«Мұның бәрі Сәрсенбаевтың миллиардтардан айырылғаннан кейінгі шығарып жүргені.»

3
978

 

 Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы, Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Ислам Әбішевке қатысты әңгіме әзір басылмайтын тәрізді. Өткен апта басында «Қарағанды облысындағы «Қаныш Сәтпаев атындағы Су арнасы» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Тұрғанбай Сәрсенбаев ақша бопсалады деген жала жауып, беделіме нұқсан келтірді», – деп шу көтерген Ислам Әбішев тағы бір мәрте журналистердің басын қосып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

Бардық, көрдік, бастан-аяқ қатыстық. «Қызды-қыздымен өткен жолы артықтау кетіппін», – деп ағынан жарылған Ислам Алмаханұлы Су ресурстары комитетінің төрағасы болып отырған сегіз айында атқарған жұмыстарын жария етті. Елдегі гидротехникалық және су шаруашылығы нысандарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарының тиімділігін анықтау мақсатында ала жаздай республиканың түкпір-түкпірін аралап шығыпты. Сапары барысында талай елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге деп бөлінген миллиардтаған қаржылардың жүйесіз жұмсалып жатқанын көреді. Сосын жергілікті мамандармен ақылдасып, кеңесе отырып осы салаға байланыс­ты қабылданған 2010-2020 жылдар аралығында 19 бірдей алып жобаның құжаттарын қайта қарап, тиын-тебеніне дейін есептеп шығыпты. Нәтижесінде мамандар 303 млрд. теңгенің артық есептелгеніне көз жеткізеді. «Мен осы қызметке ауысып келген соң 2010-2020 жылдары аралығында жүзеге асуы тиіс ауыз суға қатысты 19 жобаға бөлінген қаржыны көріп бірден күдік алдым. 398 млрд. теңге!  Бұлай болуы мүмкін емес. Сосын басынан бастап қайта есептеп шықтық. Осы бағдарлама жүзеге асырылатын күллі аудандарды аралап, көзімізбен көрдік. Нәтижесінде  бұл жобаларды 398 млрд. 297 млн. теңгеге емес, бар болғаны 95 млрд. 463 млн. теңге көлеміндегі қаржыға атқарып шығуға болатынын есептеп шығардық. Осылайша жалған құжаттар арқылы жемқорлардың жемсауына түсудің аз-ақ алдында тұрған миллиардтар кері қайтарылды», – дейді Су ресурстары комитетінің төрағасы.

      Сөз арасында өз басына бәле болып жабысып жатқан «костюм» жайлы сұрадық. Экс-әкім бұл тақырыпта сөз қозғағысы келмесе де, ебін тауып осы тақырыпта тілдесудің сәті түсті. Шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

– Ислам Алмаханұлы, Қарағанды облысындағы «Қаныш Сәтпаев атындағы Су арнасы» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Тұрғанбай Сәрсенбаев екеуіңіздің араңыздағы дау туралы не айтасыз?

– Осы мәселені қозғамай-ақ қойсақ қайтеді…

– Неге?

– Ол түкке тұрмайтын нәрсе. Одан да ең маңызды мәселені сөз етелік.

– Ол қандай маңызды мәселе?

– Бүгінде ХХІ ғасырдың екінші он жылдығы басталып жатыр. Жұрт Айға қонып, Марсқа ұшып жатыр. Ал біз Айға ұшпақ түгілі халқымызды ауыз сумен жарылқай алмай отырмыз. Бүгінде елімізде үш миллионға жуық адам ауыз суға зәру. Яғни 13 мыңнан астам елді мекенге су жетпейді.

Кеңес одағы кезінде 2 млн. 300 мың гектар суармалы жеріміз болған. Бүгінде соның тек 1 млн. 400 мың гектарын ғана пайдаға жаратып отыр­мыз. 700 мың гектар жер пайдаланылмай жатыр. Оны дамыту керек. Қытай елімізбен шекараласатын аудандарының өзінде соңғы жылдары 300 мың гектар суармалы жерді игерді. Түркіменстан – 700 мың, Өзбекстан қосымша 150 мың гектар жерді  пайдаға жарата бастады. Ал біз дайын тұрған жердің өзін пайдалана алмай отырмыз. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені еліміздегі су көздерінің 60 пайыздан астамы сыртқы мемлекеттерден, яғни Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстаннан келеді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда су мәселесі жаһандық мәселеге айналып отыр. Ертең су көздерін қайта бөлісу басталады. Мәселен 2014 жылы Қытаймен су көздерін қайта бөлісу туралы құжат жасалып жатыр. Сол кезде бөлінетін судың мөлшері кімде қанша суармалы жер бар, соған қарай анықталады. Көршілер сол үшін жанталасып жатыр. Тәжіктер мен қырғыздар да қарап отырған жоқ. Олар сусыз күн жоғын баяғыда-ақ түсінген. Ал біз әлі қарап отырмыз. Осыны айтсақ жаманатты боламыз. Аяқтан шалып, жала

жабудан аспаймыз.

– Сәрсенбаев секілділерді меңзеп отырсыз ба?

– Сен өзі осы дауға қайта-қайта айналып соға бердің ғой?

– Бүгінде, жасыратыны жоқ, жұртты осы саладағы қаржылық даудан 

гөрі Сәрсенбаевтың сізге «сыйлаған» костюмі қатты қызық­тырып отыр. «Туған күніне дастархан жайғызды» деген айыптауы тағы бар…

– Мұның бәрі өтірік. Осы жылдың 20 қаңтар күні Сәтпаев каналы насостарының жұмыстарымен танысып көруге Қарағандыға сапарлап барғанбыз. Сол кезде мені Қарағанды облысының әкімі шақыртыпты. Іссапар болған соң жұмыс киімімен жүрген болатынмын. Амалсыз дүкендердің біріне кіріп костюм алдық. Жұмыстарым көп болған соң ақшасын Сәрсенбаевқа беріп, мамандармен кездесуге кеттім. Бар болғаны осы.

Ал «Әбішев туған күнінде мені күштеп дастархан жайғызды» дегенді бұрын естімегем. Телеарналардың бірінен чегін көрсетті. Арналардың бірінен жазбасын алдырып, тоқтатып қарасам, есеп-шоттағы уақыт 21 сәуірде деп көрсетіліпті. Ал менің туған күнім – 12 мамыр. Анау костюмге деп көрсеткен чектің де уақыты сәйкеспейді. Бір кассирден 5 мамыр күні «мен Сәрсенбаевқа 21 ақпан күні 54 өлшемді костюм саттым» деп қолхат жаздырып алыпты. Екі-үш ай бойы сатқан заттарын ұмытпай, есіне сақтап жүретін ол қандай кассир?

– Бұл айыптармен келіспейсіз ғой сонда?

– Әрине келіспеймін. Мәселе Тұрғанбай Сәрсенбаевта емес. Мұны күнделікті өмірде кездесе беретін майда-шүйде керістердің бірі деп қабылдау керек. Одан сенсация жасаудың қажеті жоқ. Сенсация ол емес. Сенсация – ауыз суға деп бөлінген қаржылардың қайта есептеліп, 300 млрд. теңгенің үнемделіп қалуында болып отыр. Кім оңай жолмен тауып отырған нанынан айырылғысы келеді? Қаншама адамды табысынан айырдық. Сондайлардың ойлап тапқан амалдары. Мен бір реттік дастархан мен киімге зәру адам емеспін.

– Бұл дау сіз үшін «ұсақ-түйек» бол­са, неге арнайы баспасөз мәс­лиха­тын өткізіп, жұртқа жария еттіңіз?

– Менің ондағы мақсатым айқай-шу шығару емес еді. Нақты жұмыстардың нәтижесін көрсеткім келген. Сол табысынан айырылған компаниялардың жазбаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Ақыры «НұрОтанның» жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңеске келіп мұң шаққан. «300 млрд. деген сыбайластыққа апаратын жол. Бұл қаржыларды Әбішевтің өзі пайдаланып кетуі мүмкін. Қарамағындағыларды қанап, киім алдырып, дастархан жайғызып жатыр» деп үлкен адамдардың аузымен айтқызған соң, Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков «Мұның арты жақсылыққа апармайды. Үнемделген қаржының қайдан келгенін, істеп жатқан жұмыстарыңның нәтижесін көрсетіңдер», – деген соң жұрттың алдына шықтым.

– Мұның артында саяси астар жатыр дейсіз ғой?

– Ол да мүмкін. Бірақ нақты ештеңе айта алмаймын.

– Сәрсенбаевпен бұрыннан таныс екенсіз…

– Ол кісімен сонау 80-жылдардан бері таныспын. Талай жыл бірге қызмет істедік. Жыл басында Астанаға Су комитетіне ауысып келдім. Бір аптаның көлемінде жұмыспен танысып, біраз қаражаттың ретсіз жұмсалып жатқанына көз жеткіздім. Оны министрге де кіріп айтқан едім. Қазір бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Сонда ең алдымен көзге түскені Сәтпаев каналы болды. Өйткені насос құрылғыларын ауыстыру үшін 3 млрд. теңге жұмсалады деп көрсетіліпті. Оның млн. долларға жуығы былтыр игеріліп кетіпті. Мен өзім инженер адаммын. Көп дүниені көзіммен көріп, қолыммен істеп жүрдім. Ескі бір «Запорожец» автокөлігін алып келіп, «100 мың долларға сатып алдық» деп тұрса ойланасың ғой, сол секілді бірден күдік алдым. Екінші жобада қалған төрт насостың құны 6 млрд. теңге деп көрсетіліпті. Тексеріп көрсек, қажетті сорғыштар Ресейде шығарылады екен. Заводтан сұрастырып көрген едік, әкелу жолы мен орнату жұмыстарын қосқанда 2 млрд. теңге жұмсалатын болып шықты. Нәтижесінде, бұл жұмыстарға  ары кетсе 1 млрд. 800 мың теңге кететіні анықталды. Осылайша, Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың бұрынғы басшысы Тұрғанбай Сәрсенбаевқа шығындарды азайту үшін төрт ай мерзім бердік. Алайда ол түрлі сылтаулар айтып «6 млрд. теңге» деп, түсірмей отырып алды. Осы кемшіліктері бар, басқа да істері бар, қызметінен босаттым. Оның көбін айтуға әрине құқым жоқ, құқық қорғау органдары айналысып жатыр Қазір сол жұмыстар небәрі 1,5 млрд. теңгеге жасалып жатыр.

Қаныш Сәтпаев атындағы канал өте маңызды стратегиялық нысан саналады. Оған сырттан ешкім кіре алмайды. ҰҚК-нен арнайы рұқсат алғандар ғана кіре алады. Сондай маңызды мекеменің жобалау жұмыстарының басшысы Германия азаматы екен. Мұны қалай түсінуге болады?..

Мұның бәрі, айналып келгенде, мемлекет қаржысын жымқырмақшы болған Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың бұрынғы басшысы Тұрғанбай Сәрсенбаевтың «сыбағасынан» айырылғаннан кейінгі шығарып жүргені.

– Енді Сәрсенбаевты сотқа беретін шығарсыз?

– Бәрі заңға сәйкес болады.

– Жаңа бір сөзіңізде «300 млрд. теңге үнемдеп қалдық» дедіңіз. Бұл қайдан шыққан қаржы?

– Бір ғана Булаев топтық су құбырының екінші кезеңін іске асыру үшін құжатта 94 млрд. 196 млн. теңге жұмасалады деп көрсетілген. Қайта есептеп, оған іс жүзінде 28 млрд. 261 млн. теңге қаржының жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Үнемделгені 65 млрд. 479 млн.

Солтүстік Қазақстандағы осындай тағы бір су жүйесінен 76 (құжаттағысы 92 млрд.),  Пресновск каналынан 74 млрд. теңге қиып тастадық. Бұл жобаларды бар болғаны 10 млрд. теңгеге жөндеп шығуға болады екен. Жалған құжат жасап мердігер компаниялар тоғыз есе көп қаржы алмақ болған. Бірде Алматы облысындағы Бартоғай суқоймасының жұмысымен таныстым. Тек жөндеу жұмыстары мен сметасы үшін 250 млн. қаржы жұмсалған алып жоба. «Толықтай жөндеу жұмыстары үшін қанша қаржы қажет?» десем, ондағылар: «9 млрд. 600 млн.» деп отыр. Бұл ақшаға қойманы бұзып, қайта салуға болады. Жобаның басшысын шақыртып алып, бәрін есепке салдық. Ол 7 млрд. теңгенің қосымша су тазарту жұмыстарына жұмсалатын айтты. Аз емес, 18 млн. текше метр су. Сосын Бартоғай суқоймасының басшысына телефон соғып сұрасам, «бізге басы артық 18 млн. текше метр судың не қажеті бар? Онсыз да қоймада 70 млн. куб су артық жинақталып қалады» дейді. Сосын 7 миллиардты бірден кестік. Қалған 2 миллиардтық есепке «цемент» деп жазылыпты – 60 мың тонна! Тексере келіп оның 60 мың тонна емес, 60 тонна екенін анықтадық.

Бұл 303 млрд. – тек 19 жобадан қысқартқан ақшаларымыз. Бұған дейін қаншама жобалар жасалып, миллиардтаған ақшалар кетті. 2002–2008 жылдары аралығында атқарылған ауыз су бағдарламаларына  200 млрд. теңге ақша жұмсалды. Әрине біраз шара істелді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ сол қаржыға одан үш-төрт есе артық жұмыстар атқаруға болар еді.

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

«Халық сөзі» газеті

*Тақырып өзгертілді

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. Қызық, жемқорды – “жемқор” деп кінәлаймыз. Мұнымыз дұрыс қой. Енді осындай әлемдік дағдарыс дірілдеткен кезеңде ел байлығын үнемдеген адамның не кінәсі бар? Анау “Нұр Отан” партиясының Жемқорлықпен күрес комиссиясының басшысы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВтің “жемқорлық” пен “үнемдеушілік” деген сөздердің айырмасын ажарата алмағаны ма? Халықтың қазынасын “ұрлау” мен “қорғаудың” аражігін білмейтін (Бәлкім, “екеуі бір нәрсе” деп түсінетін)Оралбай ағамызға бір кезде үлкен аппараттың жігіттері “шопан” деп лақап ат қойып еді, сірә, осынысы ақиқаттан алыс кетпеген сияқты…

  2. Есентай ер екен, дұрысын айтты. Оралбай өзінің атқарып отырған жұмысының не екенін білмей, айтаққа еріп, шаба берген бе? Ол қайта Ислам Әбішевті мемлекеттік наградаға ұсынуға бастамашы болмай ма?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз