ЖАҢА КИІМДІ ЕСКІ МАТАМЕН ЖАМАМАС БОЛАР НЕМЕСЕ ҚАЗАҚҚА ӘМЕҢГЕРЛІК НЕГЕ КЕРЕК?

1
3097

Соңғы кезде көп әйел алу мәселесі жиі әңгіме болғандықтан ба, әйтеуір, қазақтың баяғы салты әмеңгерлік ту­ралы да анда-санда болса айтылып қа­лып жүр. Айтушыларды тыңдаса­ңыз, осы салтты қайта тірілтсек жесірлердің жағдайы мен олардың бала-шағасының да мәселесі оң шешімін табады екен… Қазақтың сан жағынан көбеюіне де септігін тигізеді екен. Бұлай дейтіндер осы тақырып туралы жалпы әңгі­ме­леудің шеңберінен шықпайды. Әрі қазақ қыздары не дейді екен деп ойлап жатқаны тағы жоқ.
Демек көпшілік жиналған жерде әйтеуір қарап отырғанша деп айта салынған әңгіме ме? Қалай болғанда да, әмеңгерлік туралы әңгіме біраз жұрт­ты алаңдатуы мүмкін, әрі олар қазақтың осы бір салты қоғамымыз­дағы жанұялық мәселелердің кейбірін шешуге мүмкіншілік тудырады деп ойлап қалуы әбден ықтимал.
Аз да болса жиырмасыншы ғасыр­ға дейін жеткен бұл әдет, қазақтың байыр­ғы құқықтық заңдарының бір жағы еді. Ал, жиырма бірінші ғасырдың заңына ол шақ келе ме, келмей ме, әң­гі­ме осы жайлы. Сонымен әмеңгерлік деген не?
Бұл сұраққа ғалым Халел Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты кітабында толықтай жауап берген: «Әке өліп, артында жас балалары мен жас әйелі қалса, әмеңгерлік әдет бойынша өлген адамның бірге туған ағасы не інісі, ондай туысы болмаса немере, шөбере туысқандары, қала берді аталас ең жақын жанашыры жеңше­сіне үйленіп, балаларын өз қамқор­лы­ғына алатын да, мал-мүлкіне заңды түрде иелік ететін. Жесір қалған ана күйеуге шықпай, балаларын бағып отыра берем десе, оған зорлық жаса­майтын. Бұған туыстар болып жетім қалған балалар мен жесір жеңгеге қам­қорлық жасайтын. Жесір әйел әмең­герлікке мойынсұнбай, басқа біреуге өз еркімен тұрмысқа шыққысы келсе, немесе төркініне кетпек болса, оған өзінің киім-кешек, төсек орны мен мінер атынан басқа ештеңе берілмейді. Әрине төркінінен келген жасауынан сақталғандары болса, оған ешкім та­ласпайтын. Бірақ, тиетін күйеуінен айып есебінде үш тоғыз не бір қызға берілетін қалыңмал алынатын. Шешесі басқа күйеуге шығып кеткен жас балалар әкесінің туыстарында қалатын да, әкеден қалған мал-мүлік олардың қамқоршысының қолында болады. Өлген адамның артында ешбір бала болмаса, жесір әйел, мал-мүлкімен әмең­геріне қосылады. Әмеңгерге шық­қысы келмей, басқаға кеткісі келсе, жоғарыдағы айтылғандай, болмашы үлесін алады да кете барады».
Бұл айтуға оңай көрінгенімен іске асыру қиын нәрсе. Әмеңгерлік баба­ларымыздың бағзы замандардағы тұрмысқа байланысты шығарған заңы екенін ұмытпаған жөн. Әмеңгерліктің қазақ арасында кеңінен орын алғаны «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің інісі Сансызбайдың жеңгесін алып кетуі арқылы белгілі.
Дегенмен, бұл құбылысқа әрдайым екі ұдай пікір болғаны байқалады. Жазушы Ғабит Мүсірепұлы өзінің «Ав­тобиографиялық әңгімесінде» былай жазған: «Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған «қиссалар» тасқыны бас­тал­-
ды. …Сол кезде құлаққа сіңгеннен қал­ған бір-екі жол өлеңді мен ерте жария­ладым. Ол Жібектің әмеңгер­лікке қарсылығын көрсететін сөздер еді:
Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,
Не болды жас басыңнан, сорлы бала?»
