АЗАМАТТЫҚ АРЫН. АҚЫНДЫҚ ДАРЫН. ҚАЛАМГЕРЛІК ҚАРЫМ

1
1838

 


Алматыда Ақынның

дүркіреген жыр кеші өтті

 

«Осыншама оқырманы бар Қазы­бек шынында да бақытты ақын»

 

Жақында Ақындардың астанасы Алматыдағы Жамбыл атындағы Қа­зақ­тың мемлекеттік фи­лармония­сын­да Ақын, Халықаралық Алаш сыйлы­ғы­ның лауреаты, ҚР Мә­де­ниет қай­рат­кері, «Жас қазақ үні» газеті жә­не «Жұл­дыз­дар құпиясы» жур­налының басшысы Қазыбек Исаның 50 жасқа толған мерейтойына орай «Сырымды айттым далаға» атты жыр кеші өтті. Бұған дейін ақынның туған жері Оң­түстік Қазақстан облысында, Шар­дара, Отырар аудандарында, Арыс пен Түркістан және облыс ор­талығы Шым­кент қала­ларында өткен ақын­ның мерейтойы ару Алматыда өз қо­рытын­дысын жасады.

Сахна шымылдығын Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы студенттерінің Қазыбек Исаның «Мұң­­­лық-Зарлық мұқамы» дастаны бойынша театрлан­дырылған қойы­лымы ашты.

Одан әрі қарай кештің жүргізу­шісі, ақын Бахыт Бе­делханның шақы­руы­мен Қазыбек Иса сахнаға көте­ріліп, жиылған жұртшылыққа жырдан шашу шашты.

Алғашқы сөздің тізгінін алған, жа­зушы, драматург, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Дулат Исабеков:

«Осы біз кітап оқымайды деп оқыр­­­манды кінәлаймыз. Ал залға сый­май кеткен осыншама оқырманы бар Қазы­бек шынында да бақытты ақын. Бақыт демекші БАҚЫТ деген сөзге бәріміз де, талай ұлыларымыз да теңеу іздеп тау­сылғанбыз. Әрқай­сысымыз әр нені айтып жүргенде Қазыбек:

Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,

Бақыт деген – БАҚЫТ жайлы ойла­мау!…», –деп бір-ақ ауыз сөзбен бар­лы­­ғы­мыздың аузымызды жапты. Бұ­ны поэзиядағы жаңалық деп ойлай­мын. Қа­зыбек жалпы болмысынан кешегі Ғабеңдерді еске салатын ақ­сүйек, бек­зат ақын».

Жыр кешінде ақ тілегін айтып ақ­тарылған, өзі де биыл мерейлі жет­піске толып, елімізде тұңғыш рет бір дра­матургке арналған «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фес­тивалі өтіп жатқан Абыз қаламгер Ақын іні­сінің иығына шапан жауып, сый-сия­пат тапсырып, ілтипат көр­сетті.

«Нұр-Мұқасан» дуэтінің орын­да­уын­дағы талай тойда құда бала­лардың делебесін қоздырып жүрген сөзін Қа­зыбек Иса жазған «Құдаша қыз» әні бұл кештің де шырайын аша түсті.

 

«Поэзия саясаттан жоғары тұратынына көз жеткіздік»

 

Одан кейінгі кезекте құттықтау сөзін алған «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, Азат Пе­руашев ақын Қазыбек Исаны мерей­тойымен құттықтады. Сондай-ақ Мә­жілістегі «Ақ жол» партиясы фрак­ция­сы жетекшісінің: «Қазыбек Иса­ның мынадай дүркіреген жыр кешіне қарап отырып, Поэзия саясаттан жо­ғары тұ­ра­тынына көз жеткіздік, өйт­кені ол – мәңгілік құн­дылық. Ал сая­сат деген өткінші дүние», – деген сөзі жиылған жұртты да, той иесі ақын Қазыбек Исаны да бір серпілтіп таста­ғандай бол­ды. Осындай мәнді де, ма­ғыналы сөз айтқан Азат Перуашев Ақынға жолыңыз ақ болсын деп, «Ақ жол» пар­тиясының атынан ақ тұлпар­дың кілтін табыстады.

Осы бір жүрек тербетер жыр ке­шінде сөз алған ақын, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Темірхан Медетбек ақынның ақындығымен қатар, аза­маттығына айрықша тоқталып өтті. Ал, Ақын, Халықаралық «Алаш» сый­лы­­ғының иегері, Қазақстан Жазушы­лар Одағының 1-ші орынбасары Ғалым Жайлыбай мырза болса, ақын Қа­зы­бек Исаның ердің жасы елуге келіп отырған бүгінгі болмысы емес, шағала­лы Шардарадан ұшып келген сол бір балаң, саясатқа араласпаған кейпі жанына жақын екендігін тілге тиек етті.

Сонымен бірге бүгінгі жыр кешіне ақын Қазыбек Иса дәріс алған қазақ жоғары оқу орындарының қара ша­ңырағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың білім-тәрбие басқармасы бастығы Арман Әбдіхалықов қатысып, атал­мыш оқу ордасының ректоры, белгілі ғалым, профессор С.Пірә­лиев мырза­ның құттықтауын жеткізді.

Ақ тілектер ақтарылған осы бір күні Ақын «Сырымды айттым, дала­ға», «Бес мезгілдің бедері», «Белгісіз су­ретші», «Жапандағы жалғыз үй» атты өлеңдерін оқып, шөлдеп қалған өрелі оқырманын тұнық жыр бұлағы­на су­сындатты.

Қ.Исаның «Қаймана қазақ ақысын қайтару үшін жүрмін мен» дейтін «Мұрат» атты мұратты жырын оқыған ақын­ның алты жасар қызы Әмина ел­дің ерек­ше ықыласына бөленді.

Өз кезегінде ақын Қазыбек Иса оңтүстіктен басталған осындай дүбір­лі жыр тойына келген өлең сүйер қауым­ға, қолдау білдірген қайраткер­лерге, атпал азамат­тарға алғыс айтты.

Сондай-ақ бұл кеште жас әнші­лер­дің орындауындағы ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндердің тұсауы кесілді. Олардың арасында, белгілі ән­ші-сазгер Өктем Алтаевтың «Қар­ғым», Гүлмира Сайділдақызы орында­ған Бек­жан Әшірбаевтың «Сағыныш», Қ.Құрбанбай айтқан «Жарығым», Абай Аймағанбет шыр­қаған «Бақыт туралы жыр», атты ән­­дер бар.

Жыр кеші ақынның сөзіне жа­зылған Әділбек Са­ринның «Қазақ елі» атты әнін әнші Серік Адайдың әуелете шыр­қауымен аяқталды.

Гүлмира САДЫҚ

 

«Ақынның кеші ашық болмайды ма, төрт жүздей адам далада қалдық»

Оқырмандар айтқан осы сөз ойландыруы керек

 

Алты жасар Әминадан алды жет­пісті алқымдаған ақ кимешек киген аналарға дейін келген дүрілдеп өткен жыр кешінде өкпе-наз да айтылмай қалған жоқ. Ол ең алдымен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония әкімшілігіне айтылуы тиіс. Кеш енді басталарда «Зал толып қалды, 800 адам­дық қана орын» – деген әкімші­лік есікті жауып алған. Оған сахнаға шығар алдында араласуға тура келген кеш иесі Қазыбек Исаның өзіне: «Мұн­шама оқырманыңыз бар екен, Республика сарайында өткізбейсіз бе?» деп қарсы шықты. Ақын әйтеуір біразын кіргізіп үлгерді. Соның өзінде ақынның өз отбасы мүшелері, алыс­тан арнайы келген қонақтар кіре ал­май қалып, айқаймен екінші-үшінші рет есік ашылған.

Кеш біткенде есік алдында мерей­той иесі Қазыбек Исаны ақын Бауыр­жан Әлқожа бастаған ҚазҰУ-дің бір топ студенттері қоршап алды:

– «Ақын кешінің есігі айқара ашық болмаушы ма еді, Сіз кіргізіп ал­ғанның өзінде қаншама оқырма­ны­ңыз, төрт жүздей адам далада қалдық. Бұларға ескерту жасамасаңыз бол­май­ды ғой бұл»–деп, ренішін білдіріп жатты. Сол уақытта Филармония бас­шылығына телефон соққан Қазыбек Иса: «Бұл камералық концерт емес, жиналыс емес, жыр кеші ғой, есік әрдайым ашық болуы тиіс емес пе?» деп оқырмандар өкпесін жеткізді. Филармония басшылығы елге кедергі жасаған қызметкерлеріне қатаң ес­керту жасайтынын айтқан ақын олар үшін өзі кешірім сұрады.

Иә, елдің мұңын мұңдап жүрген Ақынның жыр кешінің есігі ел үшін әрдайым ашық болғанға не жетсін!

М.ЕРҒАЛИ 

Ұлттық мүддені ұлық­тай бі­лудің өне­гесі 

 

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы !

Сізді 50 жасқа толған мерей­­тойы­ңызбен шын жүректен құттық­тай­мын!

Сіздің бүкіл саналы ғұмырыңыз ұлт­тық жур­на­листика мен әде­биеті­мізді өркен­де­туге арналып келеді. Жастайы­ңыздан қаламды қару ет­кен таланты­ңыздан туған шығар­маларыңыз әдеби ортаның сын та­разысынан өтіп, оқыр­мандардың жоғары бағасына ие болды. Сіз­дің шы­ғармашылығыңыз қарапайым ха­лық­тың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай­тын, сыр тұнған жыр­лары­ңыз жыла­ған­ды жұбатып, құла­ғанға қалқан болатын ру­хани сүйенішке айналды.

Сіз, халықаралық «Алаш» сыйлы­ғының лауреаты, «Құрмет» ордені­нің иегері, көрнекті қаламгер, жур­налист, баспасөз бен мәдениет са­ласының май­талманы ретінде елі­мізге кеңінен таны­малсыз.

Өзіңіз ұйымдастырып, тұңғыш бас редакторы – директоры болған, ұлт­тық ой-сана үрдісін өрбітуге үл­кен үлес қо­сып келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті аз уақыт ішінде көпшілік іздеп жү­ріп оқитын рес­публикалық газет мәр­­те­бе­сіне кө­теріліп, еліміздің таны­мал басы­лы­мының біріне ғана емес, біре­гейіне айналып отыр.

Қоғамның қандай да бір құбылыс­тары, жылт еткен жаңалықтары Сіздің газет назарынан тыс қалған емес. Әсі­ресе, замана ағымына қа­рай егемен елі­міздің жаңа құ­ры­лы­мындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді байсалды­лықпен, парасаттылықпен, ұлт­жан­дылықпен жазып, халқымызды бір­лікке, татулыққа шақырып, ізгілікке үндеп келеді.

Мұның бәрі Сіздің бойға біткен іс­керлігіңіздің, жоғары жауап­кер­шілік сезіміңіздің, адамдарға деген сергекті­гіңіздің, ұлттық мүддені ұлық­тай бі­луіңіздің, халыққа кір­шік­сіз қызмет етуіңіздің өрелі өне­гесі деп білемін.

Құрметті Қазеке, Сізді өміріңіз­дің бе­сінші белесіне көтерілген ме­рей­тойы­ңызбен шын жүректен құт­тықтай оты­рып, мықты денсау­лық, отбасы­ңызға амандық пен құт-береке, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, тың ізденіс, то­лайым та­быстар тілеймін!

Ізгі ниетпен

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Қуаныш АЙТАХАНОВ

 

 

 

 

Азаматтық арын. Ақындық дарын. Қаламгерлік қарым

 

Құрметті

Қазыбек ЖарылҚасынұлы!

 

Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.

«50 деген жасыңыз – еңселі Ердің шырайы» деп халқымыз айтқандай, бұл айтулы белеске жігерлі де жа­лын­ды, тәлімді де тәжірибелі қалпыңызда жетіп отырсыз. Қалың көпшілік Өзіңізді азаматтық арынын ақындық дарынымен, қаламгерлік қарымымен қатар өрген та­лантты журналист, өрелі редактор, іскер басшы ретін­де жақсы таниды әрі ерекше бағалайды.

Тәуелсіз еліміздің ұлттық баспасөзінің бүгіні мен ертеңі жолындағы шығармашылық және қайраткерлік еңбегіңіз жана берсін. Тынымсыз, толассыз ізденістер үстіндегі алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болғай.

Деніңізге саулық, отбасыңызға бақ пен береке, қаламыңызға шабыт тілеймін.

 Ізгі ниетпен

Астана қаласының әкімі

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ

 

 

Поэзия пат­шалығында өзіндік орны бар тұлға

 

 Ардақты абзал Қазыбек !

 

Сізді бергенінен берері көп жасқа келген мерей­тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Мен Сізді кең пейіл, дархан жүректі, поэзия пат­шалығында өзіндік орнын тапқан, ақындығына аза­маттығы сай ұлтжанды тұлға ретінде жақсы білемін.

Өзіңіздің жауһардай жарқыраған жырларыңызбен қоғамда ізгі құндылықтар орнықтыру ісіне сүбелі үлес қосудасыз.

Бүгінде бар күш-жігеріңізді жұмсап, Жас қазағымыз үшін атқарып жүрген қызметіңіз ел жүрегінен лайықты бағасын тауып келеді.

 Құрметті Қазеке !

 Елуден асқаннан соң да шығармашылығыңыз кейінгі ұрпақ өнеге ретінде айта жүрер тың бастама, жобаларға толы болсын!

Қашан да сәттілік серігіңіз болсын, деніңізге саулық, адами және азаматтық бақыт, отбасыңызға бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Құрметпен

 Мемлекеттік қызмет

істері жөніндегі

агенттігінің төрағасы

Әлихан БӘЙМЕНОВ

 

 

 Жа­лынды мақалаларыңыз талайды ұйқысынан жұлқып оятты

 

Құрметті  Қазыбек Жарылқасынұлы!

 

Сіз ердің жасына лайық абырой, бе­дел биігіне ерен еңбегіңізбен шығып отырсыз. Мерейлі белесіңіз құтты бол­сын!

Сіздің кәсіби жолыңыз өзге әріп­тестері­ңіз­ге қарағанда бөлекше өрнегімен ерекше­ленеді. Әуелі көркемсурет-графика факуль­тетін бі­ті­ріп, еңбек жолыңызды Өзіңіз туып өскен Қызыл­құм­ның орта мектебінде мұғалім ретінде бас­тап, 1991 жыл­­дың тұсында «Жас қазақ» газетінде журналис­тиканың аламанына ат қос­тыңыз.

2000 жылы Өзіңіз бас болы, «Жас қазақ үні» га­зетінің тұсауын кестіңіз. Елдің жоғын жоқтасып, кем-кетігін тү­ген­дескен бұл басылым аз уақыт ішінде қазақ оқырманына өтімді болды. Өзіңіздің «қаймана қазақ ақысын қайтару үшін» деп жазған жұлынды да жа­лынды мақалаларыңыз талайды ұйқысынан жұлқып оятты. Сіз осылай әр уақытта ұстанымына берік, серті­не адал сөз сарбаздарының сапын­да екеніңізді дәлел­дей білдіңіз.

Сіздің әр жылдары жарық көрген «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» атты жыр жинақтарыңыз елімізде лайықты бағасын алды. Өлеңдеріңізді оқи отырып, баяғыда Өзіңіз өрнектеп бастаған суретші мамандығыңыздың ақын ретіндегі әдемі суреткерлігіңізге ерекше әсер еткенін бай­қауға болады.

Қазыбек Жарылқасынұлы!

Шыққан биігіңіз ешуақытта аласармасын. Өзіңіз же­тек­шілік етіп отырған «Жас қазақ үні» газеті өз үнін, айбыны мен асқақтығын жоғалтпасын. Шығармашылық жолында шабыт тілейміз!

 Ізгі тілекпен

Мәдениет және ақпарат министрі Дархан МЫҢБАЙ

 

Орақ тілді, өткір мінезді, «Мықты қазақ» деген атың бар

Қадірменді Қазыбек Иса!

 

Ердің жасы – елуге толған мерейтойыңыз құтты болсын!

Сіз дарынды ақын, Халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты, Мәдениет және қоғам қай­рат­керісіз. Жұртшылықтың алдында «Мықты қазақ» деген атыңыз бар. Мұндай үлкен дәрежелерге өзі­ңіздің асқан қабілетіңізбен, төккен теріңізбен, қа­жымас қай­ратыңызбен, орақ тілділігіңізбен, өткір мінезіңізбен жет­тіңіз. Сіз ұлттық мүддені қорғау жолында жан аямай еңбек етіп келесіз. Сонымен бірге Сіз мемлекетімізде ана тіліміздің лайықты орын алуына, «қазақстандық ұлт емес», «қазақ ұлтын» сақтап қалуға бар күш-жігеріңізді салудасыз. Сіздің «Жас қазақ үні» газетіндегі мақалаларыңыз жұртты рухтандырып, жалпы қауымға ой салады.

Алдағы уақытта да Отанымыздың тәуелсіздікті нығайту, тағы да «Федерация», «Одаққа» кіріп кетпеу жолындағы қызметіңізде та­бысқа жете беруіңізге шынайы тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, игілік, отбасыңызға баянды бақыт, еңбекте тас­қын­ды табыстар тілеймін.

Ізгі ниетпен

ҚР Дипломатия қызметіне

еңбек сіңірген қайраткер,

Астана «Мемлекеттік тіл» қозғалысының

төрағасы Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ

 

 

 Әкiм ақынды құттықтады

 

Жерлесіміз, дарынды ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мәдениет қай­раткерi, «Құрмет» орденінің иегері, «Жас қа­зақ үнi» газетiнiң Бас директоры Қазыбек Иса­ның 50 жасқа толуына орай М.Шаханов пен Т.Медетбек бастаған бір топ ақын-жазу­шылар Оңтүстік Қазақстан облысының Шар­дара, Арыс, Отырар аудандарында болып, киелі Арыстанбапқа түнеп, қасиетті Түркі­станнан тілеп, жыр кештерін өткізгені белгілі. 21 қыркүйекте облыс орталығы Шымкент қа­ла­сында болып өткен кездесу кешi алдында Қазыбек Исаны облыс әкiмi А.Мырзахметов арнайы қабылдап, құттықтады.

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филар­монияда дүркіреп өткен жыр кешiне белгiлi қаламгерлер Д.Исабек, К.Әмірбек, М.Байғұт, Қ.Бегманов, сазгер Қ.Құрманәлі, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы орын­ба­сары, ОҚО филиалы жетекшісі А.Орман, Социалистiк Еңбек Ерi Б.Шүкiрбеков, об­лыс­тық мәслихат депутаты Ө.Мелдехановтар қа­тысып, ақынға ақ тілегін ақтарды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Б.Әлиев мерейгерге об­лыс әкiмiнiң Құрмет грамотасын табыс етіп, шапан жауып, сый-сияпат тапсырды.

Ақын тойы Алматыда жалғасын табады.

Өз тiлшiмiзден,

Оңтүстік Қазақстан облысы

 

1 Пікір

  1. «Поэзия саясаттан жоғары тұратынына көз жеткіздік». Керемет сөз. Ақын Қазыбек Иса бұған елдің көзін толық жеткізді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз