ҚАЗАҚ ТІРІ ТҰРҒАНДА, ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН КҮРЕС ТОҚТАМАЙДЫ! Президенттен батыл қадамдар күтіп, қолдайтын оянған рухты жастар бар...

Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Ә.Назарбаевқа

 

Өйткені біз Тәуелсіздікті ана тілімізде сөйлеу үшін   алған жоқ па едік?

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

  Тіл ұлттың жаны болған соң, рухы оянған жастар да алдыңғы буын өкілдеріне қосылып, тіл үшін күресті жалғастыруы заңды. Сізге «тілім үшін не бел не белбеу кетеді» деген Қазақстанның болашағына алаңдаған жастар дауысымызды жеткізу үшін хат жолдап отырмыз. Бүгінде мемлекеттік тіл туралы шаршаңқы көңіл күйді қалыптастырып, түрлі технологиялармен психологиялық соққылар беріліп жатса да, Қазақ тірі тұрғанда Қазақ тілі үшін күрес ешқашан тоқтамайды. Халқымыздың осы күнге дейін үмітпен күткендегі себебі, тіл туралы құқықтық базаның бар екендігіне, оның орындалатынына сеніп келді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ресейдегі республикалардың да тіл туралы құқықтық базасы бар. Заңмен барлық жағдай жасалған. Ресейде 23 мемлекеттік тіл, 12 ресми тіл бар десек те, тілдерінің өсіп өркендеп, кең қанат жайып жатқаны шамалы. Керісінше жойылуға бет бұрып барады. БҰҰ-ның есебі бойынша Ресейде 136 тіл жойылудың алдында тұр. Мысалыға, Мары Эл, Коми, Карелия, Удмурд, Алтай республикаларында өз тілдері мемлекеттік мәртебеде болғанымен жойылуға бет бұрған екен. Ал біздегі жағдай осы Ресейдегі республикалардан мәз емес. Мынадай 21-ғасырда өмір сүре отырып, тіпті бір айда тіл үйрететін оқу әдістеме пайда болған заманда бір тілді 20 жылдан астам уақытта адамның үйрене алмауы өтірік. Енді келіп халықтың бәрі емес 95 пайызы Қазақ тілін меңгеруді 2020 жылға дейін ығыстырылды. Сонда 31 жыл болады. Ал толық қашан меңгеретінін бір Құдай біледі. Осыншама жылдар бойы орындалмаған тіл туралы заңнамалар енді орындалмайды. Қартайғанға дейін Қазақша оқып, үйрене алмаған азаматтарымыз (мектепте одан кейін жұмыс орнында Қазақша оқыса да) енді үйренбейді. Оның шешімі біреу-ақ, ол Сіздің қолдауыңыз. Егер Сіз орыстілділердің құқын қорғауды жалғастыра берер болсаңыз шыдамы таусыла бастағандар көбейіп, халық арасында жік пайда болады. Қазірдің өзінде Сіздің тіл саясатыңызды сынаушылар қатары күрт өсіп келеді. Оған Сіздің сөздеріңіз себеп болып отыр. Бір-екі сөзіңізден мысал келтірер болсақ, 2011 жылғы 18 сәуірінде Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзіңізде: «Так вот, приходит (пенсионер) в новую поликлинику, а там все вывески на кабинетах врачей только на казахском языке, перестарались чиновники от Минздрава! Бывает, что - а таких случае не мало! - справки заставляют и дают на языке, который человеку не понятен... А больной ходит как в лабиринте, не знает как попасть к лор-врачу или кардиологу. Такие перегибы имеются, я неоднократно об этом говорил.» (http://www.zakon.kz/210151-nazarbaev-prizval-ank-sledit-za.html). Осы сөздеріңізден кейін бізде еріксіз мынадай ойлар туындайды: 1. Онда орыстілді зейнеткерлерге бола көшедегі, қоғамдық көліктердегі, қысқасы барлық жердегі Қазақша жазуларды алып тастайтын болармыз. Себебі түсінбей қалады ғой, адасып кетеді. 2. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 23 жыл болды. Зейнеткерлер мәселесі 23 жыл бұрын да айтылған. 23 жыл бұрынғы зейнеткерлердің көбі қазір жоқ. Бұл неғылған бітпейтін зейнеткерлер. Қысқасы қандай жағдай болғанда да Сіз зейнеткерлерге бола анықтаманы түсініксіз (Қазақ) тілде бермеңдер деген талаппен конституцияның тіл нормасы аясынан шығып сөз сөйлемеуіңіз керек еді. 3. Медицина терминдері аударылған емес. Өзіңіз айтып тұрғандай кардиолог, кардиолог қой. Медицина саласының мемлекеттік тілге көшіп кеткені шамалы. Тіл комитетінің әр жылдық қорытынды есебін қарасаңыздар Денсаулық сақтау министрлігін төменгі орындардан табасыз. (Әр жылы әртүрлі төменгі орындар алғандықтан жазбадым) 4. Мемлекеттік тілді білмейтіндердің құқығы бар да, БІЗДІҢ құқығымыз жоқ па? Керісінше барлық жерде орысша қызмет көрсетіледі ғой. Сонда біздің КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ құқығымызды кім қорғайды? Жедел жәрдем шақырсақ, ауруханаға барсақ орысша сөйлеуімізді талап етеді. Сотқа жүгінсек жаза жоқ. Несін жасырамыз, кез келген дәрінің нұсқаулығын орыс тілінен оқимыз. Өйткені Қазақ тіліндегісі түсініксіз, шала аударылған және сенімсіз. Денсаулығымыз үшін орыс тілінде оқуға, сөйлеуге мәжбүрміз. БАҚ-та көтерілген, Тараздағы жасы 70-тен асқан ақсақал Құрманалы Аязбаевтың Қазақшасын ешқандай дәрігер түсінбегені себепті медициналық көмектің берілмегенін, Павлодардағы бір Руза Бейсенбайтегінің орысша сөйлемегені үшін ауырып өлейін деп жатса да, медициналық көмектің көрсетілмегенін қайда қоямыз? Осы тектес миллиондаған азаматтарымыз медициналық көмекті орысша алуға мәжбүр. Ал миллионға жуық оралмандардың хәлі тіпті мүшкіл. Орысша білмегені үшін барлық жерден шеттетіліп, екінші сортты халыққа айналып бітті. Елім, жерім деп келген оралмандар бұл қорлыққа да көндікті. Қазақстанның солтүстігінде тек орыс тілі қолданылатыны бәрімізге белгілі. Солтүстік жерлерге барғанымызда бірде біреуі мемлекеттік тілде қызмет көрсеткен емес, Қазақша сұрасақ жекіп тастайды, орысша сөйле деп талап етеді... Ол жақтағы Қазақтілділердің жайын айтудың өзі қорқынышты. Соққыға жығылып, ажал құшуың да мүмкін. Енді Қазақтілділердің осындай бұзылып жатқан құқықтары туралы көптен бері айтылды да, жазылды да, теларналардан көрсетілді. Бірақ соған қарамастан 23 жылдан бері Сіз Қазақтілділердің өрескел бұзылып жатқан құқы туралы бірде бір рет болса да айттыңыз ба? Жасыратыны жоқ, жоғары жаққа хат жазатындардың көпшілігі орыс тілінде ғана жазуға тырысады. Себебі «Қазақ тіліндегі хатты кеш қарайды немесе қарамай қоюы мүмкін, ал орыс тілінде жазсақ тез шешіледі» деген түсінік қалыптасқан. Өзіміз талай куә болған, таза Қазақтілді ауылдарда жоғары жаққа хат жазу үшін мектептегі орыс тілі пәнінің мұғалімін жағалап жүреді. Қазақтілді журналистер жақсы біледі, бір жерден сұхбат алайын десе Қазақша сөйлейтін адам іздейді. Кейде таппай қаласыз. Қысқасы Қазақстанда Қазақ тілінде ақпарат алу қиынға айналды. Себебі барлық жерде ақпараттар орыс тілінде. Осыншама толып жатқан, бірнеше кітапқа жүк боларлық Қазақтілділердің қорлықтары мен проблемаларын Сіз бір рет болса да көтердіңіз бе? Бәрінен бұрын қатты жанымызға бататыны Конституцияның 14-бабындағы «тіліне, кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», 19-бабындағы «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деген нормалардың құрып қалғанда Қазақтілділерге келгенде орындалмайтыны. Кемсіту көрмек түгілі қорлықтың түр-түрін көріп жүр емеспіз бе. (http://www.qazaquni.kz/4017.html) Өзімізді Конституциялық құқығы бар азамат ретінде сезініп, талай құқығымызды қорғау үшін сот, прокуратураны жағалап абыройсыз болдық. Бір ғана Қарасай ауданындағы сыра зауытының қызметкері Надежда Бендзьдің Қазақ тілін еден жуушының тіліне дейін төмендетіп, қорлап жүретінін жеті Қазақ жұмысшысы видеоға түсіріп алып, нақты айғақтармен сотта жеңілгеніне де куә болдық... 23 жылда бір тіл үйрене алмаған адамдарды еш түсіне алмаймыз. Ақылға сыймайды. Конституцияның 93-бабы 23 жылдан бері орындалғанда мұндай тіл білмейтін зейнеткерлер мәселесі болмас еді. Әйтпесе осылай қазіргі Қазақ тілін білмейтін жастардың зейнетке шыққанын күтіп, сосын олардың өмірден кеткенін күтіп, сосын тағы артқы толқынның зейнетке шыққанын күтіп, осылай айналып жүре бермекпіз бе? Себебі қазір де балабақшадан бастап орыс тілінде оқып, Қазақ тілін үйренбей өсіп келе жатқан бүлдіршіндер, жастар, орта буын бар. Осылардың бәрін күтуіміз керек пе сонда? Бұл Сіздің бір ғана сөзіңізге айтқан уәжіміз. Қалған сөздеріңізден қысқаша келтірейін, талдауды өзіңізге қалдырамыз: «СЕЙЧАС МЫ ДВУЯЗЫЧНЫЙ НАРОД. ДАЖЕ ЕСЛИ БЫ КАЗАХСКИЙ ЯЗЫК БЫЛ РАСПРОСТРАНЕН В КАЗАХСТАНЕ ПОВСЕМЕСТНО, И ВСЕ ЛЮДИ РАЗГОВАРИВАЛИ НА КАЗАХСКОМ ЯЗЫКЕ, НАМ ВСЕ РАВНО НУЖЕН БЫЛ БЫ ВТОРОЙ ЯЗЫК. ВСЯ МИРОВАЯ НАУКА ПЕРЕВОДИТСЯ НА АНГЛИЙСКИЙ ЯЗЫК И НА РУССКИЙ. ЕСЛИ БЫ МЫ НЕ ЗНАЛИ РУССКИЙ ЯЗЫК, ГДЕ БЫ МЫ БРАЛИ ЗНАНИЯ?» (http://www.zakon.kz/4478285-ushhemljat-ljudejj-iz-za-neznanija.html), «ҚАЗАҚ ТІЛІ БАСҚА ТІЛДЕРДІ БАСЫП КЕТПЕУ КЕРЕК» (http://www.qamshy.kz/?p=1538), «ҮШ ЖЫЛДА НЕМЕСЕ БІР АЙДА ҚЫТАЙ ТІЛІН ҚАЛАЙ ҮЙРЕНЕСІҢ?!» (Қазақ тілін білмейтіндердің құқын бұзбау туралы айтқаны) http://www.zhasalash.kz/saraptama/4370.html), «Планомерное развитие казахского языка не будет происходить в ущерб русскому». (http://akorda.kz/kz/page/kazakstan-respulikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-kazakstan-khalkyna-zholdauy-27-01-2012zh_1341124121#page), «Нельзя популистично заниматься вопросами казахского языка. Самое главное для нас - единство и согласие в нашей стране. Мы говорили, что к 2020 году 95% населения будут знать государственный язык. Не нужно торопиться...» (http://www.mir24.tv/news/politics/4646765) Сіздің әрбір сөзіңіз тапсырма екенін, оны орындаушылардың асыра сілтеп орындайтынын ескерсек мемлекеттік тілдің қолданыс аясы неге тар екенін түсінуге болады. Сіз «Қазақ Қазақпен Қазақша сөйлессін» деп айтқаныңызбен өзіңіз К.Мәсімовті, Е.Ертісбаевты, О.Сүлейменовті, басқа да Қазақтарды қабылдағанда, қызметте отырып, ресми кездесудің өзінде орысша сөйлесесіз, жеке кездесуді айтпағанда. «2020 жылға дейін 95 пайызы Қазақша меңгереді» деп жұбатып қойғаныңызға сенгіміз келгенімен, «бүгінгі жастардың 75 пайызы Қазақ тілінде сөйлейді» дегеніңізге сене алмаймыз. Себебі жастардың көпшілігі қазір орыс тілінде сөйлейді. Ағылшын, қытай тілдерін үйренуде Қазақ тілін жолда қалдырып кетті. Әр жерде «бір айда ағылшын тілін үйретеміз» деген жарнамалар қаптады. Неге? Себебі сұраныс күрт артты. Орыс, ағылшын, қытай тілдері күнкөріс, бизнес тіліне айналды. Оған қоса келесі жылдан бастап бірінші сыныпта ағылшын тілі оқылатын болды. Мектепте 11 жыл бойы Қазақ тілін оқып үйрене алмай жүрген жастар, енді бірінші сыныптан бастап кирилица әрпімен қоса ағылшын, орыс тілдерін оқыса, тіпті Қазақ тілін ұмытып қала ма деген күдік басым. Ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі үстемдік құрса, сот, банк, ұлттық компаниялар, коммерциялық құрылымдар, бизнес тілі ретінде орыс тілін қолданып жатса, қалай Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде екенін айта аламыз. Түсініксіз... Мемлекеттік тілдің көзбояушылық екенін мына сорақылықтан түсінуге болады. Ғ.Әбдірахымовтың ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарып тұрған тұсында мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметке үміткерлерден талап ету нормасын алып тастады. Яғни, мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілсіз де орналасуға болады. Тағы бір сорақысы тест тапсырғанда Қазақ тілінен де сұрақтар қойылады. Оған жауап берсеңіз де, жауап бермесеңіз де, нөл балл алсаңыз да өтесіз. Мазақ үшін тұрғандай.  Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерден талап ете алмасақ қай жерден талап етеміз? Кез келген мемлекеттік органға барыңыз, әсіресе солтүстік аймақтарға, мемлекеттік тіл орыс тілі ме деген ойға қаласыз. Божко, Дерновой, Коржова, Рогов, Школьник, т.б. қызметкерлер мемлекеттік тілді білмей, қызметінде қолданбай қалай осындай жоғары лауазымды қызмет атқаруға моральдық құқы бар? Ал мемлекеттік тілді білмейтін мұндай басшылар өз ведомствасында мемлекеттік тілдің құқын аяққа таптамай жатқанына кімді сендіре аламыз? Мемлекеттік тілден мақұрым қалған басшылар туралы ары қарай айтайын десек, оларды тағайындап жатқан және Сіз... Осындай келеңсіздіктен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік саяси және мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер көбейіп кетті. Өйткені ешқандай талап жоқ. Бір ағамыз айтқандай «Қазақстандағы тілдің жағдайы шыбынды зеңбірекпен атып, қабырғаны құлатып жатқандай». Қоғамда мемлекеттік тілге қауіптің күшейгеніне мына мысалдар жеткілікті деп ойлаймын: Парламент Мәжілісіне мемлекеттік тіл жанашырлары М.Шаханов, А.Айталы, Б.Тілеухан, т.б. орнына, енді орыс тілінің жанашырлары Ж.Ахметбеков бастаған қызыл коммунистер келді. Мәжіліс қабырғасында енді орыс тілі ортақ тіл болсын деген пікірлер айтыла бастады. Еуразиялық одаққа кіруімізге байланысты ортақ тіл орыс тілі болатындығы туралы пікір қалыптасты. Қысқасы, санамызға болашағымызды орыс тілімен байланыстыру түсінігі сыналап кіргізіліп жатыр. Оған П.Своик сияқты қаншама өзге диаспора өкілдерінің Қазақ тілін қорлап сөйлейтін сөздерін қосыңыз және мұндай пікірлер азаюдың орнына соңғы уақытта керісінше күшейе бастады. Елде орыстілділер мен Қазақтілділер деген жарияланбаған екі майдан қалыптасып келе жатыр. Бұл тәуелсіз еліміздің болашағына көлеңке түсіре ме деген қаупіміз бар... Қалаларымыз Қазақтың қаласынан гөрі шетелдің қалаларына көбірек ұқсап барады. Мұндай деректерді жинасақ бір кітаптан кем болмас, сірә. Ал шыдамымызды шектен шығарып жіберген жағдай, мемлекеттік тілімізді қолдап немесе қорғасақ шовинист, нацист болуымыз. 1937 жылғы кездегідей елім, жерім деген адамдарды фашист деп атау қайта бас көтерді. Оған антифашистік комитеттің құрылуы дәлел. Сонда осынау қорлықтарға көндігіп, бас шұлғып отыра беруіміз керек пе? Тіпті бізде өзімізді қорғау құқығымыз да жоқ па? Осылардың барлығы Қазақтың шыдамын тауысып барады. Өліп бара жатқан тіршілік иесі де әрекеттеніп қалады емес пе, тіл ұлттың жаны болса, жанымыз шығып бара жатқан соң жанұшырамыз. Жанымыз-тілімізді қорғаймыз. Конституцияның нормалары орындалмаса, орыс тілі мемлекеттік тілдің функциясын атқарса, біз қандай тәуелсіз елміз? Ресейдегі республикалардан не айырмамыз қалды? Тәуелсіздікті ана тілімізде сөйлеу үшін алған жоқ па едік? Қаншама миллиондаған қандастарымыздың қанын судай төгіп, қорланып, құқы тапталып барып, орыс тілінің Қазақстанға енгізілгенін ұмытпаған да жөн. Қазір заман өзгерді, Қазақтың рухы оянып келеді. Сондықтан орыстілділердің құқы деген желеумен Қазақтілділердің құқын аяққа таптауды, қорлауды доғару қажет. Тоқетері, Қазақстанның жағдайында мемлекеттік тілді өркендету мен өшіру Сіздің қолыңызда. Сізден Конституцияның кепілі ретінде тіл туралы конституциялық нормалардың орындалуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз. Конституцияның тіл нормасына Конституциялық Кеңестің берген түсіндірмесіне сәйкес орыс тілінде ешқандай мәртебе жоқ және мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан тыс жерде тең қолданылмайтындығы туралы жазылған. Бұдан кейін шетел сапарларыңызда, жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауларыңызда, басқа да жерлердегі мәлімдемелеріңіз бен ресми сөздеріңізді мемлекеттік тілде сөйлеуіңізді сұраймыз. Себебі мемлекеттік тіл құқықтық дәрежесіне лайық ықпалға ие болмай, мемлекеттіліктің мықты болуы да мүмкін емес. Әлемдік тәжірибе де осылай. Бәлкім мұны дағдарысқа қарсы бағдарлама ретінде де қолдансаңыз болады. Себебі, іс құжаттар екі тілде дайындалады. Егер де бір тілде дайындалса, шығындарымыз екі есеге азаяр еді. Екі тілге бола кетіп жатқан кеңсе тауарларының шығындарын республика бойынша есептесек төбе шашымыз тік тұрары сөзсіз. Қай жағынан алып қарасақ та мемлекеттік тілді қолдау мемлекеттің тұрақтылығы үшін де маңызды. Сондықтан Сізден батыл қадамдар күтеміз. Бұл әрекеттеріңізді қолдайтын оянған рухты жастар бар...   Қол қоюшылар:   Фазылбек Әбсаттарұлы Төлеген Байтжаунов Сыпабек Құралай Сұлтанбекқызы Асқар Құмыран Байымбетов Нұрбол Молдақұлұлы Тобе Менблен-теги Өркен Кенжебек Исаева Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы Тажимбет Дастанбек Жалын Нұрдаулетқызы Мейрам Мұқыш Гаухар Рахматуллақызы Омарбек Дарига Баймуминова Сәкен Әбдиев Абзал Сариев Асылбек Карабалиев Мельдеш Таубаев Нұрхан Оразов Балкыбек Жумадилов Еркебұлан Ермекұлы Берік Шадғали Алдаберген Кемпірбаев Алма Сайлауқызы Сәуле Омарова Ақбота Садуақас Бақытгүл Жылқыбай Мұхтар Еспембет Роза Жақып Гүлнар Қуатбек Жандос Өмірбек Еркебұлан Махамбет.     Қол қою жалғасуда. Мемлекеттік тілді қолдау митингілерінде де жиналған қол Президентке жолданады.  Әр өңірдегі бауырларымыз да осы хатқа қосылып, қол жинап Президентке жан жақтан жолдай беруін сұраймыз.

www.qazaquni.kz

*Коллаж "Алаш айнасынан" алынды