Енді әмеңгерлік орын алған нақты деректерге тоқталайын. Шоқан Уәли­ханов өмірінің соңғы күндерін Жетісуда, Тезек төренің ауылында өткізгені белгілі. Ғалым Әлкей Марғұлан өзінің ізденістері барысында ғалымның туыс­­тарымен кездескен. Осы естелігінде Ә.Марғұлан Шоқанның соңғы хаты­ның мәтінін келтіреді: «Айсары менен кейін жалғыз қалды, оны бұл жер­де қалдырмай елге алып қайтың­дар, бар жүректеріңмен қуаныш бе­ріңдер», – дейді Шоқан хатында. Осы­лай деп жазған ғалым ары қарай: «Жа­қыптың (Шоқанның інісі – Б.О.) бір ерлік ісі – ол Жетісуға барып, Шо­қанның жесірі Айсарыны Сырымбетке алып келді. Жетісуға ол 25 кісімен бар­ды. Олар­дың ішінде басшылары Садуа­қас, Имантай Сәтбайұлы, Жол­табар­дың Мұқаны, тағы басқалар» деп жазады.
Жалпы, Жақыптың үш әйелі бол­ған: үлкені Ману, Тұрлыбектің қызы, екінші Ғақия, Керей Өсіптің қызы, үшіншісі әмеңгерлік салтымен алған Шоқанның жесірі Айсары. Жақыптың ұлы Құлыштың айтуында әкесі Жақып Айсарыны әкесі Шыңғыс сұлтанның айтуымен алған. Жақып пен Айсары­дан Мәриям, Мәлік, Рабиға атты үш бала туған. Құлыштың өз әкесі туралы «Жақып Айсарыны әкесі Шыңғыс сұлтанның айтуымен алған» деуінде де үлкен бір сыр жатыр. Соған қарағанда Жақып та әмеңгерлікті онша жақтыра қоймаған болуы керек. Бірақ он тоғы­зынша ғасырдағы әкенің сөзін екі етпеу керек деген заңмен өскен ол бұл әрекетке амалсыз барған.
1965 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабында Күзен – Кете Жүсіп Еш­ниязұлының жеңгедей алған әйелі, Шөмішті Керейіт елінің белгілі адамы Алпысбайдың қарындасы, деп жа­зылған.
Халқымыздың мәдениетінің өркен­деуі­не зор үлес қосқан Өзбекәлі Жәні­бекті кім білмейді. Бірақ, осы бір аяулы тұл­ғаның бала кезі өте бір ауыр бол­ғанын жұрттың бәрі хабардар емес. Мүсілім Дайырбеков «Өзекеңнің өнегесі» атты мақаласында: «Қайғыға қайғының жамала түскені қандай ауыр. Кітапта анасына әмеңгерлік жол­мен үйленген туысы Серім Өз­бекәліні жетегіндегі атқа мінгізіп, мектепке алып бара жатады. Жолай кездескен адам: «Секе, бұл кімнің баласы, қайда алып барасың?» – деп сұраған­да, оның «жесір әйелдің баласы, мектепке алып барамын» – дегені Өз­бекәлі­нің жүрегін мәңгіге жаралағаны сөзсіз. Серімнің өз бауырынан «Жәні­бек туысымның баласы» деген бір ауыз сөзін аяғаны неткен ақымақтық! «Асы жоқ алтын аяқтың, алтынын ал да отқа жақ» демекші, ондай ағайынды бар есебіне санаудың өзі қиянат» деп жазғаны кімнің де болса жанына қатты батары сөзсіз.
Қазақ мәдениетінің тағы бір жана­шыры Ақселеу Сейдімбек күнделігінде былай деп жазыпты: «Әкем мен туған түннің шілдеханасында болып, ертеңі­не соғысқа аттаныпты. Содан кешікпей қара қағаз келсе керек. 17-18 жа­сын­да жесір қалған шешемді әмең-
гер­лік жолымен соғыстан жеңіл жа­­-
раланып қайтқан бір ағайынға қосып, мені әкемнің туған ағасы Аманбек өз тәрбиесіне алыпты».
Тарихтың аласапыран уақытында Қытай еліне көшкен қазақтарда да әмеңгерлік салты болған. Оны 72-ге қараған шағында Гоминдан үкіметі жандайшаптарының жантүршігерлік қинауынан қазақ тапқан ақын Ақыт Үлімжіұлының тағдыры да растайды. Ақыттың бірінші әйелі түскен жылы қайтыс болған, кейінгі жұбайы Кәм­питтен 5 бала болған, ол да қайтыс бо­лады. Кейін алған Боқай да жыл уағына жетпей қаза болған. Содан соң Ақыт әкесі Үлімжінің ағасы – Шүмектің Қырдасын деген баласы өлгеннен кейін, Қырдасынның кіші әйелі Мәли­кемен некелеседі.
Жаза берсем әмеңгерлік туралы деректер көп-ақ. Қазақтың осы бір сал­тының осы бір жағы туралы жазушы Мұхтар Әуезұлы қазақ өмірінің эн­циклопедиясы аталған «Абай жолы» роман-эпопеясында нақты жазған. Абайдың інісі Оспан қайтыс болған соң бауырлары Тәкежан мен Ысқақ әмеңгерлік жөнінде мәселе көтереді. Бұған Оспанның үш әйелінің арасынан Еркежан қарсы шығады:
« – Мен бай іздегем жоқ. Кенже өлген күні, – деп Оспанды ауызға алып бауырымызға салып өсірген ба­лапандарымыз (Абайдың немереле­-
рін бауырына басқан, соны айтып отыр – Б.О.) бар. Әубәкір мен Пәкизат. Мен баласыз емеспін. Осы екеуінің ғана тілеуін тілеп, Кенженің артын күтіп, дүниенің өзге тілегін тыйып отырам деген антым бар. Айтпа маған, сұмдық сөзді. Үш қайнағама осыны жеткіз. Үлкен үйден сүйреп тастаса да, енді ерге тимеймін. Болмаса, осы ша­ңырақты, кешегі енемнің, Кенжемнің шаңырағы атандырам да, тапжылмай отырам… – деді. Сөз осымен бітті деп Шұбар мен Ерболды қайта сөйлетпеді. Салмақты, салқын жүзінен қатал тілекке бекінген қайрат көрінді». Бұл Ерке­жан­ның сөзі емес, қазақ қыздарының әмеңгерлікке деген көзқарасы екенін кім де болса түсінер.
Жазушы Абайдың інісі Оспан қай­тыс болғаннан соң орын алған осы оқиғаға ақынның атынан былай деп баға береді: «Ойласа бар өмірде Оспан мен Абай үшін, Тәкежан мен Ысқақ туыс еместей, алыс жандар боп өткен екен… Енді Оспан жоқ. Бұлар болса, қылшығы құрамаған, тың, сергек, естияр болып, дүниелік үшін ентелеп отыр».
Абай әмеңгерлікке қарсы шығады. Бірақ, ағасы Тәкежан Оспанның үш әйелі Зейнеп, Еркежан мен Торым­баланының әмеңгерлері бармыз, деп Абайға осы жөніндегі: – Алғаш жесір алған сен бе едің!? – деген ашулы сұ­рағына,
– Жоқ, алғашқы алмайтын менмін. – деп жауап береді.
Бұл шынында да халқының болаша­ғына өзгеше көзқараспен қарай алған кемеңгер Абайдың жауабы болатын. Мұхтар Әуезұлы шығармасын жазбастан бұрын ақынның жақын адамда­рымен кездесіп көп мәлімет жинағаны белгілі. Сондықтан жазушы бұл мәсе­леде де ақынның пікірі қандай болға­нын анық білген.
Осы шығармасы арқылы М.Әуез­ұлы әмеңгерлікке өзінің де пікірін білдірген. Бала кезінде қазақ ауылында өскен жазушы әмеңгерліктің түрлі келеңсіз жақтарын да көріп өскені анық. Өз шығармасы арқылы осы бір тақырыпты ортаға сала отырып көпші­лікке заманның өзгергенін, енді бір шешімге келу керек екенін меңзе­ген.
Халық та, уақыт та өз сөзін айтты. Әмеңгерлік кешегі тарихтың бір жұр­нағы ғана. Одан басқа ештеңе де емес. Арба қанша жақсы болса да ешкім бүгінгі ыңғайлы автомобильдерінен түспейді ғой. Әмеңгерлікті жаңғырту деген жаңа киімді ескі матамен жамаумен тең. Сондықтан, қай мәселенің болса да шешімін өткен уақыттан емес, бүгінгі күннен іздеген дұрыс. Ал, қара­көз қарындастардың көбі тұр­мысқа шықпай отыруы мен еліміздің демогра­фиял­ық жағдайы бүгінгі өркениетті жолдармен шешілетін мәселелер.

Бердалы ОСПАН

1 Пікір

  1. Әменгерлік пен көп әйел алу екі түрлі мәселе.
    Әменгерлік әйелдің тағдыры емес, балалардың тағдырына байланысты мәселе емес пе?
    Бұрынғылар балардың тағдырын ойлап, солар үшін жасаған тірлік. Бұл жеке адамдардың проблемасына байланысты.
    Көп әйел алу отырып қалған қыздарға жол ашу, демографияны жөндеу. Бұл мемлекеттің болашағының проблемасы. Демография кері кетсе қазақ елінің болашағы да жоқ болады. Елу, жүз жылдан кейінгі Қазақстан не болады? Ол кез қазіргі бізге керек пе?
    Осы тұрғыдан талқыдау керек бұл мәселелерді. Бұрынғы арба мен қазіргі мерсті салыстырмай.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз