Біз бүгін басшылардан адалдық көріп жүрміз бе?

ҚАЗАҚТЫҢ МЕНШИКОВЫ, ҚАЙДАСЫҢ?

Біз бүгін  басшылардан адалдық көріп жүрміз бе?

Жалпы, осы мемлекет дегеніміз не? Ғылыми тұрғыдан алғанда оның барлық елдер бірдей қалыптаған ортақ анықтамасы жоқ. Дегенмен, мемлекет аталу үшін оның жері (аумағы), ше­карасы, сол жерде тұратын халқы, халықты басқаруды қамтамасыз ететін әскер, салық, әкім­шілік секілді жүйелері болуы тиіс. Демек, мемлекет – халық қызметі үшін құрылған ұйым. Өкімет, басқаша сөзбен айтсақ, билік сол мемлекеттегі жұмысы арқылы халыққа қызмет етуші. Мемлекеттік қызметшілер ауыл әкімінен бастап ел басшысының өзіне дейін сол атының өзі айтып тұрғандай қызметшілер. Бірі төмен­деу, бірі жоғары, енді бірі ең жоғары жалақы ала­тын, бірақ қызметші ғана! «Халыққа абы­роймен қызмет етуден артық дәреже болуы мүм­кін емес!» деген бүгінгі Елбасымыздың өзі. Яғни, бәрі де дана қазақ халқы «көпшілік Құдайдан бір жас қана кіші» деп сипаттама берген халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Ең ақыры дін де, оның ішінде ең соңғы, ең әділ деп саналатын ислам діні де, «Құдай сөзі» деп аталатын қасиетті Құран кітабы да халық үшін. Халық дін үшін емес, дін халық үшін! «Екінші Ақаң» аталуға лайық Ақселеу ағамыз «Көктегі күнге, жердегі халқыма ырза емеспін!» деп көкірегі қарс айрылып, ар­ман­да кетті. Оның осы сөзі мар­құмның соңғы тілегі бойынша құл­пы­та­сына ойылып жазылды... Ақаң бұл сөзді неге айтты? Шын мә­нін­де халқына арнап айтты ма оны? Қазақ ишарамен сөйлейді. Біздіңше, бірінші кезекте сал­ма­ғы қара жерден ауыр бұл сөз елдің элитасына – қазақтың қаймағына арналған сөз. Себебі, мемлекетті гүлдендіретін, халқын әлем елі­нің алдына шығаратын да бас­шы­лар, ел аман, жұрт тынышта, соғыссыз-ақ өз елін өзгенің бо­да­нына байлап беретіндер де бас­шылар... Сөзіміз жалаң болмас үшін үш қана ел тарихынан мысал кел­тіріп кетейік. Екеуі құдайы күнгі қоңсымыз – Ресей мен Қытай, үшіншісі – өмірбаяны бүгінгі қазақ халқының өмірбаянына ұқ­сас Малайзия. Сөзді Ресейден бас­­тайық. Өз бастауын 862 жылдан ала­тын бұл мемлекет тарихында І Петрге жетер ел басшысы бол­ған емес. Бұл біздің ғана жеке пікіріміз емес. Осыдан бір-екі жыл бұрын ресейлік 1-телеарна «Имя твое Россия» деген, бір жылға созылған арнайы хабар жүргізді. Ондағы мақсат – Ре­сей­дің атын атағанда кімнің есімі бірінші болып елдің аузына тү­седі, соны анықтау болды. «Когда мы говорим партия, мы подра­зумеваем Ленин!» деп жазған В.Маяковскийдің сөзімен айт­қанда «Когда мы говорим Рос­сия, мы подразумеваем кого?» Ға­лымдардан, тарихшылардан, жазушылардан, өнер адамдары­нан құрылған құзыретті қазылар алқасы Владимир Мономахтан бастап Сталинге дейін талай қай­раткердің өміріне, ел алдындағы еңбегіне терең де жан-жақты тал­дау жасады. Талдау бойынша бі­рінші ондыққа І Петр, Пушкин, Ломоносов, Ленин мен Сталин секілді дүлдүлдер кірді. Кейін бү­кілхалықтық интернеттік дауыс беру нәтижесінде І Петрдің есімі өзгелерден оқ бойы озып келгені анықталды. Бұл не деген сөз? Әңгіме Петр­дің әлемдік сауда жолына шығу үшін шведтерден Балтық теңізін, Осман империясынан Азов пен Қара теңізді тартып алғанында, империя құрып, өзінің орыс та­рихындағы тұңғыш император атануында, 36 жыл патшалық құрған тұста тіпті бір ай да еңбек демалысына шықпағанында, жалпы, сенбі, жексенбі дегенді білмегенінде, ауруға, ауырса ем­делуге уақыты болмағанында (не­сеп жолдарын емдетуге қолы ти­мей жүргенде қыстыкүні Нева­ға түсіп кеткен солдатты құтқа­ра­мын деген патшаның суықтан ауруы асқынып кетіп, бар-жоғы 53 жасында қайтыс болған) ғана емес. Қазақтың Есім