Атаевтың қандай адам екенін кез-келген адам осыдан-ақ пайымдайтын болар. Қасиетті Түркістанның топырағынан теңге сауған Атаевты туған топырақтың киесі ұрмасына кім кепіл. Оған, Аруақты қала – Түркістанның киесімен ойнама дегіміз келеді.
Зұлпыхар Оразбеков,
Түркістан қаласы
P.S. Атаев абыройы айрандай төгіліп, заң алдында жауап беретін сәті жақындаған сайын суға кеткен тал қармайдының күйін кешуде. С.Атаевтың таныстары жақында менің үйіме келіп, маған қоқан-лоқы жасап кетті. Атаевтың үстінен шағымданған қала тұрғыны Мәулен Манаповты және менің танысымды біреулер ұрып-соғып кетті.