«Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендірумен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсумен қатар өздерінің негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін»
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев
МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ МӘЙЕГІ – ОҢТҮСТІК!
Қазақ халқының пейілі дархан даладай кең болса, жері де сондай ұлан ғайыр кең. Қазақстанның әрбір өлкесі өзінше қасиетті. Десек те, Оңтүстік өзге өңірлерден өзгеше. Оңтүстіктің ауа-райы қандай ыстық болса, құшағы да сондай ыстық. Жақынды да, жатты да жатсынбаған өлкенің мейірбан халқы өзінің бауырмалдығымен, меймандостығымен, еңбексүйгіштігімен ерекшеленетіндігі елге аян.
Қазақтың қасиетті тілі де, салт-дәстүрі де мұнда қаймағы бұзылмаған күйінде сақтаулы. Оңтүстіктің Түркістан, Отырар, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек, Төлеби, Созақ сынды аудандарының қай-қайсысы болса да қасиет тұнған аймақ.
Оңтүстік Қазақстан жұртының тіршілікте негізгі түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып келе жатқандығын Елбасының өзі бостан-босқа тілге тиек етпеген болар.
Құт дарып, Қызыр қонған Оңтүстік жұрты жақында ғана 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Еліміздің Премьер-Министрі Серік Ахметов салтанатты шараға арнайы қатысып, ел қуанышына ортақтасты. Үкімет басшысының өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатындағы алғашқы жұмыс сапарының қасиетті өлкеден бастау алғандығының өзі көңіл қуантарлық жағдай.
Салтанатты жиын барысында Оңтүстік өңірінің өткені мен бүгініне, кешегісі мен келешегі туралы тағылымы мол деректі фильм көрсетілді. Ұлы Жібек жолы, көне қалалар мәдениетінің өркендеуі, ежелгі сауда-саттық пен қолөнердің дамуы, ұлы сәулет ескерткіштерінің бой көтеруі, өзге халықтардың келіп қоныстануы, облыстың қалыптасу тарихы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының жандануы, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың жеткен жетістіктерінің бәрі көгілдір экран арқылы көпшілікке жол тартты.
Әрине, облыс үшін жасалып жатқан орасан істердің басында Елбасымыздың тұрғаны айқын. Көптеген маңызды шаралар мемлекет басышысының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқандығын жұрт жақсы біледі.
Оңтүстік Қазақстан облысы 80 жылда түрлі кезеңдері бастан кешірді. Көк байрағымыз көгімізде желбірегелі бері 21 жылға жақындаса, осы кезең облыс үшін маңызды кезең болды. Биік мақсаттар, мен ұлы мұраттарға қол жеткізген жемісті жылдар да ел егемендігінен бастау алады.
Еліміздің рухани астанасы – Оңтүстік Қазақстан ел экономикасын дамытуға да үлкен үлес қосып отырған облыстардың бірі.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Оңтүстік Қазақстан облысы жылдан-жылға көркейіп келеді. Әрине облыстың еңсесін тіктеп, дамудың даңғыл жолына түсуі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың іскерлігімен тікелей байланысты екені сөзсіз.
Мәселен соңғы үш жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 158 білім беру мекемесі мен 133 медицина нысаны ашылды. 170 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 79 ауылға газ құбыры тартылды. Облыс көлемінде төрт мың шақырымға жуық жол жөндеуден өткізілді. Облыста осындай ілкімді істердің атқарылып келе жатқандығын, өз кезегінде мұндай игі істердің барлығы халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етіп жатқандығын айрықша атап өткен Премьер-Мнистр Серік Ахметов салтанатты шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс жұртшылығына деген арнайы сәлемін жеткізіп, құттықтауын оқып берді:
«Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!»
«Сіздерді Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығымен құттықтаймын! Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби, әулие Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи сияқты ғұламалар дүниеге келген өңірдің тарихы өте терең және тағылымды.Тәуелсіздік жылдарында Оңтүстік Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Осының барлығы Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының достығы мен бірлігінің арқасында болды. Адамдардың арасындағы келісім барлық қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Облыста ірі индустриялық жобалар табысты даму үстінде, адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Қазіргі кезде халқының саны мен өмір жасының ұзақтығы бойынша Оңтүстік Қазақстан – көшбасшылар қатарында. Бүгінде елдің барлық тұрғындарының 15 пайызы тап осы Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді. Демек, бұл өңір – ұлтымыздың ұйытқысы, еліміздің еңселі биігі, мемлекетіміздің мәйегі.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің торқалы тойы құтты болсын! Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚОЛДАУ ТҰРАҚТЫ НЕГІЗДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Мерекелік іс-шарада Үкімет басшысы С.Ахметов Елбасының құттықтауын жеткізумен қатар, өзінің де лебізін білдірді. Сондай-ақ, Премьер-Министр өз сөзінде Елбасы мен Үкіметтің тарапынан Оңтүстік Қазақстанды қолдау тұрақты негізде жүзеге асырылатындығын атап өтті.
Оңтүстік жұрты осы мерейтойға арналып шығарылған мерекелік медальдың ең алғашқысын, яғни, №1 медальға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты лайық деп тауыпты. Мерекелік шараның аясында «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының атқарушы хатшысы, белгілі жазушы М. Байғұт облыстың өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын білдіріп, Елбасының медалі мен арнайы сыйлықты Үкімет басшысы С.Ахметовтің қолына табыстады.
Сондай-ақ торқалы тойға арнайы шақырылған Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қайраткер Мұхтар Шаханов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаев, академик Оразалы Сәбденов, сатирик Көпен Әмірбек, ақындар Исрайл Сапарбай, Қасымхан Бегманов, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербай, белгілі ақын, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса, ақын Темірғали Көпбаев, сазгер Қалдыбек Құрманәлі, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамші Патте сынды зиялы қауым өкілдеріне де мерекелік медальдар тапсырылды.
Оңтүстікке жасаған сапарының аясында Серік Ахметов Шымкент қаласының ең биік нүктесінде жақында ғана бой көтерген «Бәйдібек би» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, орталықтың негізгі мақсаттарымен және ұжым жұмысымен танысты.
Үкімет басшысына индустрияландыру картасына енген бірқатар жобалар таныстырылып, Оңтүстік Қазақстан облысында индустриялық-инновациялық дамудың барысы жөнінде баяндалды.
Премьер-Министр осы сапарының аясында Түркістан, Кентау қалаларына да арнайы ат басын бұрды. Мұнда жаңадан салынған білім ошақтары мен жұмысы күннен күнге жанданып келе жатқан кәсіпорындарда болды.
Иә, оңтүстік жұрты дүбірлі тойды думандатып атап өтті. Мерейтой күні «Өлкенің 80 жылдық шежіресі» көрме экспозициясы, «Құт мекен – Оңтүстік» суретшілер, қолөнер шеберлері, фотосуретшілер мен сәулетшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты кеш өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.
Оңтүстік Қазақстан облысының
80 жылдық мерейтойы тек осы өңірдің халқына тиесілі ғана атаулы күн емес, барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Ендеше ордалы Оңтүстіктің
80 жылдық тойы құтты болсын! Қасиетті өңірге құт қонсын!
Гүлмира САДЫҚОВА