ЕЛУІМДЕГІ ЕҢ ЕРЕКШЕ ҚҰТТЫҚТАУ! Ол үшін «Қазақ» газетіне қарыздармын.
2012 ж. 17 қазан
4005
2
*Қаз-қалпында
Үйде кешкі шәйімізді ішіп алып, жұмыс үстелімде отырғанымда үй телефоны шыр ете қалды. Әдеттегідей тұтқаны алған балалар: «бір үлкен ата звандап жатыр» деп маған ұсынды. Ар жақтан қарт адамның қарлығыңқы даусы айқын саңқылдап естіліп тұр: -Сен Қазыбек Исасың ба? -Иә, ақсақал, ассалаумағалайкум! -Ой, айналайын, амансың ба? Мен мынау Шығыс Қазақстаннан звандап тұрған тоқсанға келген қарт атаңмын. Соғыс ардагерімін. Бошай Кітапбаев дегенді естуің бар ма? Сөз жобасын естігеннен-ақ, өзім де «сол кісі шығар» деп жобалай бастағанмын, әйгілі қарт тарланның өзі болып шыққанда қатты қуанып: -О-о, көке, сізді білмегенде, кімді білеміз. Халыңыз қалай? Келіңіз? Өткенде мешіт ашылғанда өзіңізге барып сәлем бердім ғой! Бірақ сіз бізді біле бермейсіз ғой,- деп, елпілдеп жатырмын. -Мына «Қазақ» газетінен «Жапандағы жалғыз үй» деген өлеңіңді оқып, қатты ырза болдым. Сен өзің Ілияс Омаровқа қатты ұқсайды екенсің. Маңдай бітісің, түрің келеді. Көзілдірік тақсаң, тура өзі болады екенсің, Қазыбек. -Рахмет, көке, рахмет. Ондай ұлыларға ұқсатып жатқаныңыздың өзі бізге үлкен қуаныш қой, рахмет. -Ілияс Омаров 32 жасында Шығыс Қазақстан облысына обкомның бірінші хатшысы болып келді. Керемет келісті адам еді. Бір жиналыста бір орыстың әйелі «Қандай келбетті, қалай шешен сөйлейді, изумительный! Жаль, что, казах» -деп тамсанып тұр екен. Қасында тұр едім, қарап тұрмай: «Ол, мұсылман, сүндеттелген ғой, сізге қалай болады ол?»-деп едім, әлгі әйел шошып кетіп: «Ой, қандай, ұятсыз адамсыз, мен ол жағын ойлап тұрған жоқпын,»-деп ұрсып берді. Мен онда Қатон-Қарағай ауданында райиспольком секретары едім. Мен Қатон-Қарағайдың қазағымын. Әлгі Әлібек Асқаров, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақтар біздің жақтан шыққан жазушылар. Кеше «Қазақ» газетін алып, сенің өлеңдеріңді оқып, разы болдым. Бұл газетті Шығыста тек мен аламын. Қоғабай Сәрсекеев деген мықты қазақ бар, білетін шығарсың? -Білем, көке, жақсы сыйлайтын ағамыз. Ол кісіні бәрі біледі ғой. - Сол Қоғабай мына жүз жылдық тарихы бар «Қазақ» газетін қайта шығарып жүр. Енді «Айқап» журналын шығарғалы жатыр. Сен өзің алдың ба, ол газетті? Көрдің бе, өлеңдеріңді? -Аламын, ата, аламын! -Егер алмасаң ол саяси қателік болар еді. Есеп карточкаңа жазбай строгый выговор берейін деп едім. -Ойбай, алдым, ата! -Сен де елуге келіп қалыпсың, құтты болсын ,айналайын! Елу деген жас қазір жігіт жасы ғой. Елудегілер 18-дегі тоқал алып жатыр қазір. Өзің Шымкенттің қазағы екенсің, Киров ауданында туған деп жазыпты... -Қазіргі Мақтарал, Шардара өңірі ғой. - Жақсы білемін ол жақты, қаймағы бұзылмаған қазақы ел ғой. Нұрмұхамедов Мұқатай Омарович деген кісімен жақсы таныс болдым. Қонаевтың шәкірті еді. Жамбыл облысы обкомының бірінші хатшысы болып жақсы істеді. Қайтыс болғанда барып, топырақ салдым. Қонаевты сағынамын. Жақсы көруші едім.Салық Зимановпен құшақтасып амандасатын дос едім, сағынамын. Тоқсанға келіп, қайтыс болды. Мақтай Сағдиевпен дос едік, ол да қайтыс болып кетті. Хрущевпен Москвада құшақтасқамын. Понамаренконы білетін шығарсың, онымен де құшақтасқамын. Қазір жасым тоқсанға жарты жас қалды.Аяқты соғысқа бергеміз. 68 жыл бір аяқпен келемін. Енді жарты жылдан соң, құдай қаласа, тоқсанға келемін. Одан соң, кім біледі?.. Әлгі Салық та тоқсанға толды да, 5-6 ай өмір сүрген соң, қайтыс болып кетті ғой. Жақсы, жарайды айналайын. Мына «Жапандағы жалғыз үй» деген өлеңіңді оқыған соң, жазушылардың справочнигінен үйіңнің телефонын тауып алып, звандап жатқаным ғой. Әзір де, құдайға шүкір, тоқсанға келсем де, әшкимен оқи беремін. Елуің құтты болсын, Қазыбек! -Рахмет ата! Көп рахмет! Мен бұл құттықтауды, елуімдегі ең ерекше құттықтау деп қабылдаймын. Ертең газетке де жазамын. Әлі тоқсаныңызды тойлаймыз, ел тойлайды. Жүзге жетіңіз! Сырттай қатты сыйлайтын қадірлі қарияның үй телефонымды өзі тауып алып, құттықтауынан соң есімді жия алмай, үйдегі қасиетті Меккеге қажылық сапарға аттанғалы келіп жатқан Шардара ауданының биі Бегайдар көкеме қуанышымды жеткізіп жатырмын. «Бошай ақсақал мықты кісі ғой» деп қояды ол. Сөйтіп, есімі елге әйгілі Еңбек Ері, Алтайдың аңызға айналған абыз ардагері, ақиқатын ашық айтатын, қарағайға қарсы біткен қайраткерлігі бар, толғауы көп тоқсандағы қарт бабам Бошай Кітапбаев ақсақалмен осылай, күтпеген жерден таныстық. Иә, бұл менің Елуімдегі ең ерекше, ең елеулі құттықтау! Ол үшін, әрине, бір ғасыр бұрын Алаш арыстарының үні болған бүгінгі «Қазақ» газетіне, Елуімді елге танытып жатқан Қоғабай Сәрсекеев ағама алғысым шексіз.Қазыбек ИСА
16 қазан, 2012 жыл