ханы да отыз жыл бойы «ат үстінен түспе­ген, бір күн белін шешпеген» жан болған. Әңгіме оның «я обязан быть первым слугой отечества, который собственным примером должен учить и воспитывать под­данных!» деген қағиданы ұстан­ға­нында. Петрдің ең үлкен қыз­меті – халқын оятқанында, қан­дастарын білімге, ғылымға, ең­бекке жұмылдырғанында, шетел­дің оқымыстыларын мың-мың­дап әкеліп, қаржыны аямай олар­ға жағдай жасап, қараңғы халқы­ның көзін ашқанында; өзі патша, кейін император бола тұра ха­лыққа жақын тұрған үкімет құ­рып, оған үлкен өкілеттік бер­ге­нінде. Ең бастысы – өзіне де­йін­гі қам темір секілді орыс хал­қын от­қа да, суға да салып шың­дап, шынықтырып, құрыш те­мірге айналдырғанында! Адал­дық­тың үлгісі болғанында! Халқына жақсылық жасаған патша аз болмаған, бірақ ұлты­ның табиғи болмысын өзгертіп жібере алған жалғыз патша Петр ғана... Екінші мысал – Дэн Сяопин. «Сяопин» – домалақ бөтелке дегенді білдіреді. Қытайлар арақ­ты құламайтын, демек ішіндегі құнды сұйығы төгілмейтін, орыс­тың «ванька-встанька» ойыншы­ғы тәрізді шағын домалақ шыны ыдысқа құяды. Кішкентай ғана бойлы Дэн Сисянь саясатқа ара­ласқан алғашқы кезеңде-ақ сү­рінсе де құламайтын, құласа да жыламайтын қасиеті үшін осы­лай аталып кеткен. Өз ғұмырында үш рет ең жоғарғы биіктен түрме тәрізді тұңғиыққа түсіп шыққан, қайтадан қарапайым жұмысшы болып істеген ол еліне деген адал­дығы арқасында «тарихты өз қолымен жасайтындар – дара тұлғалар» қатарына қосылды. Әйтпесе, қытай халқы 1979 жыл­ға дейін де, одан кейін де сол ха­лық. Еңбекқорлығы да бұрынғы қалпында. Халық өзгерген жоқ. Сонда не өзгерді? Басшылар өз­герді. Басшылық ұстаным өзгер­ді. Дэн де Сталин секілді өзі де жемқорлыққа бармады, барған­дарды да аямады. Халықтың өз тапқанын өзіне қайтарып беріп отыр­ды. Менің Қытайдан келген ғалым достарым «өзінің 5 мың жылдық тарихында қытай елі мұн­дай қарқынмен дамыған ке­зеңді білген емес» дейді. Әңгіме атақты экономикалық «бір ел – екі жүйе» деген реформада да емес, әңгіме бірінші кезекте ұлт са­насына жасалған өзгерісте. Әлі күнге дейін Қытайда жылына ор­та есеппен 5 мыңға жуық жемқор атылады. Ол тікелей теледидар­дан көрсетіледі. Сол әділдіктің ар­­қасында бұл елде мемлекет мен­­шігін арам жолмен жекеше­лендіріп алып байыған миллиар­дер бір жан жоқ. 2012 жылғы мәлімет бойынша 468 миллардер байдың барлығы да өз еңбегімен өндіріс ашу арқылы байыған­дар. Саудамен көтерілгендер үлесі 5 пайыздан аспайды. Үшінші мысал – Малайзия­ның 1981-2003 жылдар арасын­дағы премьер-министрі Махат­хир Мохаммад. Мемлекет тұр­ғындарының жартысынан көбін қытайлар мен үндістер, билік пен байлықтың басым бөлігін қытай­лар қолына ұстап тұрған кезде билік басына келген Махатхир не істеді? Ол ең алдымен «малай ұлты көгермей, малай ұлты да­мымай Малайзия мемлекеті да­мымайды» деп ашық айтты. Ма­лай ұлтының еңсесін көтеру үшін ол тұрғындарға 7 жыл мерзім берді, «осы мерзім өткен соң ма­лай тілі толыққанды мем­лекеттік тілге айналады, үкімет соған қатысты өзі атқаруға тиіс барлық шараны атқарады, сіздер де соған дайындалыңыздар, кейін өкпе­леп жүрмеңіздер» деді. Екіншіден, жаңадан ашыла­тын үлкенді-кішілі бизнес ком­па­ниясының, кім ашса да, қытай немесе үндіс болсын, бәрібір, тең құрылтайшысының бірі міндетті түрде малай ұлтының өкілі болуы тиіс деді. Осы үш ұлы адамға тең бір ғана ортақ қасиетті атар болсақ, оның аты «Адалдық» деуіміз керек. Ұлтқа деген адалдық. Нұр­тас Оңдасынов айтқан: «Еш­кімнің сыртынан арыз жазған жоқпын – арым таза, ешкімнен пара алған жоқпын – қолым таза, ешкімді руына, жүзіне, ұлтына қарап бөлмедім – жүзім таза» дей алатын биік деңгейдегі тазалыққа жеткізген адалдық. Біз бүгін мемлекетіміздегі үл­кенді-кішілі басшылардан осы адалдықты көріп жүрміз бе? Жа­уабы айқын – жоқ. Тәуел­сіздіктің бастапқы кезеңінде Прези­денті­міз: «Байыңдар! Бізге адамдардың байығаны керек, олар байыса жан-жағындағы жандарға көмек қолын созады, өндіріс ошақ­тарын ашады, сол арқылы жұмыс орнын көбейтеді, сөйтіп байла­рымыз біздің елдің халқын асы­райды» деген еді. Халықты асы­рап отырған сондай байларды көреміз бе бүгін біз? Жауап тағы да белгілі. Дана қазақтың «жаңа­дан байығаннан ақша сұрама, жаңадан үйленгеннің үйіне бар­ма» деген сөзі дәл келді. Біздің бүгінгі байларымыздың өздері, сосын балалары, сосын неме­релері тойынған кезде барып айналасына көз тастауға шама­лары келетін болады. «Сен зиялы (интеллигент) атану үшін үйіңде үш дипломың – атаңның, әкең­нің және өзіңнің дипломы болуы керек» деген ағылшын даналығы да осыны айтады. Балықтың ба­сынан шіріп жатқанын көріп отыр­ған, сол сасыған жайын­дар­дың кесірінен ғылымға, білімге, әдебиетке, өнерге мардымсыз қаржы бөлініп жатқанын – соңғы 11 жыл көлемінде ғылыми-зерт­теу жұмысына арналған қаржы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,3 па­­йызына да жете алмай отырға­нын айтсақ та жетер – көзімен кө­­ріп, көңіліне түйіп отырған зия­­лы қауым да зияндыға айна­лып, халық қамын емес, қара басының қамын күйттемегенде не істесін! Ең ақыры ол кезде ел атынан ті­ке­лей дауыс беру арқы­лы парла­ментке сайланып, «ел қалаулы­лары» атанған мәжіліс­мен­­дері­міздің өздері «қара қазан, сары баладан» аса алмай қалды. Осы­дан он жыл бұрын Фариза апамыз «бұл жерде елдің жайы туралы сөз айтылмайды екен» деп, ары қа­рай депутаттық түсу­ден үзілді-кесілді бас тартты. Жарайды, біз жемқорлықты 5 жылда жойған Грузия емеспіз, елімізге қаптап кеткен футбол жаттықтырушылары секілді Ми­хаил Саакашвилиді де пәленбай миллион долларға жалға алмасақ бұл тажалдан өз күшімізбен ары­лар түріміз жоқ. Сонда не істей­міз? І Петр бала күнгі досы, фельд­­маршалға дейін көтерілген жемқор Александр Меншиков туралы Лефорт қайтыс болғанда: «Екі қолымның бірі қалды, маған адал болғанмен сұғанақ қолым қалды" депті. Жемқорлығының салдарынан «әділ сот адамның қылмысы мен сіңірген еңбегін қа­тар ескеруі керек, ал Меншиков маған алдағы уақытта да қажет» деп, талай рет сотталатын же­рін­де аман алып қалған патша оңа­шада оған: «Ұрысың, Саша, ұры­сың, қайтейін, бірақ, сендей жұ­мысты жақсы істейтін адам жоқ...» деп отырады екен. Еңбек­қорлығы мен қажыр-қайраты, өткірлігі мен тапқырлығы, тіпті халқы үшін басын бәйгеге тігетін батырлығы да Петрдің өзінен асып түсетін – әйгілі Полтава со­ғысында орыстар тікелей Мен­ши­ковтің арқасында жеңіске жеткен және оның осы шайқаста астындағы үш аты оққа ұшқан - Меншиковтер де бұйырмай тұр ғой біздің маңдайымызға... Ау, Меншиковтер қайда­сың­дар? Бармысыңдар, бауырлар? Ұрласаң ұрлашы, жемек тұрмақ асашы, бірақ, мансабыңды пай­даланып елің үшін еңбек етші! Ең болмаса Бейнеу мен Шетпенің, Арқалық пен Жезқазғанның, Зайсан мен Аякөздің арасының жолын салып беріп кетші! «Көк тудың желбірегені – жүректің елжірегені. Қиырда қалған көп елдің, көзінің жәудірегені» деп жырлап еді марқұм Ермұрат Зайыпхан, тым болмаса сырттағы 5 миллион қазақты көшіріп әке­ліп беріп кетші! Ол екеуі де қо­лың­­нан келмесе мына тұтас ұлт­ты білімнен айырып отырған Ұлт­тық бірыңғай тестілеу деген тажалдың көзін жойып беріп кет­ші! Осы үшеуінің біреуін істеп кет­­сең де біз саған, «қазақтың Меншиковы», ертең алтын жала­тылған қоладан ескерткіш қояр едік...    Шуақ АЙБАЛТАҰЛЫ