Ислам ӘБІШЕВ: СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР немесе үнемделген 300 миллиардқа кімдер қарсы?!.

 

Су құбырлары мен гидротехникалық нысандарды жөндеуден үнемделген 300 миллиард теңгеден туған мәселе

ХХІ ғасырдың екінші он жылдығына қадам бастық. Жұрт Айға ұшып, Марсқа қонып жатыр. Ал біздің елде 3 мыңнан астам елді мекенде тұрып жатқан 3 мил­лионға жуық адам ауыз суға жарымай отыр. Осы бір өзекті мәселе әлі күнге ше­шілмей келеді. Неге? Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бөлінген мил­лиардтар қайда кетіп жатыр? Бұл сауал­дарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевке қойдық. Себебі соңғы кезде И.Әбішев басқара­тын комитеттің айналасында дау өршіп тұр. Бұл даудың туындауына комитет төрағасының гидротехникалық және су ша­руашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарына бөлінген қомақты қаржының басы артық шығындарын қысқартып, қаржыны тиімді әрі үнемді жұмсаймын деген мәлімдемесі себеп болғаны анық. «Мен 300 млрд теңгенің үнемделгенін өзіме жарнама жасау үшін жариялаған жоқ­пын. Бұл Мемлекет басшысының біз­- ге – мемлекеттік қызметкерлерге берген тапсырмасы болатын. Шүкір дейік, Ел­басымыз шекарамызды белгілеп, қадасын қағып, қоршап берді. Шетелдермен тығыз достық қарым-қатынас орнатты. Макро­экономиканы да алға жылжытты. Елдің ішкі проблемасын шешіңдер деп сұраған қаржыны да бөлді. Бірақ ол қаржыны үнем­ді, тиімді жұмсаңдар деді. Осы жыл­дың 25 мамырында Елбасы оңтүстік өңірді дамыту жөніндегі жиын өткізгенде су төңі­регінде қаржы ұрлағандарың болса, түр­менің түбінде шірисіңдер деді. Ал Парла­мент сессиясын ашқанда сөйлеген сөзінде дағдарыс әлі 5-6 жылға созылатынын, олай болса, біз қаржыны өте тиімді жұм­сап, үнемдеуіміз керек екенін тағы да қа­дап айтты. Ал ол қаржыны Президент пен Премьер-министр жұмсамайды ғой. Қар­жыны түрлі бағдарламалардың басқару­шылары ретінде біздер жұмсаймыз. Сол себепті біз де өзіміз басқаратын 19 жобаны қарап, сараладық. Нәтижесінде, 300 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын үнем­деуге болатынын анықтадық» дейді И.Әбішев. Алайда Су ресурстары комитетінің бұл қадамы кейбіреулерге ұнамаған көрінеді. Сөйтіп, «Нұр Отан» партиясының жем­қор­лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында қаржылары қыс­қартылған ірі-ірі компаниялардың бас­шылары И.Әбішевке айып тақты. Барлық БАҚ сол жерде айтылған мәлімдемелерді жарыса жариялады. Біз өз тарапымыздан мәселенің мәнісін түсіндіруді И.Әбі­шевтің өзіне жүктедік. Электр қуатына 4 млрд теңге жұмсайтын мекеме бар! Су ресурстары комитеті басшысының айтуына қарағанда, ол осы қызметке та­ғайындалған соң, комитет жұмыс істейтін жобалармен танысып шығады да, көп қаржының мақсатсыз, үнемсіз жұмсалып жатқанын анықтайды. «Ең бірінші көзге түскені Қ.Сәтбаев су арнасы болды. Себебі бұл өте маңызды стратегиялық нысан са­налады. 1-нысан бойынша үш су қуатын насос қондырғысын ауыстыруға 3 млрд теңге жұмсаған. Мен инженер болған­дықтан, бұл саладан түсінігім бар. Қатты таңғалдым. Егер сізге «Запорожец» көлігін 100 млн долларға сатып алдық десе, сен­бейсіз ғой. Бұл да сондай жағдай. Екінші жобада 4 насосқа 6 млрд теңге жоба­ла­нып­ты. Содан бірден күдік пайда болды. На­состар сатып алынған Ресейдегі зауытқа хабарласып, бағасын білдік, олар айтқан баға мүлдем басқаша. Осы кемшілікті түзеуге Қ.Сәтбаев су арнасы басшысына тапсырма бердім. Арада төрт ай өтсе де, нәтиже болмады» дейді И.Әбішев. Ол дәл осы Қ.Сәтбаев су арнасының электр энергиясы үшін жұмсалатын жыл­дық шығыны 2 млрд теңгеден астам екенін айтады. Су арнасының басшысы электр энергиясын үнемдеудің тұжырымдама­сын жасау туралы тапсырманы да орында­мапты. «Қ.Сәтбаев каналынан Жезқазғанға дейін канал тартудың екінші кезеңі бойынша жасалған жобасы да күдігімді туғызды. Бұл жобаға 200 млрд теңгедей қаржы керек екен. Ол Батыс Қытай-Батыс Еуропа сияқты үлкен жоба. Ондай жоба тек Елбасының тапсырмасымен қолға алынады. Ал біз Мемлекет басшысы та­рапынан ондай тапсырма берілгенін ес­тімегенбіз. Сөйтіп, Елбасы Жолдауларын қарап шықтық, бұл жоба туралы ештеңе айтылмаған. Үкімет қаулысында да ондай тапсырма жоқ. Мүмкін вице-премьердің тапсырмасы болар деп, хаттамаларын қарадық. Жоқ. Содан Қарағанды облысы әкіміне хабарласып, сіздерге Жезқазғанға канал тарту керек пе деп сұрасақ, олар қажет емес дейді. Сондықтан мен ол жоба­ны алып тастадым» дейді И.Әбішев. Ал көп ұзамай су арнасы басшысы қызметінен алынды. Бар мәселе нормативте ме? Осы жерде Су ресурстары комитеті үйлестіретін жобалардың қымбаттығын И.Әбішевке дейін ешкім байқамаған ба деген сұрақ туындайды. Біз бұл сауалды комитет жетекшісінің өзіне де қойдық. Сөйтсек, бар мәселе жоба жасауда сүйе­нетін нормативтерде көрінеді. «Мәселен, су құбырын тарту жобасын жасарда су пайдалану көлемі есептеледі. Ол мәліметтерді жоба жасаушы меке­ме­лерге жергілікті әкімшілік береді. Яғни бұл жерде басты кемшілік жобалаушыда да, комитетте де емес, сол ауыл-аймақтағы мәлімет беретіндерде. Неге? Өйткені ауыл­да қанша адам тұратыны туралы мәліметті сұрасаңыз, ертең бәрібір халық саны өседі ғой деп, 2 мың адам тұратын ауылдың әкімі 4 мың адам тұрады деген мәлімет береді. Мал басын да көбейтіп айтады. Су құбырын тарту жобасын жа­саудың нормативі бойынша, сол өңірдегі автокөліктер, тіпті тауыққа дейін есепке алады. Бұл жерде әкімдерді де жазғыра алмайсыз. Себебі әр әкім өз аймағына судың мол келгенін қалайды. Міне, сол мәліметтерге сай құбыр көлемі есепке алынады. Бұл - бір, екіншіден, ол жобаның 20-50 жылдық перспективасы ескеріледі. Мысалы, Арал қаласында 30 мың халық бар болса, 10 жылдан соң тағы 30 мың адам қосылады деп есептеледі. Содан келіп, шы­ғын да ұлғая түседі. Ал мен сізге ай­тайын, Арал қаласында осыдан 10 жыл бұрын да 30 мың халық тұрған. Қазір де 30 мың адам тұрады. Бірақ соған қарамастан, ол маңға тартылатын су құбыры бойынша жасалған есеп нормативке сай жасалады» дейді Ислам Әбішев. Ал олай болса, қалай үнем жасалып отыр? «Біз қазіргі сұраныс пен осыдан 10 жыл бұрынғы тұтынушылық деңгейдің дина­микасын жасадық. Алдағы 10 жылға да жоспарлап көрдік. Сонда құбыр диаметрі екі есеге қысқарды. Егер халық саны екі есе көбейіп жатса, жанынан тағы бір құ­быр тартуға болады. Арал-Сарыбұлақ су құбырын сол жоба бойынша салып жа­тырмыз» дейді комитет басшысы. Жүрдім-бардым жасалған жобалар бар «Бартоғай су қоймасын қалпына кел­тіру жұмыстарының жобалық сметасы 250 млн теңгеге жасалыпты. Мен осы су қоймасын бір емес, екі рет барып көрдім. Сосын жобалаушыны шақырдым. «250 млн теңгеге жоба жасап жатырсың, ал жобаң­ның құны қанша болады?» дедім. Сөйтсем, 9 млрд 250 млн теңге дейді. Меніңше, бұл ақшаға су қоймасын бұзып, қайта салуға болады. Сондықтан оны Астанаға шақы­рып, бәріміз қайта есептедік. Сөйтсек, олар 9 млрд теңгенің 7 миллиардын су қой­масының түбіне тұнып қалған лайды та­зар­туға жұмсамақ екен. Ол лайдың көлемі 18 млн текше метр. Ал су қоймасының сыйымдылығы 400 млн текше метр. Содан Бартоғайдың басшысына қоңырау шал­дым. Сұрастыра келе күзде су таусылған кезде, қоймада 70 млн текше метр су қалып қоятынын анықтадық. Олай болса, 70 млн текше метр су қалатын болса, 18 млн текше метр лайды тазалаудың қажеті бар ма деп 7 млрд теңгені қысқартып тас­тадым. Тағы да осы жобаға 6 мың тонна цемент керек деп жоспарланыпты. Оны да анықтай келе 6 мың килограмм екенін білдік. Содан 9 млрд 250 млн теңгеге жа­салған жобаның құны 500 млн теңге ғана болып қалды» дейді ол. Су комитетінен алған дерекке көз жү­гіртсек, мұндай кемшілік пен артық бағалау 19 жобада да кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақта­арал ауданындағы К-30 каналын қалпына келтіруге 6 млрд теңге жоспарланған. Тек­сере келгенде жобаға бұл каналдан бөлек 40 шақты жекеменшіктің қолындағы канал қосылып кеткені белгілі болыпты. Ірі жобалардың осылай жүрдім-бардым, салдыр-салақ жасалуы жоба жасаушы­лардың жауапсыздығы емес дей алмаймыз. «Егер сіз дүкеннен, яки базардан киім-кешек алатын болсаңыз, оның қалай тігіл­генін, қай елде тігілгеніне қарайсыз, сапа­сын, бағасын сұрайсыз ғой. Мен де жоба­ларды солай қарадым. Қазір ірі жоба болса бірден күдіктенемін. Мәселен, Приобра­женск су торабына 6 млрд теңгеге жөндеу жасау керек дейді жобалаушылар. Су торабын өз көзіммен көргеннен соң, ары кетсе 500-600 млн теңге ғана жұмсалаты­нына сенімді екенімді айттым. Жобалау­шы­лар 3 млрд теңгенің жобасын жасап қайта әкелді, кері қайтарып едік, 1 млрд теңге жұмсалатын етіп жасап шықты. Ал мен ол жұмысқа 600 млн теңге ғана жұм­салатынына кепілдік бере аламын. Ертең жұмыс біткен кезде келіп жұмысты да, құ­жатты да көріңіздер. Сонда көздеріңіз же­теді» дейді Су ресурстары комитетінің төрағасы. Үнемдеу – кәсіпкерлікке қысым жасау емес 300 млрд теңге үнемделген 19 жобаның көпшілігі әлі жоба күйінде тұр. Кейбірінің ғана жұмысы басталған. Енді сол жұмысты бастаған мердігер компаниялар комитетті сотқа беріп үлгерді. Олардың уәжі – коми­тет Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау туралы тапсырмасын аяқасты етіп отыр дегенге саяды. Ал Ислам Әбішев бұл байламмен мүлде келіспейді. «Мен қаржысы 3-4 есе қысқарған жо­баларды жеңіп алғандарды кәсіпкер деп айта алмас едім. Себебі ол жобаларды анау-мынау компания ұтып ала алмайды. Ол компаниялар бұл жобалар жасалмай тұрып дайындалғандар. Шынын айту ке­рек, бұл жобалар сатып алу тендерлеріне шы­ғарылғанда, оған шағын және орта бизнес өкілдері жолай алмайтын кезінде. Ал қазір Булаев топтық су құбырын жөн­деуге шағын және орта бизнестегі 14-15 мекеме жұмылдырылып отыр. Олардың ешқайсысы тендер ұтып көрмеген компа­ниялар. Енді олар «Қазсушаруашылығы» мемлекекеттік мекемесінің қосалқы мер­ді­гері ретінде жұмыс істеуде. «Қаз­сушаруа­шылығы» мемлекеттік кәсіпорны жүйелі түрде қажетті жабдықты өндіруші зауыт­тардан көтерме бағамен сатып алып, жоба­ны жүзеге асырушы компанияларға беріп отырады. Осылайша, сапасыз құбырлар­дың іске жаратылуына жол берілмейді әрі отандық тауар өндірушілерге қолдау көр­сетіледі» дейді ол. Оның айтуынша, қазіргі таңда су құ­быры немесе гидротехникалық нысан­дардың жөндеу жобасын жасаушылар да үнемдеуді үйрене бастаған. Мәселен, Ақтөбе облысында 15 жылдан бері проб­лема болып тұрған Қылқожа су қойма­сының жобалық сметасы 508 млн теңгеге жасалған екен. Ақтөбе облысынан 600 ша­қырым қашықтықта Торғай өзенінің бо­йында орналасқан су қоймасын «Қазсуша­руашылығы» мекемесінің филиал бас­шысы барып көрмепті де. Бірақ жобаны мақұлдаған. Сондықтан оған су қоймасын барып, көзбен көріп, жобаны қайта жа­сатуға 1 апта мерзім беріледі. Нәтиже­сінде, су қоймасын жөндеуге 187 млн теңге қажет екені анықталады. Тағы да сол Ақтөбе облысында 18 мың гектар жердің су мәсе­лесі 15 жылдан бері шешілмей келеді екен. «Ойыл ауданында орналасқан суар­малы жердің 5 мың гектарын «УАЗ» кө­лігімен аралап шықтым. 40 млн теңгенің төңірегінде жұмысты атқаруға болатынына көз жеткіздім. Сәтін салса, бұл мәселе де осы айдың соңына дейін аяқталғалы тұр» дейді И.Әбішев. Ол осылай үнемдеу арқы­лы 2013 жылдың аяғында Су ресурстары комитетін іскер комитет деңгейіне жет­кі­зуді көздеп отыр. Суармалы жерлерді көбейту керек

«Мені түн ортасында тұрғызып сұраса да, Қазақстанда қай өзеннен қай кезде қандай су келеді, оның көлемі қанша екенін нақты болмаса да жобалап айтып бере аламын. Өзендердің жағдайын өзім­нің организмім сияқты сезінемін. Ағып жатқан судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Бірақ біз әлі судың қадіріне жете ал­май келеміз. Сумен қамту мәселесі өте өзек­ті. Біз қазір өнбес дауды қуғанша, елі­міз үшін одан да маңызды мәселені ше­шіп алғанымыз абзал» деген Ислам Әбішев қазіргі таңда ұлт үшін, ұрпақ үшін, бола­шақ үшін қам-қарекет жасамасақ бол­майтынына бірнеше мысал да келтірді. Оның айтуынша, еліміздегі суармалы жерлердің көлемін арттыру кезек күттір­мейтін мәселе. «Кеңес заманы кезінде біздің елде 2 млн 300 мың гектарға жуық суармалы жер болған. Ал бүгіндері есепте бар 2 млн 80 мың гектар суармалы жердің 1 млн 400 мың гектары ғана қолданыста. Сол есептегі суармалы жердің 700 мың гектары пайдаланылмай тұр. Егер осы 700 мың гектардан бір отбасы 10 гектардан алып еңбектенетін болса, 70 мың отбасы шағын және орта бизнесті дамыта алады» дейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 100,5 куб метр су қоры бар. Соның 60 пайызы Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз сияқты көрші елдерден келеді екен. Осы көршілерден келіп жатқан судың көлемі жыл сайын азайып барады. Себебі көрші елдер суармалы жерлерін кеңейтіп жатыр. Мәселен, Түрікменстан Кеңес Одағы ке­зіндегі суармалы жердің өзіне 700 мың гек­тар жер қосқан, Өзбекстан да суармалы жерін 150 мың гектарға ұлғайтты деген дерек бар. «Ал біздің Шығыс Қазақстан об­лысының өзінде Ертіс өзенінің бойындағы 130 мың гектардай жер пайдаланылмай тұр. Алматы облысында да 80 мың гектар жер кәдеге аспауда. Ал ол жерде егін са­лып, еңбек етсе, жемісі мол болар еді. Ол тұрмақ, Оңтүстік Қазақстан облысында дайын тұрған 100 мың гектар суармалы жерді пайдалана алмай отырмыз. Ертең су бөлісетін заман келеді. Сол кезде қиындық тууы мүмкін. Себебі біз қазір суды кеңес за­манындағы келісім бойынша алып отырмыз. Ал 2014 жылы қытайлармен су бөлісеміз. Сол үшін нақты есеп-қисабы­мызды жасаудамыз. Негізі су бөлісудің бірнеше жолы бар. Бірі – тарихи қалып­тасқан жағдай, екіншісі – бүгінгі қалып­тасқан жағдай бойынша бөлу. Біз тарихи жағдаймен бөлейік дейміз, өйткені одақ кезінде судан алған үлесіміз көп. Ал егер олар қалыптасқан жағдаймен бөлеміз десе, онда біздің суармалы жерлеріміз аз бол­ғандықтан, еншімізге аз мөлшердегі су бө­лінуі мүмкін» дейді Су ресурстары ко­ми­тетінің басшысы. Ол суармалы жерлерді көбейтуге қатысты ұсынысы барын айта­ды. Оның ұсынысы бойынша, Ресеймен келісу арқылы Атырау облысындағы Қи­ғаш өзенінен 100 текше метр су алсақ, сол маңайдан 100 мың гектар суармалы жер шығаруға болады екен. «Еділ өзенінің бір саласы болып табылатын Қиғаш өзенінің маңындағы климат оңтүстік өңірмен дең­гейлес. Жері құнарлы» дейді И.Әбішев. P.S. Біздің бұл мақаланы жазудағы мақ­сатымыз – Су ресурстары комитеті айнала­сындағы дауды қуу емес. Еліміздегі су ша­руа­шылығы саласында қордаланып қалған мәселелермен халықты құлағдар ету. Себебі ауызсуға жарымай отырған елдің игілігі үшін бөлінген қыруар қаражаттардың құмға сіңген судай жоқ болып кетуінің сырынан халық хабарсыз екені анық... Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана, «Айқын» газеті. www.qazaquni.kz

*Мақала тақырыбы өзгертілді