Бекболат ТІЛЕУХАН: Мен уахаббист емеспін. Ғ. Құрманғалиев стилі мен «Елім меніңнің» үш қайнаса сорпасы қосылмайды…

16
3615


Бекболат Қанайұлы Тілеухан 1966 жылы, тамыз айының 7-жұлдызында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы,  Атасу кентінде дүниеге келген. Әнші, педагог, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Дарын» сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденімен марапатталған.  Небәрі 6 жасында қолына домбыра алған ол ҚР Мәжілісінің депутаттығын да атқарған. Соңғы кездері редакциямызға хабарласып, «Бекболат қайда жүр?», «Неге көрінбей кетті, үлкен сахнада да, билікте де жоқ», «Бекболаттың уахаб ағымын қолдайтыны рас па?» деген сияқты сауалмен хабарласқан оқырмандарымыз көп болды. Осылайша біз Бекеңді іздеуге кіріскенбіз. Сөйтіп жүргенде 10-қазан күні өңірімізге «Жәдігер» халықтық дәстүрлі тобын бастап Бекболат Қанайұлының өзі келе қалды. Жүзбе-жүз кездесіп, көкейдегі сауалдарымызды қойдық.

– Бекболат аға, қоғамдық өмірге етене араласып, үлкен сахналарды әнмен тербеп жүруші едіңіз. Қайда кеттіңіз, не істеп жүрсіз? Көрінбейсіз?

– ҚР Парламентінде депутат болдым. Депутат деген ол елдің аманатын арқалау ғой. Барынша адал орындадым. Елдің көкейіндегі мәселелерді шеше алдым деп ойлаймын. Бірақ оны ел біледі, халық төреші ғой. Қарап отырсам, көзді ашып-жұмғанша уақыт шіркін зымырап өтіп жатыр. Мен қазір халық арасында көптеген мәселелердің салмағын таразылап жүрмін. Расын айтқанда, биліктен кеткелі өзім жайлы, қоғам жайлы көп ойлайтынымды жасырмаймын. Бірақ биліктен кеттім екен деп, екі қолды аспанға көтеріп, беймарал жүрген жайым жоқ. Елдің қамы, жердің қамы дегендей… Жұмыссызбын деп еңсені түсіруге болмайды, қайта ел ішіндегі түйткілдерді өз көзіммен көріп, танысып жүрмін.

Өзіңіз айтпақшы, сахна – менің өнерімді, ата-бабамыз аманаттаған дәстүрлі әнін жалғастырып, дәріптейтін мәдени орын. Әкем 6 жасымда қолыма домбыра ұстатып, 6-сыныпта оқып жүргенімде «Батыр Баян» поэмасын жаттатқан. Мағжанның, Абайдың жырларына сусындап өскендіктен болар, дәстүрлі ән-жыр, термелерден әлі күнге қол үзгем жоқ. Шығармашылық жолында жүрмін. Жалпы айтқанда, бізге жәдігер болған дүниелердің жоғалған парақтарын түгендеп, қазақтың қанына біткен болмысын танытып, насихаттауды парызым деп білем. Енді қазір өткен-кеткенді, болашақты бағамдап, шығармашылықпен айналысып жүрген жайым бар.

– Халық сізді саясат сахнасынан көріп үйреніп қалған, сайлауға не үшін қайта түспедіңіз?

– Көреміз енді… Болса да бастан қан шыққан жағдай ғой біздікі. Ал бірнәрсені алдын-ала ойлап қойып, осындай екен деп жатуға тағы болмайды. Шыңға шығып, кез келген нығметке қол жеткізу үшін адам тарапынан күрес қажет. Бірақ енді Парламенттің қабырғасында күресесің бе, әлде жазған мақалаңмен күресесің бе, айтқан әніңмен күресесің бе – ол басқа шаруа. Ал сайлауға қайта түспегеніме келетін болсам, бұл саясаттың сарсаңы ғой. Біздің заң бойынша сайлауға кез келген адам түсе алмайды. Оны партия шешеді, съезд шешеді. Ал билік басынан көрсетпесе енді не істейін, жағасына жармасатын да заман емес. Шарасызбын. Солай ғой…

– Елдің, қалың қазақтың болашағы жарқын болуы үшін не қажет? 

– Ең алдымен, тәуелсіздік тұтастығын сақтауы қажет. Бұл үшін ынтымақ-бірлік бірінші рөлде тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын әзіл-сықақ театрлары болса керек, намысқа тиетін көріністер қойған кезде пікір білдірем деп қатты кеткен едім. Ол не деп отырсаңыздар, ол көпшілікті күлдіремін деп ұлттың намысына тиетін дүниелер орын алды. «Ойын білмеген бала, бір нәрсені шұқып ойнайды» деген сияқты, Шымкентке байланысты жаман ойлар, бей пікірлер айтылды ғой. «Шымкенттіктер анандай, мынандай» деген сөздер көбейіп кетті. Соның түбіне үңілсек, Кеңес заманында арнайы институттар жұмыс істеген, ұлттың мәйегін сақтаған жерді отарлап бірін-бірі жақсы көргізбеу керек.

Бір-біріне айдап салады. Бөліп ал да билей бер дейді ғой, сол бөліп билеу үшін ең шұрайлы деген, қазақтың тарихы мол өлкесіне ауыз салып жаман етіп көрсету арнайы жүрген отаршылдық саясаттың жемісі, нәтижесі бола-тұғын. Сөйтеді де Шымкентті, жалпы Оңтүстікті өзге өңірлерге қарағанда сорақы етіп көрсетіп, анандай, мынандай, алаяқ, жаман деген сияқты бейпікірлердің жүруі – бұл бір ұлтты қолдан жару деген сөз. Ал бұған бейтарап қарап қалу – азаматтың азаматтығын білдірмейтін дүние. Түркістан, Созақ, Сайрам – тұнып тұрған тарих. Былайша айтқанда, қазақтың ең қастерлі жері – Түркістан болса, вальс падишасының туған жері – Шәуілдір. Немене Бекзат пен Мұхтарханның әкелген медальдері жақсы да, туған жерлері жаман болыпты деген пікірлер не үшін айтылды.

Себебі, қазақтың ең бір шұрайлы, ең бір қасиетті, қазақы жерді жамандау арқылы – ұлттың бетіне көлеңке түсіруді көздеп, арнайы жасалған жоспарлы дүние дер едім. Сол арнайы тұзаққа қазақтың түсіп қалып, бірін-бірі жек көріп жатуы – бұл ұлтқа келетін үлкен нұқсан. Мұндағы айтпағым не?! Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін еш жерде рухани әлсіздік танытпай, бірлігі бекем, бір сөзді болуы керек. Жат елдер алдында өз болмысымызбен, табиғатымызбен танылып қана мойындата аламыз.

– «Елім менің» әніне қатысты әйгілі композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, өнертанушы Меруерт Құрманғалиева бұл әннің сізге емес, атасына тиесілі екенін айтып, дау көтергеніне не айтарыңыз бар? 

– Меруерт жаҺанға жар салып, айта береді де, енді не істейді басқа. Көпшілік біледі оның қандай мақсатты көксегенін. «1997 жылғы атамның түсірген нотасы табылды, Бекболат Тілеуханов ұрлап алған» депті. Ол нотаның 15 жыл бұрын жазылғанына қандай дәлелі бар екен. Меруерттің дәл қазір жазып әкелуі де ғажап емес. Ән шыққаннан кейін, 15 жылдан соң ғана шошып оянғандай даулауы қисынға келмейді. Көп емес, азғантай ғана ақылға салып көрсе болады ғой. Ғарифолла Құрманғалиевтің стилі қайда, «Елім менің» қайда? Бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Таңданатыным сол, мен Парламенттен қалай кеттім, олар да даулауын доғарды. Даулағыш болса, ары қарай даулауы керек еді. Олардың мақсаты қараны жағып-жағып, мені сая-саттан кетіру болды. Дегендеріне жетті. Ән емес оларға керегі, менің саясаттан кеткенім екен.

– Дәл қазіргі уақытта сізді қаба сақал қойып, шолақ шалбар киеді, уахаб ағымының жақтасы деп жүр. Дарын Мүбаровтың шәкірті дей ме…

– Мұның барлығы өтірік, жалған! Қайдан ғана шығарып алатынына таңмын. Қазақты қазаққа жау етіп көрсетудің өзі барып тұрған ессіздік. Осы күні сақалымды сөз ететіндер көбейді. Ал енді айтайын, бұл – Ахмет Байтұрсыновтан, Шынқожадан, Қазыбек, Әйтеке, Төле билерден, Абайлардан, Ыбырайдан қалған сақал. Мүмкін Шәкәрім де онда сектант, шошитын жан шығар? Марченкода да сақал бар. Неге Марченкоға ештеңе айтпай, менің сақалыма жоқ жерден жармасатынына таңмын осы. XX ғасырға дейін сақал қоймаған қазақ болмаған, тек Алдар көсе ғана сақал қоймаған. Себебі, ол нағыз “аферист”. Сонда мені мұсылман емес деп айтқысы келіп отырғандары ма? Кімнің шәкірті я болмаса халық жауы дей ме, бірақ қисынға келетін ақылға қонатын дүниелер айтуы керек қой.

Мынау барып тұрған бассыздық, жабылған жала. Ұрлықшы дей ме, оңбаған дей ме, бәлкім кісі өлтіргіш дейтін болар, бүжекей, мәмпәси дей ме, оны өздері біледі. Бірақ мен осы қалпымнан танбаймын, менің осы ұстанымым, менің осы көзқарасым көп адамға ұнамайды. Неге ұнамайды дейсіз ғой, өйткені мықты болған елден үлес тарту қиын. Оның мұнайына, теміріне, көміріне ортақтасу қиын болып қалады. Сондықтан да білесіздер, ішкі бірлікте күшті қызмет ете алатындарға әр түрлі жала жабады. Былай қарап тұрсаң, өзге ағым деген «страшный» жала ғой. Қайсымызды оңдырыпты дейсіз, Ахмет Байтұрсыновты– «англиский шпион» деген, Сәкен Сейфуллинді – «японский шпион» деген. Бейімбет Майлинге – осындайсың десе, Мағжанға тағы бір күйе жағылған. Ұлттың қамына жұмыс істегендерге осындай ауыр жалалар жабылып келеді. Мен қазір ештеңеге таң қалмайтын болдым.

– Отбасыңызға тоқталсақ…

– Әрине, «Отан – отбасынан басталады» дейді. Сондықтан, отбасыңда бала-шағаңа дұрыс тәрбие беріп, олардың алдында парызыңды өтеуің маңызды. Мен ешқашан отбасылық парызымды ұмытқан емеспін. Ал қазақ халқы ешқашан әйелі мен баласының санын айтпаған. Сондықтан бұл құпия болып қала берсін.

– Алға қандай жоспар қойып отырсыз?

– Алла біледі енді, алдағы күндерге жоспарлаған шаруалар көп-ақ. Қайсыбірін айтайын. Бірақ бұл жоспарлардың барлығы да халықтың көз алдында, назарында жүзеге асатын болады. Шығармашылығымды дамыту жолында біраз еңбектенсем деймін. Халықтың құлағының құрышын қандыратын өлең айту үшін шығармашылығымды дамытуды орынды деп білемін.

– Ел болашағын бағамдап жүрген адамсыз, бүгінгі жас толқынға көңіліңіз тола ма?

– Сіздер сияқты жастарды көргенде әжептеуір марқайып, үміттің маздап жанатыны бар. Ал кейде тілмен де, елмен де шатағы жоқ, тәуелсіздік деген дүниені білуге деңгейі жетпейтін, қалтасындағы ұялы телефонының күнделікті ауысқаны мен астындағы су жаңа көлігі, үстіндегі киімін, тағы басқа нәрсені ойлап, қол созым жерден арғыны көре алмайтын небір кеще жастарды көргенде түңіліп кетесің. Біз ел боламыз ба әлде болмаймыз ба деп. Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды, үміт күттіретін жастар баршылық. Көптің бәрінен жоғары деңгей күтуге болмайды. Соны бастайтын ішінара көшбасшы жастар болады. Осы көшбасшы жоғалса ғана құриды. Бірақ көшбасшы жастар жоқ емес. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, «Біз жастарға сенуіміз керек». Күдік жоқ емес, бірақ үміт те бар.

– «Оңтүстік Рабат» газетінің оқырмандарына қандай тілегіңіз бар?

– Ең алдымен денсаулық, рухани байлық тілегім келеді. Ал газет ұжымына шығармашылық табыс, оқырман жүрегінің кілтін тапсын. Ғұмыры ұзақ болғай. Халықтың сеніміне ие болып, ақиқаттың айнасы бола беріңіздер. Орайы келгенде «Оңтүстік Рабатты» пайдаланып, облыс халқын Оңтүстіктің 80 жылдық мерейтойымен құттықтағым келіп отыр. Тарихи тағлымы мол қасиетті өңірге келіп, халықпен қауыштым. Оңтүстік жасай берсін. Қазақстанымыз гүлдене берсін. Ұлттық өнеріміз дамып, еліміздің ертеңі жарқын болғай!

– Ашылып айтқан әңгімеңізге көп-көп рахмет! 

 Мөлдір Бекеева

«Оңтүстік Рабат»

*Тақырып өзгертілді

16 ПІКІРЛЕР

  1. ОСЫ БИЗДЕР «КАЗАКТАР» КОРЕАЛМАУШЫЛЫКТЫ КАШАН КОЯМЫЗ?!МАСКАРА!БЕКБОЛАТ АГАГА КУЙЕ ЖАГАТЫНДАЙ ОЛ КИСИДЕНДЕ БИЛИМДЕРИНИЗ МЫКТЫМА?!БЕКБОЛАТ АГА НАГЫЗ НАМЫСШЫЛ,ШЫНДЫКТЫ,АКИКАТТЫ БЕТКЕ АЙТАТЫН НАГЫЗ ЖОГАРДАГЫ КОКЕЛЕРДИН АРАСЫНАН ИЛИП АЛАТЫН ТЕК ОСЫ АДАМ!ЖАРАТУШЫ АЛЛАМ БИЗДИН «КАЗАКТАРГА» «АКЫЛ» МЕН «ИМАН» БЕРСИН…

  2. Бекболат, пір Бекеттен,Иасауиден де мықтымын деп тұр ма?Исламды атасына танытып,қағбаның қай жерде екенін кім көрсеткенін менің атам смағұл советтің кезінде айтып отырушы еді,жарықтық. Мен бекболатты жамандағым келмейді,жақсы әнші,сазгер,саясаткер деп те айтуға болады.Бірақ өзінің айтып жүрген мақалын (сүйекті жұтудан бұрын көтіңмен ақылдас) неге өзіне..қазақ айтады көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама-деп.Өлеңде әркімнің таласы бар дей ме, сол жайында тартысқа түсіп жатса қызығып оқыр едім.

  3. Ех қазақтар бірін біріңді ешқашан көре алмай өтетін шығарсыңдар!!Бекболат аға,кім не десе о десін сізді әрқашан да қолдаймыз,сізге сенеміз!!Аллах жар болсын сізге!

  4. «Қолымда билік болса, осы Әзірет Сұлтан кесенесін жарып жіберер едім»-деп кішкентай аяқтарымен кесенені тепкіледі» дегенді интернеттен де, баспасөзден де оқып едім, сол осы Бекболат қой? ендеше ұлттық дәстүрімізді дінімізге кіріктірген Ахмет Ясауидей әулие-ғұлама, түркі тілінде жазған тұңғыш ақын-философқа солай етсе, ол қандай ұлтшыылдық?

  5. Бекболаттың сөзіне сенсек, Қазақстанға таухид(единобожия) 1990- жылдары бастап қана келді, бұл қазақтың ең бақытты кезеңі еді,енді содан айырылып қалар қаупіміз бар, олай болса күніміз қараң дейді сөзін топшыласақ…
    Таухидсіз ислам дегеніміз, тамырсыз әншейін жерге қадап қойған терек сияқты нәрсе ғой түсінген адамға.
    Сонда қалай болғаны, сан ғасырлардан бері асыл ата бабаларымыз шынайы таухидті білмегені ме ??? Олай болса бүкіл Ислам әлемі мойындаған Әулие Ғұламалымыз қайдан шықты екен ??? Шынайы таухидті олар білмепті де, Бекболат біліппе ??? Алладан басқа қай құдайға құлшылық қылып едік ??? Жазығымыз Аруақ,Әулие,Пір дегеніміз бе??? Неткен адасу, неткен жала жабу десеңізші …
    Бүткіл ата бабаларымыздың ұлтымыздың иман- сеніміне селкеу түсіріп дінімізге күмән келтіріп жатқан кісіге қалай сенуге болады ендеше ??? Ұлттың жанашыры еді деп қалай айта аламыз ба???

  6. Соңғы кездегі арқадан шыққан, қазаққа белгілі аз ғана азаматтардың ішінен Бекболат құрдасыма ризамын.
    Жамандығыңды да, жақсылығыңды да,талдап беріп, бетің бар ма, жүзің бар ма, қаймықпай бетке тіке айта алатын-ержүрек, көпшіл, өнерлі, саясаттан хабары бар, адамгершілік, ұлттық қасиеттері бар, тіпті дінді де ғылыми түрде талдап бере алады екен.
    Мұндай еркектерді, қазір Қазақстаннан күндіз қолыңа шам алып іздесеңде таппайсың.
    Өзіңді үлгі етіп, ешкімнен қорықпай, мақтансаң мақтан, Бекболат!

  7. – Почему мы остались под русскими ? Почему узбеки остались под русскими ? Почему киргизы превратились в тряпку ? Почему Азербайджан в таком угнетенном положении ? Почему в Египте угнетающая обстановка ? Давайте говорить прямо ребята , основным ответом на все эти вопросы может стать мусульманское государство . Людей в этих местах мы называем мусульманами . Однако в целом в обществе нет единобожия , нет единобожия в этих странах . Потому что там , к примеру , Сирия была полностью столицей с у ф и з м а , в Ливане и Ливии полностью суфизм , все эти Хизб – ут – тахрир и прочие беды исходят оттуда . Почему в Египте царит нищета , да потрму что он под властью Ихуан Муслимин . А в действительности есть одна страна , где единобожие сохранило свой истинный смысл . ЭТО СТРАНА – САУДОВСКАЯ АРАВИЯ , ГДЕ в 18 веке С ПОЯВЛЕНИЕМ АБДУЛЬ ВАХХАБА ВОЦААРИЛО ИСТИННОЕ ЕДИНОБОЖИЕ …
    Бекболат ТЛЕУХАН

    ZONA kz
    2011 . 10 . 10 .

  8. Бір ғана ән шығарып тоқтап қалған сазгерлердің сазгерлігіне күманмен қараймын.Егер ол шын сазгер болса,табиғи дарыны іштен тербетіп басқа әндерді де шығартады ғой.Бекеңнің шабыты келесі президент болғанда ашылайын деп жүр-ау, шамасы

  9. Сақал-мұрт жарасады мұсылманға деп, айтқан қазақ ата бабамыз. Сақал қойған адамның бәрі уахабистпа сонда?

  10. «Кез келген адам мұсылман бола алады, бірақ кез келген мұсылман қазақ бола алмайды» деп Ақселеу Сейдімбек айтқандай, Бекболат «уаһабшыл» ма, басқа ма, әйтеуір, қазақ десе шығарға жаны бөлек арыстарымыздың бірі ғай! Сондықтан азаматқа кір жаға беруді доғарған жөн шығар! Барша қазақ – өзін қазақпын десе, Бекболаттай ұлтшыл болуға тырысуы керек.

  11. Сақал менде де бар , мәселе сол сақал қандай мақсатпен
    қойылғандығында ! Айгүл қарындасым , уаһабшыл Бекболатты
    несіне жақтап отырсың ? Жұрт білгенді сен білмейсің бе ? !

  12. нағыз қазақ қазақылықтан хабары болса бекболат агага мұндай теңеу беруден ұялар еді? еш болмаса қазақ ата-бабаларынан

  13. Бекболат ТІЛЕУХАН: Мен уахаббист емеспін. Ғ. Құрманғалиев стилі мен «Елім меніңнің» үш қайнаса сорпасы қосылмайды… Марченкода да сақал бар. Неге Марченкоға ештеңе айтпай, менің сақалыма жоқ жерден жармасатынына таңмын осы. XX ғасырға дейін сақал қоймаған қазақ болмаған, тек Алдар көсе ғана сақал қоймаған. Себебі, ол нағыз “аферист”.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз