ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР - СҮЙСІНГЕН КӨҢІЛ НЕМЕСЕ ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТТІҢ РУХАНИ КЕЛБЕТІ

1. Барлығы да денсаулыққа байланысты Шымкент қаласы. 6 қараша 2011 жыл, дәлірек айтсам, Құрбан айт күні, таңғы намаз кезі. Тура шетелдің көп сериялы киносындағыдай астаң – кестең сапырылыс, жан дүниемде қо­парылыс, мүмкін күйзеліс... Қала­ның мейрамханасында кенже кызым Мар­жанның тұрмысқа шығу тойы өтіп жат­қан. Үш айдан аса әлімді құртып діңкелеткен, асқазанымнан басталып сол көкірегімді иығыма дейін шыдат­пай ауыртқан, қайта-қайта ұстаған шаншу той соңына таман мүлдем ма­замды кетіріп, бажам Шыңғыстың үйіне қайтуыма тура келді. Қабылдаған емнен ешбір көмек болмады. Не жата алмаймын, не отыра алмаймын тікемнен тік тұрмын, тұла бойымды қысқан суық тер киімім­нің сыртына шықты. Тойдан келген ағайын-туысқандардың мазасын ал­ғым келмейді, бірақ мүмкін болмай қалды. Құлап қалмау үшін басымды жұбайым Қатираның иығына сүйей сала, жайлап, сыбырлап «жедел жәр­дем шақырыңдар» дедім. Жедел жәр­дем жедел жетті, өмір мен өлім айқасқа түскендей, жан шыдатпас шаншуға көкірегімді салдыр-күлдір еткізген шек-қарынды аузыма тақаған жөтел қосылды. Осыншалықты қина­лыстан пайда болған қорқынышты Алланың құдіреті күшті – ғой көмекке келген дәрігерлер жастау келіншек пен ер жі­гіттің мейірімді сөзі, нұрлы жүзі, күй­зе­лісімді дәл түсінген ыстық ықылас­тары қорқынышымды көмес­кілен­ді­ріп, үмітімді күшейткендей бол­ды. Жылдам тексеріп, еппен қи­мыл­дап, тез-тез ем-домын жасады, сөйлеп жа­тырмын, мен сұраймын, олар жауап беріп жатыр. Бірден ауруымды айтты «Сіздікі инфаркт, қимылдамай жаты­ңыз» деп айтқан сөздерінде толқудан гөрі салмақтылық басым, қимылдары көз сүйсінтеді, ішің жылиды. Дегенмен асқынған ауру көнер емес, сонда да шарасыздық танытпай барын салып күресетіндей «Аға, сізге морфий сала­мыз, қорықпаңыз, ұшқандай боласыз» деді, бірақ оған да селт етпедім. Қолын­дағы ұялы телефонымен ауруханаға хабарлады: «жедел ота жасау қажет, дайындалыңыздар» деп. Не керек ота жасайтын орынға дейін жылдам жет­кізілдім, іркіліс болмады. Тіпті, оташы – дәрігер де (аты Әлімбек пе, ұмыттым) көмекшілерінің бірі «аға» десе, бірі «көке» деп жылы сөздерімен «сәл шы­даңыз, сәл шыдаңыз» деп майда қоңыр желпиді. Кейін білдім, мен жат­қан аурухана ашылғанына екі – үш жыл болған облыстық кардиология орталы­ғы екен. Дәрігерлердің емделушіге қарым-қатынас мәдениеті қуант­ты. Екіншіден, Қазақ елі тәуелсіздік ал­ғалы көптеген игі істердің атқарылып жатқанын оқып – білсем де, медицина саласының алға басқандығының осы­лай­ша нақты куәсі болдым. Жүректегі ақауды теледидардан көріп жатасыз, ота жасаудың әлемдегі ең озық үлгісін, яғни құралдарын Шымкент қаласында пайдаланып, өз мамандарымыз жетік меңгерген. Ауруханадан шыққасын Алматы қаласындағы біраз кардиологтармен жолықтым, тіпті қазір Тараз қаласында тұратын Кеңес Одағы кезінде кардиологтар арасында «алтын қол дәрігер» аталған С.Жошиевте Шымкенттегі кардиология орталығы мен оның дәрігерлері туралы өте жақсы пікірде екен. Кейде ойлаймын, Алла тағала пендесін сынаққа салып қиналтса да, рахымы түсіп ажалыңа арашашы болғысы келсе, жақсы адам­дарды жанашыр, көмекші – дәнекер, қиындық азабынан кұтылуға себепші етіп қоятын тәрізді. Ауру азабынан төсекке таңылып, бес күн бойы жан­сақ­тау бөлімінде жалғыз өзім жатқан­да, ой түбіне жете алмайсың, әсіресе жанымда жүрген «жақсылар» туралы жазған еңбектерімнің кітап болып жарыққа шыққанын көре алмай кетем бе деп қорықтым. Олар – анам Пітей Әбдіқызы, он жылдай «аурушаң» атан­ған қара домалақ бала мені емдеуден жалықпаған, «сенімді серік» еткізген ауылдың қарапайым дәрігері Сәбила Мырзахметова, студенттік шақтан күні бүгінге дейін рухани ұстазым бо­лып жүрген академик Мекемтас Мыр­захметұлы, өмірде де, ғылым жолында да бірге жүрген кездерде адалдық та­нытқан досым, өмірден ерте озған, та­лантты ғалым, филология ғылымдары­ның докторы Жұмабай Әбілов еді. Жү­ректен шыққан шынайы сезімімді қалам күшімен ақ қағаз бетіне түсірген едім, кітап етіп шығару арман күйінде ғана жүр.?! Шындығын айтсам Сәбила апайдан кейін ерекше сүйіспеншілігімді ту­дырған осы Шымкенттегі облыстық кардиология бөлімінің дәрігерлері болды. Я... Сәбила апай туралы шы­ғармамды қалай бастап едім, үзінді келтірейін: «Жетінші класта оқып жүр­генде тағы да ауру айналдыра бас­тады, бұл жолы ұзағынан жүрекке әсер еткен ревматизм деген атаумен есепке алындым. Я, кәдімгідей есепке алындым. Кеңес Одағының жақсылы­ғы, ұзақ емделуді қажет ететін ауруды есепке алып көктемде, күзде тексеруден өткізіп, ауруханаға жатқызып, болмаса «үйде ішесің» деп дәрі-дәрмегін тегін арқалатып жіберетін. Менің бағыма қарай, Созақ ауданы­ның орталығы Шолаққорғанға біздің ауыл жақын болса да, бар-жоғы 25 км-дей, «Жартытөбе» совхозының ор­талығында жиырма бес орындық аурухана бар еді. Аудан орталығына көп жүгіре бермейміз, себебі бас дәрігері – Сәбила Мырзахметова көпшіліктің көңілінен шыққан, біліктілігімен ел аузына іліккен маман – терапевт еді. Сәл суықтасам тамағым ісіп, ауыра­ды, аяғым сырқырайды, әсіресе жү­регім шаншып, сыздайды, көбінесе күн бұлттанғанда көңілсіздік басады. Сәбила апайдың бір қасиеті ауруға дауыс көтермейді, аяушылық білдіріп тұрғанын да байқатпайды, егжей-тегжейлі тексеріп майда дауыс, жылы ле­бізбен сырқатының жай-күйін айта­ды. Аса жайдары болмаса да, орнықты айтқан сөзіне ауруыңнан жеңіл­ден­гендей, тыншып қаласың. Бас дәрі­гердің аға медбикесі шешемнің сіңлі­сі – Мүкен Әбдіқызы, біздің елде әп­ке­сін «қызапа» дейді, яғни нағашы қызапам. Екеуі апалы-сіңлідей қаз-қатар жүргенде, олардың жүрісіне, езу тарта күлісіне аққудай шаң жұқтырмай тап-таза ақ халатты абзал жандардың жүректері мейірімге тола ықылас­та­рына кім-кімде сүйсіне қарайтынын байқайтынмын. Адам деген асығыс, ненің болса да тез нәтижесін көргісі келеді, ал маман асықпайды, ненің болса да оң нәтижесіне жеткісі келеді. Сә­била апайды еске алсам жақсы адам деген ойға келсем де, жақсы дәрігердің теңеуін таппай жүргем, бірде қолыма Кейкаустың «Кабуснама» кітабы түсті, төмендегі жолдарды оқығанда іздегенімді тапқандай болдым: «Нағыз дәрі­гер аурулар жататын жерде көп болып, араласып, зерттеу нәтижесінде әртүрлі кеселдердің ерекшелігін жете пайым­дап аурудың өту жағдайларын жақсы білгені жөн. Сонда ғана ол аурудың түрін (диагнозын) дұрыс қояды. Ке­селдің шығу төркіні мен диагнозын білсе, оны емдеу де оңай болады. Дә­рігердің кеселдің аты-жөнін білмей емдеуі – үлкен надандық. Бірлі-жарым емдеумен қорытынды шығарып, бұл кеселдің емін мен білемін деме. Ауруды емдегенде Бахараттың өсиетнамасын ойыңнан шығарма. Емдеуде ықтияттық шартын қолдан шығарып алсаң, керісінше жанға жәбір жасаған боласың. «Надан молда иманыңды алады, надан тәуіп жаныңды алады» деген мақал бар. Дәрігердің ділі мен ой-өрісі және ішкі жан-дүниесі мен сыртқы дүниесі де таза болуы шарт. Әрдайым хош иісті әтірлерді пайдаланып жүрсін. Ауру алдына барғанда ашық жарқын, жылы жүзбен күле сөйлеп, жақсы сөз айту керек. Жақсы сөз жанға қуат беріп, ауру­дың сауығуына жәрдемі тиеді» дейді. Ауруханадан шығарда бас дәрігер С.Бекжігітов мырзаның «Сізді қа­зақтың белгілі ғалымы ретінде біздің ұжым ғана емес, облыс әкімінің орын­басары Әли Бектаев мырза да қал-жағ­дайыңызды үнемі сұрап, біліп бақы­лауында ұстап отырды» деген сөзі жүрекке жылы тиіп, Хакім Абай ата­ның шарапатын көпшіліктен көп көре­тініме іштей риза болсам да, әсіресе мені қуантқаны жүректен жапа шеккен мыңдаған адамдардың, шетелге емделуге қалтасы көтермейтін қалың қауымның шипа болар орталығы Шым­кент қаласында орнауы айрықша сүйсінтті. Көпке керегі осы емес пе!?! 2. Шымкент төрінде – Хакім Абай. Абайдың туған күні Алматыда, ақын ескерткішінің алдында жылда тойланады. Жүз қаралы адам ғана жи­налады, қолында алдын-ала жазылған сценарий бар «пысық жігіт» елпең қағып жүреді, кейде тәртіпті арқалы ақындар «бұзып жібереді», бәрібір баяғы қалыпқа түседі. Сол аздың ішінен де көрініп қалғысы келетіндер шығады, сол күні олар Абай атында «мы­надай бар, мынадай бар» деп жағы талмай қайталайды... Абайдың тойы ма, әлде жай адам­ның тойы ма, әйтеуір не айтса да тойда жараса береді деп, «өйдә» мақтанамыз, ешкімге де дес бермейміз .. Тойды науқаншылдыққа айналды­рамыз, Абайға науқаншылдық жүр­мей­ді. Науқаншылдық «Уралап» ұран­дат­қан алдамшы жалаң көрініс, сондық­­тан данышпан Абайдың 150 жылдық тойында сөйлеген Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абай туралы сөз» баян­дамасында «Абай жылын өткізген жақ­сы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен өжет пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгендігіміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарыз­дарымызды терең түсініп, өтей алған­дығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады» деген болатын. Сірә, облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың әрбір сөзін жіті қада­ғалап, терең талдап, алдағы атқарар ісінде тікелей басшылыққа алатынын ешкім айтпай-ақ, облыс жеріне, Шым­кент қаласына аттап басқаннан бірден аңғарады. Ол облыс әкімі болып жұмысқа кірісе сала, облыс жұртшылығына арна­ған алғашқы сөзін, ой-пікірін, алға қой­ған мақсатын қасиетті Түркістанда жария етті. Елбасы былайша ой қорыт­қан еді: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан болады. Жалпы бұл жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің руханият орны болып табылады». Сөзіміздің дә­лелі ретінде қазақ пен түрік ақынының өлең жолдарын оқып көрейік: Мағжан Жұмабаев Шер батса кім іздемес туған елін? Тұлпар да көксемей ме туған жерін, Арқаның ардагері қалың алаш, Тұран да, біле білсең, Сенің жерің! Кемал Федайы Жошқұнер, түрік ақыны: Жол беріңдер белден асайын, Түркістан! Шәйіттік тәжін киейін, Түркістан! Тамырымда соққан, Түркістан! Келмейді қолымнан басқа іс, Түркістан! Жалғыз сені сөйлейді тілім, Түркістан! Тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекетін, қазақ ұлтын әлемге та­ныту үшін Елбасымыз аса жауапты, аса ізгілікті ісін қазақтың данасы Абай Құнан­бай­ұлы­ның 150 жылдығын және түрік дү­ние­сінің орталығы қасиетті Түркістан шаһарының 1500 жылдық тойын дү­ниежүзілік деңгей­де атап өтуден бас­тағаны бәрімізге аян. Осы үрдісті тамаша жал­­­ғастырған облыс әкімі­нің өзіміз куә болған тағы да бір ісіне тоқталғы­мыз келеді. 2009 жылдың жаз айының соңына таман Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей тапсыруымен Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақтан музей ашу қолға алынды. Алматыдан белгілі дизайнер Аманжол Найманбай мен осы жолдың авторын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев «музейді қалай, қай жерде жаса­саң дұрыс болады?» деп ақылдасуға, пікір алысуға шақырды. Соңынан облыс әкімі мен оның орынбасары айт­қан ұсыныстарымыз көңілінен шық­- қа­сын, «сіздер орындаңыздар» деп тапсырыс берді. Мен бірден музейді «Хакім Абай музейі» деп атау туралы ұсыныс жасадым. Мұндағы ойым Семейдегі Абай музейінен ерекшелендіру емес, бірақ сол музейдің тәжірибесін негіз ете отырып, заман талабына сай жаңаша сипатта, жаңа мәнде өрнектеу еді. Екіншіден, біз 2008 жылдың қыр­күйегінен бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевтің бастама­сымен, ұстазым, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы екеуміз Қа­зақстанда тұңғыш рет «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашып, іске кіріскен едік. Бұл ғылыми-зерттеу ор­та­лы­ғының басты мақсаты етіп, бүкіл еліміздің мектептерінде, жоғары оқу орындары үшін жаңа сипатта оқу бағ­дар­ламасын, оқулығын хрестома­тия­сын жасап, «Абайтану» деген пән енгізу еді. Бұл пәннің негізі етіп абай­та­ну- дың көшбасшысы М.Әуезовтың жү­зе­ге асыра алмай кеткен ой-арманын Мекемтас ағай 50 жылдан аса өмірін арнап келе жатқан, Абайдың Шығыс құн­дылықтарын негізге ала отырып, адам­зат баласын өр­ке­ниет­ке, прогреске бас­тайтын Хакім Абай даналығын оқыту еді. Шымкент қала­сындағы Абай сая­бағындағы Абай­дың туған күнін атап өткен іс-шара да бас­қа еліміз­дің қала­ла­рын­дағыдай шарт­ты­лықтан ада, көпшілікті күш­теп шақырудан гөрі үгіт-наси­хатпен, ұйымдастырушылық қабі­летпен шақырылғаны облыс әкім­ші­лігінің Абайды насихаттауға шындап кіріскендігі, ескіден қалған «науқан­шылықтан» ада екені бірден байқа­лады. Көпшіліктің көп келетін парктің аты – «Абай», алғаш аттап кіреберісте толғаныста отырған Абай атамыздың ескерткіші, одан жоғары көк шөппен, жайқалған гүлмен көмкерілген төрге қарай жүрсеңіз, «Хакім Абай» мұ­ражайы тұр, одан әрі өтсеңіз Абайдың талантты ұлы Тұрағұлға арналған ескерткіш белгі бірден көзге ұрып тұр. Түрлі-түрлі үгіт-насихат жұмыстары қолға алынғандығын растағандай. Абай саябағында қандай іс-шара өтсе де, зиялы қауым, ақын-жазу­шы­лар, оқушы, студенттер, тіпті шенеуніктер де Абайдың шынайы оқырман­дары көптеп келетін тәрізді. Біз көрген Абайға арналған іс-шаралар жаттанды сценарий бойынша жүргізі­ліп, аз ғана адамға ақындардың тақы­рыбын мүлде бөлек өлеңдерін оқумен шектелетін. Әйтеуір даталы күнді атап өттік қой деген көңіл жықпас бір нәрсе көретінбіз. Ал бұлардың жиынында Абайдың мұ­расы да, өнегесі де сөз бо­ла­ды, қара сөзі мәнерлеп оқылады, ән­дері шыр­қалды, жан-жақты қамтылған кітап көрмесі ашылады музейді ара­латады. Абай туралы көркем және деректі фильм­дерді тамашалаумен қо­рытын­дыланып, әйтеуір басты мақсат Абайды білсем деп келген көпшілік сұранысын қанағаттандыруға бағыт­талған. Қазақстанда қазақэтноди­зайыны­ның негізін қалаушылардың бірі, атақ­ты дизайнер А.Найманбайұлы «Хакім Абай» мұражайын Елбасыға өзі таныс­тырды. Ол кісінің «музей шағын болса да, іші мәнді екен, келген қонаққа ұял­май көрсететін әрі көпшілікке тағы­лымы мол музей екен» деген риза­шы­лық лебізін құлағымен есітті. Осы тарихи оқиғаны ерекше құлшыныспен айта отырып « менімше, «Хакім Абай» мұражайының жақсы шығуына біз ғана үлес қосқан жоқпыз, Асқар Иса­бекұлының Абайға жеке өзінің қызы­ғушылығы, мұражайға отбасын ертіп те қайта-қайта келіп тұруы, орынба­сары Әли Бектаевтың ақын­жан­дылығы да (кейіннен,тұңғыш өлең­дер жинағын кітап етіп шыға­рып­ты) ықпал етті» деуі көкейге қонады. Күннен-күнге гүлде­ніп келе жатқан Шымқаланың рухани жағынан да өнегелі шаһарға айналға­нына «Отан Ана» «Тәуелсіздік» сая­бағы мен «Ел бірлігі» монументін, «Мем­­лекеттік рә­міздер» алаңын, «Шәм­ші әлемі» гүл­зарын, «Жұлдыздар аллеясын», ең соң­ғы сәулет үлгісімен салынған «Оң­түстік – Цирк» ғимара­тын көргенде, шырайлы қала теңеуінің дәл айтыл­ғанына күмәніңіз қалмайды. Жабал Шойынбет, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылым-зерттеу орталығы директоры, «Хакім Абай» қоғамдық қорының директоры