Шығыстың Сапарбаев туралы жақсы пікірі ешқашан өзгермейді

«Датта» шыққан «Ел президентінің «кіші макеттері» жауапкершіліктен жұрдай» (2012 жыл, 4-шілде, №28) атты материалды оқып... өз көзімізге өзіміз сенбей, әуелі аң-таң болдық. Содан соң күлдік. Күлмегенде қайтеміз, әлгі материалда не жүйе жоқ, не қисын жоқ. Авторы - Өскемен қаласында тұратын «Жүніс Оразов» деген біреу екен-мыс. Ол бар адам ба өмірде, жоқ па, ол жағын анықтауды кейінге қоя тұралық. Ал біздің облыстың (Шығыс Қазақстан) әкімі Бердібек Сапарбаевты жерден алып, жерге салып, бастан-аяқ қаралаған, жалалы дүниеге жауап жазбаса болмайды деп шештік.

  Сонымен, осы ұзақ-сонар, шұбалаңқы материалда жазылған жайттардың көбі осыдан екі-үш жыл бұрын да айтылған, кезінде жауабы берілген, әбден жауыр болған «мәселелер» екен. Мұның бәрi интернеттен алынған ескі дүниелер екенін ғаламторда күндіз-түні отыратын жастар оп-оңай айтып береді. Интернеттегі «комменттерде» аты-жөнi көрсетiлмей, не болмаса бүркеншiк есiмдермен жарияланып жатқандардың көпшілігі - ел сенбесе де, көкейінде күдiк қалады-ау деген пиғылмен жасалып отырған, "қара пиардың" классикалық формада орындалған түрі екені белгілі. Лас, арзанқол тәсіл. Жалпы, интернет «комментіндегі» жаптым жала, жақтым күйе - домалақ арыздың жедел түрі ғой. Енді, сол интернетте осыдан екі-үш жыл бұрын бас көтерген оқиғаны қайталап,  облыс әкімдігінің бесінші қабатынан секіріп мерт болған әлдебір қызметкер туралы жазады «Жүніс Оразов». Аты-жөнін білмейтін болса керек, білмесе, біз айтайық. Облыс әкімдігінде бас маман болып еңбек етіп жүрген марқұм Медет Қасенжановтың 2009 жылдың желтоқсан айында, күндізгі сағат он екі мөлшерінде облыстық әкімдіктің бесінші қабатындағы әжетхана терезесінен сеіріп түсіп, сол жерде мерт болғаны рас. Бұл қайғылы оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жарты жыл бойы жүргізілген болатын. Содан соң ішкі істер басқармасы баспасөз конференциясын да берген еді. Бұл туралы, яғни Медет марқұмның отбасы жағдайына орай психологиялық ауыр жағдайда жүріп, бесінші қабаттан секіріп суицид  жасағаны тергеу амалдары нәтижесінде толық дәлелденгенін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Бердібек Сапарбаев та бұл турасында бірқатар ақпарат  құралдарына берген сұхбаттарында ашық жауап берген (қараңыз: Abai.kz сайты,  2009 жыл, 22 желтоқсан, сұхбаттасқан - Нұрлан Атамбаев; «Жас Алаш» газеті, 2009 жыл, 24 желтоқсан, №102, сұхбаттасқан – Инга Иманбай). Одан бері қанша жыл өтті, сол жайтты «Жүніс Оразов» өзі де байыбына бара алмай, қазбалап отыр. Содан соң. Облыс әкімдігіне еш қатысы жоқ, республикалық ведомствоға қарайтын Ертіс экология департартаментінің бас экологы болып істеген Эдуард Ким дегеннің қонақүйде әлдебіреумен төбелескенін негізге алып, «қылмыстық элементтермен байланысы бар» деп неге облыс әкімін ешкім кінәламай отыр» деген емеурін танытады автор, ал енді бұған қалай күлмессің.  Эдуард Кимге қарсы қылмыстық іс қозғалып, оның сотталып кеткеніне бір жыл болып қалды, ол туралы да баспасөзде әбден жазылды, ал енді бұған облыс әкімін әкеліп кінәлі етіп қою шіліңгір шілдеде неге қар жауғызбайсың деп тиісумен бірдей. Хош. Енді Семейдің мәселесі. Семей қаласында соңғы екі жылдың ішінде 8 миллиард 300 миллион теңгеге өмірі істелмеген қыруар жұмыс жүзеге асты. Сапарбаев Семей қаласындағы жылу мәселесін толықтай шешіп бере алды.  Толық есебі былай: соңғы екі жылдың ішінде Семейдегі ең ірі деген төрт жылу беру орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, ЖЭО-да төрт, АҚ-1-де үш жылу агрегаты, сондай-ақ, «Орталық» және Шүлбі кентіндегі АҚ-2 жылу қазандықтары күрделі жөндеуден өтті.  Жылу желілері мен құбырлар толық ауыстырылды. «Орталық» және «103-103а» жылу толық жаңартылды. Цементшілер кентінде,  Юность ықшамауданында жылу мен қарыз мәселесі қордаланып қалған болатын, бәрі былтыр толықтай шешілді. Семейдің сол жағалауы, яғни Жаңасемей ауданы толық жылынды. Энергетик кентіндегі тұрғын үйлер «Зооветинститут» қазандығы есебінен жылытылады,  қаланың оң жағалауындағы «35 квартал» қазандығы жаңартылды. Семей жұртшылығы қыстыңкүнгі жылуға дән риза. Ал енді әлгі авторымыздың «Семейде жарық жоқ» деп жазуы, қайтейік енді, тағы бір еріксіз езу тартқызады. Семей тері зауытын да мысалға келтіріпті «Жүніс Оразов».  Қазақстандағы мал терілерін өңдейтін жалғыз кәсіпорын – осы Семей тері зауыты. Соның өзін көп көріп отыр екен авторымыз... Осы тері зауытының бас директоры Жұмағали Рахымғалиев бауырымыз өткенде ғана баспасөз конференциясын берді. Теледидардан көрдік. Оның айтуынша, Қазақстан Даму банкі бұлардың жобасының 88 пайызын ғана қаржыландырған. Қалған 3 миллион АҚШ долларын кәсіпорын жұмысы іске қосылғанда ғана береміз депті. Себебі, кепілдікке жатқызылған дүниелері аз деген уәжді алға тартады екен. Қаржылай жетімсіздікке тап болған кәсіпорынның толық күшіне ене алмай отырғаны рас. Дегенмен кәсіпорын алдағы уақытта тапсырыстағы өнім көлемінің 40 пайызын орындамақ дейді. Бұл күндері кәсіпорын жоспардағы жиырма тері түрінің сегіз түрін шығарып отыр. Олар болашақта экспортқа аттанатын болады. Сапарбаевтың көмектесуімен «Ертіс» корпорациясы арқылы 200 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы тері өңдеу-даярлау орталықтарын ұйымдастыру үшін қолданылмақ. Бұндай орталықтар бүгінде кәсіпорын шикізаты үшін 320 ауылдық жерлерден ашылып отыр. Сол жерлерден тікелей терілер сатылып алынып, жинақталады. Бас директордың айтуынша, қазір тері зауытының өндірісі іске қосылған, кәсіпорын жұмысы әзірге 30 пайыздық деңгейде істейді. Өйткені жобаны іске асыру кезеңі бастапқы сатысында тұр. Дегенмен 2014 жылға қарай комбинат толық өндірістік әлеуеттілікке көшпек. «Ал бұл жылына ірі қара малдың 450 мың терісін қажет етеді және 400 адамды жұмыс орнымен қамту деген сөз» дейді Ж.Рахымғалиев (қараңыз: «Закон кз», «Алтайньюс» ақпараттық порталдары). Бұл ғана емес, Шығыс Қазақстан мен Түркияның Бурса провинциясы арасындағы келісімге сәйкес Бурса провинциясының кәсіпкерлері осы Семей тері зауытымен танысып, инвестиция салуды жоспарлап отыр. Міне, осындай жаңалықтарға  қуанудың орнына, жобаның толық іске қосылуына әлі екі жыл бар екеніне қарамай, «Жүніс Оразов», ойбай, тері зауыты жұмыс істемей тұр деп байбалам салады. Семей тері зауыты ғана емес, 2011 жылы біздің облыста индустрияландыру картасы аясында 16 миллард теңгеге жуық қаржыға 9 жоба іске қосылыпты. 10 өндіріс орны ашылған. Былтыр 9 мектеп іске қосылды. Ал жалпы соңғы төрт жылда жаңадан 32 мектеп ашылған. Алдағы уақытта тағы да 30 мектеп салу жоспарланып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция 65,6%-ға өскен және 155% нақты көлем индексімен 239,6 миллиард теңге болыпты. Бұлар көрсеткіш емес пе? «Көрмес түйені көрмес» дейді қазақ, көргісі келмегендер, көре алмайтындар қашанда аузын қу шөппен сүртіп отырмақ. Жалалы материалда «Абай елін қазақыландыру үшін Курчатов қаласына көшіріп апарған оралмандардың 200 отбасы екі қолға бір күрек таппай, өлмелі күй кешіп, тоз-тозы шықты» деп шімірікпей жазады автор. Бұл да еріксіз езу тартқызады, өйткені авторымыз Абай ауданы мен Курчатов қаласы іргелес елді мекендер деп ойлайды екен, сондықтан «ол кісіге» тағы бір рет картаға қарап алыңыз деп кеңес берер едік. Абай ауданы Шыңғыстауда екені белгілі, ал Курчатов - Ертістің жағасында орналасқан қала, түстігі Абыралы өңірі, шығысы – Семей өңірі, түстік-батысы Павлодар облысының Май ауданы, терістігі, яғни Ертістің арғы жағасы - Бесқарағай ауданы. Ненің қайда екенін білмейтін автор «Абай елін қазақыландыру үшін» деп кекеткісі келеді, ал біз кекетпейміз, Абай ауданы – жүз пайыз қазақ, ал Курчатов қаласында 50 пайыздан астам өзге ұлт тұрады, сол себепті де оралмандарға осы қала ұсынылған болатын. Ал «оралмандардың 200 отбасы екі қолға бір күрек таппай, өлмелі күй кешіп, тоз-тозы шыққаны» - таза өтірік. Курчатов қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бас маманы  Г.Рысбекованың айтуынша, Курчатов қаласына барлығы 137 оралман отбасы  (535 адам, оның 204 бала) көшіп келген екен. Солардың бәрі баспанамен қамтылған. Осылардың ішінде 166 адам жұмыс істейді, 20-ға жуығы жеке кәсіпкер,  35 адам әлеуметтік жұмыс орнында, ал  48 әйел бала күтімімен үйде отыр екен.  «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы  аясында төрт кісі 7 миллион  теңге несие алыпты. Және 11 адам жер алған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Ертіс»  корпорациясы Курчатов қаласындағы оралмандарға  арнап тағы да жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге қаланың іргесінен2 200 гектарауыл шаруашылық жері бөлінген. Суармалы егіншілікпен игерумен айналысуға ниетті әрбір оралман отбасына жер бөлініп берілмек және ауыл шаруашылық техникалары сатып әперілмек. Әсілі, Сапарбаев біздің өңірдегі оралман бауырларымызға арнап үй салып қана берген жоқ, оларды бірінші кезекте жұмысқа орналастыруды үнемі қадағалап отырады. Бұл ғана емес, балаларын балабақшаға апаратын, мектепке оқытатын жағдай жасап отыр. Мәселен, Өскемен қаласындағы «Шығыс» ықшамауданында екі жылдың ішінде жаңадан мыңға жуық тұрғын үй мен 600 орындық жаңа мектеп, 280 орындық балабақша салынды. Осы ықшамаудан тұрғындарының барлығы дерлігі – оралмандар. Бұл туралы «Жүніс Оразов» деген «авторымыздың» неге үндемейтіні түсініксіз. Рас, жұмыс болған соң аздаған олқылықтар болмай тұрмайды, бірақ оның бәрі жөнге келіп отыратыны белгілі, «Шығыс» ықшамауданы жөнінде де Сапарбаев «Жас қазақ» газетіне былтыр  (қараңыз: 2011 жыл, 14 қазан, сұхбаттасқан - Тоқтар Жақаш) ашық сұхбат беріп, осы төңіректегі барлық мәселеге арнайы жауап берген болатын. Біздің оған алып-қосарымыз жоқ. Көріп отырсыздар, оралмандар туралы өтіріктің осымен талқаны шықты. Бұдан кейін ол «Үржар ауданының егістіктерінде соя өсіргіш «еңбекқор» қытайлықтар өріп жүр» дейді. Жауап берейік: Үржардың оңтүстігіндегі 80 шаршы шақырым жерге орналасқан «Бәтуа» ЖШС-нің диқандары суармалы алқапты игеріп жатыр, биыл Сарытерек ауылынан ары 2 мың гектар жерге соя еккен. «Сол диқандардың 95%-ы - жергілікті қазақтар» дейді  серіктестік директорының орынбасары Н.Биәділов. Байқадыңыздар, бұл өтіріктің де құйрығы бір тұтам болды. Әсілі, «Үржар ауданында қытайлар қаптап кетті деген» жел сөз былтыр да шыққан, оған Бердібек Сапарбаев «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында толық жауап берген болатын (қараңыз: 2011 жыл, 14 қазан, сұхбаттасқан - Тоқтар Жақаш). «Жүніс Оразов» әлгі «мақаласының» тағы бір жерінде «оңтүстік аудандардағы ауыз су мәселесі республикалық телеарналарда ең көп қозғалған өзекті проблема болса да, әлі күнге шешімі табылатын емес» деп соғады. «Өтірігіңе береке берсін» дейді ғой қазақ, ал біз бұл жерде береке тілей алмаймыз, жалалы сөздің жауабы мынау: соңғы екі-үш жылдың ішінде оңтүстік аудандарда ауыз су мәселесін шешу өте қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Мәселен, Аягөз ауданындағы елді мекендердің 80 пайызы орталықтаныдырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, Зайсан ауданында 70 пайыз,  Тарбағатай ауданында 55 пайыз, Үржар ауданында 50 пайыз. Бұл осымен тоқтап қалмайды, бірер жылдың ішінде осы аудандардың барлық ауылдарына  орталықтаныдырылған таза ауыз су құбыры тартылмақ. Реті келгенде айта кетелік, қазір облыс бойынша  798 елді мекеннің 248-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бұл - орташа  республикалық көрсеткіш 72% болған жағдайда, 80,5%-ды құрап отыр, оның ішінде ауыл тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі 56,1%-ға жетті. Гидроқұрылғыларды қайта жаңартуға соңғы жылдары  889 миллион теңге, осының ішінде, 2011 жылы Зайсан ауданының Кендірлік өзеніндегі бас каналдың сол тармағын қайта жаңартуға 250 миллион теңге бөлініп, игерілді. Осы қайта жаңалау іске асырылғаннан кейін аудандағы суармалы алқаптар көлемі 1,5 мың гектарға ұлғайды. Тағы бір жерінде автор «Ал облыстың оңтүстік аудандарын алқалай орналасқан қазақ аудандарының жағдайы тіпті мүшкіл. Жыл сайын бұл аудандар біресе табиғи апаттардың қыспағында қалса, біресе түрлі ауру-сырқау өршиді» деп жаза келе, «қақаған қыста малы қырылып, көктем шықса, көшкен қызыл судың астында қалатын Тарбағатай, Аягөз, Абай, Үржар аудандарының халқы өз бастарына түскен зобалаңға баяғыда көндіккен» деп кетеді.  2009-10 жылдағы қатты қыстың, 2010 жылдың наурызындағы су тасқынының зардабы баспасөзде әбден жазылған. Ол туралы біздің өңір ғана емес, республика жұртшылығы жақсы таныс деп ойлаймыз. Сол бір сынақтан біздің облыстың абыроймен шыққанын еліміз жақсы біледі. Қалың елдің көзін бақырайтып қойып осыншама өтірікті боратқан  «Жүніс Оразовқа» не айтарыңды білмейді екенсің. Көп жазылған дүние бұл және Сапарбаевтың абыройын облыста ғана емес, республика бойынша көтерген кез еді. Басқаны қойып, мынандай атақты кісілердің сөзін келтірсек те болады. Мәселен, Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы отан соғысының ардагері, марқұм Әзілхан Нұршайықов «Жүрек жылуы» деген мақаласында (қараңыз: «Егемен Қазақстан», 2010, 6-наурыз) «Қалың қары кісі бойына жететін, ақ бораны үй шайқалтатын, сақылдаған сары аязы түкірген түкірікті мұз қылып түсіретін қыстың көзі қырауда Бердібек Сапарбаев қалада отырмай, ауыл-ауылға барып қиыншылықты қалың елмен бірге көрді. Автобус, машиналарымен қар астында қалған кісілерді құтқарушы жігіттермен бірге қар қапасынан босатып, малы тебінге қараған Күршім, Абай, Абыралы өңірлеріндегі ауылдарға жем-шөп жеткізіп, өзі басы-қасын-да жүрді. Бұл қыста ол өзінің халық үшін жанталасқан, шын қайраткер екенін көрсетті» деп риза болып жазыпты. Қазақстанның Халық жазушысы, қазақтың үлкен ақыны Фариза Оңғарсынова да ер-азаматқа сүйініп, «Айқын» газетіне «Шығысқа Бердібек барғаннан кейін Тарбағатай жақта мұз көшкіні басталып, біраз елдің өміріне аласапыран қиындық әкелгенде, бүкіл халқымыз болып елеңдеді. Талай ауыл тасқын суға кетіп, сан жүздеген мал шығыны болды. Сол кезде Қазақ елі «Шығыста не болып жатыр?» деп теледидардан көз алмады және аяғына керзі етікті киіп алып, жапа шеккен қара халықтың ортасында жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты көргенде бүкіл Қазақстан риза болғаны үш жүздің көкірек көзі ашық деген үлкен-кішісінің есінде шығар» деп жазады (қараңыз: «Айқын», 25.02.2012.). Міне, осы сөздерден артық не айтуға болады? Су тасқынынан кейінгі Зайсан, Тарбағатай аудандарының хал-ахуалы туралы Сапарбаев арнайы сұхбат та беріпті (қараңыз: Abai.kz сайты, 2010 жыл, 4 сәуір, сұхбаттасқан - Дәурен Қуат). Осымен бұл тақырып та тәмам. 2010 жылдың апатынан кейін қираған дүниенің бәрі қалыпқа келді. Бұл – мемлекетіміздің мықтылығының арқасы. Әрине, ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Бердібектің зор еңбегі бар. Оны халық көріп отыр. Апат болған аудандарда бір жаздың ішінде облыста 535 тұрғын үй салыныпты, 115 пәтер сатып алыныпты, 4 дәрігерлік амбулатория, 3 орта мектеп, 69 жасанды құрылымдар қалпына келтірілген, соның ішінде 22 көпір салынған, 47 су өткізгіш құбыр жүргізілген. Тарбағатай ауданындағы жаңадан қайта салынған Жәнтікей мен Көкжыра ауылдарын қайда қоямыз? «Ауырып, ем іздеген адам бәленбай жүз шақырымдық аудан орталығына, облысқа сабылады» деген  сөйлемдерді оқып отырып, бұл дүниесін «Жүніс Оразов» екі жыл бұрын жазған ба екен деген ойға қаласыз. Диагностикалық орталық тек Семей мен Өскеменде ғана емес,  бұлардың Аягөз, Зырян және Зайсан қалаларында 3 филиалы ашылғанына, қазіргі медициналық жабдықтармен жарақталғанына бір жыл болып қалғаны белгілі.  Бұл ғана емес, Семейде Өңірлік онкологиялық диспансерінің радиологиялық орталығы құрылысының 2-ші кезегі берілді, Семей қаласының патологоанатомиялық бюросына жапсаржай салынған. Осы қалада 300 төсек-орынға арналған ауруханасының, Семей қаласының туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құрылыстары биыл аяқталмақ. Сөз соңында айтарымыз: рас, Сапарбаев жайында мейлінше жазылып та, айтылып та жүр. Қазір біздің өңір тұрғындарынан сұрасаңыз, оның шаруаны жақсы білетін, еңбекқор, іскер әкім екенін екінің бірі айтады. Сапарбаев - тар шеңберде ойлайтын азамат емес. Көріп жүрміз, рушылдық, жершілдік деген оған жат. Ал неге Өскемен қаласына шымкенттік Серік Тәукебаевты әкім етіп тағайындайды деген айғайға келсек, Тәукебаев баламыз, үш жыл болды, осы облыста әкімнің орынбасары болып жұмыс істеп келе жатыр, кешегі су тасқынында ол да Тарбағатайда тізеліктен су кешіп жүрді. Білеміз: көп сөзі жоқ, біртоға, іскер жігіт. Енді облыста үш жылға жуық істеген осындай жігітті қалаға әкім етіп тағайындағанда тұрған не бар? Ол ештеңені Өскеменнен көтеріп әкетпейді ғой. Керісінше, өзіміздің жерлесіміз деген Храпунов пен оның төңірегіндегі жігіттердің Өскеменді, Бұқтырманы қалай талан-таражға  салғанын осы күні жұрттың бәрі біледі... Ал Бердібекке оралсақ, ол - ауылдың маңы, креслоның төңірегінде емес, мемлекеттік тұрғыда ой түйіндеп, іске бел шеше кірісетін іскер басшы. Ең бастысы, келелі істердің бәрінің  басы-қасында өзі жүреді. Соның арқасында  Шығыс Қазақстанның түпкірдегі ауылдарындағы баяғыда ұмыт қалған мәдениет ошақтарына жан бітті. Қайраткер басшы облыс бойынша біздікі секілді үлкен облыста әр саланың қарыштап дамуына айрықша мән беріп, қияндағы елді мекендерді де, төрт ірі қаланы да қадағалап отыр. Жә, облыста атқарылып жатқан ұланғайыр істердің бәрін тізбелесек, бір емес, бірнеше атанға жүк болатын әңгіме басталып кетеді, ал үш жылдың ішінде шын мәнінде не атқарылғанын шығысқазақстандықтар өте жақсы біледі және Бердібекке дән риза деп айта аламыз. Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақ «Кенді Алтайға Бердібектей басшы баяғыдан-ақ керек еді, неге десеңіз, оның бойында қазіргі заман әкіміне қажетті барлық қасиеттер жинақталған. Сонымен бірге елі мен жерін, өз ұлтын жанындай сүйер үлкен жүрек бар Бердібекте» деп жазса, Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Сапарбаев келгелі Шығысқа қан жүгірді… Сапарбаевтың қадамы құтты болды. Шығысты басқарып отырған әкімнің бастамасы өзгелерге үлгі болса деймін» деп баға береді. Семейде тұратын белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов «әкім дегеннен гөрі Сапарбаевты қайраткер деген жарасады» деп ақындық көңілмен ақ жарылады (қараңыз: «Жас қазақ үні» газеті, 2011 жыл, 25 мамыр). Біз, алдымыз тоқсанға келген, кейінгіміз сексеннің сеңгіріне шыққан, жетпістің үстіндегі ақсақал адамдармыз. Қазақша айтқанда, асарымызды асап, жасарымызды жасап қалдық. Өз өңірімізде құрметке де кенде емеспіз. Яғни біреуге жалпош болатын пенделеріңіз біз емес. Айтайық дегеніміз, Сапарбаев ертең басқа қызметке ауысып кетсе де, Шығыс Қазақстанға өзге біреу әкім болып келсе де, біздің, тек біздің ғана емес, - біз де елдің ау-жайын қарап отыратын шалдармыз ғой, - бүкіл Шығыс Қазақстан жұртының Сапарбаев туралы жақсы, жылы пікірі ешқашан өзгермейді деп білеміз. Шындығы сол.   P. S. Айтпақшы, өз «мақаласында» («Дат»,  2012 жыл, 4-шілде, №28) не дәлел жоқ, не факті жоқ, не заңнан қаймықпайтын, не құдайдан қорықпайтын, өтірікті өзендей ағызған бұл «Жүніс Оразов» деген кім болды екен?» деп өзіміздің Өскеменді әбден ақтардық. Таба алмадық. Бір інішек арнаулы органдарға сұрау салған екен,  сүйтсек, «Жүніс Оразов» деген адам Өскемен түгілі, бүкіл Шығыс Қазақстан өңірінде жоқ. Сонымен, біздің бүгінгі дүниеміз кезекті бір домалақ арызға түзу жауап болып тұр екен, қабыл алыңыз.     Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысының ардагерлері атынан: Бошай Кітапбаев, Социалистік еңбек ері, Ұлы Отан соғысының  және еңбек ардагері (Өскемен қаласы), Хафиз Матаев, қоғам қайраткері, еңбек ардагері (Семей қаласы), Медеу Сәрсекееев, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (Семей қаласы) (?), Ораз Жүнісов, қарт журналист (Өскемен қаласы)